Air Astana әуе компаниясы өзінің 16 жылдық мерейтойы қарсаңында ab-initio бағдарламасы бойынша білім алып, әуе командирі атанған ұшқыштарды марапаттады. «Ұланның» бұрынғы санында Air Astana әуе компаниясының арнайы бағдарламасы арқылы тегін оқып, ұшқыш немесе бортсерік болуға мүмкіндік бар екенін айтқан болатынбыз. Осы жылы аталған бағдарлама бойынша Air Astana компаниясының командирі атағына 10 ұшқыш ие болды. Олар: Жабатаев Тимур, Злыденный Михаил, Жакенов Айдар, Мусалдаев Азим, Елгельдиев Қуаныш, Мұстафин Арман, Батаев Василий, Яцын Андрей, Машуров Тимур және Диас Ахметов. 2015 жылдан бастап бағдарлама түлектерінің арасында 22 адам командир атанды. Олардың барлығы әуе компанияның ұшақтарын басқарып жүр. Солардың бірі — Диас Ахметов. Әуе командирінен ұшқыш болудың мән-жайын сұрап білдік.

Әуе жолында аялдама болмайды

Ұлан: Ұшқыш болу үшін қандай қасиеттер керек? Іріктеуден өту үшін қандай талаптар қойылады?

Диас Ахметов: «Бірінші байлық — денсаулық» деген сөз дәл осы әуе пилоттарына арналып айтылған сияқты. Денсаулығың мықты болмаса, ұшқыш бола алмайсың. Сондай-ақ, физика мен математика пәндерінен базалық білімің болуы керек. Ағылшын тілін білу де маңызды. Бірақ, менің ойымша ұшқыш боламын дейтін балаға ең алдымен аспанға деген махаббат керек. Ұшқыш болуды қол жетпейтін қиял деп емес, қол жеткізуге тиісті нақты мақсат деп қабылдаған жөн.

Ұлан: Оқу процесі қай жерде өтті?

Диас Ахметов: Оқу процесі Америкада өтті. Тәжірибе кезінде бүкіл Флорида штатының үстінен ұшып өттік. Өзім бұрын азаматтық авиацияда оқығандықтан маған әуе кемесін басқаруды меңгеру аса қиынға соқпады.

Ұлан: Ұшқыштарда жетістікке жетудің формуласы қандай?

Диас Ахметов: Еңбек бәрін жеңбек дейді ғой. Сондықтан, оқудан, білуге талпынудан ешқашан шаршамау керек. Өзім бала күнімнен ұшқыш болуды армандадым. Аспан әлемін зерттеуді, тануды жақсы көрдім. Әркімнің жетістікке жетудегі жолы әртүрлі. Бірақ, ережесі бір. Ол: еңбек+махаббат деп ойлаймын.

Ұлан: Жердегі көлік басқару мен әуе көлігін басқарудың ұқсастығы мен айырмашылығы қандай?

Диас Ахметов: Жерде көлікті кез келген аялдамаға, кез келген жерде тоқтатуға болады. Ал аспан әлемінде аялдама жоқ (күліп). Негізі аспанда да арнайы көлік жолы бар. Біз сонымен жүреміз. Ол жақта да шартты белгілер бар. Қарапайым адамдарға тек бұлттардың арасымен ұшып келе жатқан сияқты көрінеді. Ал нағыз маманға күнделікті ұшатын жолдары таныс. Арнайы траектория бойынша ұшамыз. Мұның бәрі тұтастай бір ғылым. Шетелде оқу барысында біз осының бәрін меңгеріп келдік.

Ұшқыш болғың келсе…

©Талгат Галимов

Air Astana әуе компаниясында екінші ұшқыш және командир қызметін атқаратын 199 қазақстандық аb-initio бағдарламасын аяқтады. Бағдарламаға үміткерлер жыл бойы қабылданады және 20-ға жуық студент жыл сайын оқуға жіберіліп отырады. 

Тестілеу нәтижесінде студенттер AFTA (Atlantic Flight Training Academy), Корк қаласы (Ирландия) немесе FTE (Flight Training Europe), Херес қаласындағы (Испания) екі мектептің біріне жіберіледі.

Айта кетейік, аb-initio бағдарламасы 2008 жылы Air Astana әуе компаниясында білікті қызметкерлердің жетіспеушілігінен кәсіби қазақстандық ұшқыштардың санын көбейту мақсатында енгізілді. Бұл бағдарлама жасөспірімдерге жоғары жалақы, сондай-ақ беделді авиакомпанияда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

©Талгат Галимов

Оқыту 16-18 айға созылады және орта есеппен 100 мың АҚШ долларын құрайды. Авиакомпания оқудың 100% алдын ала төлемін жасайды, ал жарты ақысын авиакомпанияда жұмыс істеп жүрген уақытында төлейді.

Атап өту керек, Air Astana білім беру бағдарламалардың қажетті шарты болып табылатын банктік кепілдіктер сияқты оқушылардан ешқандай қаржылық кепілдеме талап етпейді.

Бағдарламаға 18 жастан 34 жасқа дейінгі, ағылшын тілін меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ физика және математика саласын жетік білетіндер қатыса алады. Толық ақпаратты airastana.com сайтынан таба аласыңдар.

Дана Маратова

«Ұлан» газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз