Айман 23-ақ жаста. Жастығына қарамай, үлкен журналға бас-көз болып отыр. Ол – қазақ мəдениеттануына көп еңбегі сіңген ғалым, жазушы, аудармашы Əуезхан Қодардың қызы.

– Алматы қаласындағы №105 мектеп-гимназияны бітірдім. Лингвистикалық мектеп болғандықтан, қосымша ағылшын жəне француз тілдерін оқыдық. Француз тіліне сол кезде ғашық болдым (күліп). Бұл мектепке 6-сыныптан бастап келдім. Ал онда француз тілін 5-сыныптан бастап оқытады екен. Əрине, басқаларға қарағанда маған қиынырақ болды, бір жылға кешіктім. Бірақ мұғалім өте жақсы кісі екен. Тіпті, кейін олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз да болдым. Ал ағылшын тілін ол кезде жақсы көрдім дей алмаймын. Ағылшын тілін француз тілінен артық жақсы көре алмайсыз. Себебі, француз тілі өте əдемі, көркем тіл.

Мектептен соң əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетіндегі «Түркітану» мамандығының грантын ұтып алдым. Онда түрік тілін үйрену міндетті. Алғашында қатты жыладым (күліп). Өйткені, мен филолог болуды армандаған едім. Бірақ мұнда оқығаныма əкем қатты риза болды. «Өз мəдениетіңді, тамырыңды біле түсесің», – деді. Шынымен де түркітану менің өмірімді түбегейлі өзгерткендей болды. 3-курста бізді Түркияның астанасы Анкараға жіберді. Анкара университетінде жарты жыл білім алдық. Сонда түрік тілін жақсы үйрендім десем болады. Ол жақта түркітануды басқаша оқыдық. Ұстазымыз да бірнеше тілді білетін кісі болды. Түркітілдес шағатай, қыпшақ тілдерін білетін. Ол тілдерде ғылымды да білетін. Араб тілін де жақсы оқиды. Сол ұстазым өз мамандығыма көзқарасымның өзгеруіне көп септігі тиді. Мұны бітірген соң Түркияға тағы да грант ұтып алдым. Бірақ, əкем қайтыс болды да қайтып бара алмадым. Анамды жалғыз қалдырғым келмеді.

Біздің «Тамыр» журналында Мария Арынова есімді авторымыз бар. Француз тілінен тікелей қазақшаға жақсы аударатын аудармашы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жұмыс істейді.Бірде сол кісі əкемнің жұмысына келді. «2014 жылы бізде Сорбонна университетінің филиалы ашылды. Франциядан мамандар келіп, сабақ береді», – деді. Əкем оған қатты қызықты. Себебі, əкем Мұстафа Шоқайды зерттеген. Кезінде сол мақсатпен Францияға барып, сол елді қатты ұнатыпты. Қызым осы елде оқыса деп армандаған екен. Мен де мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға тырыстым.

Ұлан: Сорбонна университеті туралы əңгімеңіз…

А.Қодар: Сорбонна университеті – Францияның əлемге əйгілі оқу орны. Қазір сонда оқып жатырмын. Бірақ Францияда емес. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде филиалы ашылған. Менеджмент жəне халықаралық қатынастармамандығын оқытады. Мен халықаралық қатынастар мамандығының магистратурасында оқып жатырмын. Мамандығымды кішкене өзгерттім десем болады. Баяғы мектеп кезіндегі арманыма кері оралғандаймын.

Ұлан: Демек, түркітану əкеңіздің қалауы еді ғой?

А.Қодар: Иə, солай десе де болады. Бірақ оның маған керек екенін кейінірек түсіндім. Себебі, орысша ортада өстім. Ал бұл жақта мен əкем айтқандай өз тамырымды білдім. Түркітануда сабақты көне түркі жазуларынан, көне ескерткіштерден бастадық. Соларды оқып үйрендік. Таным-түсінігім қатты өзгерді. Мектеп қабырғасында қазақ тілі мен əдебиеті пəнін жақсы көрген едім. Түркі дүниесі де əлемнің үлкен мəдениеті болғанын түсіндім. Бұл өзімізді жоғалтпау үшін керек екенін ұқтым. Менің ойымша, қазір батыс мəдениеті бізді басып жатыр. Əрине, ол бізге жаңа көзқарастар, жаңа бағыт əкелуі мүмкін, бірақ біз оларға жұтылмауымыз керек. Осы тұрғыда түркітану көп көмектесті. Онда түркінің рухы бар. Оның бəрін түркітілдес ақындардың шығармаларын оқығанда сездім.

Ұлан: Шағатай тілін білесіз ғой?

А.Қодар: Иə, бірақ шағатайша сөйлесе алмаймын. Оқи аламын. Түркияда бұл тілді үйренуге қызықтым. Бізде оны оқытпады, енді ғана үйретіп жатыр. Ұлан: Қазір қанша тіл білесіз?

А.Қодар: Ана тілімнен бөлек, орыс, ағылшын, француз, түрік, шағатай тілдері.

Ұлан: Тіл үйренудегі тəртібіңіз қандай болды? Өзіндік əдісіңіз бар ма еді?

А.Қодар: Тіл – жанды нəрсе.Сол үшін көп сөйлеу, көп тəжірибе жасау керек. Сөйлесетін адам болса тіпті жақсы. Мысалы, Түркияға барғанымда түрік тілін жақсы білген жоқпын. Бірақ менің көп досым болды. Солармен көп сөйлесетінбіз. Солай жақсы үйреніп кеттім. Ал елде ондай мүмкіндік көп болмайды. Бізде оқу, тыңдау арқылы үйренеді. Тіл үйренудің негізгі төрт арнасы бар – тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу. Осы төртеуі бойынша жұмыс істеу керек. Əрине, алдымен өзіңнің қызығушылығың, ниетің жоғары болған дұрыс. Алдыңа белгілі бір мақсат қоймасаң, ештеңе де болмайды. Қазір тіл үйренуге мүмкіндік көп. Ешқандай кедергі жоқ. Əлеуметтік желіде бəрі бар. Сериалдар, фильмдерді көру керек.

Өзім ағылшын тіліндегі сериалдарды көп көретінмін. Мектепте де жақсы оқытты. Əлемдік классикалық шығармаларды ағылшын, француз тіліндегі кітаптардан оқыдық. Нəтиже жаман емес (күліп).

Ұлан: Енді бүгінде өзің басқарып отырған «Тамыр» журналына келсек. Əкеден қалған мұра бүгінде қалай жалғасын тауып жатыр?

А.Қодар: «Тамыр» журналы 1999 жылдан бері шығып келеді. Үлкен мəдениеттанушы Мұрат Əуезовтің қолдауымен басталған екен. Сол кездегі ең бірінші философиялық журнал болған. Қазір өнер, мəдениет, философия секілді үш саланы қамтиды. «Тамырдың» өзі де үш мағына беретін сөз. Біріншіден, тамыр – түп-тамыр, ген. Екіншіден, «тамыр-таныс» деп жатамыз, достықты білдіретін сөз. Үшіншіден, тура мағынадағы тамыр сөзі. Журналымызда батыс ойшылдарының сөздері, аудармалар, тарихи деректі мақалалар, əдеби шығармалар жарияланады. Саяси оқиғаларға қатысты өз үнімізді қоса беріп тұрамыз. Қазіргі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жиі жариялаймыз. Бір жағынан əлемдік шығармаларды қазақшаға аударамыз, батыс əлемін өзімізге көрсетеміз, сонымен бірге біздің əдебиеттегі, кинодағы, суретшілер өміріндегі жаңалықтарды шет тіліне аударамыз. Өйткені журнал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көреді.

Ұлан: «Тамыр» қай жағынан қараса да үлкен журнал. Əуезхан ағадан соң бұл журналды жалғастыру оңай емес екені белгілі. Дегенмен, журналдың шығуына қатысып отырған қаламгерлер, ғалымдар бар шығар?

А.Қодар: Иə, əрине. Көмектесетін адамдар көп. Көбі əкемнің достары. Филология ғылымының докторлары, жазушылар, аудармашылар. Олардың бəрі редакция алқасына кіреді. Қандай да бір мақаланы сол кісілермен ақылдасып, талдаймыз. Бұл тұрғыда жалғыз ешқандай шешім қабылдамаймын. Журнал жылына 4 рет шығады. Сонымен бірге Ұлттық кітапханада əкемнің интеллектуалдық клубы бар. Сол клубқа мүше ретінде Алматыдағы орыс, қазақ тілдерінде жазатын шығармашылық адамдары кіреді. Солардың кештерін ұйымдастырып тұрамыз. Пікірталастар, əдеби жиындар өткіземіз. Қазір Жұматай Жақыпбаевтың шығармашылығына арналған кеш өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Дайындықты бастап кеттік. Кешті өткізуге Алматыдағы жас қазақ қаламгерлері де мұрындық боп жатыр. Менің ендігі мақсатым – жас қазақ ақындары, шығармашылық адамдары мен орыс тілінде жазатын қаламгерлерді байланыстыру. Өйткені, өнердің тілі – əмбебап тіл. Мысалы, əкем Жұматай ақынның көп өлеңдерін орыс тіліне аударды. Сол сияқты біз де бір-біріміздің шығармашылығымызды аударсақ. Аударма жақсы шығу үшін бір-бірімізді білгеніміз, жақсы танығанымыз көп көмектеседі. Менің бар арманым – əкемнің ісін жалғастыру. Əкемнің барлық мұрасын шет тілдеріне аудару.

Ұлан: Бəрекелді! Соңғы сұрақ. Шетелде білім алу үшін тілмен бірге тағы не білуіміз керек?

А.Қодар: Əрине, шетелде білім алу үшін сол елдің мəдениетін жақсы білуіңіз керек. Ол елде қалай жүріп-тұруға дейін білу керек. Мысалы, Түркияға алғаш барғанда ұстазым бірдеңе сұраса, мен түсінбей, «не?» деп кері сұрақ қоятынмын. Сонда ұстазым «не?» деп айтуға болмайтынын, ол елде бұл сөз дөрекі сөз екенін айтып түсіндірді. Сөйтсек, бір нəрсе сұраса, естімей қалсаңыз, «эфенди» деп айтуыңыз керек. Қазақша «мырза» деген сөз. Бірақ ондай жағдайлардан қорықпау керек (күліп). Білмегеннің айыбы жоқ. Ашық болған жөн. Өмірге күліп қарау керек. Шетелге барсаңыз туған жерді, отбасын қатты сағынасыз. Соған дайын болу керек. Шетелдің мəдениеті, шетелдің тамағы сізді қанағаттандыра бермейді. Еуропада етті көп жемейді. Ең бастысы, өзіңе сенім күшті болу керек. Шетелде білім алу оңай емес.

Əңгімелескен
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №34
22.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз