Ақжол Жұматай 13 жасында толағай табысқа қол жеткізген еліміздегі ең атақты шабандоз. Ол осы уақытқа дейін 100-ден аса бәйгеге қатысып, 60 шақты көлік ұтқан. Жақында Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойында «Мұрагер» атты сәйгүлікпен бәйгеде топ жарып, Астанадан бір бөлмелі пәтерге ие болды. Аламанда алдына жан салмайтын шабандоз Ақжолмен әңгімелесу үшін арнайы ауылына іздеп бардық.

– Атқа қызығушылығымды Ермахан ағам оятты. Сегіз жасымнан бастап атқа мініп, бәйгелерге қатысамын. Алғаш қатысқан бәйгемде бірінші келіп, түйе ұтып алдым. Тоғыз жасымда алған алғаш-қы ірі жүлдем – «Lada Granta» автокөлігі болды. Атқа шапқанда бар дүниені ұмытамын. Бірақ бәйгеде тактикамен шапқан жөн. Бəйгені топпен бірге бастаймын. Әр айналым сайын аттың жағдайын бақылап, күшін соңғы айналымға сақтаймын. Мысалы, тоғыз айналымнан тұратын аламанның алты айналымында тізгінді тартып отырамын. Басында шабысты үдетіп, қамшы баса берсең, аттың өкпесі соғып, болдырып қалады. Мен барынша қамшы ұрмауға тырысамын. Өйткені аттың денесі тітіркеніп, шабысынан жаңылады. Бастысы, аттың жанын түсіне білу керек. Сондай-ақ шабандоздың салмағы да аса маңызды рөл ойнайды. Алғаш атқа шапқанда салмағым 20 келі болды, қазір 37 келі. Салмағымды қадағалап, артық салмақ қоспауға тырысамын, – дейді Ақжол.
Ақжол бір бәйгеде 2-3 атқа қатарынан шаба береді екен. Оған бұл қиындық тудырмайды. Десек те, бәйгеде келеңсіз жайттар да болады.

– Аламанда әртүрлі оқиғалар болады. Сырт көзге бәрі оңай көрінуі мүмкін. Бірақ 70-80 ат шапқанда додада аттан құласаң, қиын болады. Астанада ЭКСПО көрмесі аясында өткен құнан бәйгеде аттан құлап, қолымды сындырдым. Мәреге екінші келе жатқанда аттың аяғы сүрініп кетті. «Алтын тұлпардың» алдында Балқаш ауданындағы, Желтораңғы ауылында өткен бәйгеде де қолымды сындырғанмын. Құнан бәйгеде бірінші келе жатқанда алдымнан адамдар атып шықты. Атым үрік-кеннен қара тартып, жолдағы терекке барып ұрынды. Қолым сынып, қатты зақымданды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Көкбастауда ұйымдастырылған аламан бәйгеде сынған қолыммен шауып, «Дауыл» атты сәйгүлігіммен бірінші келдім. «Алтын тұлпар» бәйгесіне қатысқанда жарақатым толық жазылмаған болатын. Бірақ бәйгеге шабуды, атты жаным сүйгендіктен, еш ойланбастан дүбірлі додада өнер көрсеткім келді. Өздеріңіз білетіндей, «Шамал» атты тұлпарыммен топ жардым. Елордамыздың 20 жылдығына орай, бәйге түрлерінен өткен Астана қаласының кубогінде топ бәйгеде «Мұрагермен» бірінші, аламанда «Бұйражал» атты сәйгүлікпен екінші келген болатынмын. Көпшілік қауым «Бұйражалды» кеш жіберіп қойды» деген пікір білдірді. Бірақ «Бұйражал» бір апта бұрын ғана Лепсіде өткен 31 шақырымдық аламанда дара келген. Астана кубогінде соның салдарынан сәл қиналып қалды.

Ақжол Қазақстандағы ең жүйрік тұлпарларға жайдақтай шапқан. 50 миллион теңгеге жуық ақшалай сыйлыққа да ие болған. Бірақ бұл сыйлықтың бәрін ат иелері иеленеді. Дегенмен, ол әжесіне екі үй, әкесіне көлік әперген. «Ат тұяғын тай басар» – дейтін Ақжолға сәйгүліктердің бәрі бірдей. Сонда да бір бүйрегі бұрып тұратын, жанына жақын тұлпары бар екен.
– «Шамал», «Сүлікқара», «Бәйтерек», «Босмойын», «Шағала», «Мұрагер» атты сәйгүліктің бәрі мықты, алдына ат салдырмайды. 51 шақырымдық «Алтын тұлпар» бәйгесін ұтқан «Шамал» өте шыдам-
ды әрі ұтқыр. Бұл тұлпарлардың бәрін жақсы көрем, әрқайсының орны ерекше. Жаныма тай күнінен баптаған, шашасына шаң жұқтырма-ған «Мұрагер» жақын. «Мұрагермен» талай дүбірлі додада топ жарып, неше түрлі көлік ұттым. Астанадағы пәтерді де осы сәйгүлігімнің арқасында алдым. «Мұрагер» өте шыдамды, әр айналымда қарқынына қарқын қосады. Қырғызстанда өткен «Көшпенділер» ойынын да «Мұрагермен» қатыстым. Қазақ-станда ғана емес, әлемге әйгілі шабандоз болғым келеді.
Ақжолға сырт өңірден көптеген атбегілер хабарласып, аттарына мініп беруін өтінеді. Ол ұсыныстың бәрін қабылдай бермейді. Оның да өз себебі бар.
– Бәйгелерге қатысуымды сұрай-тындар көп. Басым көпшілігіне «уақытым жоқ» деп жауап беремін. Бірақ ешқашан осынша ақша бересің, не болмаса мынандай зат бересің деп шарт қойған емеспін. Қазір бастығым Мерхат Бұлғынов ағамыздың ғана аттарына мінемін. Сондай-ақ бәйге аттарын баптаудың қыр-сырын үйреніп, атбегілікке де бет бұра бастадым. Өмірім атпен байланысты болғандықтан, жылқыға қатысты барлық дүниені білгім келеді, – дейді Ақжол.
Айтпақшы, Ақжолдың ағасы Ермахан – еліміздегі ең жас атбегі. 16 жасар атбегінің де жеткен жетістіктері аз емес. Ермаханнан атбегіліктің қыр-сыры мен қазіргі бәйгеге қатысатын аттардың ерекшелігі туралы сұрадық.

Ермахан ОРАЗЫМБЕТОВ, жас атбегі:

Ат баптау өнерін насихаттағым келеді

– Мен де жеті жасымнан бастап бәйгеге шаптым. Алғашқы бәйгемде 100-дей ат қатысып, алтыншы келгенмін. Белгілі атбегі Қанат Қасымов ағамыздың аттарымен шауып, төрт жылдай сол кісіде жұмыс істедім. Алматы қаласының кубогінде, құнан бәйгеде «Боец» атты жүйрікпен бірінші келіп, он жасымда алғашқы автокөлікті ұттым. 2013 жылы Алматы облысы, Дегерес ауылында өткен бәйгеде Ақжол екеуміз үзеңгі қағыстырып, қатар келген едік. Жаркентте болған бәйгеде құнаннан да, аламан бәйгеде де бірінші келіп, көлік ұттым. Польшадан алдырған асау байталмен бәйгеге қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Мәреге бірінші келе жатқанда қара тартып, бірнеше атты алдына жіберіп қойды. Дегенмен арттарынан қуып жетіп, бәрін басып озды.
Ермахан да шабандоз кезінде атақты «Жаннұр», «Бұйражал» сынды жүйріктерге шауып, 18 автокөлік ұтқан. Салмағы өскеннен соң,
жәкейліктен атбегілікке бет бұрыпты.
– Атбегілікті, ат баптаудың қыр-сырын Есбол Шыңтасов ағамыздан үйрендім. Есбол ағамыз төрт жылдың ішінде бар білгенін үйретіп, білікті атбегі ретінде қалыптастырды. Ең алғаш атбегі ретінде баптап, бәйгеге қосқан атым «Браслет» атты тұлпар болды. Оны Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына орай өткен дүбірлі тойда құнан бәйгеге қостым. Еліміздің әр түкпірінен келген сәй-гүліктердің ішінен дара келді. Ат баптау бәйгеге шапқаннан да қиын. Қазір Мерхат Бұлғынов ағамыздың қарамағында жұмыс істеймін. Он үш ат баптап жатырмын. Әрқайсысы жеке күтімді қажет етеді. Соның бәрін жіті қадағалауым керек. «Ащы тері алынбаған ат сорлы» демекші, аттың терін алу ұстараның жүзіндей дәлдікпен атқарылатын өнер. Өйтке-ні тер дұрыс алынбаса атты тер буып, шаба алмайды. Әр аттың тері де әртүрлі алынады. Кей жылқы тершең, кей жылқы оңай терлемейтін қасиетке ие. Кейбірінің тек ащы терін алсаң, кейбіреуінен бірнеше тер алуға тура келеді. Сондай-ақ қара етті жылқыны тер алғанда қатты қинауға болмайды. Мысалы, «Барбара» сәйгүлікті қатты қинамай, бір-екі айналымға жүгіртемін. Тек бәйгеге бірнеше күн қалғанда тауға жүгіртіп, шыдамдылығын арттырамын. Тер алған соң, суытып, таң асырамын. Атты тыныш, таза, жайлы орынға байлап, демалдыруға ерекше көңіл бөлу керек.
Қазір ұзақ шабысты сүйетін қазақы жылқылардың бағы байланып жүр. Өйткені жылқыға қызығатын қалталы азаматтардың бәрі ағылшын жылқысына құмар, бәйгеге тек соларды қосады. Олар қазақы аттарға қарағанда ерекше күтімді талап етеді.
– Ағылшын жылқыларының қаны сұйық, ұшқыр, әрі өте сезімтал. Оларды бір орында тұрғызып бағасың. Жем-шөпті де талғап жейді. Қазір көпшілік қауым «аттарға допинг салады» деген пікір айтып жүр. Бәлкім салатындар да бар шығар. Бірақ мен ешқашан допинг салған емеспін. Тек арнайы дәрумендер береміз. Дәрумендер қанша қымбат болса да, аттың тамағы мен күтімінен ешнәрсе аямаймыз. Нәтижесі де жаман емес. Баптап отырған аттарымның бәрі кемі үздік үштікте жүреді. Атадан қалған асыл мұрамыз – ат баптау өнерін замандастарыма насихаттағым келеді. Өйткені атқа мінген бала қайсар, ержүрек және рухы биік болады. Сондай-ақ ат спорты жеткіншекті ұлтын сүюге үндейді, – дейді Ермахан.

Расында, атқа мінсе арқаланып кететінін қазақ үшін жылқының орны ерекше. Жылқының жалында қазақтың тарихы, мінез-құлқы мен жігер-намысы жатыр.

Жазып алған
Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз