Мақаш Тәтімовті іздеп, жолға шықтық. Әрине, өмірінің соңында тұрған мекенін… Түтінін түтетіп отырған кімдер бар екен? Кеше ғана ой-санамызды өтімді сұрақтармен өткір инедей піскілеген адам да ұмытыла бастаған ба, қалай? Жо-жоқ, Мақаш Тәтімов деген ныспы қалай тілімізге оралады, оның жарқын бейнесі солай жарқ етіп көз алдымызға келе қалады…

 Ол дүниеден өткенде «Ақ желкенге» «Тәтімовтей бола алатын кімің бар?» деп шағын мақала басқанбыз. «Демография саласын бес саусағындай білетін маман бұрын да аз болған, қазір де жоқтың қасы. Тәтімов дүниеден өткендедемография үшін терін төгетін ешкім қалмағандай қоңылтақсып қалдық», – деп жазған едік. Рас, Тәтімовсіз демография саласы жетімсіреп тұр. «Халық мені танымаса да, демография деген сөзді білетініне қуанамын» дейтін. «Қазақтың саны 70 пайызға жетпей, тіліңді тұғырыңа қондыра алмайсың» деген де Тәтімовтің сөзі. Тіпті, «ұлтжанды болмасаң да, балажанды болуың керек», – дегені біздің қолдан келмейтін іс пе?!

Мақаш Тәтімов десе, көптің есіне «көк көрпенің бүлкілі» түседі. Терең мағынасына үңіліп көрмегендер демография туралы ештеңе айта алмай, құмығып қалатынына бәс тігеміз. Шын мәнісінде ол демограф-ғалым ретінде көзқарасын ашық жеткізе білген адам. «Бойдақтық салығын жүзеге асыру керек» деген ойын ортаға тастағанда, өңшең бойдақ өре түрегелген соң, «халық бұл идеямды қолдамайтынын білгем» деп еді. «Жезөкшелікті заңдастыру керек», – деп дүйім жұртты шулатқанда: «Балалы болмаудың бірден-бір себебі – жыныстық аурулар. Жезөкшелік – жыныстық аурулардың ошағы», – деп айта-айта шаршап, соңында: «Қартайған шағымда адамдардың жағымсыз сөздері маған керек емес», – деп қажыған да қойған. Ғалым ретінде идеясын ешкімге өткізе алмаса да, өз ұстанымын қоғамнан тайсалмай айта білді. Өкінішке қарай, 77 жасына екі апта жетпей, бір жарым жыл бұрын дүниеден өтті де кетті.

Ғалымның қарашаңырағына келдік. Есіктің алдынан Мақаш Тәтімовтің жары Майра апа күтіп алды. Амандық-саулықтан соң:

– Махаңды қайдан танисың? Бұрын сұхбат алып па едің? – деді.

– Мақаш Тәтімовті білмейтін журналист жоқ шығар. Студент кезімде көргенмін. «Қазақтың көбеюіне неге үлес қоспайсыңдар?» – дегенін естігенбіз.

– Махаң сондай еді. Халықтың саны деп жүріп өтті…

Біз Мақаш Тәтімовтің шағын кабинетінде отырып сөйлестік. Ғалымның үлкен портреті, бір сөре кітабы, Президентпен түскен, немерелерімен түскен фотосуреттер бар екен. Домбырасы, қамшысы, жылқының да, түйенің де мүсіндері тұр. «Қазақтың үйінде болуға тиісті заттар кабинетімде де тұруы керек», – дейді екен тірі күнінде.

Майра апамыз Мақаш Тәтімовпен Мәскеуде жүргенде танысыпты. «Мен екінші курс-та оқып жүргенде «үйленейік» деді. Бірақ, мен Мәскеуге оқу үшін келгенімді айттым. Ол кісі аспирантураны аяқтаған соң, бір кісіге үйленді. Араларында екі қыз, бір ұл болды. Ұлы Ерасылды 10 жасында көлік қағып кетіп, қайтыс болыпты. Кейіннен маған үйленді», – деген Майра апамыз да Мақаш Тәтімов секілді ашық-жарқын әңгіме айта алатын жан болып шықты. Бірінші некеден туған екі қызымен араласып тұрады екен. Өзге ұлттан балалары барын, бұған қалай қарайтынын да сұрадық. «Біз оларды көрген емеспіз. Бірақ, ешқашан қарсы келген жоқпын. Өйткені, әркімнің өмір жолы әртүрлі емес пе?!» – деген жауабынан қазақ әйелдеріне тән салиқалы мінез байқалады. Біз Майра ападан Мақаш Тәтімовтің жас кезін, үйде қандай адам болғанын сұрадық.

– Студент болып жүріп, «Цифрлар шежіресі» деген кітап жазды. Бітіргеннен кейін академияға жұмысқа орналасты. Өмірін демографияға арнады. Студент бола тұрып демография туралы кітап шығару екінің бірінің қолынан келмейді. Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханадан шықпайтын. Арасында сабағында жүретін. Ылғи мақала жазды, телевидениеге шығатын, сөйлескен адамдарына демографиясын айта жөнелетін. 1 желтоқсан – Президент күнінде Украинада бірге оқығандар бас қосып отыратын. Әкесінің туып-өскен жері – Абыралы. Ағасының қызметіне байланысты Талғарда тұрды, сосын Таразға көшіпті. Әке-шешесі қайтыс болып кеткенде әкесінің бауырының қолында өскен. Қайыркен деген ағасы Махаңнан жарты жыл бұрын қайтыс болып кетті. Қазақтың тарихын жақсы білетін, медучилищеде сабақ берді. Балалық шағы туралы көп айтпайтын. Себебі, қиыншылықты көп көрген. «Әке-шешесі қайтқаннан кейін ағайынның қолында өсірдім. Олардың бес-алты баласы болған екен. Соның бәрін арқама салып, көтеріп өсірдім» дейтін. Ол заманда кім қиындық көрмеді дейсің?! Анасын көп айтатын. Анасының бір ғана суреті сақталған. Онда да бір баласын әскерге шығарып салғанда түскен суреті екен. Ескі суретті жаңартып, үлкейтіп қойдық. Ал әкесінің бірде-бір суреті жоқ болатын. Мына суретті әкесін көз алдына елестетіп отырып, балама салғызды. Балам Мұхит архитектор, суретті жақсы салады», – деп, қолмен салынған суретін көрсетті.

Мақаш Тәтімовтің ақсарылығы, көзінің көктігі анасына ұқсаған екен. Майра ападан екі баласы бар. Қызы Мирас қазір төрт баланың анасы, ал Мұхит екі баланың әкесі. Мұхиттың есімін Мұқаметқали деп өзі қойыпты. Алашшыл Мұқаметқали – 37-жылы атылып кеткен қазақтың қаймақтарының бірі. Сексен жылдығын тойлап жатқан кезде өмірге келген Мұхитқа есімі беріліпті. Құжат бойынша Мұхаметқали болғанымен, қысқартып Мұхит дейді екен. Тәтімовтің жазуы нашар болыпты. Ешкім тани алмайтын жазуын қызы Мирас қана таныса керек. Сондықтан көптеген кітаптарын теріп, баспаға беруге қызы Мирас көп көмектесіпті.

Тәтімовтің «Көк көрпені бүлкілдете беру керек», «бойдақ салығын салу керек» деген қоғамға жақпай қалған пікірлеріне отбасындағылар қалай қарады екен деген сұрақты да қойдық.

– Ол кісі не айтса да, дұрыс қабылдадық. Өйткені, бізден гөрі көп зерттеген, көп білетін. Сондықтан қарсы келмедік. Бір жақсы жері өз ой-пікірін жасырмай, именбей ашық айтатын. Журналистер кейде кесіп тастайтын. «Сөзімді неге бұрмалайсыңдар?» деп ренжіп жататын. Қай жағынан болса да таза, шын жүрген кісі болды. Бос кезін карта қараумен өткізетін. 1982-90 жылдарға дейін қазіргі Шевченко-Манас көшелерінің қиылысындағы екі қабатты үйде тұрдық. Сол кезде бірінші қабаттан бастап, екінші қабатқа дейін карта іліп тастайтын. Көршілердің «балалар өртеп жіберуі мүмкін» деген қарсылығына қарамай, бәрін көндіріп, карта іліп қоятын. Біздің үйге келетіндер пәтерді адаспай тауып алатын. Қай жерде қанша халық тұратынын, ұлттың құрамын жатқа білетін. Есте сақтау қабілеті мықты еді. Теледидардан өзіне керекті мәлімет естісе, бірден картаға қарайтын. Үйге қонақтар келсе де шығарып алып, карта көрсететін. Базарға барғанды жақсы көретін. Азық-түліктің тізімін жазып беремін, ол кісі алып келеді. Базарға барса көп ел таниды. Таныған соң артығымен береді, кейде тегін береді дегендей… Бір күні базарға барсақ, жуылмаған қиярды жеп жатыр. «Әлі жуылмаған ғой» десем, «бала кезімізде сөйтіп-ақ жеп өскенбіз» дейді. Үйдің тамағын жақсы көретін. Анасы балалар үйінде асханада істеген. Содан болар, борщты жақсы көретін. Бір бағытпен кеткен адам деп айттым ғой. Үй шаруасына да көп араласпайтын. Үйде не бар, не жоқ екенін де білмейтін. Көріп отырғаныңыздай, бала кезінен көп сурет сақталмаған. Жас кезіндегі суреттер де жоқтың қасы. Демографиядан басқа ештеңеге мән бермеген. Қайта суреттерді ұқыптап жинап отырдым. «Жас тұлпар» туралы бір телеарна хабар жасағанда, менің альбомымдағы суреттерді пайдаланды…

«НАН АУЫЗ ТИГІЗУ»

«Бірде Дания елінен әлеуметтанушы-ғалым әйел келіпті. Қазақтың салт-дәстүрін, тұрмысын, демографиясын зерттеп жүр екен. Сол әйел Махаңды іздеп, біздікіне келіпті, – деп әңгімесін жалғады Майра апа. – Жұмыста жүрген маған қоңырау соғып: «Шетелден бір ғалым мені іздеп келіпті. Қазір кетейін деп жатыр», – деді. «Демографтың үйінен құры кеттім деп жүрмесін. Мұздатқышта тұрған нәрселердің бәрін дастарқанға қойып шәй бере бер, мен қазір барамын», – дедім. Жұмыстан шыға салып, үйге келсем, қонағымыз есіктің алдына шығып тұр. Қасында аудармашысы жоқ, аз-кем орысша біледі. «Үйге кіріңіз. Қазақтың салт-дәстүрін көрсетейін», – деп әбігер болдым. Енді қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген адамға қонақжай екенімізді көрсетейін дегенім ғой. «Жок-жок, спасибо-рақмет» деп кетіп қалды. Ас үйге кірсем, дастарқан үстінде наннан басқа ештеңе жоқ. «Күткен түрің осы ма?» десем: «Жоқ, оған нан ауыз тию дәстүрін көрсеттім. Одан басқа не керек?» – деп қарап тұр. Осындай қызық оқиғалары көп. Журналистер келеді, кейде телевидениеге түсірілімдерге барады. Сонда киіміне қарамайтын. Мен қасында тұрып алып «шеш те, шеш» деп ескі киімдерін шешіп алып, галстугын таққызып, костюм-шалбар кигізіп жіберетінмін. Кейде қабағын шытып, бала құсап жылаған дауыс шығарып, кейіп кететін. «Оның бәрі теледидардан көрінбейді», – дейді. Өзім жоқ болсам, балаларға айтатынмын. Балалардың тілін алатын. Академияда істеп жүргенде алған үйін бірінші отбасына берді. Мәскеуден келген соң маған екі бөлмелі үй берді. Осы жерге көшкенге дейін сонда тұрдық. Көршілермен жақсы араласты. Көршілеріміз көбіне түріктер мен орыстар. Оларға түріктердің, орыстардың демографиясын айтып беретін».

Өмір бойы «көбейіңдер» деген сөзді ұран етіп жүрген Мақаш Тәтімов бірінші некеден туған екі қызынан төрт жиен, Майра ападағы балалардан алты немере сүйіпті. Көзі тірісінде жас ғалымдар жағалап келіп, кеңес алып тұрыпты. Бірақ, демографияның соңына түскендер жоқтың қасы. Өйткені, өте қиын сала. Ауырып жатқанда да журналистермен сөйлесуін тоқтатпапты. Статистика басқармасындағы досымен көп сөйлесіп, соңғы деректерді сол адамнан алып тұрыпты.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

«САНАҚ ОН ЖЫЛДА БІР ЖҮРЕТІН, МАҚАШ ОНЫ КҮНДЕ САНАЙТЫН»

Мақаш Тәтімов – феномен. Қазақ демографиясының негізін қалаушы. Әрине, оған дейін де демографтар болды. Бірақ, олар ұлттық үрдістерге мән бермейтін. «Қазақстанда бәленше қазақ, бәленше орыс, бәленше украин бар» деген сөзбен шектелетін. Оның үстіне қазақтың демографияда үлесі аз болды. Қазақ көбіне ауылда тұрды… Ал Мақаш қазақтың болашағын демографиядан көре білді.

Алдымен Тәтімовтің демография туралы кітабын оқыдым. Содан кейін өзімен таныстым. Қазақ баспасөзіне көп шығатын. Қазақ баспасөзін сол кездері оқи бастадым. Содан кездестім, сөйтсем, біртұтас тұлға екен. Ұлтжанды ғалым екен. «Қазаққа қарсы институттар бар. Бірақ, жалғыз өзің оның жұмысын жоққа шығара аласың» деген сөзді кеңес дәуірінде ашық айта алды. «Қалайша? Біз алып машинаға қарсы тұра алмаймыз ғой. Жеңілеміз ғой», – деймін. «Жоқ, бағыт бар, демографиялық үрдіс бар, тарихи объективті заңдылықтар бар. Солар жұмыс істейді. Біз тек бағыт беріп тұрамыз», – дейтін. Сондай кемел ойлайтынына әлі күнге дейін таңғаламын. Ол кісіні Елбасы жақсы көрді. Сенді. Жерге тастаған жоқ. Мәкеңе деген көзқарасы жақсы болды. Қарапайым ғылыми қызметкер болды. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» дегендей, ол жағынан да кемшін түскен жоқ. Көлігі жоқ, қарапайым азамат болса да, Мақаш дегенде қақ жарылып жол беретін. Қашанда ол кісінің пікірімен толықтай келістім. Ұстазымыз болды. Алғашында келіспей, қырсыққандай боламын. Екі минут өткеннен кейін сол кісінің айтқаны дұрыс болып шығатын. Демография бәрін жеңеді дегенде сенбейтінмін. Бір пайызын түсінбеген шығармын, 99 пайыз айтқаны келді. Арамдығы жоқ, шындықты байқаусызда айтып қоятын. Мәскеуде атақты «жастұлпарлықтардың» тобында болған. Қазақтың орыстанып кетпеуіне көп септігін тигізгендердің бірі. Мұндай ірі тұлғалар көп емес. Бізді халық жамандай қалатын. Ал ол кісіні жамандағанын көрген жоқпын. Өлмейтін ұлттың сондай тұлғалары болады және олар дұрыс бағыт көрсетеді. Жас кезімде мені де жөнге салып, үлгі бола білді. «Демография енді қалай дамиды?» Кеңес өкіметінің насихатына қалай қарсы тұрамыз?» деген сұрақтарға жауап іздейтін. Мәскеуде оқып жүргенде жай жүрмей, отаршылардың пиғылын терең зерттеп, басшыларының не ойлайтынын білетін. Оның жолын қуған ешкім жоқ. Бәлкім үшінші, төртінші ұрпағынан шығатын шығар. Бірақ, ондай таланттар сирек, шашылып жатпайды. Қазір демографпын деп жүргендер көп. Бірақ, технократтық жағына қарай кетіп барады. Санақ 10 жылда бір жүргізілсе, Мақаш күнде айтып отыратын. Сол кезде Мәскеуде оқып келгендер ұлт жоспарын жасап келіп, сол жоспардың, жоқ дегенде, жартысын іске асырған. Олардың қырық таланты бар еді. Мен табиғи талантын ғана айтып отырмын. Ол кісі демографиялық сауатсыздықты жойды да, демографиялық ғылымды орнықтырды.

Мұрат ТОҚАШБАЕВ, қоғам қайраткері:

«ПРЕЗИДЕНТПЕН БІРГЕ ОҚЫҒАН»

Мақаш Тәтімовпен 1982 жылы таныстым. Жастарға арналған «Білім және еңбек» деп аталатын журналда қызмет істейтінмін. Сол кездегі бас редакторы Ақселеу Сейдімбек 60-жылдардың ортасында Мәскеуде оқыған бір топ жастардан құралған «жастұлпарлық» жастарды журналдың айналасына топ-тастырды. Сол кезде Мақаш аға да қолжазбаларын алып келетін. Оны машинкаға теріп, өңдейтінбіз. Анықтайтын тұстары, кейбір көзқарастарын ұштайтын кездер болады. Таныстығымыз солай басталып, арты жолдастыққа айналды. Оның үстіне ол кісі де, мен де Алматының қасындағы Талғарда туған екенбіз. «Жерлеспіз» деп іштартып қоятынбыз. Азаттық идеясын арқалап жүрген азаматтармен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Бұлар менің ұлттық көзқарасымның қалыптасуына ықпал етті.

Мақаш ағадан «Нұрекеңмен бірге оқығаныңыз рас па?» деп сұрадық. Сонда: «Иә, рас. 1958 жылы 70-80 қазақ жастары Украинада Петровскіде оқыдық. Сонда Нұрсұлтан көзге көрінетін қазақ жастарының бірі болатын. Бір күні жатақхананың дәлізіне шықсам, бір жігіт жаттығу жасап секіріп тұр екен. Амандастық. Маңдайы ашық екен деп ойладым. Арада бір-екі ай өткеннен кейін Қазан төңкерісінің 41-жылдығына арналған салтанатты жиында біздің атымыздан Нұрсұлтан шығып сөйледі. Содан жақсы араласып, жолдас болып кеттік. Оқуды бітірген соң Теміртауға жіберді. Сол жерде басқосуларда көрісіп жүрдік. Мәскеуге кеткеннен кейін қайтып көрген емеспін. «Азаттық» қозғалысының тең төрағаларының бірі болып жүргенде, 1992 жылдың аяғында мені қабылдауға шақырғанда таңғалдым. Шамамен 30 жылдан кейінгі бірінші кездесуіміз. Алдымен маңызды шаруаларды айттым. Әңгімемді ден қоя тыңдады. «Бұдан басқа қандай өтінішің бар? Басқа да қажеттілігің бар ма?» – деп сұрады. Мен қайтадан «Азат» қозғалысы туралы, халықтың мәселесін айта бастап едім: «Әй, Мақаш, сен баяғыша өз ісіңе фанат күйіңде қалыпсың ғой», – деді. Содан екі жылдан кейін Президенттің ақпарат бөліміне шақырды. Сол жерде отбасы, әйелдер ісі сияқты тақырыптарда жұмыс жасап, мәселелерді алдына қойып отырдым. Олардың барлығы оңтайлы шешілді. Докторлық диссертациямды қорғадым, солай өмір жалғаса берді», – деген еді.

Дүниежүзі бойынша Прагада ғана демография ғылымын оқытатын оқу орны бар екен. Мақаш ағаның мәселе көтеруінің арқасында сол оқу орнына Қазақстаннан 20 бала жіберіліп, солардың алды оқу бітіріп келіп жатыр.

Сөз соңында:

Бойжеткен көрсе, «қазақтың санын көбейтетін шағыңда неғып күйеуге тимей жүрсің?» деп сұрақтың астына ала жөнелетін бір адам болса, ол Тәтімов еді. Ал қазір «Неге күйеуге тимей жүрсің? Неге әйел алмай жүрсің?» деп ата-анасы баласынан сұрай алмайтын жағдайға жеттік, жасыратыны жоқ.

Қазаққа демография деген ғылым керек екенін айтып шыққанда, кекетіп мұқатқандар да болды. Кім не десе де, Мақаш Тәтімов – Голощекиннің, Сталиннің қуғын-сүргінінде кеткен қазақтардың санын, соғыста қаза тапқан қазақтардың санын, одан бөлек Қазақстанға көшіп келген қазақтардың санын есептеп, жариялаған ғалым. Түркітілдес халықтардың жалпы санын есептеген ғалым ретінде де құрметке лайық деп ойлаймыз. Ол мамандығын сүйгені сонша, қағаздарына қарап отырып: «Бүгін бәленбайыншы қазақ дүниеге келді», – дейді екен. Майра апа қызы Мирас екеуі Тәтімовтің қолжазбасын жинастырып, «Демографиядан демократияға дейін» деген кітабын шығарыпты.

Қарашаңырақтың түтінін түтетіп, немере бағып отырған апамыз сөз соңында бір өтініш айтты. Осыдан екі жыл бұрын бір журналист барлық материалдарды алып, алдын ала 25 мың теңге ақша сұрап, Мақаш Тәтімов туралы кітап жазамын деп кетіпті. Содан бері кітап та жоқ, ақша да жоқ. Сол журналиске дұғай-дұғай сәлем айтуымызды өтінді…

 

 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2017

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз