− Айгүл ханым, сəуір болмай тəуір болмайтынын ескеріп, «Жақсы көрем» атты есеп беру концертіңізді осы кезге жоспарлапсыз…

− «Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» деген сөз бар ғой. Əн əлеміне бəріміз азды-көпті үлесімізді қосып жүрміз. Еңбегіңнің жемісін күндердің күнінде көпке көрсетуің керек. Оны алдымен Уақыт талап етеді, сосын халықтың да сұранысы болады. Ең аяғы, өзіңнің борыштар адамдарыңның (ата-ана, бауырларым, тыңдарман) алдында осы бір міндетіңді өтеуің керектігін түсінеді екенсің.

− Меніңше, сіз бұл концертті əлдекімдер секілді «жоспарға қойып», алдынала түрлі мақсатқа байланыстырмаған секілдісіз…

− Иə, аяқ астынан əн жинап, «осы концертке арналған əндер» болсын деген ойым болған емес.

− Сіздің əндеріңіздің кейіпкерлері өмірде бар ғой?

− Əрине, кейде өмірде бар адамдар əнге айналады. Ол жиі болатын құбылыс жəне сонда ғана өнер шынайы болады. Менің басты кейіпкерім – анам. «Асыл анам», аяулы анам! Анамды көзі тірісінде  қуанту үшін де осы концертті жасап жатырмын.

− Басқа жолмен де қуантуға болар еді, бірақ сіз ерекше əдісті таңдапсыз. Анаңыз əндеріңіздің бəрін дерлік білетін болар?

− Əдетте, қазақы мінезбен, қалай жақсы көретінімізді көрсете алмаймыз ғой, кейбір ұлттар секілді бірден еркелеп, бəрін ашып айта алмаймыз. Сондықтан осы концертте анам өзіне арналған əндерімді тыңдап, əсерге бөленгенін қалаймын. Концертті елестет-кенде, ең алдымен көз алдыма келетін сурет – анашым алдыңғы қатарда менің осы бір тартуыма шаттанып отырады… Ол кісінің білмейтін əндері де бар. Өйткені, əр əн шыққан сайын «осындай əн шығардым» деп тыңдата бермеймін. Кейбірін білмеуі де мүмкін.

− Сіз композитор болсаңыз да, өзіңіз орындайтын əндер бар жəне олар көпшілікке ұнайды…

− Ол рас. Əнші болмасам да, өзім орындаған əндерімнің тыңдарманы бар. Сол əндерді іздеп жүріп тыңдайды. Сондай құрметке лайық адамдарға да бас иемін.

− Шығармашылық адамына құлазу, іштей тоқырау күйлері тəн ғой. Сізге бұл қалай əсер етеді?

− Негізі, мен ондай нəрселерге аса мəн бермеймін. Мысалы, ақындар өлең жазбай, жаза алмай қалса аласұрып кетеді ғой, менде ондай мүлдеболмайды. Оны ойлап қиналған емеспін. Əн – табиғи нəрсе. Оны көңіл-күймен байланыстыруға да болмайды. Əн – дербес дүние. Ол адамға, оның көңіл-күйіне бағынышты емес.

МЕН ӘННІҢ ОБЪЕКТІСІМІН

− Сонда əн сізге қалай «келеді» немесе əнді қалай шығарасыз?

− Бұрын бір жазбамда жазғаным бар: «Мен əн шығарушы емеспін, əн менен шығады». Расында да, ол менен бөлек құбылыс. Менің ойымша, əн тек мені объект ретінде таңдап алған секілді.

− Шабыт деген не?

− Шабытқа анықтама бере алмаймын. Себебі, шабыттың не нəрсе екенін əлі де білмеймін. Жұмбақ екенін ғана білемін.

– Өміріне, өнегесіне сүйсінетін адамыңыз бар ма?

– Дінмұхамед Қонаев. Ол кісінің соңына қалдырған ұлағаты, өнегесі əлі де елдің есінде. Өз ұрпағына мал жинамай, бүкіл ұлтты ойлаған асыл азамат. Халықтың жадында сондай игі істермен ғана қалғың келеді.

− Біз білмейтін Айгүл Бажанова қандай?

– Көп адамдармен жиі араласа алмаймын. Менің энергетикалық қабатым жұқа шығар. Саяқ жүргенді ұнатамын. Көп құрбым да жоқ. Адамдарға сенемін. Бірақ, кімнің, қандай екенін бір көргеннен сезіп, көріп тұрамын. Ойы мен ниетін байқаған соң ол адаммен араласу керек пе, жоқ па, соны топшылаймын.

− Тапсырыспен əн жазасыз ба?

− Тапсырыспен əн жазуда  кəсіби шеберліктің төріне шыққаныңды түсінетін кездер болады. Мен соны сезіндім. Тапсырыспен жазылатын əндер демейікші, ол тақырып əрқашан ішіңде қайнап жатуы мүмкін. Дəл сол тапсырысқа тұспа-тұс келіп қалып, тапсырыс əнге шығатын есік тауып береді. Ондай əндер де бар. Бірақ, өте сирек.Мен биологпын, валеологпын, косметологпын. Музыка факультетін бітіргеніммен, композиция бөліміне бармадым. Онда кəсіби түрде симфония жазудың қыр-сырын үйретеді. Композиция жазатын музыканттардың əуесқой композиторларға көзқарасы басқаша.

МЕНІҢ АРЫМ – МЕНІҢ ҚАРАУЫЛЫМ

− Əндеріңізді нотаға түсіріп, кітап етіп шығару ойыңызда бар ма?

− Оның өз уақыты келетін шығар. Концертті көп жоспарлаған жоқпын. Уақыты келгеннен соң жасауым керек деп шештім. Қайта-қайта сахнадан түспей, концерт өткізуге арым жібермейді. Өйткені, сахнаның киесі бар. Менің арым – менің қарауылым. Меніңше, əр əн бір тарих болуы керек.

− Айгүл Бажанова үйде де композитор ма?

– Шынымды айтсам, мен кейде өзімнің композитор екенімді ұмытып кетем. Əндерім байқаулардан жүлде алып, менің атым аталған сəттерде есіме түседі кім екенім. Өмірде барынша қарапайым, қалай бар болсаң, солай өмір сүргенге не жетсін?!

− Ал, ана Айгүл ше?

– Ана болғаннан соң адам өзгереді. Адамдарды жақсы көріп тұрасың, барынша кешірімді боласың. Ол жасандылық емес, шынымен бала өміріңді өзгертеді.

− Меніңше, адамдардың жүрегі қатайып кеткенде түк жылай алмай қалатын секілді… Сіздің қуаныштан болсын  жылайтын сəттеріңіз бар ма?

− Өзіммен-өзім отырып, көңілім толқығанда жылап алам. Іштегі тебіреністерді сыртқа шығарып тұрған дұрыс.

− Туындыларыңызға ауа райының əсері болды ма? Қар жауғанда, жаңбыр жауғанда жазылған əндер…

− Əсері болған шығар. Мезгілдің түрлі сəттерінде жазылған əндер бар. Бірақ, əн – ешқашан ұстай алмайтын ерекше күш. Əннің өзі – энергия. Ол менің өзіме əлі де жұмбақ.

− Кейде гитараңыз немесе əн жазатын басқа құрал болмаған кезде əн келіп қалса, оны қалай «ұстап» қаласыз? Əлде, жадыңызда сақтайсыз ба?

− Иə. Ондай сəттерде əуенге елтіп, ыңылдап жадымда сақтап алуға тырысамын.

− Қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға салғырт қарайсыз ба?

− Жоқ. Ұлтымыз үшін жанымыз күймесе, біз кімбіз? Халық ішінде болып жатқан оқиғаларға немқұрайды қарай алмаймын. «Жалғыздың үні» шықпаса да, мен өз тарапымнан барынша пікірімді айтып, елім үшін жүрегім елжірейтіні рас.

− Қателігіңізді мойындай білетін қасиетіңіз бар ма?

– Осы күніме шүкір етемін. Бізде бар нəрсе басқаларда жоқ болуы мүмкін. Жаратқан көп адамнан артық етіп жаратып, кеудеме əн құйды. Өзімнің əрбір ісімді іштей таразылай отырып, ренжіткен адамдарым болса, кешірім сұрауға асығамын. Себебі, өмір қып-қысқа.  Бақытымды ешкіммен бөліскім келмейді. Бақытты болғың келсе, іштей бақытты бол. «Бақыт тыныштықты жақсы көреді» деп бекер айтылмаған. Адамдарды байлығына, дүниесіне қарап бағаламаймын. Адам өзінің ішкі əлемімен ғана бай.

Қоғамның кейбір сəттері, адамның кейбір кездері мейірімдіадамның өзін қатігез етіп жіберетіні бар… Ол рас. Мың құбылған заманға кез келдік. Төлеген ақынның өлеңіндегідей «өз биігімде» өлгім келеді. Қоғамқалай құбылса да, адалдықтың межесінен шықпауым керек. «Ұры атанып» алған атақтан гөрі өз жүрегіңнен шыққан əн əлдеқайда биік.

– Əңгімеңізге рахмет!

Сырласқан Əлия ІҢКƏРБЕК

 «Ұлан» газеті, №14

4 сәуір, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз