Кезінде «Огонек» журналы мен «Жалын» баспасының сыйлығын жеңіп алып, Жазушылар Һəм Кинематографистер одағының, Журналистер одағы сыйлығының иегері атанған, бүгінде жасы 75-ке келген кейіпкеріміз əлі де сергек. Əр апта сайын қолжазбасын қол қоржынына салып алып, редакциямызға келіп тұрады. Біз де ағаның мақаласына деп бір бетті бос қалдырып қоямыз. Əңгіме ақын, сыншы Аян Нысаналин туралы. Бұған дейін мақалаларын, зерттеу еңбектерін жариялап жүрсек, енді өзімен сұқбат құрдық.

Аян Нысаналин 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бəйдібек ауданында дүниеге келген. Тілі кеш шығыпты. Соны немере ағалары ылғи əжуалап жүреді екен. «Д»-ға тілі келмеген баланың үлкен журналист, айтулы ақын, мықты аудармашы боларын олар білмегендей.

– Ауылда мақта өспесе де, жоспар бойынша егіп тастайтын. Біздің жақта Арыстанды-Қарабас деген жел бар. Бір соқса, апталап соғып тұрады. Мақтаны да өсірмейтін сол. Шешем күндіз өкіметтің тапсырмасын орындап, мақтаның шабығына шығады. Қаратаудың үстінде «Көсегенің көк жолы» деген жол бар. Сонда бидай өз-өзінен шыға беретін. Шешем түнде бізді аш қалдырмас үшін сол жерге масақ теруге кететін. Бір күні əлі бір жасқа толмаған Бекзада есімді қарындасымды маған тапсырып кетті. Өзім төрт-бес жастамын. Үйде желдеткіш болмағандықтан, үй іргесін кісі кеудесінен келетіндей етіп тесіп қояды да, содан үйге жел кіретін. Үйдің қасындағы арыққа шомылғым кеп, сол тесіктен шығып кеттім. Сумен ағып, батпақты шұңқырға түстім. Батпақ кеңірдегімнен асып, енді тірі қалмадым ғой деген кезде немере ағам кезігіп, аман алып қалды.

 Қажымұқанды көріпті…

Ақынның əке-шешесі ересектерді оқытатын 3-4 айлық «Ликбезден» білім алған. Ликбез дегеніміз – сауатсыздықты жою мақсатындағы ересектерді оқытатын оқу орны. Əкесі керемет діншіл болыпты. Ал, анасы сөзге ұста екен.

Аян ата бала кезінде Қажымұқанды көріпті. Мал айдап келе жатқан сом денелі балуанды көрген сəті əлі көз алдында тұрғанын, жадында қатты сақталып қалғанын айтты. Ал Роза Бағланова көрші ауылға келін болып түскен екен. Қазір оның барлығы аңыздай боп есінде қалыпты. Бертін келе қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовпен жүздесудің сəті түсіпті. Жазушының «Жəмилə» шығармасын Қалжан Нұрмаханов аударғаннан кейін Айтматовты оқу «модаға» айналыпты.

Аян атаның ауылына жақын маңда мектеп болмағандықтан Байжансай кенішіндегі мектепте оқыған. Сегізінші сыныпта шахматтан аудандық оқушылар олимпиадасына қатысады. Оныншы сыныпта оқитын соңғы қарсыласын жеңіп, бірінші орын алады. Өзге балалар асық пен лəңгіге құмар болса, Аян аға ол ойындарға бара қоймапты. Шахматты да мектепте қабырға газетін шығарып жүріп үйренген екен.

– Мектеп бітірген соң Алматыға барып, əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне түсуге емтихан тапсырдым. Барлық пəннен өтіп тұрсам да, орыс тілінен құлатып жіберді. Ол кезде саясат сондай. Ауылға қайтуға бет жоқ. «Кинотехникумға сынақсыз-ақ қабылдаймыз» деген соң соған түсіп кеттім. Сонда жүріп күреспен айналыстым. 1961 жылы оқу бітіріп, Жетісайда жаңадан ашылған кең экранды «Қазақстан» кинотеатрына директор етіп жіберді. Ауылдағылар «пəленшенің баласы қаладан келіп, ербеңдеп жүр» деп сөз етеді деп күресті тастап кеттім. Менің салмағымда Бакулин деген палуан болды. Онымен қалалық жарыста күресіп, тең түскенбіз. Мəскеуге кетіп қалғаннан кейін ол əлем чемпионы атанды. Күресе берсем, мен де спорттың бір саласынан шығар ма едім деп ойлаймын.

Аян аға филологияны оқимын деп жүріп, ақыры ҚазҰУ-ға түседі. Алғашқы өлең топтамалары 1961 жылы «Қазақ əдебиетінде» шығады. Қалихан Ысқақовтың «оқуға уақытым жоқ» дегеніне шамданып, сыншы Зейнолла Серікқалиевке барады. Ол кісі жазғандарын ұнатып, газеттің сол күнгі санына салдырады. Сөйтіп, Аян Нысаналиннің өлеңдері аудан, облыс деп жүрмей, бірден республикалық газеттен жарқ ете қалады. ҚазҰУ-да үшінші курсқа дейін оқып, «орысша  үйренемін» деп Мəскеуге аттанады. Онда М.Горький атындағы əдебиет институтын бірінші курстан бастап оқиды. Оқып жүріп, 1966 жылы «Көктем кешікпейді» атты алғашқы кітабын шығарады. 1970 жылы оқу бітіріп, елге оралған соң қазіргі «Жас Алашқа» жұмысқа орналасады. Онда əдебиет пен өнер бөлімін жеті жыл басқарады. 1979–1989 жылдары Қазақ тұтынушылар қоғамы одағының Кітап саудасы басқармасының бастығы болса, одан кейін он жыл  «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы болып қызмет етеді. Зейнетке шықса да, үйінде қарап жатқан кезі жоқ.

Немерелері ойға қалдырыпты…

– Менің Мəскеуде, Шымкентте жəне осы Алматыда кітапханаларым қалды. Кітапханам өте бай еді. Соның бəрі əр жерде шашылып, жоқ боп кетті. Өзім 25 кітап жаздым. Сол кітаптарымның бірен-сараны ғана қолымда. Қожанасырлық деген сол екен. Қолжазбаларыма да ұқыпсыз болыппын. Тек соңғы кездері «Ұланға» шыққан мақалаларымды жинап жүрмін.

А.Нысаналин қазақ руханиятының жоқшысы секілді сезіледі бізге. Ылғи өзгелер туралы жазып, өзгелердің мəселесін көтеріп жүргені. Онысын бастауыш сыныпта оқитын немере-жиендері де байқап, аталарына келіп: «Ата, осы сіз ылғи үлкендер туралы жазасыз. Неге бізге арнап бірнəрсе жазбайсыз?» – дейді екен еркелеп. Немерелерінің ойда жоқтағы сауалына тосылып қалған Аян аға балаларға арнап мақала жазуды қолға алады. Содан бері Аян ағамыз «Ұланның» жанашыры. Қазір балаларға арналған «Бүршіктер», «Үшем» деген кітаптарын аяқтауға аз қалды. «Үшемнің» бірінші бөлімінде қаламгерлер, екіншісінде – суретшілер, ал, соңғы бөлімінде қайраткерлердің өмірі баяндалады.

Аян Нысаналин əл-Фараби, Низами, Омар Хайям, Ю.Тувим, Б.Пастернак, В.Высоцкий, В.Пшавела, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Р.Тагор, А.Йожефтің еңбектерін, Антуан де Сент-Экзюпери шығармаларын түгелге дерлік, А.Камюдің «Калигула» драмасын тəржімалаған.

– Ең көп аударғаным – Антуан де Сент-Экзюпери. Оның орысша аудармасы «Маленький принц» деп аталатын шығармасын «Шынашақтай шақзада» деп атап, пьеса жаздым. Фарабидің өлеңдерін ғалым Əбсаттар Дербісəлі арабшадан жолма-жол аударып берді. Ары қарай өлең етіп шықтым. Аудармадағы басты нəрсе – мазмұны мен көркемдігін сақтау. Жуковский аудармашыны өгізге теңейді. Өйткені, ол – автордың құлы. Өгіз сияқты автордың шығармасы қайда сүйресе, сонда жүреді.

А.Нысаналин біраз орысша сөздердің қазақша аудармасын да жасады. Мəселен, тротуарды – табанжол, гүлден тоқылатын венокты гүлтəж деді. Ал əлемдегі үлкен көлдің бірі Байкалды бұрынғы атаумен Байкөл деп атауды ұсынды. Ол түріктердің көлге берген атауы екен. Оралда Ыстықұт деген аудан бар. Атамыз оның шын аты Үстіқұт дейді. Ол да түркінің сөзі. Мұнан да өзге қазақшалаған сөздері көп. Олар сіңіп кетсе, бір марқайтатыны анық.

«Шахматты Олжас Сүлейменов жақсы ойнайды»

– Ақын-жазушылардың ішінде Олжас Сүлейменов пен Тəкен Əлімқұлов шахматты жақсы ойнайды. «Комсомольская правда» газетінде «Іле бойында түркілердің ескі жазуы қашалған балбал тастар жатыр» деген мақала шығып, соның рас-өтірігін білуге барғанбыз. Құрамында Олжас бар еді. Сөйтсек, балбал тас деп жүргені «Қыз Жібек» фильмінен қалып кеткен қолдан жасалған ескерткіштер екен. Алматыға қайтар жолда Сүлейменовтің көлігінде шахмат ойнап келгеніміз есте. Бірде ол жеңеді, бірде мен ұтамын. Қазіргі ақын-жазушылардың шахмат ойнап отырғанын көрмеппін, – дейді Аян аға.

Ақсайдың ар жағында Долан өзені бар. Соның бойында Аян ағаның саяжайы тұр. 1990 жылы жер алып, бақша өсірумен айналысыпты. Алма егіпті. Оның бірін Қадыр Мырза Əлінің алмасы десе, екіншісін Тұманбай Молдағалиевтің, тағы бірін Жұмекен Нəжімеденовтің апорты деп атапты. Мұқағали Мақатаевтың ауылынан сирень мен аршаның көшеттерін алдырыпты. Қазір тамырлап өсіп тұр екен. Аян ағаның бақшасында «Гүлдер аллеясы» мен «Ақындар аллеясы» да бар. Бақшасын суарып, арам шөбін өзі жұлып жүретін аға соңғы екі жылда бағын баптауға қолы тимей жүргенін айтады. Мұндай бағбандық жүгері, тары өсірген əкесінен дарыған қасиет болар.

Ақынның бір ғана өкініші бар. Ол – үлкен прозаға бармауы, өзінің бар қаламгерлік қабілетін жұмсамауы. Əрине, оған да əртүрлі себеп болған. Ақын бүгінгі жас ақындардың аяқалысына көңілі толмайтынын да жасырмады:

– Көргеннің көзі, айтқанның сөзі жаман. Жастардың аяқалысы бармақ тістетеді. Таңғалмасқа болмайды. Қазақ тілі – аса бай тіл. Соның қадір-қасиетіне жетіп жүрміз бе? Бұл аздай, қолтаңбасы қалыптасу үстіндегі бір жас ақын «Өлгім келеді! Өлгім келеді!» деп жаһаннамға жар салып жатса, қайтіп жан ауырмайды? Пəлен күні пəлен, түген күні түген өлең жаздым деп жарысқа түскендей болып соңында мерзімін көрсету де келеңсіз көрініс. Өмір бойы жазылатын туынды болады! Оның мəңгі ғұмырлы болғанын тілеу – ғанибет. Бəрі қазіргі жас ұрпақ пен келер ұрпақ үшін. Ең басты нəрсе – өз ұлтын сүю, бір-біріне жанашыр болу. Қазақты сендердей ешкім сүймейді, қазаққа сендердей ешкім жанашыр бола алмайды. Балақайлар осыны ұмытпаса екен.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №40
03.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз