Жыл сайын бүкіл əлемде 8,2 миллионға жуық адам қатерлі ісіктен көз жұмады екен. Мұндай деректі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтіріп отыр. Біздің елімізде де жылына шамамен 17 мыңға жуық отандасымызды ажал тырнағынан арашалап қалу мүмкін болмай отыр. Бүгінгі таңда əлем ғалымдары мен дəрігерлері қатерлі ісікке қуатты ем-шипа болатын дауа ойлап табу үшін барын салуда. Олардың қатарында Астана қаласындағы №66 мектептің 10-сынып оқушысы Айгерім Құрманбайқызы да бар. Жас ғалым қатерлі ісікке сүлік сілекейі дауа болады деп есептейді. Ғылыми жобасы республикалық жас ғалымдар олимпиадасында озық деп танылған Айгеріммен əңгімелескен едік.

– Сүлік сілекейін қатерлі ісікке қарсы ем ретінде пайдалануға болады дейсіз. Мұны ғылыми жұмысыңызда дəлелдейсіз. Емге неліктен сүлікті  таңдағаныңызды түсіндіріп бере аласыз ба?

– Менің анам отыз жылдық тəжірибесі бар дəрігер, гинеколог-гирудотерапевт. Бала кезімнен оның жұмысына қызығып өстім. Сабақтан бос уақытымда анамның клиникасына барып, сүліктерді баптауға, емдеуді үйренуге талпынып, қолғабыс етіп жүретінмін. Біртіндеп науқастарға сүлік қоюды да меңгеріп алдым. Сүліктің емдік қасиеттері туралы толығырақ білгім келіп, түрлі əдебиеттерді, қосымша материалдарды оқи бастадым. Сүліктің емдік қасиеті өте керемет. Оның құрамында 120 биологиялық белсенді зат, 76 фермент, 20 амин қышқылы бар. Антикоагулянтты, антиоксидантты жəне иммун көтеретін қасиеті жоғары. Осыны ескере отырып, сүлік сілекейінің қатерлі ісікті емдеуге əсері қандай екенін білгім келді. Белгілі ғалым, шетелдерде зор тəжірибе жинақтап қайтқан ұстазым Дамель Мектепбаеваға ойымды айтып едім, бірден қолдау білдіріп, зертханада ізденіс жасауыма мүмкіндік жасады. 2015 жылдың мамыр айынан басталған зертханалық ғылыми жұмысымыз екі жылға созылды. Сүлік сілекейін сүт безінің қатерлі ісік жасушаларына аз мөлшерде, яғни 8 мг-мл тамызғанда қатерлі ісік жасушалары 15 пайызға азайды. Ал концентрациясын көбейтіп, 40 мг-мл тамызғанда қатерлі ісік жасушалары 35 пайызға азайды. Бұл нəтиже біздің сүлік сілекейі қатерлі ісікке қарсы табиғи ем бола алады деген тұжырымға келуімізге негіз болды. Көріп тұрғаныңыздай, бұл бастапқыда жай ғана идея болатын.

– Жай ғана идеяны үлкен жаңалыққа айналдыру оңайемес. Зерттеу кезінде қиыншылықтар мен сəтсіздіктер болды ма? Болса, бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізуге демеу берген не нəрсе?

– Көптеген қиындық деп айта алмаймын. Бізге бастапқыда сүлік сілекейін таза күйінде алу қажет болды. Сол үшін шетелдік ғалымдардың жұмысын, зерттеулерін  іздей бастадық. Сүлікті əртүрлі ауруға шипа ретінде қолданғанымен, бұл əдісті пайдаланған ешкім жоқ екен. Содан соң өзіміз белгілі бір протокол құрап, сүлік сілекейін таза  күйінде алуды оңтайландырдық.  Бұл əдісті ойлап табу – ең басты жеңісіміз. Бұдан соң жұмысымыз жеңілірек болды.

– Сіз анаңыздың осы зерттеуге себеп болғанын айттыңыз. Анаңыздың  қандай қасиеттерін үлгі тұтасыз?

– Анам дəрігер болғандықтан үнемі адамдарға көмек көрсеткісі келеді, олардың сауығып кетуін қалайды жəне сол үшін барын салады. Мен анамның осы қасиетін мақтан етемін жəне үлгі тұтамын. Осы ғылыми жұмысымды жүзеге асыруымда да анамның ықпалы зор болды. Ол үнемі мені қолдап отырады. Біз жаңа идеяларды бірге талқылаймыз.

– Ғылыми жетекшілеріңіздің бірі – белгілі ғалым Дамель Мектепбаева. Ол кісіге оқушы болу бір мəртебе болар. Ұстазыңыздан не үйрендіңіз?

– Ең бірінші маған зертханада қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Өйткені зертханада жұмыс істеудің өз талабы, қауіпсіздік ережесі болады. Оларды міндетті түрде біліп, қолдануың керек. Мысалы, мен осы зерттеуімде науқас адаммен емес, ауру жасушамен жұмыс істедім. Оның қауіпті екені айтпасам да түсінікті. Осы ретте ұстазым мені үнемі сақтандырып отырды. Сонымен қатар, уақытты тиімді пайдануды  үйрендім. Дамель мұғалім берілген уақыт ішінде тапсырманы орындап бітіруді талап етеді. Осының арқасында мен уақыттың қадірін біле бастадым. Кешікпеуді үйрендім. Дамель Мектепбаева адамгершілігі мол, уəде берсе міндетті түрде орындайтын адал жан.

– Сүлік сияқты жəндіктерден көп адам, соның ішінде қыздар қорқады. Сүлікті ұстаудан қорықтыңыз ба? Тітіркену болмай ма?

– Жоқ. Қорқыныш тудырған жоқ. Менің ойымша, сүлік – өте сүйкімді жəндік (күліп жіберді).

– Сүліктен қорықпайсыз. Ал неден қорқасыз?

– Білмеймін… Шынымды айтсам, өлімнен қорқамын.

– Көп жағдайда өлімге алып келетін қатерлі дертпен күресетін ем іздеуге осы қорқыныш себеп болған шығар, бəлкім?

– Солай деуге де болар еді. Бірақ негізгі себеп бұл емес. Сүлік – өте қасиетті жəндік. Оның емдік қасиеті осыдан 3500 жыл бұрын көне Мысырда анықталып, адам емдеуде кеңінен пайдаланылған.

Медицинада «тістеуік дəрігер» деп те аталады. Сүліктің емдік қасиетіне қызығушылық танытпағанда бұл тақырыпты зерттеу ойыма келмес еді деп ойлаймын.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Осы бағыттағы зерттеуді жалғастыра беруім керек. Қазіргі таңда қатерлі ісікті сүлік сілекейімен емдеу туралы идеяны көпшілікке таныстыру үшін түрлі жобалар мен ғылыми сайыстарға қатысып жүрмін. Солардың бірі – «Хабар» телеарнасындағы «Менің арманым» зияткерлік шоуы. Менің жобам қазылар алқасының көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды. Нəтижесінде 100-ден аса қатысушының арасынан суырылып шығып, ақтық сайысқа өттім. Ең қатты əсер еткені – маған қазылар алқасының бірі «Болашақта Нобель сыйлығын ал!» деген тілек айтты. Мен үшін бұл баға жетпес тілек, жақсы мотивация болды əрі менің арманыма айналды. Бұдан өзге де түрлі ғылыми жобаларға қатысып, грант ұтып алып, оны зерттеу жұмыстарымды ары қарай жалғастыруға жұмсағым келеді.

– «Нобель сыйлығын ал» деген расымен керемет тілек екен. Мұндай марапатқа жету үшін қандай қасиет керек?

– Еңбектену, көп оқу жəне іздену керек. Алдына нақты мақсат қойып, сол жолда тынбай еңбектенсе, адамның қолы жетпейтін іс болмайды. Осы жобамен айналысқалы көп жетістікке қол жеткіздім. «Менің арманым» зияткерлік шоуына, Орал қаласында өткен дарынды жастардың форумына, түрлі ғылыми олимпиадаларға  қатыстым. Өзім секілді жастармен бірге Үкімет басшысымен кездесуге бардым. Мұның бəріне еңбек-тенгенімнің арқасында қол жеткіздім.

– Мұндай жиындарда талантты, талапты оқушылар бас қосып жатады. Қатар құрбы-құрдастарыңыз қандай екен? Біздің буынның артықшылығы мен кемшілігі қалай көрінеді?

– Замандастарыма көңілім толады. Білімге құмар, ашық-жарқын, мақсат қоя біледі. Болашаққа деген сенімі зор. Достарымның барлығы патриот деп айта аламын. Жаңа технологияға, жаңа өзгеріске құмар. Ал кемшіліктері туралы айта алмаймын. Үлкенді сыйламау, тым өзімшілдік деген кемшіліктер кездесетін шығар. Бірақ өте жиі емес.

– Əңгімеңізге көп рақмет! Алға қойған мақсаттарыңызға жетуіңізге тілектеспін.

 

Əңгімелескен
Елназ СЫДЫҚ,
Химия-биология
бағытындағы Назарбаев
зияткерлік мектебінің
8 «С» сынып оқушысы.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №6
6 ақпан 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз