Әбділдабек САЛЫҚБАЙ
Айдана – әйбат қыз. Жан баласын жатырқамайды. Ешкіммен ренжіспейді. Түрі де сүп-сүйкімді. Аузы оймақтай, мұрны түймедей, маңдайы жарқырап, көздері нұр шашып тұрады. Содан ба ауладағы бала атаулы айналып-үйіріліп қасынан шықпайды. Тіпті осынау қуыршақтай қыздың жүрегінің нәзіктігін хайуан екеш, хайуан да сезетіндей.

Бірде Айдана анасымен бірге емханадан келе жатқанда соңдарынан қара ала мысық мияулап қалмай қойды. Бейшараның даусы соншалықты аянышты еді. Әлдекімнен жәбір көріп, мұңын шаққандай «мені мұнда тастамай, ала кетіңдерші» деп өтінгендей, жалына мияулайды.  Айдана оны аялай сипалап, жұбатпақ болып еді, анасы шыр-пыры шығып маңына жолатпады.

– Тиме, қызым, ұстама! Ауру мысық шығар?!

– Ауру емес, – деп кесіп айтты Айдана. – Біреу ренжіткен ғой. Қарашы, әне,  бізден көмек сұрап тұр.

– Қайдан білесің, қарағым-ау?! Қазір қоқсық арасында жұқпалы ауру тарататын мұндай мысықтар өріп жүр!

– Бұл – ондай емес, мама! Біз асырап алайықшы. Мен өзім бағамын.

– Асырап  дейді?! Қой, қызым! Асырасақ, дені сауын, кішкенесін асырармыз. Оны және көшеден емес, кісі қолынан алу керек. Алдын ала мал дәрігеріне тексерту қажет.

Анасының айтысына қарағанда мысық асыраудың бұдан да басқа әуре-сарсаңы көп көрінеді. Алайда Айдана оған бола райынан қайта қоймады.  Қайта осы оқиғадан соң мысық десе, ішкен асын жерге қоятын болды. Сол-ақ екен ауладағы бала біткен оған түрлі-түрлі мысықтарды әкеле бастады. Шұбары да, аласы да, тықыры да, жүндесі де әкелінді. Қас қылғандай Айдананың анасы олардың бірде-бірін жаратпады. Бірінің түсі, екіншісінің ұсқыны, үшіншісінің жүні ұнамай қалады.

Сөйтсе, әңгіме мысықта емес, Айдананың анасында болып шықты. Ол өмірі мысық асырап көрмепті. Асырағанды қойып, мысығы бар үйге барса, аузына қылшық түсіп кетердей жиіркеніп, кеткенше асығады екен. Сондықтан қызының мысыққа құштарлығын әншейін еркелік, уақытша әуестікке балап жүріпті. Мұны сезген Айдана айтқанын орындатып тынды.

…Кіп-кішкене ақ мысықтың үйге әкелінуі Айдана үшін ерекше оқиға болды. Әуелі оны анасы екеуі жас балаша мәпелеп шомылдырды. Үсті-басын сүртіп, жүнін мұқият тарап, қылшығынан арылтты. Сол-ақ екен, ақ мысық мұнтаздай тазарып, кісі қызығардай жұтынып шыға келді. Жүндері еш ноқатсыз ақ мамықтай аппақ екен.

Сүтке тыңқия тойып алғаннан кейінгі асыр салып ойнағанын көрсең. Айдананың жасанды теріден тігілген сұр тышқаны бар еді. Мамасы соның мойнына жіп тағып берді. Әлгіден ұстап әрлі-берлі сүйрелесең, ойыншық емес, шын тышқан зулап жүргендей көрінеді. Міне, Айдана соны сүйрете қашады, ақ мысық өкшелеп тура қуады. Қуып жетсе, Айдана тышқанын әуелетіп көтере қояды. Ақ мысық та оның соңынан көкке шапшиды. Бас салып ұстап алмай, жаны тынбайды. Ұстап алса, жерге жата қалып, алдыңғы аяқтарымен аударып-төңкеріп ойнайды. Сол кезде Айдана тағы да сүйрей қашады. Мысығы тұра қуады. Осылайша екеуі әбден рахатқа батты…

Енді Айдана мысығын қасынан тастамайтын болды. Қайда барса да алып жүреді. Төсекке де бірге алып жатады.

Бұл достықтың өзіне үлкен септігі тиерін сәби жүрегі сезгендей екен. Айданаға бір жылдан бері тық-тық еткен қу жөтел жабысып еді. Анасы екеуі қаншама сабылып, емхананың табалдырығын тоздырса да еш нәтиже бермеген. Айдана ақ мысықпен достасқан соң көп ұзамай-ақ сол жөтел сап тыйылды. Содан бастап ақ мысық «Ақжолтай» атанып кетті.

 «Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз