1994 жылы Гүлбаршын Қылышбайды театрға Жақып Омаров шақырды. Мұнда актриса еңбек еткелі 20 жылға таяпты. Гүлбаршын Рәшкенқызы Көкшетау облысының Қызылту ауданында туып өсті. Бұл аудан қазір Солтүстік Қазақстан облысының аймағына кіреді. Жергілікті халыққа Көкшетау қаласына барғаннан гөрі Омбыға барып келу оңай.

1916 жылы ақ патша қазақ жігіттерін майданға алуды бастап, бұл жайт ұлт-азаттық көтерілістің тұтануына себеп болған. Сол жылы қазақ балаларын орысша оқыту туралы ақ патшаның жарлығы шыққан. Бай қазақтар өз балаларын орыс болып, шоқынып кетеді деп оқуға жібермейтін еді. Сөйтіп, байекең баласын алып қалып, орнына оқуын өзім төлеймін деп жылқысын бағып жүрген Қылышбайдың баласы Әбдрахманды жіберген екен. Әбдрахман оқуды екі жыл оқиды, білімнің пайдасы мол екенін түсініп, каникулға келгенде өзінің інісі Сәдуақасты қоса ала кетеді. Ағалы-інілі екеуі Омбыда оқиды. Әбдрахман Омбыда, ал Сәдуақас Қостанайда соттың хатшысы болады. Ол Сәкен Сейфуллиннің партиясында бірге болған. Білім алып, көзі ашылған қазақ баласы шоқынбайды, сауатты болып шығады. Қостанайда Сәдуақастың ұлы Ахат туды. Ахаттан 1926 жылы Арынрашид өмірге келіп, қазақы мәнерде Рәшкен атанған. Ахаттың әйелі төрт-бес баладан соң қайтыс болады. 1930 жылы Ахат елге қайтады. Әуелгі балалары жас өліп, кейінгі екі баласы анадан жетім қалады. Ахат ауылда 17 жасар байдың қызы Шәрбанды алып қашады. Шәрбан өте ақылды, Ұлпан сияқты елге қамқор, өмірін енді бастайын деп тұрған жастарға тай таратады екен. Рәшкен Шәрбан туған анасы емес екенін білмеген. Рәшкен де емшегі иіп, екі балаға өте мейірімді ана болған. 1944 жылы Шәрбан апа баласына: «Сенің туған жерің бұл емес, атамекенің Қызылту жақта, аталарыңды табуың керек!»,– деп айтады. Он сегіз жасар Рәшкен соғысқа аттанарда Көкшетауға арбамен военкоматқа апара жатқанда: «Анаң қайтыс болды», – деген суыт хабар естиді.

Ауылда жылқы ұстайды, Рәшкеннің қызы Гүлбаршын үйдің үлкені болған соң ұл баланың жұмысын істеді. Әкесіне қолғабыс қылады, жуас биеге ер-тоқымсыз отыра береді, атқа шабады. Мидай далада жолды бие өзі тауып барады. Пішен үюлі тұрады, арбаға тиеп, үйіп-байлайды. Қораның төбесіне пішен лақтырады. Қыста зырлап, коньки тебеді.

Жеті баланың бесеуі қыз, екеуі ұл. Әкесі бухгалтер, қыздарының бетіне тіке қарамайтын, айтар сөзін қосағы арқылы айтатын еді. Әке айтса, қыз бала жай айтқанның өзін ауыр алады деп ойлайды. Әкесі қазақ халқына тән ішкі мәдениетті, дәстүрлі әдепті берік ұстанды. Үйдегілерге дауыс көтеріп ұрсу, батырып сөйлеу атымен жоқ. Анасы Әмина жасында өте әдемі қыз болған. Жамал Омарова ауылға келгенде, Әминаны Алматыға алып кетіп, оқуға түсіремін, әнші қыламын десе, туыстары жақтырмай, жібермей қалады. Анасының жасырын, орындалмай қалған тілегі үлкен қызына беріліпті ақыры.

Гүлбаршын мектепте Анна Павлованың суретіне қарап, балерина болуды армандады. Балеринаның оқуына рұқсат сұрағанмен, кертартпа ескілік көзқарас мығым тұр, әке қызын жібермеді. Музыкалық мектепте ақылы оқу – баянға берді. Сіңлісі Гүлнафис музыкада жүрген. Гүлбаршын үшінші жылы баянға бармай қойды. Әкесі мұнысын білгенде ұрыспаған соң балетке жібермегені үшін қара қазандай болған өкпесі дереу тарқап кетті. Гүлбаршын енді актриса болғысы келді. Құдай тілегін беріп, «Мәдениет үйі» ашылып, драма үйірмесіне барды. Майра Омар екеуі бір класта оқыды, драма үйірмесіне қатар қатысты. Бірде  «Амфибия-адам» атты фильмде полицейдің рөліне түскен актер Александр Захаров ауылға келді. Кездесу біткен соң Майра мен Гүлбаршын сахнаның сыртына жүгіріп барып, келген мәртебелі мейманға артистік оқуды жандары қалайтынын айтып үлгерді. Гүлбаршын 9 сыныпта оқып жүргенде ауылға ағылшын тілінен беретін мұғалім қыз келді. Өте көрікті бойжеткен «Қыз Жібек» фильміне іріктеу үшін байқауға қатыстым дегенде, мұның жүрегіндегі үміт отына бір ұшқын тигендей ерекше әсер етті. Сабақтан соң жас мұғалимадан Майра екеуі: «Актерлік оқу үшін қайда барамыз?» – деп жөн сұрады. «Мұхтар Әуезов атындағы  драма театрда Әзірбайжан Мәмбетов ашқан екі жылдық театр-студия бар, әуелі сонда барыңдар. Сосын консерваторияға барасыңдар», – деп мұғалима дұрыс бағдар берді. Тақпақ оқу, өлең жаттауды, Әзірбайжан ағаның есімін бірінші рет содан естіді. Ол 1976 жылы орта мектепті бітірді. Рәшкен қызына: «Ойланшы, қызым, мүмкін, дәрігерлік оқуға барасың?», – деп жалынғандай болып айтқан. Гүлбаршын иығын қиқаңдатып: «Мен артис боламын!», – деп кесіп айтты. Әкесі күрсініп, қалтасынан ақша суырып берді. Поезда қоңыр блокнотынан өлең жаттаған. Гүлбаршын жас кезінде классик жазушы Эдгар Аллан Поның «Тобыр адамы» атты әңгімесін оқып, ерекше әсер алды, сонда өзіне-өзі тобыр адамы болмауым керек деп міндет қойған.

Алматы ол кезде қазақ баласына ертегідегі шаһардай көрінетін. Гүлбаршын мен Майра бір топқа түсіп, бір бөлмеде тұрды. Оқуға түскен соң биді, денені дұрыс ұстауды үйрете бастады. Дұрыс тұрмаса арқадан ұрады. Студенттерді массовка, көпшілік көрініске қатыстыра бастады. Бірінші курстан Әнуар Молдабековті көрді, қалай жанын беріп ойнайды! Ол кісі қарапайым, өте бауырмал адам еді. Сұлу, сымбатты. Әйелі Баян Имашева екеуі сайма-сай қосылған. Әнуар аға Гүлбаршын қасынан өткен сайын: «Девушка с раскосыми глазами», – деп қалатын. Бір күні Гүлбаршын: «Аға, неге солай дейсіз?» – деп сұрады. «Енді сенің көзің солай, қиғаш қой», – деді. Ұстазы Райымбек Сейтметов, тұла бойы тұнған поэзия, ақсүйек адам, қазақ балалары білімді, көзі ашық болуы керек, біздер бергенді дамытып, ары қарай ізденіңдер деп көп еркіндік беретін. Райымбек ағаның көмекшісі Тұңғышбай Жаманқұлов болатын.

Гүлбаршын 1976-78 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында ашылған театр-студияда оқыды. Жазушы Асқар Сүлейменов әкемтеатрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Күнде көреді. Кабинетінің есігі ылғи ашық тұрады. Үстел толы қағаз. Иін тірескен қағаздардың артында отырады. Студенттер өтіп бара жатқанда көзілдірігінің астынан қарайды. Студенттер ғимаратқа таңертең кіргеннен түнгі сағат 11-де бірақ шығады. Дәлізде жас қыздарды көрсе, жазушының көзі түйіссе, оның өз әкесі сияқты тіктеп қарамайтынын Гүлбаршын талай байқады. «Қандай ғұлама жазушы қасымызда отырғанын біздер сол уақытта білмеген екенбіз!», – бұл кейіннен туған ой. Жастық шақтың алаңғасарлығы болар.

Гүлбаршынның шығармашылық өмірі 1982 жылы Ж.Шанин атындағы облыстық Шымкент драма театрына келген соң басталды. Ең алғашқы рөлі Әлжаппар Әбішевтің «Мәди» спектакліндегі Келбет есімді қазақы қыздың рөлі. Қаракөзді ойнамаса да, Келбетті ойнады. Ол ақ патша жендеттерінің кесірінен ақылынан адасып, орман кезіп кетеді. Премьерада авторы Әлжаппар аға ел алдында Гүлбаршынның қолынан сүйді: «Мен Келбетті жазғанда оның 16 қасиетін көрсеттім, Гүлбаршын қарындасым соның бәрін көрсетті. Айналайын, менің қандай көмегім керек?».

Жақып Омаров режиссер-педагог. Жақып аға сөзді қалай саптау керек, қай жерде тыныс алу керек, бәрін үйретті, актерді біртіндеп өсіреді, сонда актер жүрегіне сенім ұялайды. Қозының Баянының рөлі тигенде режиссер атта шапқан би қойды. Қалижан Бекқожиннің «Ұлан асу» атты спектаклінде Абылай ханның қарындасы Айтолқын рөлін Гүлбаршын еншіледі. Ол уақытта тыйым салынған тақырып. Сахнаға Айша Абдуллинамен бірге шықты. Айша апа нағыз қазақтың анасы, бауырмалдығы мен мейірімі шексіз. Халық әртісі, өзі қарапайым. Театрға келген жастарды танымаса да, босаға көрсетуім керек деп үйіне қонаққа шақырады. Соғыс кезінде концерттік бригадамен солдаттардың алдында ән салған. Күйеуі соғыстан оралмаған, бір қызымен қалған. Қызы Бішкекте тұрмыста. Сенбі-жексенбіде қолына чемоданын ұстап, Бішкекке кетіп қалатын. Театрға елден бұрын келіп отырады. Айша апа інілерінің балаларын, 7-8 жетім бауырын өзі өсіріп-жеткізді. Қазір Айша апаны күйеу баласы алақанында ұстайды.

Гүлбаршын шымкенттік жігітке тұрмысқа шыққан, өмірге көзқарастары үйлеспеді. Наргиза 1988 жылы туды. Қызын мәпелеп өсірді, ұзатты, жиені туғанда мерейі өсті. Қызы туралы ол: «Барым да, нарым да Нарқыз»,– дейді.

Әкесі Гүлбаршынға қайта-қайта хат жаза берді «Қызым, туыстарың осы жақта, елге орал!». Тұрмыста болса, олай айтпас еді. Шымкентке әкесі қыдырып келіп, 1990 жылы Наурыз мейрамы тұңғыш рет тойланып жатқанын қызықтап, мәз болды. Таяғына сүйеніп, басында тақия, мейрамды ұзақ тамашалап отырды. «Мынау қандай керемет, қазақ қандай көп, бір рахаттандым», – дейді. Рәшкен қызын елге көшіріп үлгерді, бір жылдан соң қайтыс болып кетті. Шымкенттен көшерде Жақып Омаров «Сен атақ алуың керек», – деген. Атаққа жібергенде құжаттары орта жолда жоғалып кетті.

Гүлбаршын Қылышбай жастық шағында кесек кейіпкерлерді сомдаудан кенде қалған жоқ. Қуанышбаев театрында көп спектакльдерге орта жолдан кірісті: «Темір қатын», «Шырғалаң», «Қысылғаннан қыз болдық». Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» атты пьесасында өзімен аттас әйелді ойнады, бұл драматург орта жастағы әйелдердің бейнесін мықты жазады деп біледі. Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» пьесасын режиссер Қуандық Қасымов қойғанда Анар рөлі бұйырды. Күйші Дина Нұрпейсова мен Мұқағали ақынның жары Лашын бейнесін сахнаға лайықты, кесек алып шықты.

Тараз фестиваліне апарған «Қанды азу» топ жарды, Мұхаңның әйгілі «Көксерек» атты классикалық әңгімесінің сахналық нұсқасын жазған Б.Есенәлиев,  қойған Болат Ұзақов. Мысырдағы халықаралық фестивальге жолдама берді, басты рөлде Мұрат Нәсіпов образды керемет шығарды, қасқырдың қарағаны қандай болады, дене қимылы арқылы дәл бейнеледі. Сөз жоқтың қасы, кейіптеуді пластика арқылы берді. Қасқырдың қаншығы Ақжелеңді – Гүлбаршын, Құрмашты – Нүркен Өтеуілов ойнады. Каирде фестиваль он бес күн болды. Дүниенің төрт бұрышынан жиналған талғампаз қауымға спектакльді екі рет алып шықты. 120 елден театр келген, әлем халықтарының өкілдері көрді. Сан алуан спектакльдерді көрді. Шетелдік қонақтар бәрі бір қонақүйге тоқтаған, келесі күні жұрт Мұраттың артынан қалмайды. Ағылшын тілін білмейді, ризашылық пейілдерін эмоциясы арқылы білді. Қонақүйде бассейнге, мейрамханаға барса, бәрі бір ауыз сүйінген сөз айтып кетеді. Үлкен әдебиеттің құдіретіне сахнаның сиқыры қосылғанда ғажап феномен болады екен!

Москваға Шымкент театры гастрольмен барғанда, бір профессор әйел Гүлбаршынға оқуға қалуды ұсынды. Кішкентай қызын қалдырып кете алмайтынын айтқанда өкініш білдірді.

Гүлбаршын Қылышбай әмбебап актриса. Профессор Рабиға Қаныбаева бірде Гүлбаршынды құшақтап: «Тебя наверно режиссеры любят, ты очень гибкая актриса, у тебя гибкое нутро», – деп қошемет айтқаны бар. Сөзін желге лақтырмайтын кесек ұстаз. Ол әрбір студентке аналық мейіріммен қарайтын, көзінде мейірім тұнған, бір зілі жоқ. Кейбіреулерді қораш көргені көзінен көрініп қалады. Рабиға Мұқайқызы ескерту айтарда алдымен жақсы сөз айтып алады. Біреу туралы бір жаман сөз айтпайды. Мейірбандықтан шаршамайды-ау. Бойының бәрі тұнып тұрған педагогика. Нұқып, шұқып айтпайды, әдемі ғып, бейнелеп үйретеді. Ол кісі балалар үйінде өскен. Кешігіп келген балаларға қабақ шытқанын көрген жоқ. Бәріне жақсы болса екен дейді. Адамды тыңдай біледі. Рентген сияқты көріп тұрса да, Рабиға Мұқайқызы адамның кемшілігін бетіне басып ұрысқан емес.

Режиссер Оразалы Сәрсенбек «АЛЖИР азасын» қойғанда, Гүлбаршын Ораз Жандосовтың анасын ойнады. Ол артынан «Қызыл алмадағы» рөлін көрген, сонда айтқаны: «Мен сені енді түсіндім, сен ойнағанда қасыңда күн тұрады екен!». Жанна дАрктің анасын ойнағанда басқа мінез іздеген. Айларовтың «Сүрінген сүрбойдақ» атты жаңа пьесасында Гүлбаршын сахнаға әйел адамның үмітін алып шықты.

Шыңғыс Айтматовтың халық жазмышы ананың жүрегіндегі құса арқылы өтетінін таңбалайтын «Ана Жер Анасында» Гүлбаршын Қылышбай Әлиманды, Рымкеш апа Толғанайды ойнады. Екі актрисаның тандемі – ене мен келін, ене емес, ана, бір-біріне бауыр тартуы ерекше көзге түсті. Рымкеш Омарханқызы Толғанайды табиғи ойнады, жер бетіндегі әйел-ана, ол келіні Әлиманды әйел жанымен құрбы ретінде түсініп тұр. Толғанай-Рымкеш апаның Әлиманға сахнада мейірімге толы көзімен қарағаны Гүлбаршынның көкейінде тұнып қалды. Әлиманды ойнаймын деп ол соғыс кезіндегі қасіретті терең түсінді. Өмір бойы сол адамды сағынып өту, жылаған аналар, жас келіншек зары.

Шортандыда туған бауыры тұрады, қыста Гүлбаршын Рәшкенқызы інісімен бірге Бурабайға шаңғы тебуге барады. Шаңғымен зулап жүргенде баяғы бала күндері еске түседі. Бала күндерінде қыста зулап коньки тебетін еді…

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз