Ақтөбедегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Нұрдәулет Таумергенов «Yakutsk International Science Fair» атты халықаралық ғылыми конференция байқауында бас жүлдені жеңіп алды.

Нұрдәулет сыныптасы Карен Долмагамбетовпен бірге мылқау жандармен тілдесетін қолғап жасаған. Жас өнертапқыштардың жетекшісі – Бауыржан Шоқанов. Халықаралық ойынға 18 елден жеті жүзден аса бала қатысыпты.

Нұрдәулет ғылыми жұмысы туралы былай дейді:

–  Бұл конференция Якутияда жыл сайын өтеді. Биыл халықаралық дәрежеде өтті. Әртүрлі бөлімдері бар. Мен «Science fair» (ғылыми жоба) саласы бойынша қатыстым. Наурыз айында «Наурыз кездесуі» атты жарыс өткен болатын. Байқауда жеңімпаз болған балалар Якутияға барды.  Мылқауларға арналған «GloveSpeaker» қолғабына қызыққандар көп болды. Мүмкіндігі шектеулі жан қолғапты киіп, ым-ишара арқылы ойын жеткізіп,  баттон батырмасын басқанда телефонға мәтін шығады әрі дыбысталады. Қолғап Bluetooth арқылы телефонмен байланыстырылған. Қолғапты жылдың төрт мезгілінде де алып жүруге ыңғайлы етіп жасасақ дейміз. Біздің өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп бар. Қолғапты осы мектептің балаларына жасадық. Негізгі идеяны биология пәнінің мұғалімі Людмила Трубникова айтты.

Интеллектуалдық ойынның «Хакатон» бөлімінде жүлдеге 20 команда таласты. Бір жарым күнде бағдарлама мен сайт жасау керек. Қатысушыларға түрлі тапсырмалар беріледі. Біздің команда балық аулайтын адамға қажетті бағдарлама жасап, 1-орын алды. Сондай-ақ, «Туймаада» олимпиадасында 4 төрт пәннен 2 алтын (физика, математика), 1 күміс (химия), 1 қола (информатика) алды. 3D модельдеу бөлімінде екі оқушының жұмысы жоғары бағаланды.

Якутияның білім және ғылым министрі Нұрдәулеттің тапқырлығына риза болыпты. Қолғапқа қарапайым датчиктерді қолданғандықтан, нақты өндіріске енгізуге болады деп баға беріпті. Бір қолғаптан 32 сөз тіркесін, ал екі қолғапты бірдей қолданғанда мыңнан аса сөзді оқуға болады.

Сыйлықты Сингапур ұлттық университетінің профессоры Леон Чуан Квек пен «MyTona» компаниясының президенті Александра Баишева тапсырды. Нұрдәулет қаржылай сыйлықты қолғапқа қажетті құралдарға жұмсайтынын айтады. Болашақта «GloveSpeaker» патенттеп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлағысы келеді. Жас ғалымға сәттілік тілейміз.

Г.ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №30
24 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз