Жақында Елорда төрінде қастерлі күй керуені салтанат құрды. Бүгінгі заман жастарының көш басында жүрген, өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген, домбырасымен бар қазаққа бас иген күйші Айбек Бекбосынның «Дала рухы» атты шығармашылық кеші өтті. Ерекше кештен бұрын арнайы Астанаға барып, Айбекпен сырласқан едік.

− Күйші болғандықтан күйдің ертеңі мен бүгініне алаңдайтыным анық, – деп бастады Айбек əңгімені. – Себебі, күй айтыстың деңгейіне немесе басқа да ұлтымызды ұлықтайтын өнерлердің деңгейіне əлі шыққан жоқ. Мені осы нəрсе қынжылтады. Ол уақыттың еншісіндегі дүние. Дегенмен, күйдің ғұмыры ұзақ болатынына сенемін.

− Сіз туралы ақпараттар өте аз екен…

− Өзімді жарнамалауды ұнатпаймын. Мен туралы мағлұмат аса көп емес екені де рас. Өнерде Роза Рымбаеваның жақсылығын көп көрдім. Тіпті, бірде бір бағдарламада ол кісіге: «Роза Рымбаева неге əншіге емес, күйшіге көмектесіп жатыр?» – деген сұрақ та қойылды. Сонда Роза апай: «Таланттарға демеу жасап, көмек қолын созу керек. Талантсыздар өздері-ақ шығады», – деп жауап берген болатын. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген сөз де бар. Жарнамаға жаным құштар емес. Өз тыңдарманым, өз ортам бар.

− Роза Қуанышқызымен қалай танысып жүрсіз?

− 2011 жылдан бастап, 3 жылдай ол кісімен бірге жұмыс істедім. Өнердегі анам сияқты. Мұны əрқашан айтып жүрем. Өйткені, қолымнан жетелеп үлкен сахнаға, киелі төрге алып шыққан сол кісі.

«Əн мен күй кеші» деп концертке ат қойып, еліміздің əр қаласын, түкпір-түкпірдегі ауыл-аймақтың бəрін аралап, гастрольдік сапарға шықтық.

− Сізді Алматыға өнер жетелеп келді ғой?

− Астанадағы музыкалық академияны тəмамдаған соң, Семейге кетіп бара жатып көңілім қатты құлазыды. Бірнеше халықаралық, республикалық фестиваль, байқаулардың жүлдегері бола тұра Астанада қала алмағаныма налыдым. Сонда анам: «Айбек, Абай атаң да Семейде жүріп-ақ əлемді мойындатты ғой», – деп жұбатты. Семейде бірер ай болып, арман қуып Алматыға аттандым. Кетіп бара жатқанда: «Алматыда сендей мың Айбек бар», – дегендер болды. Ал мен мың біріншісі болсам да барайын, көрейін деп тəуекелге бел будым. Алғашында тура 8 ай жұмыссыз жүрдім, еш өзгеріс болмады. Мен іздеген рухани орта табылмағаны болмаса, Алматыда жеке үйіміз бар еді. Көп ұзамай, өнер дүлдүлдері бас қосатын үлкен отырысқа шақырту алдым. Барған бетте Роза Қуанышқызын көріп, өз көзіме өзім сенбедім. Амандастым. Семейден екенімді айтып таныстым. Ол кісі, əрине, мəн берген жоқ. Дұрыс қой, күніне қаншама адамды көреді, қайсыбіріне өбектей берсін. Сол жерде күй орындадым. Айтқали Жайымовтың «Шаттанамын» деген күйі мен өзімнің «Мəңгілік» атты күйімді қатарынан орындадым. «Əй, бала бері кел», – деп шақырып, күйлерімнің ұнағанын айтты. Кəсіби əнші болғандықтан музыкалық білімімнің бар-жоғын да сұрады. Бəрін айттым. Нөмірі жазылған қағаз ұсынды. Он бес күндей өң мен түстің арасында жүрдім, хабарласуға батпадым. 2-3 ай өткен соң хабарласып: «Роза апай, шын өнерлі болсам, шамаңыз келсе,  осында алып қалыңыз. Болмаса ертең-ақ Семейге кетейін», – дедім. Себебі бір жылға жуық уақыт өтті. Мен босқа жүрмін. Ол кісі: «Ешқайда  кетпейсің. Сен үлкен сахнаның адамысың», – деп сенім артты. Содан бастап гастрольдік сапарларға шыға бастадық. Əн мен күй бүкіл Қазақстанды тербетті. Роза апай өз баласына жасағандай жақсылық жасап, қамқорлық көрсетті. Ол кісінің осындай адамдығын ешқашан ұмытпаймын.

− Өнер жолын əншіліктен бастапсыз…

− Өнер адамы ретінде өзімді бақыттымын деп есептеймін.  Жəнібек Кəрменовке, Бекболат Тілеуханға еліктеп өстім. Сол кісілердің əндерін қосыла шырқадым. Бұл балалық еліктеу болар, кейіннен күй арнасына бұрылдым. Ауылда өскем. Абай Құнанбайұлының тікелей ұрпағы боп келеміз. Əкем де, шешем де өнерден алыс емес. Мен əнде оқып жүргенде күйші болатыныма сеніп, Тұрсынғазы Рахимов күй əлеміне жетеледі. Содан бері күймен бірге өмір сүріп келемін.

− Ал Астанаға қайта оралуыңызға не себеп болды?

− Алматыда таныла бастадым. Бір күні Еуразия Ұлттық университетінің ректоры  Ерлан Батташұлы хабарласып, Астанаға шақырды. Алматыдан кеткім келмеді. Ерлан аға: «Айбек, вокалдық аспапты ансамбль ашып берейік. Астана – жастардың қаласы. ЕҰУ-дан ашқанбыз, сонда келіп өзің қолға алсаң», − деген ұсыныс айтты. Өзімді сынап көргім келді. Роза апай екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, Астанаға қоныс аудардым.

– Астана қалай қарсы алды?

– Бастапқыда бөтенсіп жүргеніммен, мұнда келген соң бір жыл өтпей, Конгресс-холлда есеп беру концертім өтті. ЕҰУ-да кілең күй тыңдайтын ақсақалдардың басын қосып, күйге құштар жастарды жинап, 4-5 концерт бердім.

− Сіздің «Сарыжал», «Мəңгілік», «Айбарыс»  атты күйлеріңіздің тағдыры, тарихы ерекше…

– Иə, бұл күйлердің əрқайсысы бір тарихи кезеңді көз алдыңызға əкелгендей əсер қалдыратыны рас. «Сарыжал» – Абай еліндегі полигон қасіретіне қатысты тағдырлы күй. Күйдің орта жағын Е.Құдайбергенов бауырым жыраулық сарынмен əрледі. «Мəңгілікті»  қазақ даласына, қазақ тарихының өткені мен бүгініне арнадым. Нұрсұлтан Əбішұлы арнайы шақырып, төрт мəрте тыңдады. Ал «Айбарыс» күйі Айбек Нұғымаров «Қазақстан барысы» атанғанда шалқар шабытпен жарық көрген еді.

− Күйлеріңізден тарихи тақырыптарға жақындығыңыз байқалады…

− Қай кезде де күйші өз дəуірін күйге қосқан. Бұл заңды құбылыс. Құрманғазы, Диналардың кезеңінде де бұл үрдіс болды. Ел ағалары маған сенім артып, «Алаш» тақырыбына күй жазуды ұсынды. Жүрексіндім. Себебі, алдыңғы буындағы күйші ағаларымыздың көзі тірі, оның үстіне бұл өте ауқымды əрі ауыр тақырып. Бірақ, ел ағалары: «Бұл сенің міндетің. Сен сол Алаштың астанасы Семейденсің! Осылай күй шертіп, кең даланы күйге бөлеп жүргенің алашордалықтардың арқасы», – деді. Содан бір жарым жыл көлемінде «Алаш» күйін жазып шықтым. Көңілімнен шықты. Кейіннен «Елбасы толғауы» күйі дүниеге келді. Шілдеден бастап Ұлттық арнаның эфирінен тұрақты түрде беріліп жатыр. «Қазақстан» арнасының осындай тартуына дəн ризамын.

− Елімізде тұңғыш рет болып жатқан «Мен – қазақпын» мегажобасы сіздің тізгініңізде…

– Бұл жобаға келуімнің өзі қызық болды. Жай ғана кездейсоқтық десем де болады. «Мен − қазақпын» жобасының продюсері Қуаныш ағамыз хабарласып, жобаның мақсатын түсіндіріп, еліміздің əр түкпіріне таланттарды іздеп баратындарын айтты. Семейлік болғандықтан Шығыс Қазақстанды қолдап, видеомен өз пікірімді айтуымды сұрады. Мен келістім. Кейіннен тағы бір хабарласып, кастингтен өткенімді айтты. Сөйтсем, бұл кастинг болған екен, кастинг екенін маған ескертпеген, видеода мен тек өз тілектестігімді білдірген едім. Басында қалай болар екен деп қорқақтағаныммен, кейін əн мен күйдің əлеміне ену үшін сол əлемнің қыр-сырын білетін адам керек екенін ұқтым. Жоба ұйымдастырушыларының іздегені сол екен. Содан Аллажар екеуміз əн мен күйді қолға алдық. Маған Ұлттық арнадағы осындай жобаны жүргізу үлкен абырой. Жоба көрерменге ұнап жатқан сияқты.

– Əңгімеңізге рақмет!

Əңгімелескен
Əлия ІҢКƏРБЕК

«Ұлан» газеті, №49
5 желтоқсан 2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз