100 жаңа есім

Өмірде бəрі болуы мүмкін. Қиындық та, қуаныш та. Тек өмір үшін күресті тоқтатпау керек. Біздің арамызда осындай мықты адамдар бар. Мысалы, Серік Есматов. Ол қайсар жігіт. Жасы 19-да. Бала күнінен бірнеше спорт түрімен айналысыпты. Əсіресе, жүзуге қатты қызығыпты. Бірақ, 13 жасында оқыс оқиғадан тағдыры күрт өзгеріп, екі аяғынан айырылады…

Серік үмітін үзбей, қиындыққа қарсы тұрды. Орта мектепте білім алды.  Қазақтың Спорт жəне туризм академиясына оқуға түседі. 2013 жылы Малайзияда өткен Паралимпиада ойындарында волейболдан қола медаль иегері. 2017 жылғы қысқы Универсиадада үздік ерікті. Екі марафонға (42 шақырым 195 метр) қатысып, үздік өнер көрсеткен. Сонымен қатар, волейбол, үлкен теннис, ауыр атлетика жəне жүзумен айналысады.

– Өте белсенді болатынмын. Турникке тартылып, жүгіріп, велосипед тебетінмін. Алматыдағы №84 орта мектептің мақтаулы оқушыларының бірі болдым. Спорттық жарыстардан қалмайтынмын.

5-сыныптан бастап мектептегі футбол командасында ойнадым. Қосымша волейболмен, жеңіл атлетикамен айналыстым. Спортқа деген қызығушылық небір арманға жетелейтін. «Олимпиадада чемпион боламын» деген мақсат қойдым. Өзімді дайындай бастадым. 2009 жылы «Абылай хан» спорт клубына боксқа бардым. Кейін жүзуге қатысып, өзімді енді тапқандай болдым. Аз уақыттың ішінде жақсы нəтиже көрсеттім. Мəскеуде өтетін халықаралық жарысқа қатысатын болдым. Дайындық басталып кеткен еді. Өкініштісі, менің арманым үзілді…

30 тамыз, 2011 жыл. 13 жастағы бала Серіктің есінде мəңгі қалды. Сол күні су астында ұзақ жүрді. Шаршағаны тағы бар. Үйге жетуге асықты. Теміржол маңында тұратын. Жүйткіп келе жатқан жүк пойызынан алыс тұрған сияқты еді. Қалай болғаны есінде жоқ, пойыздың өзін жетектеп бара жатқанын бірақ білді. Көрер жарығы бар екен, күзетші байқап, дер кезінде жедел жəрдем шақырыпты. Жағдайы ауыр болғасын, бірнеше операция жасапты.

– Ата-анам, бауырларым, туыстарымның арқасында есімді жидым. Өмірге қайта келгендей болдым. Оқиғадан кейін оқуды үйде жалғастырдым. Адамдар өздеріне, жақын адамдарына құрметпен қараса деймін. Ата-анам жұмысқа, бауырларым оқуға кетеді. Үйде жалғыз қалғанда, болашағымды ойладым. Не істеймін? Қалай өмір сүремін? Үй ішіне, ең ақыры өзіме жүк болғым келмеді. Жүректегі қорқынышты жеңуге тырыстым. Үйде отырып жаттығу жасадым, өзімді дамыта бастадым. Мектептегі ұстаздарыма, əсіресе, директор Жеңіскүл апайға риза болдым. Ұстаздар үйге келіп оқытты, ҰБТ-ға дайындады.

Серік үмітті ақтап, Қазақтың спорт жəне туризм академиясына Олимпиадалық спорт факультетіне оқуға түседі. Оның жағдайын ешкім білмейтін. Ол протезбен жүретінін білдірмеді. Сəнді киініп жүріпті. Бір күні сабаққа балдаққа сүйеніп келеді. Ұстаздары мен студенттер таңғалып, жағдайды сұрапты.

– Волейбол сабағында протезді шешуге тура келді. Мені көріп, бəрі таңдай қақты. «Бізге неге бірден айтпадың? Неге олай болды? Протезбен жүру қиын емес пе?» дегендей сұрақтар көп болды. Десе де, олар маған тез үйренді. Түсіністікпен қарап, көмек беруге дайын тұрады. Достарым өте көп.

Серік күні бойы протезбен жүре алады. Бірақ, оған да мықты жүрек керек. Бірінші күндері протезді киіп, қадам басудың өзі мұң болыпты. Алты ай балдаққа сүйеніп жүріпті. Уақыт өте протезге үйреніпті. Екі жылда бір рет ауыстырады. Оны Алматыдағы зауыттан алады. Көп күш салуға болмайды. Жиі терлеп, көп су ішеді. Мүйізгек шығып, мазалайтыны бар. Осы қағиданы сақтай алсаң болғаны. Протезді жасырмай, көшеде жүре береді. Адамдар қамқорлық көрсетсе, балалар «Темір адам» деп жылылық танытады екен.

– Кейбір адамдар үйінен шықпай, тұйық боп қалады. Бұл дұрыс емес. Мұндай адамдар қателік жасауы мүмкін. Кез келген қиындықты жеңуге болады. Ол əркімнің қолынан келеді. Протез ауыстыруға келгенде Қызылорда қаласында тұратын, отырып ойнайтын волейбол командасының жаттықтырушысы Эрик Қасқабаевпен таныстым. Ол кісі волейбол ойнауға кеңес берді. Мүгедектерге арналған спорт бар екенін білмеппін. Ұсынысты естіген бойда жаттығуға кірістім. Спортзалда Сергей Хохловпен таныстым. Ол кісі Ауғанстанда əскерде жарақат алып, екі аяғынан айырылған. Елімізде отырып ойнайтын волейболдың негізін қалағандардың бірі. Сол кезде Алматы командасының капитаны еді. Маған допты қағуды, ұруды үйретті. Мектепте жүргенде волейбол мен баскетболды жақсы ойнайтынмын. Ойын ережесін білемін. Бірақ, бұл алаңда мүлде басқа. Қолыңды тіреп, жүгіресің, допты қағып аласың. 4 айдан кейін паралимпиадаға қатысатын жастар құрамасына қосылдым. Ол кезде 16 жаста едім. Командадағы ең жас ойыншы мен болдым. 2013 жылы Малайзияда өткен паралимпиадада қола медаль алдық. Тəуелсіздік алған 25 жылда отырып ойнайтын волейбол командасы алғаш рет жеңіске жетті.

Алматыда өткен қысқы Универсиада-2017 ойындарының жақсы өтуіне Серік те өз үлесін қосыпты. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде ағылшын тілін əпкесі үйретіпті. Еріктілерге іріктеу басталғанда, Серік сырт қалмапты. Талап қатал. Ағылшынды жетік білу аздық етеді, спорттан хабарың болу керек. Талай жарыста топ жарған спортшы сынақтан қиналмай өтіпті.

– Ерікті болуға мүмкіндік бергеніне қатты қуандым. Дайындық курсын оқыдым. Өз ісімді жақсы атқардым. Үздік ерікті деген атақ та алдым. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жолдың бəрі жабық еместігін көрсеткім келді. Шетелдің спортшылары біздің елде мүгедек жандарға көңіл бөлінетінін білсін дедім. Канаданың хоккей командасы ойынға қажетті құралдарын сыйға тартты. Қонақтарға арбада отырып та қызмет көрсеттім.

Бос уақытында əн жазады. Болашақта кəсіби түрде əн жазсам деп армандайды.

– «Өзім ойлағаннан да мықтымын» деп сенімді айтамын. Өйткені, он екі мүшесі сау адамның өзі кейде ұсақ-түйек қиындықты жеңе алмай жатады. Биыл 42 шақырым 195 метр қашықтықтағы екі марафонға қатыстым. Он үш мың қатысушының ішінен 3 сағат 56 минутта 128-ші болып келдім. ЭКСПО аясында ұйымдастырылған марафонда бес мың қатысушының ішінен 4 сағат 10 минутта мəре сызығына 133-ші болып жеттім.

Марафонға мұқият дайындалады. Күнделікті жаттығу, дұрыс тамақтану. Бір сөзбен айтқанда, күн тəртібін сақтайды. Ол күш-қуатты ата-анасы мен бауырларынан алады. Оның арманы – биікті бағындыру. Қазақстанның «100 жаңа есіміне» іріктеу жарияланғанда ел іші шу боп кетті. Кейбір адамдар əлеуметтік желіде өзіне дауыс беруін өтініп жатты. Ал Серік өзінің «100 есімге» кіргенін кейін біліпті. «Енді мен елімнің айтулы тұлғасымын. Осы құрметке сай еңбек етуім керек. Өмірде қуаныш, қайғы деген болады. Ең бастысы, өзіңе деген құрметің төмендемесін», – дейді Серік.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №51
19 желтоқсан 2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз