«Әліпби» деген сәтте ойымызға Ахмет Байтұрсынұлы түседі. Ахмет атамыздың қазаққа жасаған жалғыз еңбегі ол емес, әрине. Ол – ақын, әдебиеттанушы, публицист, педагог әрі аудармашы. Ол – қайраткер. Сазгерлігі де ел арасында бір аңыз. Әттеген-айы – осынша еңбегі үшін жазықты болғаны, жаламен атылғаны. Жұбайы Бәдрисафа мен қызы Шолпан да талай жыл қуғын-сүргінді бастан кешкен…

Ахаңның соңында қалған жиені Айман апайды іздеп, атамыздың мемориалдық үйіне бардым.

− Алдағы көктемде 82-ге келемін, бұйырса. Әкем Алматыда 28-жылдары чекист, ал шешем Шолпан бухгалтер болған. Шешем әкемізге 16 жасында тұрмысқа шығыпты. Мен 1936 жылғымын. Алдымда 1934 жылғы Эрнст деген бала болған. Шешем жас болған соң, бала бағуды білмеді ме, жаңа туған баланың бетіне көрпенің тысын жауып, содан тұншығып, шетінеп кетіпті. Ал Болат інім 1937 жылғы. 1939 жылы дүниеге келген Аида есімді сіңлім бар еді. Бәрі кетті ғой…

Абай атындағы Опера және балет театры 1934 жылы ашылыпты. Сол шақта «Айман-Шолпан» қойылымы жүріп жатқан кез екен. Шешем сол қойылымды тамашалаған соң, өзі Шолпан болған соң, менің атымды Айман деп қойыпты. Кейін театрда «Аида» опереттасын көріп, сіңлімізді сондағы бас кейіпкер есімімен атаған екен. Мен Ахмет атам жайлы бала кезде мүлде білмегем. Ешкім ештеңе айтпаған. Кейін 1991 жылы ғана Шолпан шет жағасын суыртпақтап айта бастады. Оған дейін айтуға қорқатын ба, кім білсін. Мен ол кезде теміржол ауруханасында зертханада жұмыс істейтінмін. Шолпан жұмысымнан біраз күнге сұрап алып, Торғайға алып кетті. Сол жерде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов рухына бағыштап, халық үлкен ас берді. Алматыдан Тұрсынбек Кәкішев сынды бірталай ғалым, жазушылармен бірге бардық. Мен бастапқыда қайда, не үшін бара жатқанымызды түсінбедім. Шолпан «баруың керек» деген соң ердім. Сөйтіп, сол асқа барған соң, кімнің кім екенін түсініп қайттым. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ұлы тұлғаларды дәріптеп, ас беріп, ескерткіш тұрғыза бастаған шақ еді. Екі тұлғаға арнап, сол ас кезінде ескерткіш те ашылды. Әйтпесе, ол шаққа дейін бірде-бір рет үй ішінде Байтұрсынов дегенді естіген емеспін. Тек сол оқиғадан кейін ғана атамыз жайлы ашық айтыла бастады.

– Шешемнің шешесімен бірге тұрғанбыз. Ол кісі 1957 жылы қайтыс болды.

– Шешемнің шешесі дегеніңіз сонда кім? Шолпанды Бәдрисафа бағып алған деуші еді…

– Иә, Бәдрисафа – бағып алған шешесі. Менің айтып отырғаным – туған шешесі Айшөкен. Шолпан – Мәшен мен Айшөкеннің туған қызы. Шошақтан Байтұрсын туған. Ал Байтұрсынның бес баласы болған. Бірінші Қали, екіншісі Кәкіш, Ахмет атамыз үшіншісі, одан кейін қарындасы, сосын Мәшен атамыз болған. Мәшеннің 13 баласы болған. Самырат та, Шолпан да – Мәшеннің балалары. Ахмет атамыз бен Бәдрисафа апамыздың арасында бала болмаған соң, апамыз 3 жасар Шолпанды таңдап алыпты. Шолпанның көзі көк, сары бала болыпты, содан «өзіме ұқсайтыны осы» деп, сол баланы бағып алған.

– Шешеңізді неге атымен атайсыз?

– Ол енді мені баққан жоқ қой (күліп). Бақпаймын деп бақпай қоймаған, әрине. Заман солай болды. Мені ағамның әйелі бақты, жеңгеміз Лида белорус еді. Өйткені 1947 жылы Шолпанды Сібірге айдап әкетті. «Халық жауының қызы» деген жаламен талай қамалып, түрлі қиындық көріпті. Бірақ бізге оның бәрін тіс жарып айтпады. Мен ол жылы бар-жоғы 11 жаста едім. Ештеңе түсінбедім. Мені туыстарға қалдырды, ал сіңлім Аидадан 5 жасында айрылып қалғанбыз. Бір жас кіші інім Болатты өзімен бірге Сібірге ала кетті. Оларды Иркутск облысы, Заярск деген ауылға әкетіпті. Болат сол жақта басқа айдаудағы әйелдердің балаларымен бірге мектепке барған. Сонда түскен бір суреті бар. Өңкей славян текті сарыүрпек балалардың ортасында жалғыз қазақ баласы боп түскен. Ол жақтағы күндері қалай болғанын кім білсін. Маған ешқашан айтқан емес. Сол кеткеннен кейін мен Шолпанды тек 1959 жылы ғана көрдім. Айдауда 3-4 жыл жүрген, шамасы. Ал қалған жылдары көзге түспей, қашып жүрген, білуімше. Болат сол кезде шешеміздің қасында болған. Інім 1981 жылы 44 жасында қайтыс болды. Үлкен ұлын әкеміздің атымен атап, Қабиден қойған. Ол баласы Ресей жақта жүр деп естігем. Кіші ұлы Рүстем АҚШ-та деген. Ол балаларды көрмегелі қай заман… Бәрі өзге ұлттан әйел алды. Солай…

Бала күннен қалада тұрдық. Мектептің бәрі орысша болды. №54 мектепте оқыдым. Оның үстіне орыстілді жеңгемнің қолында тәрбиелендім. Қазақшаны кейін келе өз бетіммен намысқа тырысып үйреніп алдым. Тіпті, біраз жасқа дейін Ася боп жүрдім. Шын атымды кейін білдім. Мені баққан ағам тезірек құтылғысы келді ме, әйтеуір 18-ге толмастан күйеуге беріп жіберді. Ағамыздың бір жолдасы: «Бізге 25 жастағы жақсы маман келді, қарындасыңмен таныстырайық», − деген екен. Жігітті үйге ертіп келгенінде де ештеңе түсінбеппін. Сұңғақ бойлы, ақсары қыз едім, өзім тігіншімін, ұнап қалсам керек (күліп).

Ахмет атамыз 1934 жылы Семейдегі түрмеден келгенінде осы үйде үш жыл тұрыпты. 1937 жылы біржола алып кеткен. Сонда мен 1 жас 7 айдағы нәресте екем. Жаңа туған кезімде әке-шешеміз Ахмет атамызбен, Бәдрисафа апамызбен бірге осында тұрыпты. Атамызды тамызда әкетіп, 8 желтоқсанда атыпты… «Атаң сені осы үйде мойнына отырғызып ойнататын», − деп еді Шолпан бір әңгімесінде. «Атаң жан-жақты талантты кісі болған. Домбырамен ән салатын, скрипкада да ойнаған, қара пианиносы да болатын. Өзі шығарған әндері де бар. Әуесқой фотограф та болған», − деп айтып отыратын Шолпан шешеміз нағашы атамыз жайлы. Ән шығарған екен. Біразы жоғалып, ұмытылып қалған. Ел арасында нотасы сақталған біраз туындысы бар. Мысалы, «Аққұм», «Қараторғай», «Елім-ай» әндері. Шығарған әндерінің дені ел-жерге арналған. «Аққұм» әнінде Іңкәр есімді қыздың есімі аталады. Оның кім екенін білмейді екем. Он жыл тігінші болдым. Енем мен қайынсіңлілеріме түрлі-түрлі көйлек тігіп беруші ем. Кейін Шолпан да екі метр матасын тастап кетіп: «Маған тойға көйлек тігіп бер», − дейтін. Екі сағат ішінде көйлегін дайындап беретінмін. Күні бойы жұмыс істеймін, кешке үйге кеп тағы көйлек, пальто тігетінмін. Мына үстімдегі көйлегімді өзім тігіп алғам. Зейнетке шыққалы тігуді қойдым. 1953 жылы үкіметтік ательеде істеп жүргенімде Роза Бағланова пальтоға тапсырыс берді. Ол кісінің тапсырысын орындау маған жүктелді. Сөйтіп, Халық әртісіне қоңыр пальто тігіп бергем. Бірақ, ол кезде жаспын, әншінің даңқынан хабарсыз екем. Арада талай жыл өткенде Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бір концертке шақырту алдым. Концерт залында Роза Тәжібайқызымен қатар орындыққа жайғастық. Сонда: «1953 жылы үкіметтік ательеде қоңыр пальто тіктіргеніңіз есіңізде ме?» − деп сұрадым. «Иә, есімде», − деді жымиып. «Сол пальтоңызды тіккен мен едім», − дедім. «Ой, сондай әдемі пальто еді», − деп маған рақметін айтып, біраз әңгімелесіп едік.

Бәдрисафаны қазақша сөйлеткен

Бәдрисафа Қостанай жақтағы қорықшының қызы екен. Шын аты-жөні – Александра Ивановна. Атамызға тұрмысқа шыққан соң мұсылмандыққа өтіп, атын Бәдрисафа Мұхаммедсадыққызы деп өзгерткен. Сондай ақылды, сұлу кісі болған деседі. Атамызды жақсы көріп, екеуі сыйласып өмір сүріпті. Күйеуінің атын атамай, «төре» дейді екен. Өкініштісі, атам екеуінің арасында бала болмаған. Атамыз қаншама жыл қуғында жүрді, түрмеде жатты. Апамыз атамыздың соңынан біресе анда, біресе мында іздеп барады екен. «Менің күйеуімнің еш кінәсі жоқ» деп сол кездегі губернаторға да, Максим Горькийдің әйеліне де хат жазыпты. Сауатты, оқыған әйел болған. Расымен, атамыздың кітап жазып, шығармашылықпен, ағартушылықпен айналысқаннан басқа қандай айыбы бар?!

Айтпақшы, апамыз қазақша білген. Өмірінің соңғы күніне дейін дініне берік еді дейді көзкөргендер. Басынан ақ орамалын ешқашан тастамаған. Шолпанның айтуынша, қазақша таза сөйлесетін бопты. Сөйлегенде «сіз», «біз» деп сыпайы сөйлейді екен. Ол кісі 9 жасында Шолпанды балалар үйіне өткізіп, өзі Қарттар үйіне барған. 1943 жылы Қостанайда өмірден өтіпті. «Халық жауының әйелі» деген жаладан 1989 жылы 5 қыркүйекте ғана ақталған.

Шолпан түрмеге үш рет отырып шыққан

«Халық жауының қызы» деген жаламен Шолпан да басынан талай қиындық өткерген. Шешем бір емес, үш рет түрмеге отырып шығыпты. Бір рет кішірек күнінде балалармен бірге қамапты. Сосын Сібірге айдауға әкеткен. Сібірден келген соң 1953-56 жылдары тағы түрмеде қамалған екен. Ал мені 1954 жылы баққан ағам күйеуге беріп жіберген.

Мына үй тұрған көше ол заманда «Уйгурская» деп аталыпты. Кейін «Космонавтов» аталған, сосын «Ахмет Байтұрсынов көшесі» деп өзгертілді. Үй шамамен Верный бекінісі кезінде ағаштан салыныпты. Үйдің жанындағы орыс шіркеуіндегі поп өзіне арнап салған екен. Кейін иесіз, бос қалған. Ол заманда тіркеу деген болмаған. Әркім келіп тұра беретін кез. Бұл үйде де басында бірнеше отбасы бірге тұрыпты. Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова кішкентайынан атамызды білген. Шолпанмен жақын құрбы болған. Екеуінің осы үйдің табалдырығында тұрып түскен суреттері бар-тын. Қазір бұл үйдің шығатын есігі, жалпы құрылысы өзгерді. 2005 жылы қала әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов күрделі жөндеу жұмыстарын жасатуға сеп болды. Мына жердегі кілем, төсеніштерді де сол кісі алдыртқан. «Ел келетін үй әдемі боп тұруы керек», − деген. Солай, қызым, Ахмет атамыз өмірінің соңғы үш жылын осында өткізген. Осы үйден атуға әкеткен…

Ахмет атамызды суреттерден көзілдірігі арқылы жазбай танимыз. Сол әйгілі көзілдірік, Айман апайдың айтуынша, Иманғали Тасмағамбетовтің қолында екен. Ол кісінің қолына қалай түскенін анық айта қоймады. «Мейлі, сол кісіде қала берсін, өзі де бергісі жоқ. Есесіне, мына музейдің ішін реттеп берді ғой», − деді жымиып.

Музей-үй мемлекеттік дәреже алса… 

Музейді мемлекеттің еншісіне өткізу үшін Айман апай мен музейдің қазіргі директоры, ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет біраз есік қаққанын естіп едік. Сөйтсем, ол жайт әлі де күн тәртібінде тұрған мәселе екен. 

– Айшөкеннің тапқаны өңкей қыз, ұлдан Самырат қана. Осы музей-үйдің қорын ашқан сол Самырат, оның әйелі белорус. «2005 жылы министрлікке музей-үйге мемлекеттік дәреже берсек» деп, өтініш жазғам. Бұл үйді күтіп ұстау бізге оңай емес. Ай сайынғы коммуналдық шығыны да бар. Алайда, бұл музей-үй заң қағаздары бойынша Серік Самыратұлының еншісінде. Президенті сол. Серік Самыраттың белорус әйелі Лидиядан туған. 1949 жылғы. Заңдағы иесінің қолы болмаса, біздің өтініш қайдан орындалсын. Сережаға (Серікті айтады. – Қ.Д) қанша өтініш айтсақ та, көнбейді. Үйді жеке мәселесіне пайдаланғысы келе ме екен, білмеймін. Ұл-қызы өсіп келеді. Әйтеуір өз атынан аударып бере салғысы жоқ. Құжат соның атында болған соң, ешкімнің дәті бармай отыр. Олардың түсінік-пайымдары мүлде басқа. Өзі футболдан спорт шебері. Қақпашы болған. Ал, бұл музей-үй мемлекеттік дәреже алуы керек. Қайтеміз, білмеймін…

P.S. Айман апайдың бұл сұрағына мен де ештеңе дей алмадым. «Бір күн болмаса, бір күні тілегіңіз орындалар…» дедік. Киелі шаңырақ иесіз қалмасына көңіл сенеді.  

Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2018

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз