Баяғыда бір балапан болыпты. Оның аяғының сәл кемісі бар екен. Соған бола бауырлары оны «маймақ» деп атап кетіпті. Маймақ балапан бір күні бауырларына өкпелеп, үйінен кетіп қалады. Мысық пен күшікке барып, олармен дос болады.

Бір күні балапан азық іздеп жүріп жем салынған бір қап тауып алады. Кетерде қапты ұясына ала кетпекші болады. Бірақ орнынан қозғалта алмайды. Ақыры болмаған соң ол өзінің досынан көмек сұрайды.

– Досым,– дейді ол мысыққа келіп. – Маған көмектесші!

Бірақ мысық:

– Менің қолым бос болмай тұр. Басқа біреулерге айтшы, – деп кетіп қалады.

Балапан енді күшікке барады.

– Досым, маған көмектесші! – дейді оған.

– Ренжіме, досым! Менің қолым бос болмай тұр. Өзің көріп тұрғандай, сүйек мүжіп жатырмын ғой, – дейді күшік теріс айналып.

Достарының бұл қылығына өкпелеген балапан салы суға кетіп, басы ауған жаққа кете барады. Қызық болғанда, ол көп ұзамай сол маңнан өтіп бара жатқан өз бауырларына кездесіп қалады. Мұның мұңайған жүзін көрген балапандар: «Саған не болды? Неге көңілсізсің?» – деп сұрайды одан.

Балапан оларға басынан өткен барлық жайды баяндап береді. Оның жағдайына қаныққан бауырлары сол сәт жұмылып, қап толы дәнін ұясына тасып алуға көмектеседі. Болмашы іске бола өз бауырларынан безгеніне «маймақ» балапан сонда барып өкінеді. «Туыстан артық жақын жоқ, ұмытуға оны қақың жоқ» деген сөзді іштей қайталай береді.

Кәусар ІЛЕСКЕНҚЫЗЫ

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2017

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз