Аймағамбет ата мен Базаркүл әже жаз жайлауға шықса-ақ, Айман атқа мініп, қой бағады. Жиен сіңлісі Жібек қасында, көк өрім екі қызға жуас ат береді. Екеуара бір ат болған соң ерге отыруға таласады. Айман үстем, Жібек екі жас кіші, атқа жайдақ отырады. Саршұнақтың терісі бағалы түрі – зорман аулайды, ересек ұлдардан көргені. Терісінен бас киім тігеді. Атасында түлкі ішік, зорман ішік, қасқыр ішік бар.
Базаркүл әжесі қазанға құрт қайнатады. Қапшықпен тезек теруге барады, бұлақтан су тасиды. Киіз үйдің алдында күрке тігулі тұрады. Ата-әжесі қайтыс болған соң, үй іші ауылға көшті. 1977 жылы Қарсақбай мыс зауыты жабылды. Зауыт музейінде Ұлытау өңірінен табылған минерал тастар жылтырап тұрады. Балалар даладан тас жинап әкеп, музейге тапсыратын. Қаныш Сәтбаевтың шапаны, көзілдірігі, ұстаған заттары бәрі сол музейде тұратын. Музей директоры ақсұр кісі басқа қаладан жер аударылып келіпті, елдің айтуынша, үлкен оқымысты екен.
Айманның әкесі Өтеген мыс зауытында шопыр болып істеді, әзілқой, ақкөңіл, еңбекқор кісі, бірнеше медаль, ордені бар, анасы – буфетші. Буфетте бәліш 5 тиын тұрады. Үзілісте Айман қасына үш құрбысын ертіп барып, «Апа, бізге 4 бәліш, 4 компот, 4 коржик берші», – десе, анасы алайып бір қарап, сұрағанын беріпті. Ертеңінде қыздарды тағы ертіп барады. Балалық шақ өстіп кем-кетіксіз көңілді өткен.
Айман Өтегенқызы Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің ән бөлімін бітірді. Диплом үшін академиялық концерт тапсырып жатқанда, Кәукен Кенжетаев келді. Оперетта ашқалы жатырмыз дейді. Актерлік мамандыққа шәкірт іздеп жүрген екен.
1989-1990 жылдары Ерік Құрманғалиевтың дауысын анықтай алмаған кез. Студенттер концертке жалынып кірді, билет жоқ. Ерік жап-жас, орта бойлы, ақсары, зиялы, әдемі жігіт екен. Ол Керубинидің ариясын классикалық үлгіде керемет шырқаған. Петр Чайковскийдің романстарын айтқан. Студенттер ентелеп, сахнаға тақау барып тұрды. Алдыңғы қатарда Байғали Досымжанов, Бекен Жылысбаев сияқты ірі музыка мамандары отыр. Байғали Досымжанов қасындағы кісіге: «Мына баланы елге қайтару керек!» деп айтқанын Айман өз құлағымен естіді. Залдан қазақтың әндерін айтсын деген ұсыныстар түсті. Ерік ұялып қалды да, Абайдың «Көзімнің қарасы» атты әнін бастады. Еріктің ерекше дауысына баршасы қайран қалған.

Ұстаздарының бірі Рахилям Машурова, сол уақытта жасы 40-тарда, шалбар киіп келеді, өрген ұзын шашы арқасында ырғалып бара жатады. Ол кісі өмірі сабаққа кешікпейді, әр сабағын аяғына дейін тиянақты өткізеді. Күніне сегіз сағат бірге өткізеді. Оның үш сағатын оқтау жұтқандай қақитып отырғызып қояды. Төзімділікке, арқаны тік ұстауға, мүсін сымбатын жоғалтпауға үйретеді. Айман әлі күнге ұстазының айтқанын орындап, театрға жақындай бастағанда түзу өскен шынардай тіктеліп, тікірейе бастайды. Арқаң еңкіш тартса болды, өзіңді-өзің артист санамай-ақ қой. Артист ұдайы жарау аттай бабында жүруге тиіс. Айман сәнденіп келеді, Рахилям Әбдірахманқызы этюд жасатқанда күшік, мысық болғысы келмейді. Жан-жануарлар мен жансыз заттарды этюдте дәл бейнелеу керек. Ұстазы әжені бейнеле деген. Айман әжесін есіне түсірді, әкесі анасына мылжың кемпірсің дейтін. Әжесі немерелеріне ертегі, батырлар жырын айтатын. Айман қимыл арқылы басына жаулық салып, қолына шелек ұстады. Белдемшесін байлап, сиыр саууға дайындалып, дыбыстап көріп еді, Рахилям Әбдірахманқызы оған: «Дыбыссыз жаса, жарай ма!» – деп ескерту жасады.  Шелек көтеріп, «УҺ!» – деп белін ұстап шықты. Машурова күліп: «Қымбаттым, дыбыстау жағы екінші курста», – деді. Этюд үшін «4» деген баға қойды. Біреу Айманнан: «Ұстазың Рахилям Машуровадан ең бірінші нені үйрендің?» – деп сұраса, «өмірде тік жүруді, арқамды тік ұстауды үйрендім» дер еді. Рахилям Әбдірахманқызы өмірі өтірік айтпайды. Сабақ біткенше қатал. Сабақ біткен соң студенттерді үйіне алып барып, лағман жасап береді. Жақсы адамдар өмірдің гүлі ғой. Шәкірттерін «Өздерің жүрген жерде былғанбаңдар!» – деп үйретті. Кезінде ол кісі Баянды ойнағысы келген екен. Таңсықты ойнаған, «Баянды өзім сұрап алсам да, неге ойнамадым» деп өкінеді. 1974 жылы Рахилям Әбдірахманқызы – Соня, Әнуар Молдабеков – Ваня ағайды ойнап, Чеховтың «Ваня ағай» спектаклін Әзірбайжан Мәдиұлы Мәскеуге алып барғанда айрықша құбылыс болған.
Рахилям Машурованың 70 жылдық мерейтойына Қаллеки театрынан студенттері Айман, Сырым, Жанқалдыбек, Асылбек барды. Сахнаға шәкірттері сыймай кетті, сүйікті апайлары өз ұстазы Хадиша Бөкеевамен бірге оқытушылық қызметін бастапты.
Айман студенттік шақта «Арманым-Әселім» атты пьесада Әселді ойнады. Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында шығармашылық жолын бастағанда Айман Аймағамбет Жанат Хаджиевтың барлық пьесаларында ойнап, ән салды.  Мұхтар Әуезовтің алтын қаламынан шыққан «Еңлік-Кебекте» – Еңлікті, «Айман-Шолпанда» – Айманды, Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» атты комедиясында Ботаны ойнап бастап, классикалық рөлдер арқылы көтерілді. Жанат Хаджиев Эдуардо де Филиппоның «Қоқайма қалпақ» («Цилиндр») атты пьесасын қойды, оқиға пәтерақы қарызын төлеу үшін ойлап тапқан қитұрқы әрекет төңірегінде өрбиді. Режиссер Айман-Ритаға: «Сахнада шешінуің керек», – дегенде, актриса: «Жоқ, шешінбеймін. Мен Жезқазғанның қызымын, спектакльді көруге туыстарым келеді. Олардың алдында қалай жалаңаштанамын?» – деп уәж айтқан. «Қымбаттым, – деген Жанат аға, – 35 жасқа дейін саған рөл ұсынады, сосын рөлді ойнаймын десең де бермейді. Мейлі, өзің біл, онда «Кушать подано!» – деп шығасың», – деді. Мұнысы эпизодтық рөлге шығасың деген сөз. Бұл режиссер мен актрисаның арасында өрбіген диалог –  расында кез келген сахнаның шындығы. Әріптестері Қоныс Бегайдаров, Қайыпберген аға, Татьяна Рақышева Айманды үгіттеп көндірді. Рита халатын шешкенде, театр эстетикасын сақтап, шалбармен жүрді.

Жақып Омаров Целиноградтан қазақ театрын ашқанда алғашқылар қатарында Жезқазғаннан Амантай Жұмашев, Нұрай Танабаев пен Айман Аймағамбет үшеуі келді. Қараша айы, қар жауып тұрды. Айманға бұл қала аппақ болып, құлпырып көрінді.
Жақып аға концерттік нөмірлермен презентация жасауымыз керек дейтін. Халық лық толып келетін. Ерейментау, Степногорскіні аралап, концерт беріп қайтады. Сол жылдары қайнаған қызу жұмыс жүрді. Премьерадан соң Жақып аға кабинетіне дастархан жайып жіберіп, артистерді сыйлайтын.
Театрға көркемдік жетекші болып, Әзірбайжан Мәдиұлы келгенде, жылына төрт премьера ойнайтын еді. Әзекең Айманды үлкен рөлдерге салды, «Түлкі бикештегі» – Карина, сол уақыттағы жарқын рөлдерінің бірі болатын; «Ғасырдан да ұзақ күнде» – Найман ана, «Қарагөзде» ауылдың өсекші әйелінің рөлі бұйырған. Әріптесі Шолпан Мұқышева жұлдызы жанып тұрған жас актриса, барлық басты кейіпкерлерді бір-бірінен бөлек қылып алып шыға беретін. Өмірден беймезгіл өтіп кетерін сезді ме екен, жаны таза, кеңпейіл, жомарт, қыбыр-жыбыр өсекке жоқ, айтарын ашық айтатын, батыл, өжет болды. «Ал, тәте, біздің үйге кеттік!» – деп ерте жөнелетін, әпкелеріне қалжыңдап жүргенді, қошемет айтқанды жаны сүйетін ерке келіншек, арқасы бар. Шолпан Мұқышева қараторының әдемісі, бойы ұзын, көзі оттай жанып, өлең оқығанды жаны сүйетін. Ол қайтқанда театрда күңіренбеген жан қалмады.
Әзекең Айманға орысшалап: «Жер Ана – Толғанайдың өзі, қайғылы Ана өзімен-өзі сөйлесіп, өзіне-өзі жауап береді», – деген. Қаллеки театрының анасы Омарханова Рымкеш апа тобыққа түскен шашын өріп, түйіп қояды. Ән салса, дауысы күшті, жүрегі ақ, ұрысса зілі жоқ. Бала мінезді апасы бір күні үйіне қонаққа шақырып: «Айман, сен жассың ғой!» – деп құтының ішіне салынған кірпік сыйлады. Эркин Хушвақтовтың «Қызыл алма» спектаклінен соң Әшірбек Сығай: «Айман – ел жалт қарап қалатын, соңынан сүзіліп ұзақ қарап қалатын сұлу актриса. Айман, сен ұмытпа, екі жастың арасындағы дәнекершісің», – деп бағалады.
Үлкен рөлдерді ойнай алмаған актер – бақытсыз актер. Ал бірақ кішкентай рөлдерді ойнау актерге әлдеқайда қиынға түседі. Өйткені, ол бір сәтке сахнаға шыққанда залдағы көрерменнің есінде қалып қалуы керек екен.

Айман Өтегенқызы Антон Чеховтың «Шие бағындасында» Шарлоттаны ойнады. Арнайы шақырылған көрнекті режиссер Сергей Потапов труппаны тұтасымен бірден бірінші планға алып шықты. Репетицияда: «Нет у меня главных героев. У меня есть ансамбль. Вы в этом ансамбле все должны быть героями», – деп орындарын айқындап берген.
Орта Азия мемлекеттерінің «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VI халықаралық драма театрларының фестивалінде «Шие» екінші мәрте Бас жүлдені ұтып алды. Осы көктемде Челябі қаласында өткен V Халықаралық «CHELoBEK ТЕАТРА» фестивалінде Айман-Шарлоттаға театр сыншыларының бірі: «Сіз бұл рөлді ірілендіріп жіберіпсіз!» – деп тәнті болғанын білдірді.
«Шие» – бұл халықаралық жоба, орыс классик жазушысының комедиясын якут режиссер қазақ артистермен қойғанда, түпнұсқадағы негізді бұзбай, адамға тән тіршілік драмасын кісілік қасиетке, трагизмге толы философиялық астармен алып шыққаны ғажап! Чеховтың бір сөзін бұзбағансыздар!». Бұл – ресейлік театртанушылардың бірі берген баға!
Театртанушы Майя Брандесова қазақша балама есімдері бар кейіпкерлердің ішінде өз аты өзгермей қалған тек Шарлотта екенін жазады. Қолшатырын ұстап жүретін Шарлотта өмірде бір қорғанышқа, кісілік мейірімге зәру жан, себебі ол тамырынан ажырап қалған, оның мені әке-шешем не үшін туған деп налитыны сондықтан. Құлын мүсіні бұзылмағандай сымбатты Айман Өтегенқызы бұл рөлге бек лайық таңдалған.
Айман Аймағамбет Жанна Исабаеваның «Қарой» фильмінде бас кейіпкердің әпкесін, Рымкеш Омарханова анасын ойнады. Одан кейін тағы біраз фильмге түсті. Қысқасы, оған сахнада да, экранда да сұраныс бар.
Айман Аймағамбет 2016 жылы Қаллеки театрының 25 жылдық мерекесі өте сала, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еңбегі жанып, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.
Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі өтіп жатқан тамыз айының соңында көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Зере» атты поэтикалық спектаклінің премьерасы өтті. Осы спектакльдегі «кемпір болса да қыз аты қалмайтын» Тыржыққыз есімді комедиялық кейіпкерді Айман төгілдіре ойнап шықты. Эпизодтық рөлдің салмағы ауыр екенін жоғарыда айттық. Екінің бірі оңайшылықпен еркін игеріп кете алмайды. Тыржыққыз – нақ сондай рөл. Сахнаға әр шыққан сайын мұндай рөл дес бермей қояды. Актер шеберлігін осындай жанды сәттерде айқын көруге болады. Үлкенді-кішілі рөлдерді бірдей жарқыратып ойнау – өнер үшін бір бақыт.
«Астана аппақ қармен құлпырып тұрды» деп қалды Айман бір сөзінде. «Астана суық, боран, қар» деген сөз миыма сіңіп қалған мен бетіне жалт қарадым. Астананы құлпыртқан, сірә, осындай адамдар болар.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз