Сырымның әкесі, белгілі театр актері Әбдіқадыр Қашқабаев Ош қаласында туған. Қырғыз жеріне қазақтар әрқилы жағдайларда ауып кеткені аян. Сырымның атасы Қасқабай театр мен кино өнерінің танымал тұлғасы Асанәлі Әшімовпен арасы жеті атаға толмайтын туыс, арғы түбі Ұлытаудан қопарыла көшкен. Қырғыздардың ықпалымен құжатқа түскенде «с» әрпі «ш» болып жазылып кеткен. Сырымның анасы Торғын Омарханова Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, ата-анасын өнер ордасы Алматы табыстырды. Торғын Омарханова Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, консерваторияны тастап кеткен. Мұхтар Әуезов театрында дыбыс режиссері болып қызмет атқарды.

Сырым бала кезінде диктор болуды армандайтын. Дариға Тұранқұлованың, Мұрат Әбзелбаевтың дауысы ұнайтын. Бір жолы құмда ойнап отырған балалар өз әкесімен мақтанғанда, Сырымның «әкем сияқты актер боламын» деп айтқаны айдай келді. Құдай аузына салды. Алматыда №138 гуманитарлық-өнер лицейі ашылған, әкесі Сырымды күйшілік өнеріне апарды, бұрынғы класын да қимайды. Күні бойы лицейден шықпай оқиды. Аттай үш жыл солай өтті. Сол лицейде ол театр өнерінің алғашқы әліппесін ашты, сахна тілінен Дариға Тұранқұлова, Есім Сегізбаев, вокалдан Мақсұт Оразұлы сияқты ұстаздар дәріс берді. 1995 жылы Халық шаруашылығы институты, Халықаралық қатынас институты сияқты беделі аспандап тұрған оқуға түсу өте қиын болатын. Ірі мансапты аңсайтын жастар жапа-тармағай ұмтылатын патшадай оқу саналды. Сырым ағылшын тілін мектепте жақсы оқыған, анасы Торғын болса ұлына ойлануға ерік берді. Сырымның кішкентайынан театрда өскені өнерге жетелеп, таразы басын басып жіберді. «Бірге өскен кішкентайдан, қарағым-ай» деп сүйгеніне арнап шырқалатын халық әніндегі сияқты, ендігіде ажырамас серігі театр, киелі сахна екен. Институтта Фарида Шәріпова курс алып жатты, ол кісінің сырқаттанып жүрген кезі екен. Қазақ театр өнерінің бір майталманы, әйгілі ұстазы Рахилям Машуроваға апарды. Сырым Қашқабаев, Асылбек Қапаев, Жанқалдыбек Төленбаев бір курста оқыды, оқу бітірген бойда өмір соқпағы оларды үш нояндай бір театрға бастады. Актерлік – өте қиын мамандық. Актер болу оп-оңай, сөздерін жаттап аласың да, қиқалаң-қиқалаң етесің деп ойын үстінде жасөспірім қыздың  долбармен айтқаны Сырымның есінде тұр. Білместік пен надандық екі бөлек ұғым, бірақ сырт көрініс пен ішкі мазмұнның үйлесімін көпшілік білуге құмар емес.

Сырым 3-курста оқып жүргенде, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында Жанат Хаджиев «Қыз Жібек» спектаклін қоймақшы болып, рөлге актер іріктеу – кастинг жариялады. Сырым Бекежан рөліне, оның айнымас досы Асылбек Қапаев Төлеген рөліне өтті. Алғашқы кәсіби сахнаға шығу 1994 жылы эпикалық дүниемен басталды. Беке-жан рөлі Сырымның аталас туысы Асанәлі Әшімовтың бағын ашқан болатын. Нұрқанат Жақыпбаев Сырымды өзі қоятын «Ғайыптағы махаббат сазы» сияқты пластикалық қойылымдарына көп шақыратын. Сырым екінші құрамда, бірінші құрамдағы Асылболат Смағұлов 1989 жылы Бішкек қаласында өткен Театр фестивалінде Беке-жан рөлі үшін Гран-При иемденген. Асылболат аға Сырымға: «Сен құдай қаласа, мен ойнаған рөлдерді түгел ойнайсың!» – деді. Асылболат ағаның аузы дуалы екен, мұның түбінде баталы сөзге айналарын ол кезде жас жігіт білген жоқ. Сырым қазақтың жақсы сөз жарым ырыс дейтінін, шын айтылған бір ауыз сөздің құдіреті күшті екенін кейіннен мойындаған.

ТЮЗ-да қалуға ниетті еді, бірақ театр Асылбек Қапаев екеуін штатқа қабылдаған жоқ. Бір жолғы актер деген болады. Ұстазы Рахилям апай Әзірбайжан Мәмбетовпен ақылдаса келе, екі досты Астанаға жіберуді шешкен. 1999 жылы Әзірбайжан Мәдиұлы Елбасының жарлығымен Қуанышбаев театрына жетекші болып тағайындалды. Арқадағы Елорда солтүстіктің ызғары бар қала деп ойлайтын кез. Жаңа қоныстың өкпек желі кісі ұшырғандай дейді жұрт. Ұядай жылы, бауыр басқан әсем Алматысын қиып тастап, жаңа жерге кетуге екінің бірінің тәуекелі бармайтын. Әбдіқадыр аға ойлана келе, Астанаға билет алуға ұлының қолына ақша берді. Көзге оттай басылып, ТЮЗ-дың ғимараты тұр, вокзалға бармас бұрын Сырым жастар театрына бұрыла кетуді жаны қалады. Адамның сөзіне аспандағы бұлт үйіріледі. Олар Сырымды айнытып тастады. Қалтасындағы билетке деген ақшаға дастархан жасап, үйге қайтып келген. Әкесі: «Билет алдың ба?» – деп сұрады. «Бармаймын». Әкесі үндеген жоқ. Таңертең тұрса, екі чемодан тұр. «Біреу кете ме?» – деп сұрады Сырым. «Иә!» – деп жауап берді әкесі, сол кезде ұлы бірден түсінді. Анасы қолына 100 доллар ұстатты. Сырымның ойы шашыраңқы. Қазан айы, Алматы ұзатылар қыздай жайнап тұрған кез. Қимай артына қараса, анасы бұл каникулға кетіп бара жатқандай терезеден қол бұлғай салды. Лездемеде Асылбек досының жоқ екенін көрген. Пойыздан түскенде Ержан Емелханов екеуін курстасы Жанқалдыбек Төленбаев қарсы алуы керек-тұғын. Шудан түсіп, дәу қарбыз алған. Қолдарында жүк, гитара. Перрон бос. Ержан театрға барайық дейді. Таңғы 8-де қайдағы театр деп күте тұруды шешті. Бір кезде Жанқалдыбек келді, ұйықтап қалыпты. Қазан айының 8-і күні жас театрға жас артистерді қабылдау туралы бұйрық шықты. Бастапқы кезде ол Алматыны, туған үйіндегі берекені қия алмай, екі жеті қиналды. Жылдың соңына дейін шыдамаққа бекінді. Бір күні Әзекең бұларға курстастарың келе жатыр, барып қарсы алыңдар деді. Асылбек досы келді.

Сырым мен Алтынай Нөгербек екеуі концерттік бағдарламаларды бірге жүргізеді. Бірде Алтынай концертті естімей қалды ма, Сырымға ел алдына жалғыз шығуға тура келді. Оның екі тілде сауатты жүргізгені сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановқа ұнап қалыпты. Көркемдік жетекші «Қыз Жібек» қойылымына кіріскен. Сырым Қашқабаевтың Қаллеки театрындағы ең алғашқы рөлі Беке-жан болды. Репетицияда Әзекең: «Нет, идиот, идиот, не так! Конференьсе, твою мать!» – деп кіжінді. Сырым ызадан жарыла жаздап, киімін сахнаға лақтырып тастап, кетіп қалды. Қасына сол сәтте Асылболат аға келді: «Бар! Мен саған айттым ғой, мен ойнаған рөлдерді еншілейсің деп айтқаным қайда?!» – деді. Буырқану, шамданудан ол Қозы рөлінің бір шетін ұстап алғанын сезінді. Актерлік тілмен айтқанда, өзегін тапты. Мұрат Насипов екеуі екі құрамда Қозыны сахнаға алып шықты. Премьера таянғанда Сырым бірінші құрамда Қозыны ойнайды деп бұйрық шықты, Әзекеңнің қалауы солай болды. Бірер жылдан соң Мұрат Сырымға: «Сен Қозыны еншіңе ала берсеңші», – деді. Ол бұл рөлді 20 жасында бастап, 8 жыл ойнады. Қозы сахнада дүрілдеді, гастрольдер Уфа, Мәскеу, Омбыда өтті, бәрі сүйінішпен қабылдады. Баян рөлінде Шолпан Мұқышева ойнады. Үш баланың анасы Шолпан жаратылысынан нағыз Баян болатын, батыр, оттай жанып тұратын, 35 жасында беймезгіл үзілген марқұмның қайғылы қазасы театрдағы әріптестерінің қабырғасын күйретіп кетті. Сырым сол спектакльді әлі күнге сағынады. Елбасының қолдауымен өнер адамдары баспаналы болып жатты. Сырымға Грибной каналдан бір бөлмелі пәтер тиді, бойдақ кез, онда тек ванна қабылдауға барып жүрді, достарының ортасы, үйреншікті жатақханадан шықпайды. Бір күні Жанқалдыбек Сырымға матрац беріп: «Үйіңе кетші бар!» – деді. Ислам мен Шолпан жүктерін тасуға машина жалдапты. Көрші әріптестеріне еріп келіп, Сырым екі чемоданмен пәтеріне кірді. Артистің жалақысы 6-7 мың теңге, оның 1,5 мыңы жол жүру ақысына кетеді. Бір жолда базарға барып, Жанқалдыбекке свитер, келесі айда Сырымға шалбар сатып алатын кез. Жастық жалын романтикалық леп беретін патша көңіл оңайшылықпен жабырқау қайда. Тамақтан асқаны 2 мың теңге. Қыста Алматыдан досы Асылбек Қапаев театрға жұмысқа келді. Сырымның туған күні 4 қаңтар, Асылбек: «Мен сенің туған күніңе керемет сыйлық жасадым. Терезеге қара» – деді. «Ой, қуасың ба!» –деген Сырым. «Сенің туған күніңнің құрметіне өзіме машина алдым», – деп әзілдейді досы. Ұзамай Сырым машина алды. «Өмірімде Асылбекпен дос болғаныма өте қуаныштымын. Менің өмірім бір жаққа қарай күрт ауысатын болса, сол жерде Асылбек болады. Барлық қуанышта, өмірімде түбегейлі өзгерістер болар болса, қасымда Асылбек болады. Тұңғышымның кіндік әкесі Асылбек. Ащы қалжыңмен бастап, күшті игілікке әкеледі. Оның қиялы кере-мет. Небір думанда бірге сайран салып жүреміз. Ол 3-курста үйленді, балаларына курстастардың есімін қойды. Мен оған мені шеттететінін айтып ренжідім. Өткен жазда Алматыда жүрсем, досым телефон шалды: «Ей, сүйінші, осы баланы сен үшін таптық, аты Нұрым». Сөйтіп, кіндік әке атандым», – деп Сырым мәз болады.

Сырым Астанаға орныққан алғашқы кезеңде қосымша жүргізушілік қабілеті білініп, конферансье болуды театрмен қатар алып жүрді. «Азия дауысы», «Жас қанат», «Шабыт» фестивальдарының арқасында ол жарты әлемді шарлап келді. Сырымды жалпақ жұрт тани бастады. Ол кезде театрға көрермен келе қоймайтын. Сырымда ел-жұрт мені қашан актер ретінде таниды деген арман болды. Биік арманы қазір кең қанат жайғанын оның аяқ алысы аңдатады. Сырым Қашқабаев ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Сахнада эпизодтық рөл бұйырған күннің өзінде Сырым басқа артистердің тасасында қалмайды, кесек тартады. Баяғы әкесі даярлап қойған қос чемодан қыран құстың қос қанаты сияқты Сырымды биікке ұшырған екен.

Испан драматургі Антонио Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» атты психологиялық драмасын өз басым жазушылық көзбен сараптап, Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» атты ұлы романының бір тамшысын бойына сіңірген, Уильям Фолкнерден соң Рюноскэ Акутагава тұңғиық дамытқан, бір оқиғаны төрт түрлі қылып, құбылтып суреттейтін сиқырлы стильге сусаған, сонымен қатар Сэмюэл Беккеттің абсурд театрының салқыны тиген-ау деп қабылдадым. Архетип – бағзы Абыл мен Қабыл драмасы. Челябі қаласындағы көктемгі театр фестивалінде Қаллеки театрының шығармашылық труппасы кәсіби жұртшылықтың көңілінен шықты. Театр маманы Надежда Талбаева Сырым Қашқабаев ойнаған кейіпкердің ісі мен пиғылы теріс болса да сырбаз, жұғымды екенін «отрицательное обаяние» деп айдар тағып, қайран қала жазды:

«Сначала мне не очень нравился Висенте в исполнении Сырыма Кашкабаева. Но в итоге и он растопил лед. Потом уже на другой день, при обсуждении, один из членов экспертного совета сформулировал непонятное для меня отношение к нему – отрицательное обаяние! Вот! Это воздействие на зрителя не сразу для меня обрело слово. Его герой самый «отрицательный» здесь (что, кстати, относительно), поэтому сразу проникаешься антипатией. Но потом приходит осознание того, что в этом как раз и заслуга актеров: вызвать такие эмоции, которые сделают персонаж для зрителя не «проходящим».

Сырым небір колоритті рөлдерді биік деңгейде алып шыға аларына мұнан артық айғақтың керегі жоқ. Висенте бейнесі Мариодан гөрі шынайы болып көрінетіні де шындық. Капитализм өршіп, өсіп бара жатқанда қайнаған өмірдің ортасында жүрген ағасымен салыстырғанда өзін-өзі басып, пәлсапа соғып, тұйық-тығырыққа қамалып, кедейшілік қамытынан шығуға еш қимыл қылмаған інісі Марио дәрменсіз һәм құр қияли көрініп кетеді.

2017 жылы Челябіге А.П.Чеховтың «Шие бағы» комедиясын апарған Қуанышбаев театры былтырғыдан бетер құрметке бөленіп қайтты. Бұл қойылымды сахналаған якут мәдениетінің жас та болса бас өкілі Сергей Потапов Сырымға Епиходов-Ескен рөлін сеніп тапсырды. Сырым Қашқабаев амплуасы сыңаржақ артист еместігін осы драмада әбден көрсетті. Ол орыс классиктері жазмышын күңірене жазған «лишний человек» – артық адам, қоғамда орнын таппай сенделген жанды қанық алып шықты. Надежда Талбаева бұл спектакль туралы: «Никогда еще история «Вишне-вого сада» меня так не трогала. В финале я плакала. О каждом актере. Все прекрасны и внешне, и душой», – деп тебіреніп жазғаны тегін емес. Бұл жолы Сырым өз кейіпкерінің бақытсыз екенін бет әлпетімен, көзімен, қисынсыз сөзімен, әрбір қимылымен, ебедейсіз қозғалысымен, өзін-өзі атып өлтіргісі келіп, бала сияқты оқталмаған пистолет алып жүруімен көрсетті. Бұрынғы Висенте атты персонажы оның қасында жас ханзада сияқты ойнақ салып жүреді. Қырсық шалған Епиходов-Ескен Шие бағының аукционда сатылып, помещик әйел Раневская-Шие ханым-нан кешегі малайдың баласына өтіп, оталуға үкім етілгенін, өмірдің баянсыздығын, адамға тән әлсіздік, оның басындағы бағы орнықсыздығын алдын ала сездіріп қоятын дәруіш сияқты құсасын жасырған жанды айқын көрсете алды. Адам комедиясы көз жасымен қоса жүрер трагикомедия екенін үлкен жазушылар мен театр әлемі шебер танытады.

Сырым Қаллеки театрында драматургия жанрының Шекспир, Мольер, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, М.Фриш, Ж.Файзи, У.Гаджибеков, Дж.Патрик, Қ.Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, А.Саид, Э.Хушвақтов, Серік Тұрғынбеков сияқты шоқтығы биік авторларының спектакльдерінде артист атаулы армандайтын талай бейнесін иеленді – Гамлет, Ромео, Абай, Қозы, Бекежан, Сүлеймен, Мәңгүрт, Дон Жуан, Брэд, Аббас, Кубик, Жазушылар одағының хатшысы, тағы басқа рөлдерді ойнады. Режиссер Болат Ұзақов қойған Думан Рамазанның қос драмасында – «Абылай ханның арманы» – Абылайды, «Кенесары – Күнімжан» – күй тартып, ән салған Кенесары бейнесін алып шықты. 2011 жылы 23-26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Ұлттық театрлардың республикалық фестивалінде Д.Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» пьесасы «Ең үздік ұлттық драматургия» атауын, ал Сырым Қашқабаев «Ең үздік ер адам бейнесі» атауын жеңіп алды. Бұл спектакльді Қаллеки театрының труппасы Анкара мен Стамбұлда түрік тілінде ойнады.

Оның кино индустрияда да аты жүріп тұр. Үлкен экранда үлкен бей-нелермен шығар кезі де алда болуы керек. Сырым Қашқабаев киноактер ретінде Сұлтан Сраиловтың «Қалжа» атты толықметражды комедиясына, Еркін Рақышевтың «Астанаға көктем кеш келедісіне», Серікбол Өтепбергенов «Жас ұланына», Дмитрий Коровкиннің «Дорога домой» толықметражды фильміне, Рашид Сүлейменовті(ң «Арнайы өкілдер» сериалына және  отандық «Жаным», «Қызыл алма», «Ұлжан», «Сырғалым» телесериалына түсті. Сырым өзінің жұлдызды рөлін әлі кездестірмегенін айтты. Ондай жұлдызды сәттің талайы алда екенінен біз де үміттіміз. Аста-намен бірге түлеп, бірге өскен буын әлі талайды таңғалдырары хақ.

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз