Атыңды сенің айтамын əн қылып неге,
Қозым-ау, – деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мəңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам, – деп жырлаған бард ақынның шығармашылығымен студенттік жылдарда таныстым. Өзім таулы өлкенің қызы болғандықтан, заңғар биіктікті тауы жоқтар қалай елестетеді екен деп ойлайтынмын. Сонда: «Қыр баласы тауға қарап өспейді, қыр баласы қол созады аспанға», – деген өлең жолдарына қызығып ем.

 

«Мəңгі бақи мекенімді табу үшін Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем бақұлдасып сендермен.
Махаббаттың жаршысымен қалу үшін қоштасып,
Қабіріме келер талай қос ғашық».

Өзі өмірден өтсе де, өлеңдері өлмейтінін сезген қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың əндерін білмейтін қазақ жоқ шығар. Бард өнері орта ғасырда Еуропада бастау алған. Ақындар өлеңдерін əртүрлі музыкалық аспаптармен сүйемелдеп жеткізген. Музыка мен поэзия бір-бірінен ажырамайтын бұл жанрды ертедегі жыраулық өнермен байланыстыруға болады. Табылдың ұлы Абыл əкесінің өнерін жалғап жүр. Ақпан айының ортасында «Қазақстан» орталық концерт залында Абыл Аяштың «Тұңғыш рет» атты жеке концерті өтті. Елорда жұртшылығы Табылдың əндерін орындаушы Абылдың өнеріне сүйсінді. Абыл ақыл тоқтатқан азамат болыпты. Оны сұқбаттасқанда байқадық.

Ұлан: Əкеңіздің атында қор бар. Онда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Абыл Аяш: Əкем дүниеден өткен соң Табылды Досымов атындағы қор құрылды. Оның директоры – кəсіпкер Бижан Қалмағанбет ағамыз. Жыл сайын поэзия, жыр кештері, спорттық шаралар жəне фестивальдер ұйымдастырады.

Ұлан: Қазақ эстрадасына «этнобардизм» деген жаңа бағыт əкелем деген едіңіз. Бұл қандай бағыт?

Абыл Аяш: Домбыра, қобыз сынды этноаспаптарды эстрадаға əкелу. Əкем кəсіби əнші емес. Сондықтан əкемнің əндерін кəсіби деңгейде жанды дауыста, ұлттық аспаптармен орындасам, сол жанрды этнобардизм деп атауға болады.

Ұлан: Əкеңіздің қандай қасиеттерін үлгі етесіз?

Абыл Аяш: Əр ер азамат үшін əке – дара тұлға, биік шың. Өнердегі, өмірдегі достары айтып жүргендей əкем айтқанынан қайтпайтын қайсар болған. Ойына келген істі жүзеге асыруға ынтық боп тұратын. Менің де мақсатым осы. Жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, ойымдағы дүниені іспен көрсетсем деймін. Ешқандай əке ұл-қызының жаман болғанын қаламайды ғой. Адамдық қасиеттерді жоғары қоюды үлгі еткен болатын.

Ұлан: Əкеңіз жасөспірім шағында спорт шеберіне үміткер болыпты. Өзіңіз спортпен айналысасыз ба?

Абыл Аяш: Əрине, əкемнің көпшілік біле бермейтіні қыры – спортпен айналысқаны. Мектеп кезінен бастап, студенттік жылдарында ел намысын қорғап, Мəскеуге де барған екен. Ал өзім күнделікті жаттығулар болмаса, спортқа жоқпын (күліп).

Ұлан: «Жарыққа шықпаған əндерін архивімде сақтап жүрмін» деген екенсіз. Ол əндері жарыққа қашан шығады?

Абыл Аяш: Алдағы екі-үш жыл көлемінде этнобардизм жанрымен əкемнің тыңдармандарын қуантқым келеді.

Ұлан: Эстрада əншілері Табылдының əндерін сұрай ма?

Абыл Аяш: Сұрайтын əншілер көп, тіпті сұрамай айтып жүргендері де бар. Əкем көзі тірісінде: «Менің əндерім көп, бəріне жетеді. Ең бастысы, стилін, мақамын бұзбай айтса, еш қарсылығым жоқ», – дейтін. Қоғамдық қор əндердің əуені мен сөздерінің бұзылмауын, əлдекімдердің пайдаланбауын қадағалап отырады. Əкемнің əнін өз нұсқасында керемет шырқап жүрген аға-əпкелеріме алғысымды айтамын.

Ұлан: Аймақтарды аралап, концерт беру жоспарда бар ма?

Абыл Аяш: Облыстардан ұсыныстар түсіп жатыр. Əлі нақты шешілмеді. Өзара талқылап, бір-екі жыл ішінде аймақтарды аралап, концерт беруіміз əбден мүмкін.

Ұлан: Алдағы мақсатыңыз қандай?

Абыл Аяш: Менің мақсатым – жұлдыз һəм танымал болу емес. Əкемнің əндерінің мақамын, сөзін бұзбай, кəсіби деңгейде қазақ даласына жеткізсем деймін.

Ұлан: Тұңғыш концертіңіз қалай өтті? Көңіліңізден шықты ма? Халық қандай пікір айтып жатыр?

Абыл Аяш: Тұңғыш концерт болғандықтан кемшіліксіз өтпейтіні анық. Көңілімнен шыққаны – халық мені сынап емес, қолдап келді. Халықтың «Табылдың ұлы Абыл ғой» деп шын ықыласымен келгеніне қуандым.

«БАЛАМ АСТАНАҒА АЛДЫРТТЫ»…

Табылды Досымовтың жары, Абылдың анасы Қарлығаш Ибатованы де сөзге тартқан едік.

«Əкесінің армандап кеткен кешін ұлы беріп жатыр. Өте қуаныштымын. Ешкім оны өнерге баулыған жоқ. Бала күнінде əкесі сахнаға да ертіп шықпаған. Өзі де өнерге барамын деп ойламаған. Бірақ бұйрық екен, өнерде əкесінің ізін жалғаймын деді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына сынақ тапсыруға барып отырмыз. Айналадағы адамның бəріне қарап, «Абыл, түсе алмасаң тауың шағылады-ау. Қайтсақ қайтеді», – десем, «Осы оқудан басқаға бармаймын. Қайтсем де түсемін», – деп шоқиып отырды да қойды. Осы кештің өтетінін айтып хабарласқанда, қобалжып: «Сенің тілеуіңді тілеп, үйде отырсам қайтеді?» – дегеніме қоймай, Астанаға алдырды. Негізгі мамандығы журналист болған жарым Табылдының келбеті қаталдау көрінетін. Жұрттың жүзіне оңайлықпен күле қарамайтын. Айтылуы тиіс сөзді айтып салатын, көңілі ақ, ниеті таза болатын. Үш қыздың ортасындағы жалғыз ұл болғандықтан Абылды жанынан тастамай алып жүретін. «Абыл, сен осы кім боласың?» – депсұрағанда, балам «əлі білмеймін» дейтін. «Менен сұрасайшы кім болатыныңды», – дейтін. Бір күні домбыра үйірмесіне алып барды. Екі күннен соң қатыспаймын деп қайтып келді. Содан соң өнерге бармайтын болар деп ойладық. Ержетіп, ақыл тоқтатқан кезде ықыласы өнерге ауып, академияға түсті», – дейді Қарлығаш апай.

Əкенің ізін жалғайтын ұл барда өнердің өшпесі анық. Абылдың армандары орындалсын. Тыңдарманы көп болсын дейміз.

БАЛА МУЗЫКАМЕН АЙНАЛЫССА…

Ұл-қызын музыка үйірмесіне берер-бермесін білмей жүрген ата-аналарға құлаққағыс ретінде қызықты деректер ұсынамыз.

Егер бала музыкамен айналысса:

  1. Музыкалық дəрістер баланы тəртіпке үйретеді. Бір аспапты үйрену үшін тұрақты түрде, үзіліссіз үйірмеге барады. Спорттағы секілді музыка саласында да жетістікке жетуге болады. Ешқандай жарақатсыз, мінезді қалыптастыруға ықпалы зор.
  2. Музыкамен айналысқан бала есепке шорқақ болмайды. Альберт Эйнштейн скрипкада ойнай білген. Оксфорд университетінің физик-математиктерінің 70 пайызы музыка клубының мүшелері екен.
  3. Музыка мен тіл – егіз ұғым. Бірінші музыка пайда болған. Яғни басқа тілді меңгергісі келетіндер музыка арқылы үйренсе қиынға соқпайды.
  4. Музыкалық білімі бар адамдар бейтаныс ортамен араласудан қашпайды екен. Жаңа ортаға тез бейімделеді.
  5. Microsoft компаниясы қызметкерлерінің музыкалық біліміне жіті мəн береді. Музыкалық сауаты бар адамның компьютермен жұмыс істеуі де оңай.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз