Биле, биле!

«Сананы тұрмыс билейді» деседі. Сананы сұлулыққа құштарлық, ізгілік билесе ше? Үлкен өнер құдіреті адам санасын айқындауға себі тиеді. Ақты ақ, қараны қара дегізіп, айқара дүние сырын танытады. Өмірдегі сан алуан құбылыстарды шынайы қабылдап, сыры мен сиқырын дəл тану үшін өнерді ерекше сүйе білу керек. Сананы тұмшалайтын надандық пен жалғандық. Қағілез оқушы кезінде Əлімбектің ұнатып жүрген қызы болды. Мектепте қыз бен ұл қатар жүрсе жұп саналады. Екеуі қол ұстасып, клубтағы киноға барған.

Атауы жадында жоқ, махаббат туралы фильм. Жапон киносы, кейіпкері жап-жас қыз 5-6 жас үлкен ересектеу жігітке жан-тəнімен ғашық болады. Балалық ғажайып махаббат көркем фильмде шебер берілгені сонша, фильм біткен соң Əлімбек пен дос қызы үндемей, бір-бірінің бетіне тура қарай алмай, лəм-мим деп түк айта алмай, қос жарылып, екі бөлініп кетті. Олар сүйіспеншілік санап жүрген нұрлы сезім өзара ырымға жоқ екенін анық ұқты. Ғашық болу мен болмаудың арасы жер мен көктей. Киноның құдірет күші қандай керемет! Балғын жасөспірім екеуге өтірікті малдану қауіпті екенін дереу сездірді. Жалғандықтан тез арылу басқа бітетін бармақтай баққа бастайды.

Туған ауыл қырдан ойға түскенде алақанда жатқандай ыстық əсер ететін. Жері тақыр, ағаш аз өседі. Маңырақ, Тарбағатай, Толағай, биік таулар алшақ.Үрім-бұтағы көп Шотпан атасы иен жайлаған атамекен, ақ пен қызыл алысқан үркінші заман зияны тиіп, шетке жер ауғандары бар. Өскемен өңірі, Тарбағатай ауданы, Ақжар селосының Абай атындағы орта мектебінде айтулы би үйірмесі болды. Қазақ қырықтың бірі Қыдыр дейді, түсі игіні іздейді. Мөлдіреген таңғы шықтай жас ұрпақты өнерге баулитын адам расында Қыдырмен тең. Мектеп баяншысы Сапар Сейілханов ерекше дарынды жан болатын. Жер-жерде көкөрім жас баланы биік өнерге еліктіріп, тал бойында əлі ашылмаған қабілетін, потенциалын қозғап жіберетін, ұрпақ үшін жетекшілік рөл атқаратын, құдай əу баста бұлақ көзін ашсын деп жарататын, табиғи дарыны тескен судай мол жандар болады.

Музыкалық аспап ретінде баян дүркіреп тұрған жұлдызды шағы, басқа аспаптар жоқ. Кепкасын шекеге қисайта киген, шашы дудыраған жас жігіт бейнесі сол дəуір келбетін экранда таңбалап кетті, сондықтан Василий Шукшиннің əңгімелерінде баян аспабы көп. Баянда құйқылжыта ойнайтын жігіт атаулы ойын-сауық көркі, ауыл-аймақтың жаны. Сапар ағайы əскерден оралғанда ішкі Ресейден қасына əдемі келіншегін ертіп, əскерден үйленіп келді. Қазақ ат қойғыш, ел оны Саптаяқ атайтын. Ол мектепте үрмелі аспаптармен оркестр құрды, саксафонда, небір аспапта шебер ойнайды. Сапардың келіншегі Зинаида Кондратьевна би үйірмесінде балаларды биге баули бастады. Би билеу өте таңсық болды. Жүзден жүйрік шыққан сары бала Əлімбекті Зинаида мұғалима өте жақсы көрді, сүйікті шəкірті санады. Отбасында өнерге жақын ешкім жоқ. Ертісте паром жүреді, Семейге жеткенше Əлімбектің анасы жұртпен бірге өлең айтып, би билеп баратын көрінеді, бары сол. Əлімбек 6-10-сынып аралығында Зинаида Кондратьевнадан нота мен би түрлерін үйренуден, үйірмеге белсенді қатысып, əдемі əуенге ілесе, ұршықша үйіріліп, зікір салған дəруішке ұқсап қалықтай дөңгелене кетуден əсте жалыққан емес. Жанның жұмбақ аңсарын əрқашан беймəлім үміт жетектейді: «Хоровод надежд лучезарный» (А.Н.Одоевский). Музыкалық мектеп қосымша білім берді, ол фортепьяно мен үрмелі оркестрде ойнауды меңгерді.

Мектепте жыл он екі айда айтулы мерекелер көп өтеді. Өнерлі балалардың бағы жанатын сəт. Аудандық, облыстық байқауларға қатысу көркемөнерпаз мүшелерінің балаң арманын ұлғайта түседі. Алматыда халықаралық «Көктемгі ырғақтар» атты фестиваль өтті. Чехословакиядан келген кəсіби маман əйел ай бойы вальстен басқа балға лайық би өнеріне үйретті, ең кереметі, оның 78 түрі бар екен; ча-ча-ча, танго, фокстрот, фламенко, тағы да басқа толып жатыр. Алматыда эстрадалық студиябар. Байзақов көшесінде жатақханада тұрып, би құдіретін сезінген күндер пешенесіне текке бұйырмаған екен. Халықаралық фестивальдан үшінші орын ұтып алған «Гүлдер» ансамблі дүркіреп тұрды. «Гүлдер» ансамблінің қыз-жігіттері дискотека жасайды. Əлімбек дискотекада артистермен танысты, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Тұяқовадан шақырту алды. Ол мектепті бітіре сала Алматыға тартты. Тұяқова музыканы қосқанда билей жөнелді. Тұяқова: «Мен сені ансамбльге аламын!», – деп көңілі толып айтты. Профессор Рабиға Мұқайқызы Қаныбаева Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториядан келіп, театр факультетіне түсуге талапкер іздеп жүр екен. Əлімбекті көрген бетте актерлік мамандықты таңдауға тартты. 1971 жылы бигеқұлшынған қазақ баласы сірə, сиректеу болса керек. «Мен биді жақсы көремін!», – деп ол пафоспен айтты. «Əй, балам, сені ертең əскерге алып кетеді. Мынау училище, ал консерваторияда 4 жыл оқып, білім аласың!», – Рабиға апайдың дəлелі салмақты естілді. Актерлікке түсу үшін өлең мен қарасөзді шебер оқу керек. Мысал оқыған соң қабылдаушы топ: «Ал, биле!» деген. Əлімбек Оразбеков бидің түбін түсірді. Ол Кеңес одағының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шолпан Жандарбекованың курсына қабылданды. Театр биден  басталды. Екінші ұстазы – Татьяна Қасымқызы Наурызбаева, əп-əдемі, саусақтары сүйріктей, өте білімді жан, Мəскеудегі ГИТИС-тен, жоғары курс тəмамдап келген, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Шолпан апай практик, үлкен сахнадағы зор тəжірибесімен бөліссе, Татьяна Қасымқызы теоретик, Гайдн, Моцарт сазын тыңдатып əрі түсіндіріп, классикалық музыканы сіңіруге жанын салды, екеуі бірігіп, студенттерін биік өнердің қыр-сырына баулуға аянбай тер төкті. Татьяна Наурызбаева актерлік шеберлікке үйретіп қоймай, жастардың рухани дамуына əсер етті. Əлі күнге дейін Татьяна Қасымқызының жарқын бейнесін ұмытпайды.

Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» атты соғыс лирикалық драмасында басты рөлге бекітілген Əлімбек Оразбековты Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер мен жастар театрының бас режиссері Виктор Пұсырманов 4-курстан жұмысқа алды. Инга рөлінде Жанат Шайкина, Петр – Əлімбек екеуі сахнадан жарқырап көрінді. Қазақ КССР-нің 1970-76 жылдары Мəдениет министрі əдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Мүсілім Базарбаев болатын. Талдықорғанда жаңа театр ашылды, труппа негізін актерлікті жаңа бітірген жас буын қалады. Талдықорғанға 17 жас актер аттанды. Театрдың алғашқы премьерасы классикамен ашылды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қозы рөліне бекітілген Əлімбекті ТЮЗ-дағы жұмысынан жұлып алғандай қылып, Талдықорғанға аттай қалап əкетті. Дəм тартса қалмайсың. Виктор Пұсырманов: «Бауырым, ыстық-суығы басылсын, мұнда 3-4 айдан соң қайтып келесің, театрға өзім қайта аламын!», – деп мəжбүрлікке көне білудің амал-стратегиясын түсіндірді. Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков сияқты дарындылар танылған уақыт. Досхан Жолжақсынов театрға енді келген. Əлімбек Оразбеков Талдықорған сахнасында репертуарды ұстап тұрған белді артистке айналды, үлкен тəжірибе жинақтады. Ол мұнда көптеген басты рөлдерді ойнады. Театрға режиссер тұрақтамаған. Сəулебек Асылхан бас режиссер болды, ұзамай кетіп қалды. Əлімбек Оразбеков кинорежиссер Дамир Манабаевтың  «Айқай» атты фильміне түсті. Кесек жазушы Оралхан Бөкеевтің «Сайтан көпір» атты əйгілі повесі экрандалды. Бұл фильмде ол Ерік атты жігітті ойнады. Қазақ киносында Əлімбек Оразбеков түскен фильмдер: «Көзімнің қарасы», клуб меңгерушісі, режиссер С.Нарымбетов, «Қазадан кейінгі жаза», қосарлы басты рөл – маньяк пен тексеруші, режиссер Т.Теменов, Қырғызфильм, «Аян», қылмыскер; «Кəусар», режиссер Гүлсина Мергалиеваның «Перзентхана – періштелер туатын үй» атты спектаклі негізінде түсірілген фильмінде эпизодтық рөл; «Судағы із», сериал, режиссер Т.Теменов.

ШЕРАҒАҢ ШАПАН ЖАПҚАН КҮН

Ол Талдықорған театрында актер болып үзбей 12 жыл жұмыс істеді. Сол ұзақ мерзімде режиссура шала-шарпы болса, театр мықтап ұтыларын аңғарды. Шынын айтқанда, кейбір кəсіби деңгейі төмен адам актер қауымның арқасында ғана режиссер болып жүруі наразылық тудырды. Əлімбек Оразбеков режиссер мамандығын оқуға бел буды. Қазақстанның Халық артисі, атақты режиссер, профессор Маман Байсеркеновтың шəкірті болып, Т.Жүргенов атындағы театр мен өнер институтының режиссура факультетінде 4 жыл тəлім алды. Отбасында екі қызы өсіп келе жатты, алтын ұясын уақытша қиып тастап кету оңай болмаған. Маман Байсеркенов сахнадан көрермен қауым алуға тиісті  керемет əсердің «қайран қалу» мен «қатты толқу», демек, таңдану, сұқтану мен есі кете күйзелу арқылы түбегейлі өзгеріске бастар қасиетінің ара жігін ашып айтты. Ұстазы оған жарқ-жұрқ əсіреқызыл эксперимент ұзаққа бармайды, ал терең үңілген, түбегейлі дүние жадтан өшпейді деп үйретті. Мамандық таңдау – ең маңызды тұтқа. Архимед дана артына қалдырған əйгілі нақылда жасампаздық күш жасырулы: «Дайте мне точку опоры, и я сдвину землю» («Маған таяныш нүктесін берсе, жер шарын төңкеріп жіберер едім!»), бұл сөздің түп-төркіні жер бетін асты-үстіне шығарып, құртып-бүлдіру емес, анығында, үйлесімнің алтын кілтін таба білу; қисынмен бəтуалы іс қылып, жаратылыс құбылыстарының қиюын танып, қуат көзін дөп жұмсай алу қасиеті; өйткені адам баласында кісілік, ар, намыс болмаса, озық дəрежеге əсте жете алмайды. Бұл əуелгі нұсқа, ауыспалы мағынада дұрыс таңдалған адал кəсіп адамның мəртебесін, біліктілігін, шырқау биігін өсіре түседі.

Ол Талдықорған театрына екінші режиссер болып оралды. Оралхан Бөкеев пен Əшірбек Сығаев екеуі келіп, Əлімбек Оразбеков қойған «Құлыным менің» атты драмасын көрді. Оралхан араға бір ай салып, Əлімбекке біреуден хат жазып беріпті. Екінші пьесасын сахналасын деп жіберуге көңілі ауған. Атауы – «Желтоқсан желі», бұл «Құлыным менің-2». Кесек жазушы бұл ойын жүзеге асырып үлгермеген, ет пен сүйектен жаралған тірі жанды мүшел жаста аңди қалғыш беймезгіл ажал жетті. Əлімбек Оразбеков Талдықорғанның орыс драма театрына бас режиссер болып тағайындалып, бір жыл жұмыс істеді. Сонда байқағаны, орыстар теорияға мықты, академизм басым. Сахнаға эмоция қоспай, салқын ойнайды. Жанды қоспай, техника ойнайды. Қазаққа тəн ерекшелік, теория болмаса да, қызуқандылықпен, сезіммен тартып алады. Екінші қиындығы, орыс театрына қазақ жігіті бас режиссер болғаны біразын шамырқантқаны өтірік емес. Əлімбек Тоқтарұлына көп ізденуге, оқи түсуге тура келді. Расында, сынақ жақсы, бұдан ол ұтпаса, ұтылған жоқ. 1994 жылы Талғат Мамашев мəдениет министрі болып тағайындалды. Министр Əлімбекті Алматыға шақырып алып, кабинетінде қабылдады: «Міне, мынау алғашқы мөр, алғашқы бұйрығым!», – деп көтеріңкі лепте қол қойып, Сəкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрына бас режиссер қылып тағайындап жіберді. Алда Қарағандыда табаны күректей 15 жыл тапжылмай еңбек ету тосып тұрды. Мұнда Станиславский атындағы орыс театры мен Сейфуллин атындағы қазақ театры бір ғимаратта болды. Зəулім ғимарат. Акустикасы керемет. Əлімбек Оразбеков орыс театрында ауған соғысы туралы спектакль қойды. Священник келіп көрген. Правословие дін қызметкері премьерадан соң толқып, алғысын айтып кетті.

Ол қызмет атқарған жылдарда 18 спектакль қойды. Театр ұжымы 9 мəрте фестивальға барып, 9 мəрте жүлделі оралды. Қарағандыда Мəдениет басқармасының бастығы Рымбала Омарбекова болды. Ол кісі театр ұжымы мен оның бас режиссерін ерекше қолдап, қамқорлық көрсетіп отырды, ақ адал жəрдемдесті. Сыртқа шыққан театр рухани олжалы қайтады. Стамбул, 8 ғасыр бұрын туған ұлы ойшыл, суфий ақын, дəруіш Жалаладдин Руми жерленген Конья, Минск сапарлары табысты өтті. Жаңа сала режиссурада артистік жолда көкейге түйгені молынан көмегін тигізді. Ə.Оразбеков 2000 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Қазақтың елдік-шежірелік жадын қозғайтын, тектік қасиетті, аруақты ұмыттырмайтын, ел ардақ тұтқан ана образын ашқан «Домалақ ана» атты пьесасын сахналады. Пьеса авторы Шерхан Мұртаза бастаған топ Астанадан екі джип болып келді. Спектакль біткенде Шерағаң ел алдында ағынан жарылды: «Сахна мен неге пьесаны былайша жазбадым деген ойға қалдырды. Қоюшы режиссер артығын қысқартып, өте керек тұстарын, сөлі мен нəрін  алыпты. Мен күпті болып келе жаттым. Мен оңтүстіктің қазағымын, «менің шығармамды Арқаның жігіттері қалай қойды екен?!» – деген күдік болды. Ризамын!». Əлімбектің иығына Шерағаң ата салтымен шапан жапты.

2009 жылы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Еркін Жуасбек Əлімбек Оразбековты Астанаға жұмысқа шақырды. Сегіз жылға аяқ басты. Əзағаң жұмыс істеп кеткен өнер ордасына келу ғанибет. Бұл талантты актерлер шоғырланған театр. Қазіргі таңда Əзірбайжан Мəмбетовтей режиссер қазақта жоқ. Ол режиссерлік жұмысын Қаллеки театрында Мұхтар Əуезовтың «Абай» атты драмасынан бастады. Сахнаға екі Абайды, бір бейненің қос кейпін алып шықты. Сəтті, орынды. А.Горин «Атың шықпаса..», Е.Разумовская «Медея», Ж.Шевре «Ізгілік формуласы», «Көшкін», К.Машаду «Бразилия байлығы», Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д Арк», М.Əуезов «Айман-Шолпан», «Қорғансыздың күні», Т.Джюдженоглы «Көшкін», Ə.Тарази «Үкілі жұлдыз», М.Əуезов, Қ.Ысқақов «Қараш-Қараш», Ш.Мұртаза «Домалақ ана», Қ.Жүнісов «Сəкен-Сұңқар», А.Айларов «Сүрінген сүрбойдақ» сияқты пьесаларды қойды. «Айман-Шолпан» қазіргі заманғы ракурста жанды шыққан, музыкалық рок стилінде болғанымен классик Мұхтар Əуезовтың творчестволық əлемін байыта түскен. «Қараш-Қараш» атты қойылымын жеке талдаған мақалам шықты.

Бұл қойылымдардың бірталайы əр жылдарда халықаралық, республикалық фестивальдерде үш мəрте Гран При – бас жүлдені иеленіп, биік тұғырда айшықты 1,2,3 орындардан көрінді. Əлімбек Оразбеков сахналаған «Ізгілік формуласы» комедиясы үшін 2012 жылы Қостанайда Ілияс Омаровтың 100 жылдығына арналған Республикалық Театрлар фестивалінде «Ең үздік əйел» атауын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекназар-Ханинга мен ҚР Еңбек сіңірген артисі Жанат Шайкина, «Үміт» атауы Айнұр Жетпісбаеваға берілді.  «Бір түп алма ағашы» атты спектаклінің авторы Əлімбек Оразбеков. Драматургияда бақ сынаған туынды қазір республика театрларында кеңінен қойыла бастады. Мұхтар Əуезов пен Шыңғыс Айтматов шығармаларынан инсценировка жасағаны сəтті шықты. Артист. Режиссер. Драма жазуды жүрек қалайды. Айта берсе, арман көп. Астанада қазақ өнерінің жаңа тынысы ашылды. Əлемдік талапқа сай өнер ғимараттары бірінен соң бірі салынып жатыр. Əлімбек Оразбековтің шығармашылық жұмысында да өрлеу бар. Ендігі өнер жолының Астанамен бірге жаңаша жарқырай түсерін де іші сезеді. Суық дейтін Астана қазір қазақ өнерінің отымен де жылына бастады. Оның ішінде Əлімбектің де жаққан оты, шоғы маздап тұр.

«Ақ желкен» журналы, №1

Қаңтар, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз