Мына картинаны 1 жасар бала салған десе, сіз сенбейсіз. Мен де сенбегем, ғажайып баланың өмірімен, өнерімен таныспай тұрғанда… Бұл бүркіт – 2007 жылы 9 қаңтарда Аустралияда туған Аэлита Андренің 2008 жылғы жинағынан алынған картина. Ал Аэлита деген кім?

АЭЛИТА АНДРЕ (Aelita Andre):

  •  2 жасында картинасы 24 мың долларға сатылған;
  •  4 жасында алғашқы жеке көрмесі қойылған;
  • 9 айында сурет салуды бастаған әлемдегі ең жас суретшілердің бірі.

Ол ең ғажабы түстерді қалағанынша араластырып, бояуларды емін-еркін шашып жүріп таңғажайып туындыларды өмірге әкеледі. Еңбектеп жүргенде-ақ қолына қылқалам алған Аэита көпшілікке абстракционист-суретші (Аbstract art; nonobjective art; nonrepresentational art дерексіз, көрсетілімсіз өнер деген мағынаны береді. Абстрактылы өнер – сурет, мүсін және графиканы қамтитын, белгілі затты бейнелемей көрсететін, ХХ ғасырдың соңында пайда болған өнер) ретінде танылған.

Бұлақ көрсең, көзін аш…

Аэлита кішкентай күнінде үнемі әкесі Майкл (Michael) мен анасы Никаның (Nikka) еденде кенепке сурет салып отырғанын көретін. Олардың жұмысын бақылайтын. Өйткені оның әкесі – кәсіби суретші, анасы – суретші-фотограф. Майкл бір күні әдеттегідей жұмыс істеп отырғанда таза қағазды қалдырып, аз уақытқа сыртқа шығып кетеді. Қайта айналып келгенде 9 айлық қызының әлгі қағазға бяуларды баттастырып жатқанын көреді. Тоқтатпақ боп жақындағанда қағаз бетінде әдемі бейнелер мен өрнектер пайда болғанын аңғарады. Осыдан соң әкесі қызының қолын қақпайды. Анасы алғашында оның әрекетін барлық нәрестенің бойында болатын балалығына балап, қылқаламды берумен ғана шектелген. Кейін керемет картиналар шығатынын байқайды. Бір жылдан соң анасы қызының жұмыстарын Мельбурндегі (Андре отбасы тұратын қала)  өнер ордасының директорына көрсетеді. Алайда картиналардың авторы жөнінде тіс жармайды. 2 жасар баланың жұмысы дегенге кім сенеді? Кәсіби өнертанушы кішкентай қыздың картиналарын жоғары бағалайды. Сонда барып анасы қызының «ғажайып бала» (child prodigy), яғни вундеркинд екеніне көзі жетеді. Бұл Аэлитаның 2 жасқа 2 ай жетпеген кезі еді. Өнер жетекшісі осы жұмыстарды Мельбурннің Брануик көшесінде көрсетілетін көрме тобына тіркеп жібереді. Көрме кезінде керемет картиналардың шын авторымен танысқан директор да, тамашалаушылар да таңғалады. Осы оқиғадан кейін Аэлита мен отбасы Гонконг қаласына шақырту алады. Сонда оның картинасы ең қымбат бағаға сатылады. 24 мың долларға бағаланған туындының иесі – 2-ден енді асқан сәби болатын.

Өнер – шексіз

Аэлитаның алғашқы жеке көрмесі 2011 жылы 4-25 маусым аралығында «Түстің ғажайыбы» (The Prodigy of Color) деген атпен АҚШ-ң Нью Йорк қаласындағы Челси өнер ордасында ашылды. Онда 4 жасар суретшінің 24 жұмысы сатылып кеткен. Би-Би-Си (ВВС – жаңалықтар тарататын әлемдегі ең ірі медиакорпорация) Аэлитаны «ең жас кәсіби суретші» деп көрсеткен. Ал екінші жеке көрмесі 2012 жылы 12 маусым – 3 шілде аралығында Агора өнер ордасында «Құпия әлем» деген атпен қойылды. Осыдан соң оның Қытайда, Ресейде, Италия және басқа да көптеген елдерде жеке көрмесі ұйымдастырылды.

Өнер сыншылары кішкентай суретшінің жұмыстарын абстрактылы эспрессонизм деп атаса, өнер ордасының директоры Анджела Ди Белло 2011 жылы Би-Би-Си-ге берген сұхбатында: «Аэлита өз стилін қалыптастырып үлгерген», — дейді. Ал Нью-Йоркте оның картиналарын сатып алушылар тума таланттың туындылары қарапайымдылығымен және мазмұнға бай екенідігімен баурап алатынын айтқан.

Талант – Тәңірден

Аэлита көптеген оқытушылар қаласа да, ешқашан арнайы суреттен сабақ алмаған, әлі күнге дейін тегін оқытамын деген ұсыныстардан бас тартып келеді. Ол: «Мен әлдекімді көшіріп алғым келмейді, біртума болуды қалаймын!» — дейді. Ата-анасы оның өз болмысын сақтап қалғанын дұрыс көреді, өздері кәсіби өнер иелері бола тұра Аэлитаға ешқашан сурет салуды үйретпеген. Ол бәрін өз қиялымен салады. Ата-анасы қызының жұмысына керек заттарды алып беруді ғана міндет санайды. Талант – Тәңірден, әрине, алайда «Болам» деген баланың бетін қақпай, белін буу – көрендіктің белгісі. Майкл мен Ника қонақ бөлмесін 10 жылдан бері Аэлитаның шеберханасына айналдырған. Бірақ ата-анасы кішкентай қызға шеберханасын ғана емес, үйдің барлық бөлмесін бояулармен өрнектеуге тиым салмайды. Мен алғаш видеодан осы жұмыс бөлмесін көргенде ауладағы бір қойманың іші екен деп ойладым. Сөйтсем, кәдімгі үй, тіпті қонақ бөлме. Тәңірден келген талантты танып, өнерді бағалау үшін бір бөлмені босатып беру жеткілікті екен ғой…

«Мен мәңгілік өмір сүремін!»

Аэлита сурет салу кезінде жиі үзіліс жасайды, әр әрекетіне: «Оһо, қандай керемет!» немесе «Мәссаған, мынаны қара!» деп тамсанады. Ол кез келген картинасын салып бітіргенде ерекше атау береді. Сонан соң терең тыныстап, «Рақмет!» деп иіліп сәлем бере шеберханадан шығады екен. Ол мені таңдандырған осы әрекетімен әрісі – талант берген Құдайына; берісі – табиғатын түсінген ата-анасына, шексіздікті қабылдай алатын өнерін бағалаушыларға; ең ғажабы – жан дүниесінің сырласына айналған бояуларына алғыс айтып, тағзым ететіндей көрінеді.

Бояуларды су секілді шашып жүріп картиналарды өмірге әкелетін қиялы шексіз қыздың жай ғана қарындашпен қалай сурет салатынын көргім келді. Іздедім. Жұмыстарын ақтарып отырғанда жылқының бейнесі жылт етті. http://www.aelitaandre.com/drawings Қазақы болмыстың бір бөлшегі болған Қамбар атаның асыл тұқымын көргендей, сол суретті қазақтың баласы салғандай күй кештім. Сөйтсем, Аустралиялық қаршадай қыз да біздің қарадомалақтарымыздай жылқыны жақсы көреді екен. Бір видосындағы атпен шауып жүрген сәті сондай сүйсінтеді.

Аэлита ғылымды жақсы көреді әрі оны өнерден бөліп-жармайды. Динозаврлар туралы ақпараттарды оқудан жалықпайды. Ол тек танымдық бағдарламалар көреді, iPadынан Кан академиясының лекцияларын (You Tube арнасынан «Khan Academy lectures» деп іздеп, тамашалауға болады) тыңдайды.  Аэлита атомдар мен субатомдық бөлшектерді, протондарды біледі. Ол да өзгелердей пианино мен скрибка тартқанды ұнатады, мектептегі сабақтарын асыға күтеді. Бұған қоса балетті, ырғақты гимнастиканы, ән айтуды және барабанда ойнауды жақсы көреді. Осы дағдырадың бәрін дамытуға барын салады, еш шаршамайды. Аэлита әр жерде әркіммен достасып, кез келген адаммен тілдесе кетеді, ол тартынуды білмейді. Әзілді жақсы түсінеді және қалжыңдап сөйлегенді жаны қалайды.

Аэлита біршама уақыт бұрын берген бір сұхбатында журналистің «Сен қашанға дейін сурет саласың?» деген сұрағына: «Мен өлгенше сурет саламын, бірақ бұл маңызды емес. Өйткені мен мәңгілік өмір сүремін!» — деп жауап береді. 11 жасар суретші бүгінде отбасымен Аустралияның Мельбурн қаласында тұрады.

Әлем 7 жыл бұрын мойындап қойған осындай ғажайып өнер иесімен қазақ қоғамын кеш таныстырып тұрғанымды білемін, бірақ біздің балалар үшін, ең маңыздысы тасадағы таланттарды тәрбиелеп отырған және тәрбиелейтін болашақ ата-аналар үшін шабыттандыратын кейіпкер екеніне сенемін. Сенгім келеді…

Мақаладағы материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден оқи аласыздар:

https://www.smh.com.au/news/entertainment/arts/the-curious-case-of-aelita-andre-artist-aged-2/2009/01/07/1231004102593.html

https://www.nytimes.com/2011/06/12/opinion/12horowitz.html?pagewanted=1

https://www.bbc.co.uk/news/av/entertainment-arts-13660478/four-year-old-artist-s-ny-exhibition

https://www.washingtonpost.com/blogs/blogpost/post/aelita-andre-four-year-old-prodigy-painter/2011/05/24/AFqaIfAH_blog.html?noredirect=on&utm_term=.cda9a2793eb8

http://www.aelitaandre.com/biography-c10fk

Ал алып жүректі кішкентай суретшінің қайталанбас картиналарын ресми сайтынан көруге болады: http://www.aelitaandre.com/

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз