6-сынып оқып жүргенде мұғалім Ыбырай Алтынсариннің «Өзен» атты өлеңін орысшадан қазақшаға аударып келуге тапсырма береді. Барлық оқушы өлеңнің мазмұнын ғана 5-6 сөйлеммен аударып барады. Ал біздің кейіпкеріміз ырғағын сақтап, өлеңнің поэтикалық аудармасын жасайды. Бұл Илья Одеговтың əдеби аударма саласына жасаған алғашқы қадамы еді. Бүгінде ол – еліміздегі көркем əдебиет аудармасындағы үздіктердің бірі. Бірнеше əдеби туындының авторы, жазушы. Жақында өткен TEDxAlmaty конференциясында Илья аудармаға қалай келгенін, əдеби шығарманы тəржімалаудағы қателіктермен бөлісіп, мықты аудармашыны қалай табуға болатынын айтып берді.

Илья Одегов бала кезінен кітапты үзбей оқиды. Ол кезде қолына түскеннің бəрін оқи беріпті. Өзіне ерекше əсер еткен шетел ақын-жазушыларынан Дюма, Голявкин, Стивенсон, Хармс, Коваль, Гоголь, Даррелл секілді ұзынсонар жалғасып кете беретін авторларды атады. Бала кезінен сүйікті жазушылары көп. Қазіргі күнде де оларды қайталап оқып тұрады екен. Кітап оқып өскен бала жазушыға, тіл білетінінің арқасында əдеби аудармашыға айналады:

– Бірнеше тіл білетін адам ретінде жəне жазушы ретінде маған бұл екі нəрсені біріктіруге болатыны туралы ой келді. Өзім Алматыдағы Абылай хан атындағы Əлем тілдері университетінде Халықаралық қатынастар факультетін аяқтадым. Бірақ, мамандық бойынша жұмыс істемеппін. Аудармаларыма келсек, ағылшын тілінен Америка тарихындағы аса ірі ақын  Роберт Фросты, көзі тірі кезінде еш еленбеген, ал қазір ағылшын поэзиясындағы шоқтығы биік ақын Уильям Блэйк пен əдебиет саласынан Нобель сыйлығын бірінші алған ағылшын жазушысы, ақын Редьярд Киплингті аудардым. Испан тілінен ақын Федерико Гарсиа Лорканы,  швед тілінен ақын Гуннар Экелевты, қазақшадан қазақтың бас ақыны Абайды, Мағжан Жұмабаевты, Ыбырай Алтынсарин мен Қуандық Шаңғытбаевты жəне тағы басқа ақын-жазушыларды аудардым. Менің аудармаларымды Мəскеудің «Новый мир» журналынан оқуға болады.

Илья бірнеше тілде еркін сөйлесе де, тек орыс тілін ғана жақсы білемін деп есептейді. Аудармашы болып жүрген соң қазақша біледі, ағылшын, испан, неміс, жапон, серб, хинди жəне өзге де тілдерді үйренеді. Айтуынша, тіл үйренуге мүмкіндік өз-өзінен туындайды екен. Мəселен, бір кездері серб ұлтының қызымен əріптес болып, одан серб тілінде бірнеше тіркесті үйренеді. Тілге қызығып, ары қарай өзі оқып кетеді. Жаттаған сөздері мен құраған сөйлемдерін əріптесіне тексертіп жүреді. Шетелге шыққанда сол елдің тіліндегі ең болмағанда бірнеше тіркесті үйреніп алуға тырысады екен. Аудармасына қоспаса да, қызығушылықтан бір-екі сөйлем жаттап алуға болады. Алдағы уақытта неміс поэзиясынан біраз шығарманы аударғысы келетінін де айтты. Өйткені, орысша тəржімаланбаған қызықты неміс авторлары көп.

АВТОРДЫҢ ОЙЫН БҰРМАЛАУ – ҮЛКЕН ҚАТЕЛІК

Герольд Бельгер Əбдіжəмил Нұрпейісовтың «Қан мен терін» аударғанда қатты қиналыпты. Автормен бірге отырып, қанша рет қайта қарағандарын күнделіктерінде жазған да. Осыны алға тартып, Ильядан «Сізде де осындай жайт кездесті ме?» деп сұрадық. Бұл сұрағымызға аудармашы былай деп жауап берді:

– Жоқ, менің позициям оған қарама-қарсы. Егер шығарма авторы белгілі бір əдісті таңдаса, мен шығарманың жазылу стиліне араласуға немесе шығарманы басқаша етуге қақым бар ма? Меніңше, жоқ. Кішкентай ғана өлең шумағының өзін ұзақ аударамын. Тəржімада қиындық өте көп. Өлеңді аударғанда бар мəселе оның шумақтарында. Поэзия дегеніміз тек қатар-қатар ұйқастар ғана емес қой. Онда рифма, ырғақ, өлшем, қарқын, теңеу мен ерекше фонетикалық қатар бар. Сондай-ақ, төл сөз бен қандай да бір мəдени аллюзия, тілдің əуені мен мағына бар. Мұның барлығын басқа тілде сөйлету мүмкін емес. Бірақ, еңбектеніп, сапалы аударуға тырысу керек. Жақсы аудармашыны тапқыңыз келсе, бір шығарманың бірнеше аудармасын оқып шығыңыз. Сапалы аудармасы табылғанша жалықпаңыз. Ал ең жақсы аударылған нұсқасы қолыңызға тигенде, сол аудармашыдан айрылмаңыз.

Оқырмандар Ильяны үздік аудармашы санайды. Мұндай мəртебеге қажырлы еңбегінің арқасында жетті. Қандай болса да, кез келген шығарманы аударғанда оның өз қиындығы болады екен. Əрқайсында құр мағынаны жеткізіп қана қоймай, шығармадағы автордың үнін сақтағысы келеді. Илья жақында бұған дейін орыс тіліне аударылмаған Редьярд Киплингтің «Қарыз» əңгімесін аударыпты. Əңгімеде ағылшын сленгі мен хинди тілінен енген кірме сөздер, аллюзияның біраз түрі мен сөйлемнің екі түрлі мағынасы қатар келеді екен. Мұндай шығарманы аударғанда негізгі мəтіннің өзін аудару өте ұзақ уақытты алатын көрінеді. Сонан соң аударғаныңның бəрін көркем шығарманың тіліне келтіретіні тағы бар. Илья аудармасы қиын тіл деп қазақ тілін айтады.

– Біріншіден, əдеби қазақ тілінің тұрмыстағы тілден айырмашылығы көп. Екіншіден, қазақ тілі – мағынасы жағынан да, эмоциясы жағынан да зор тіл. Аудармада тұпнұсқа өлеңнің ырғағы мен мөлшерін сақтай отырып, ойдың мағынасы мен мəнін, көркемдігін жеткізу оңай емес, кей жерлерін аудару мүмкін емес деуге де болады. Қазір қазақшадан орысшаға Шабаз Иманалиевтің өлеңдерін аударып жатырмын.

Илья аудармаға кіріспес бұрын автор шығармаларының алдыңғы аудармаларын оқып, оларды салыстырып шығады екен. Автордың жазу стилін сезіну үшін оның тұпнұсқадағы шығармаларын қайталап оқи беруге дағдыланған.  Аудармада қателік деген аяқ астынан. Бірақ, ең үлкен қателік –аудармашының, автордың айтайын деген ойын əдейі болсын, байқаусызда болсын бұрмалап жіберу.

Қазақстанда əдеби аудармашылар аз. Барының қатары сиреп келеді. Соңғы жылдары əдеби шығармаларды аударумен айналысқан екі қазақ авторы дүниеден озды.

Олар – Əуезхан Қодар мен Жанат Баймұхаметов. Əуезхан Қодар көп жылдар бойы Абайды аударып жүрді. Ал Жанат Баймұхаметов неміс поэзиясы мен философиясын өте қызықты аударатын. Бар мəселе Қазақстанда əдеби аудармашылардың танымал еместігінде. Бұл іспен көбіне əлемдік əдебиеттен оқшауланбауды қалайтын энтузиастар айналысады.

– Қазір қазақстандық əдеби шығарма-лардың шетелдерге таралуы туралы көп сөз қозғалады. Бұл, əрине, жақсы… Бірақ, меніңше, алдымен қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударуды қалып-тастырып алуымыз керек. Бізде заманауиəдебиет тұрмақ, классиктердің біразы аударылмаған. Мəселен, мен Домбровскийдің қазақша аудармаларын көрмедім. Абай мен Мағжанды аударып жүріп,олардың орыс тіліне мүлдем аударылмаған өлеңдерін таптым. Ал шетелге шығуға келсек… Ресейдің «Дружба народов», «Новый мир», «Знамя» секілді қалың əдеби журналдарын онлайн оқуға арналған «Журнальный зал» атты интернет-ресурсы бар. Бұл – орыстілді аудиториядағы ең кəсіби əдеби алаң. Онда журналдардың тоқсаныншы жылдардағы мұрағаттары бар. Абай мен Мағжан да менің аудармаларымның арқасында осы журналдар мен интернет ресурстағы авторлардың қатарына енді. Бұл қатты қуантқанымен, əлі де аз екенін түсінесің. Егер біз мəдениетімізді дамытып, алдыңғы қатарға шығарғымыз келсе, бірнəрсе істеу керек.

АЛҒАШҚЫ РОМАНЫМЕН ТОП ЖАРҒАН

Илья Одегов 1999 жылы «Мусагет» қорының шеберлік сабағына қатысады. Содан бастап жазу өнеріне кіріседі. Тырнақалды туындысы – «Звук, с которым встает солнце» романы «Заманауи қазақстандық роман» байқауында бас бəйгені жеңіп алды. Жазушының «Без двух один», «Тимур и его лето», «Любая любовь» атты кітаптары бар. Сонымен қатар, Илья Алматыдағы Ашық əдеби мектепте əдеби сыншы Оксана Трутневамен бірге сегіз жылдан бері сабақ береді. Ол мектепте жазуды жаңадан бастап жүрген жас жазушылар оқиды. Олардың қатарынан мектеп жасындағы оқушылар мен зейнеткерлерді көре аламыз. Құдай берген таланты бар жанды үйретіп əуре болмайды. Алайда, мамандықтың негізін меңгеріп, жазба ісін үйреніп алуға болады екен. Илья шəкірттерін драматургияға, композиция құру тəртібіне жəне тағы басқаға үйретеді. Мектеп түлектерінің қатарында Аделия Амраева, Данияр Сугралинов сынды оқырмандары қалыптасқан жазушылар да бар. Илья өзгелерді жазушылыққа үйретіп жүргенімен, өзі ештеңе жазып жүрген жоқ.

– Шынымды айтсам, қазір ештеңе жазып жүргем жоқ. Біздің елде жазушылар бағаланбайды, əдебиетті қолдап жатқан адам жоқ. Ашық əдебиет мектебідеген мектеп бар. Қазір сонда сабақ беремін. Түрлі əдеби жобаларды жасаймын, əдеби аудармамен айналысамын жəне сіз секілді журналистермен сұқбаттасуға барамын.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №41
10.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз