«ҰЛАННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Туған жылы: 1994 жыл

Туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы

Білімі: Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы, музыка бөлімі

Ұстанымы: «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме!» (Абай)

 

Музыка – қатпар-қатпар бағыттар мен жанрлардан тұратын ғалам. Ол біз ойлағаннан да жұмбақ. Ән аспанына әрбір өнер иесі өз қолтаңбасын қалдыруға ұмтылып келеді. Қоңыр даусымен көз алдымызға кең даланы елестететін Жұбаныш Жексенұлының тұңғышы Әбілқайыр Жексен де әке жолын қуып, музыкадағы еркіндігімен, жаңашылдығымен көзге түсіп жүр. Бүгін біз Әбілқайыр әлемімен сырласпақпыз…

Ұлан: Əбілқайыр, есімің тарихи, терең есім. Əр адамның есімі тағдырына тікелей əсер етуі мүмкін. Əңгімемізді есіміңнен бастайықшы…

Аbik Jeksen: Өз есімім өзіме өте ұнайды. Расында да, сондай ерекше есім. Мен дүниеге келгенде отбасы мүшелері ешкімге ұқсамайтын ат іздеген екен. Үйдің тұңғышы болғандықтан ата-əжемнен бастап, барлық туыстарым өз нұсқаларын ұсына бастапты. Есімнің көп болғаны сонша, қайсысын таңдарын білмегендіктен əркім қағазға жазып, барлық нұсқаның ішінен «Əбілқайыр»  озып шығыпты.

Ұлан: Сонда бұл атаңның ұсынған есімі ме?

Аbik Jeksen: Жоқ, атымды əкем қойған. Бір қызығы, осы есімді əкем көптен бері ойлап жүрген екен. Бірақ, кішкентай балаға осындай тарихи есім ауырлау болады дейтіндер де бар. Мен де Əбілқайыр деп екінің бірі атағанын қаламайтынмын. Бала кезімде отбасымдағылар Əбеке деп шақыратын. Сонда кейбіреулер есіктен үлкен кісі кіріп келетін шығар деп ойлаған көрінеді (күліп).

Ұлан: Ал қазір сені Abik Jeksen ретінде танимыз…

Аbik Jeksen: Иə. Əкеммен бірге алғаш үлкен сахнаға осы лақап атпен шықтым. Қазір көп танысым осылай атайды. Айтуға да ыңғайлы. Бұл лақап атты өзім қойдым. Ал Əбілқайыр есімі мен үшін өте зор құрмет.

Ұлан: «Толқыннан толқын туады» демекші, бүгінде сен əке жолын жалғап, өнер кеңістігін таңдадың…

Аbik Jeksen: Менде басқа таңдау болған жоқ. Тіпті, басқа сала маманы болсам деп бір сəт те ойлап көрмеппін (күліп). Себебі, айналамның бəрі əн болды. Ойыншықпен ойнаудың орнына музыкалық аспаптарға қызығып өстім. Анам да, əкем де музыканы жанымен сүйетін адамдар болғандықтан, менің қалауым да осы жол болған тəрізді. Сонымен қоса, бұл таңдауыма ата-анам да еш қарсы болған жоқ. Басқа жолды таңдасам да қарсы болмас еді. Мен өз жүрегімнің шешіміне жүгіндім.

КЕЗ КЕЛГЕН САЛА КӘСІБИЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Ұлан: Қазақ сахнаны киелі, қасиетті төрге теңейді. Алғаш сахнаға шыққан кезің есіңде ме?

Аbik Jeksen: Əрине, есімде. Ондай сəтті ұмыту мүмкін емес қой. Жазғы каникул бола салысымен бірден ауылға аттанатынбыз. Нағашыларым өнерлі адамдар. Сол кісілермен бірге ауыларалық гастрольдерге шығып, халықты бір серпілтіп қайтушы едік. Ауылдарды аралап, өнер көрсететініміз туралы алдын ала хабарланатындықтан, көрерменіміз де аз болмайтын. Атам түрлі фокустар көрсетеді, аға-əпкелерім көрініс қойып, би билейді. Ал мен əн айтатынмын. Менің алғаш сахнаға шығуым балалық шақпен тығыз байланысты. Сол бала арманым мені адастырмай, алға жетелеп келеді.

Ұлан: Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы музыкалық бөлімінің кəсіби гитарист мамандығын тəмамдайды екенсің. Гитарамен қашаннан бері доссың?

Аbik Jeksen: Маған бала кезден басқа аспаптардан гөрі гитара қатты ұнайтын. Себебі, өзім жақсы көретін бір фильмнің басты кейіпкері гитарист еді. Оның гитараны еркін меңгергені бала көңіліме əсер еткені сонша, ешкімнің көмегінсіз, гитараны өзім үйреніп алдым. Не нəрсе болсын кəсібилікті талап етеді емес пе?! Сондықтан, кəсіби гитарист болғым келді.

Ұлан: Осыдан бірер жыл бұрын америкалық танымал гитарист, John Mayer деген əншінің гитарасын сыйлыққа алыпсың…

Аbik Jeksen: Иə. 2015 жылы маған өзімнің сүйікті əншім, John Mayer гитарасын əкем арнайы тапсырыспен алдырып, тарту етті. Бұл – менің өмірімдегі естен кетпес оқиғаның бірі. Осы гитараммен талай авторлық əндер шығаратыныма сенемін.

Ұлан: Жалпы, қанша гитараң бар?

Аbik Jeksen: Екі электр, үш акустикалық гитарам бар.

Ұлан: Жастардың арасында басқа жанрдағы, басқа стильдегі əндерді тыңдайтындар көбейді. Мен жақсы мағынасындағы бағыттарды айтып отырмын. Сүйікті гитараңмен ерекше əуендерді дүниеге əкеліп жүргеніңді білем. Өзіңнің авторлық əндерің ойнақы əрі ойлылығымен маған жақсы əсер қалдырды…

Аbik Jeksen: Менің ойымша, заман өзгерген сайын, музыканың бағыты мен бағдары да өзгеріске ұшырайды. Өйткені, қай кезде де музыка халықтың көңіл-күйімен, хал-жағдайымен ұштасады. Менің əзірге екі авторлық əнім бар. Бұл аяқталған, жарық көруге дайыны ғана. Көбіне əуен шығарамын, нағыз композиторлар секілді мəтінге қарап əн шығару дəрежесіне əлі жеткен жоқпын. Дегенмен, «Сеземін бəрін», «Уақыт» атты екі əнім көп кешікпей тыңдарманға жол тартады.

Ұлан: Авторлық əнді автордың өзі орындай ма?

Аbik Jeksen: «Сеземін бəрін» əнін Jband тобына арнап жазған болатынмын. Бұл музыкалық топтың құрамында мен екі жылға жуық гитарист əрі вокалистпін. Топты құрған Жантемір Баймұхамедов атты музыкант, режиссер ағамыз. Ол кісі қалыптасып қалған қағидалармен өмір сүрмейді. Музыкаға деген өзіндік көзқарасы бар. Алдыңғы буын ағаларымыздан үйренеріміз көп болғандықтан, өмірлік тəжірибе жинап жүрмін.

Ұлан: Аbik, музыкалық тəжірибеңді толықтыру үшін, өзіңді сынап көру үшін түрлі эксперименттерден бас тартпайтын батылдығың бағалауға лайық. Былтыр Нью-Йоркқа, биыл Прагаға барып қайттың. Ол жақ бізден несімен озық?

Аbik Jeksen: Ел ішінде жүре берсек, өзіміздің қандай екенімізді сезіне алмайтын секілдіміз. Сондықтан, мүмкіндік болса өзге елдерге жиі саяхаттағанды жөн көремін. Тіл білсең, бəрі оңай. Еуропа елдерінде эстрадаға қарағанда, классикалық музыка қанат жайғаны белгілі. Бетховеннің, Моцарттың əуендерін сүйіп тыңдайтын тыңдарман бізде де бар. Бірақ, тым аз. Бұл салыстыру емес. Америкалықтардың музыкадағы еркіндігін бойымызға сіңіруге болады. Ал, Прагада профессорлардың сынағына қатыстым. Олар тыңдалымда дауысымды, қабілетімді сынап көрді. Өкінішке қарай, ол жақта эстрада бойынша магистратура жоқ болып шықты. Бірақ, жақсы бағалады. Алдағы уақытта музыкалық білімімді жетілдіргім келеді.

Ұлан: Сені əлемдегі, айналамызда болып жатқан өзгерістер алаңдата ма?

Аbik Jeksen: «Адам – қоғамның айнасы» дейді ғой. Айналамызда болып жатқан кез келген құбылысқа өзіміз жауаптымыз. Көшеде телефонға үңіліп бара жатқан өзім секілді жастарды жиі байқаймын. Технологияның осынша қарқынды өскеніне үлкендер үйрене алмай жүрген тəрізді. Дегенмен, жақсы жағын алып, теріс жағына мəн бермеу өз қолымызда ғой.

Ұлан: «Ұланның» оқырмандарына айтарың бар ма?

Аbik Jeksen: Құрметті жас оқырман! Біз – еліміздің болашағымыз. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Сендердің кітапқұмар, əсем əнді сүйетін, патриот, айналасына көмек қолын созатын жандар екендеріңе сенемін. Бəріміз ата-анамыздың ақ үмітін ақтайық. Бізге шынайы сенетін, қолдау көрсететін солар ғана! Бəріңнің биіктерді бағындырғандарыңды қалаймын.

Ұлан: Тілегің мен сұхбатыңа рахмет!

Сұхбаттасқан Əлия ІҢКƏРБЕК

«Ұлан» газеті, №35

29.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз