Түркістандықтар Назима Исахановамен мақтанады. Еңбекқорлығы мен зеректігін қатарластарына үлгі етеді. Шымкент қаласындағы көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы. Он алты жастағы Назима болашағын өнермен байланыстырғысы келеді. Елімізге танымал эстрада жұлдыздарымен де дуэт айтып үлгеріпті. Досы Ырысдəулет Орынбековпен «Самғау» деген топ та құрған. Жуырда ғана «Bala Turkvizуon» байқауында бақ сынап, көрермен көзайымына айналды. Тыңдармандарының қатары көбейді. Сөз басы да өнер бəйгесінің төңірегінде болды.

– Тоғыз жасымнан бері əн айтамын. Бұл алғашқы байқауым емес. Қалалық, облыстық байқауларға қатысып жүрдім. Жеке орындаушы болып та, дуэтпен де өнер көрсеттік. Денсаулығында кінəраты бар балаларға арналған «Жұлдыз-ай» деген байқауда бірінші орын алдым. «Самғау» тобы болып өнер көрсеткенде бас жүлдені жеңіп алдық, – дейді өнерлі бойжеткен. – Айтпақшы, көзі көрмесе де, жүрегімен əн салатын Ресейдің танымал əншісі Диана Гурцкаяның ұйымдастыруымен «Белая трость» фестивалінде өнер көрсеттім. «Банд’Эрос» тобымен əн айттық. Алтыншыда оқып жүргенде «Bala Turkvizyon» байқауына қатысып, туған жерімнің намысын қорғадым. Еліміздегі барлық байқауға мүмкіндік болса, қатыса беремін. «Bala Turkvizyon» бəйгесі армандарымның орындалуына біртабан болса да жақындатты. Жанар Дұғаловамен «Бала дауысы» ұлттық балалар əн байқауында өнер көрсеттік. Ашылу салтанатында «Құс жолы» əнін орындадық. «Наша правда» бағдарламасының жаңажылдық бағдарламасына шақырылып, тағы да Жанар əпкемен дуэт орындаудың сəті түсті. Өнерге əкелген Тамара Шілдеханова ұстазыма айтар алғысым зор, – дейді өзі.

Назима отбасының тұңғышы. Үш інісінің қамқоршысы. Ата-анасының мақтанышы. Жеті жасынан бері өздігінен өмір сүруді үйреніп келеді. Өзінің айтуынша, алтын ұя мектебі – «екінші үйі». «Ата-анам мені «білім алсын, қатарынан қалмасын» деп осында əкеліпті», – дейді. Солардың үмітін ақтау перзенттік парызы екенін жақсы біледі.

– Бала күнімде денсаулығыма байланысты көп кедергіге тап болдым. Достарым да жоқ еді. Ата-анам мен туысқандарымның қолдауы өмір сүруіме демеу болды. Қазір денсаулығым қалыпты. Қараңғыда аздап көремін, күн шығып тұрғанда өздігімнен жүру қиындап кетеді. Перзентханада дəрігерлер мені құлатып алған екен. Уақытында дəрі қабылдап жүремін. Мектебімнің үлгілі оқушыларының бірімін. Өмір қуанышы мен қайғысын қатар жібереді. Білім аламын, өсемін деген балаға кедергі жоқ. Үнемі өзіңді дамытып отырсаң, алынбайтын қамал жоқ. Бірақ қабілетке де байланысты шығар. Мысалы, мен əлі күнге дейін тамақ істей алмаймын. Қанша үйренейін десем де, көңілімдегідей шықпады.

Арманым көп. Болашақта халықтың аузынан түспейтін əндер айтып, елдің сүйікті əншісі атанғым келеді. Мені демеп, қолдап жүрген ата-анам аман болса екен. Көзімнің жақсы көруін де армандаймын. Елімізде болып жатқан «Қазақстан дауысы», «I am singer» секілді əн додаларына қатысып, бағымды сынағым келеді. 2013 жылы құрылған «Самғау» тобын елге танытқымыз келеді. Досым Ырысдəулетпен көп əн жазу жоспарда бар. Болашағымды өнермен байланыстырамын. Əнші болғым келеді немесе дубляж саласында еңбек етсем деймін. Музыкатанушы да болып қалуым мүмкін, – дейді арманшыл қыз.

Назима тек мемлекет тарапынан қолдауы бар байқауларға қатысады. Елімізде ұйымдастырылып жатқан ақылы байқауларға не үшін қатыспайтынын сұрадық.

– Ақылы байқаулардың барлығы шын талантты анықтай бермейді. Əділетсіздік көп болатын секілді. Ақшасы бар балалар топ жарып, тума таланттар шетте қалып жатады. Бұл жағдай өнерпаздың өсуіне соққы болады, – деп қысқа қайырды.

Кейіпкеріміздің сөзінің жаны бар. Жуырда кезекті ақылы байқаудың көрермені болдық. Əр өңірден бес мыңға жуық бала келіпті. Туысқан апайымның қызы да өнер көрсетті. Гала концертке жолдама алған жүз баланың барлығына бас жүлде мен бірінші орынды үлестірді. Қарағандылық екі апаның «кеткен ақшамыз қайтты» деген əңгімесін еріксіз тыңдауға тура келді. «Қанша төлеп қатыстыңыздар?» деп сұрадық. «Əр балаға он бес мыңнан төледік, бір үйдің
бес баласы жүр», – дегенде «түсінікті» дедік іштей.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Алтынай – жыл үздігі

Біздің облыстың Түркістан облысы болып өзгергеніне көп бола қойған жоқ. Солай болса да аймақтағы жастарды қолдау мақсатында «Түркістан жастар премиясы» дəстүрлі байқауы жарияланған еді. Байқау Тəуелсіздігіміздің 27 жылдығына орай 27 номинация бойынша өтті. Мақсаты – түрлі салада өзінің білімімен, талантымен, белсенділігімен топ жарған жастарды анықтау. «Үздік жас жазушы», «Үздік жас
айтыскер ақын», «Үздік жас дəрігер», «Үздік жас өндіріс маманы», «Үздік жас ерікті», «Үздік жас спортшы», «Бейбіт өмір батыры» сынды бірнеше аталым бойынша үздіктер анықталады. Қатысушылардың жас ерекшелігі – 14 пен 29 жасқа дейін. Біздің Сарыағаш ауданынан Алтынай Маликаждарова қатысқан еді. Байқаудың ең жас қатысушысы атанды. Алтынайдың «Ұланға» бірнеше материалы шыққан болатын. Ол «Жас ұлан» номинациясы бойынша бағын сынап, төрт кезеңнен де сүрінбей өтті. Ақтық дауыс беру кезеңінде ең жоғары 2476 дауысты еншілеп, премия иегері атанды. Облыс əкімінің арнайы дипломы мен сертификатына, статуетка жəне «Үздік жас ұлан» лентасына ие болды. Алтынайдың өзі: «Бұл менің ғана емес, қолдау білдірген жерлестерімнің жеңісі. Жеңістің салмағы бар. Ертеңімізді гүлдендіру үшін бізге сенім артылды.

Демек артылған үмітті абыроймен ақтап, еліміздің қарқынды дамуына үлесімізді қосуымыз керек», – деп ағынан жарылды. Жарайсың, Алтынай!

Назира ЖОЛШЫБЕКОВА,
Сарыағаш Жастар ресурстық
орталығының
Жібек жолы ауылдық округінің
жастар инспекторы.

«Ұлан» газеті, №4
22 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз