Барыс тау шыңдарына жасырынып, бар-жоғын білдірмей жүретін жыртқыштар санатындағы табиғаты бөлек аң. Шекарасын өз тұқымдасына да оңайлықпен аша қоймайтын, етектегіні елемей, күн сәулесін көз жетпес биіктен қабылдайтын тау тағысы. Солай бола тұра, бір сәттің ішінде бар мінезі кілт өзгеріп, өр басымен қыр баласынан пана сұрап келгенін естігенде еріксіз қайран қалдық.

Бұл – осыдан тұп-тура 34 жыл бұрын болған оқиғаның баяны. Ай аяғын ұзартпай Алматы мемлекеттік қорығына ат ізін салуымыздың бір себебі де осы болатын. Қорықтағы музейде денесін тұлып қып жасап қойған барыстың қайдан келгенін білуге құштарлығымыз артқан. Мекеме басшысы Қуат Байтұрбаев мырзамен алғашқы сөз қорықтың арғы-бергі тарихымен таныс-тықтан басталып, іле-шала осы өңірде өсіп-өніп жатқан барыстардың жайына ойысып кетті.

– Барыс таңбалы мемлекет атануға ұмтылып жатқанымыз текке емес, – деді Қуат Нұрахимұлы. – Барыс – бір-бірінің өлексесін жемейтін, дербес, салт жүргенді жақсы көретін аң. Адамға әсте көрінбейді. Сондықтан болар біз көбіне барыстың ізі мен жеген жемтігіне ғана кезігеміз. 2014 жылы әйгілі Оксфорд университеті және өзіміздің зоология институтымен бірігіп жұмыс жасадық. Олар бізге 40 дана фототұзақ алып келді. Соны тауға орнатып едік, қар барыстары суретке іліге бастады. Келесі бір әкелінген бағдарлама арқылы қар барысының базада бар-жоқтығын анықтауға мүмкіндік алдық. Адамдардың саусақ іздері әртүрлі болатыны сияқты, олардың да табан іздері бір-біріне ұқсамайды екен. Сонда біз бір-біріне ұқсамайтын 24 қар барысын кездестірдік. Қорыққа 71 мың 700 гектар жер тиесілі болса, біз әзірге теріскей беттен ғана фототұзақ қоюға мүмкіндік алып отырмыз. Енді күнгей бетіміз қалып тұр. Қорық құрылғаннан бастап жыл сайын жазылатын арнайы кітабымыз бар. Онда табиғаттың өзгерісімен бірге сүтқоректілердің, өсімдіктердің бәрінің саны жазылады. Арнайы мамандар осылардың барлығын анықтау үшін апталап таулы аймақта болады. Сырттан саяхатшыларды кіргізбейміз. Браконьерлердің бұл аймаққа аяқ басуы өте қиын. Жан-жағымызда ұлттық табиғи саябақтар орналасқан. Олардың барлығында бақылаушылар бар. Күзет қатал. Қорықты құрған кезде қиын аймақтарға ыңғайлап жасаған. Ұлттық табиғи саябақты көлікпен аралап өту де мүмкін емес. Жаяулата беруге бөгет болатын өзен-көлдер мен мұздықтар жетіп артылады. Тек ара-тұра саяхатшылар кездеседі. Олар тек тауды суретке түсіріп қайтады. Ондай еріктілерге алдын ала екпе жасалады және біздің нұсқаушылардың бақылауында болады. Сондықтан бүгінде қар барысының саны айтарлықтай көбейіп келеді. Бұл аймақтан барыстың азығы болатын таутеке, арқар, елік, ұлар, маралды жиі кездестіруге болады. Таутеке жүрген жерде қар барыстары да бар деген сөз. Біздің жан-жағымызды қоршап тұрған Іле Алатауы мен Көлсай маңынан да бүгіндері барысты байқағандар бар. Барыс табиғатында салт жүретін болғандықтан, өз ендігіне екінші бір барысты кіргізбейді. Күштілері әлсіздерін қуып жіберген соң, басқа жаққа барып мекендеуге мәжбүр болады. Сол себептен де олардың Көлсай мен Іле Алатауына өтіп кетуі заңды. Әрі бұл барыстың саны көбейе бастады деген сөз.

Осылай әңгіме ауанын үзбей, барыс сүмбісін көруге музейге де келдік. Музей қызмет етіп келе жатқан 1946 жылдан бері мұнда таксидермистер жасаған 3000 данадай сүмбі бар екен. Оның 40-ы сүтқоректілер болса, 177-сі құстың түрі. Таксидермист мамандар олардың ішкі ағзасын алып тастап, сыртқы формасын берік етіп қатырып қойған. Көзін арнайы гельмен ай сайын өңдеп отырады. Өзі арық әрі кәрі екені байқалып тұрған барыстың да сүмбесін осылай қатырып қойған. Өкінішке қарай, қазір таксидермист те, тұлып жасайтын мамандар да жоқтың қасы. Ал мұндағы сүмбілердің басым көпшілігі өткен ғасырда жинақталған. Жастар тарапынан қызығушылықтың болмай жатқаны да көңілге кірбің ұялатады. Әйткенмен қорықта тау тағысының тіршілігіне ерекше ден қойған барыстанушы мамандар бар екен. Осында он үш жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Салтөре Сапарбаев барыстың өмір сүру ережесін былайша әңгімелеп берді:

– Барыстың аланы 500 грамм болып туылып, 40 келіге дейін салмақ қоса алады. Өмір сүру ұзақтығы – 14 жыл. Барыстың еркегі ұрғашысынан үлкендеу келеді. Таутандары екі жасынан бастап екі жылда бір рет төлдеуге қабілетті. Күшіктерін үлкейгенше жанына ертіп жүреді. Барыстарды леопардқа ұқсатқанымен, генетика тұрғысынан жолбарысқа жақсы келеді. Түр сипаты сары көз, қара мұрын, дөңгелек бас, тік қабақты, жалпақ ерінді болып келеді. Өлгеннен кейін бір-бірінің етін жемейтін таза, сақ аң. Барыстың бәсекелесі көбінесе қасқыр. Үлкенін жей алмаса да, күшіктерін талайды. Бірде фототұзақ қойғанда барыстың ізінің артынан қасқырдың жүргенін көргенбіз. Барыстар негізінен Қытайда көп. Тянь-Шаньның көп бөлігі Қытайдың территориясына тиесілі. Қытайда 2000-нан аса, Қырғызстанда 500-дей, ал біздің елімізде 130-дай барыс бар. Барыстар Іле Алатауы, Ақсу Жабағылы, Көлсай, Жоңғар Алатауы, Қатонқарағайда кездесіп жатады. Суретке тартқандары шығып жатыр. Ал өзім ең алғаш барысты 2012 жылдың сәуір айында объектив арқылы 300 метрқашықтықтан көрдім. Содан жанымдағы кісіге «барыс» деп айғай салдым. Барыс өте сезімтал келеді. Бізді байқаған бойда кетіп қалды. Өздігінен тиіспей, жуыспай жүреді. Тағы бірде біздің таудағы ғылыми базамыздың жанынан екі қар барысы өтіпті. Күн тұман болғандықтан дұрыстап көре алмадық. Тек ізінен таныдық. Дегенмен, сол жылы мен алғаш рет барысты суретке тарттым. Бұған дейін қаншама қар барысы суретке түсірілді. Ол суреттерге Оксфорд университетінен келген кісілердің өздері таңғалып кетті. 12 мемлекет қатысқан форум барысында да бұл суреттер көрсетілді. Қырғызстанға шет мемлекеттерден көптеп қаржы бөлінеді. Бішкекте орналасқан «Pantera» бөлімшесі тек қана барыспен айналысады. Арнайы топ та құрылған. Біздің ақсап жатқан тұсымыз осы. Әйтпесе, елімізде қар барысы қазіргі санақтан әлде-қайда көп болуы ықтимал. Тек біздің аймақтардың барлығын қамтуға мүмкіндігіміз жетпей жатыр. Осыған қарамастан зерттелуі жағынан деңгейлес екенімізді аңғардым.

Міне, осылай да осылай қар барысы туралы біраз мағлұмат біліп алдым. Бірақ ойымнан музейде тұрған қар барысының тұлыбы кетер емес. Әне-міне жемтігіне атылғалы тұрған тіріаңға ұқсатып жасап қойыпты. Қорық басшысы Қуат Байтұрбаев мұның жайын өзі жақсы біліп тұрса да, мамандарын сөйлеткенді жөн көрді. Сөз тізгінін аға ғылыми қызметкер Алтынбек Жанысбаев алды:

–1984 жылдың мамыр айының бас кезі болатын. Оң Талғар мен Орта Талғардың қиылысында біздің қызметкерлер тұрақтаған алтыншы кордонымыз бар. Сол күні таңертең тәжірибеден өтіп жүрген Сетникова деген студент аттарды суғаруға оянады. Көмір қораның жанындағы жәшіктің ернеуінен барысты көріп әрі қорқа, әрі таңырқай абдырап қалады. Кордонның инспекторы Бауыржан Елеусізовке барады. Бауыржан кішкене шаршаса керек, үйде ұйықтап жатқан екен. Студент қар барысын көргенін айтады. Біз ол кезде Талғардағы мекемеде болғанбыз. Хабарды естігеннен кейін бір мәшинемен фотоаппаратты көтеріп алып құстай ұштық. Барсақ әлгі барыс жәшіктен шығып, шөптің астына жатып қалыпты. Өзі ап-арық, шаршаған, жүдеген. Қабағындағы атып алсаң да бәрібір деген кескіні өңменіңнен өтеді. Артынан барып суретке түсіріп алдық. Әрең қозғалақтап, бізге қарады да қойды. Бауыржанға: «Мынаған беретін бірдеңе бар ма?» – деп едім, өлген тауықтар жатқан жерді нұсқады. Тауықты апарып тастап едік, сәл иіскелеп тұрды да тістелей бастады. Бірақ қанша шайнағанымен, жей алмай қойды. Сол күні біз қайтып кеттік. Ертесіне барған әріптестер барыстың қарағайдың астында өліп қалған денесін алып келді. Ештеңесіне тиіспестен ҚазМУ-ге апарып, денесіне тұлып жасадық. Тексеріс нәтижесінде остеохондрозға шалдыққаны, дене буындары семіп, қозғалыстан қалғаны әрі кәріліктен өлгені белгілі болды. Кейін таксидермист мамандардың жасаған сүмбесін осы музейге әкеліп орналастырдық.

Қуат мырза «айт, айта түс» дегендей қомданып қойды. Тау тұлғалы азаматтардың әңгімесіне мен де қызыға түстім. Алтынбек мырза да шешіле жөнелді:

– Әлі есімде, 1987 жыл, наурыздың 26-сы күні болатын. Күндегі әдетімше базадан таң ата тұрып, дүрбі салып қарап отыр едім. Бір үлкен таутеке тастың үстіне келіп тұра қалды. Сонан біршама уақыт дүрбінің әйнегін сүртіп, қарай бастадым. Аздан соң теке артынан бірнәрсе қозғалып жатқан сияқты көрінді. Бір уақытта қозғалақтаған нәрсе жоқ болып кетті де, әп-сәтте текені төмен қарай қуалай жөнелді. Үлкендеу барыс екен. Қалың аршаның арасына барып кіргенде, артынан қуып жетіп ұстап алды. Кішкене шамасы жетпей тұрып қалды. Тура жарға тақағанда, текені жібере салды. Теке қашып секіргенде, екі тастың арасында жатқан қалың қарға құлап түсті. Қардың астынан басы ғана көрініп, шығайын деп ары-бері ұмтылып еді, шыға алмады. Барыс жоғарыда сәл аялдады да, ол да төменге қарай секірді. Теке қорыққаннан атып шығып үлгерді. Бірталай жерге дейін жеткізбей барып еді, бір жақтан екінші барыс шыға келді. Екі барыс қосылды да, жоғарыға өрлеп жоқ болып кетті. Мен содан тапжылмай төрт сағат бойы бақылап отырдым. Әлден уақытта текенің сайға түскені сол еді, үшінші барыс алдынан шыға келді. Оған әлгі екі барыс ілесе жөнелді. Сол жерде үшеуі де бас салды. Қол еті жағынан жей бастады. Ендігі мақсатымыз – фотоаппаратпен суретке түсіру. Бірақ жақындағанымызды сезіп қойды ма, үркіп кетті. Ол кезде фотоаппараттардың түсіру қашықтығы қазіргіден анағұрлым жақын болатын. Суретке тартып үлгермегенімізге аздап өкінгенімізде рас, – деді Алтынбек Жанысбаев.

Қорықшылардың жарыса айтқан әңгімелері құлағымызда жаңғырып жатыр. Қар барысының тірісі тұрмақ, өлісін де мұражайға әспеттеп қойған азаматтарға разы болдым. Мына барыс әне-міне тіріліп кетіп, өз мекеніне қарай ыта жөнелетін секілді көрінді. Бұл менің қиялым, әрине!

Иә, барыс асқар таулардың алынбас қамалындай биіктіктерін мекен етіп, әлемде әлі де бар екенін ақырып-шақырмастан-ақ куәландырып келе жатқан тарғыл шері. Тұрпаты бөлек, тұқымы сиректігімен де іңкәр еткен ерекше тіршілік иесі. Міне, сондай аң сұлтанының тағысы бүгінде адамға тәуелді болып қалды. Бұл аңға қастық жасауға ешкімнің қолы бармас деп сенеміз. Өйткені, қорық басшысы Қуат Байтұрбаев айтпақшы, біз барыс таңбалы ел болуға ұмтылған мемлекетпіз!

Сәуле НЫСАНБЕК

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз