Бақберген Қайратұлы – шекара асып, шетелде жүрген қазақ жастарының бірі. СДУ-дың түлегі. Дипломын қолға алысымен, шетелде білімін жалғастыруды ойлайды. Алғашында жалғыз өзі Нью-Йоркке барып, ол жақта үш ай тұрады. Кейін бір топта оқыған достары соңынан келеді. Қазір бəрі Чикаго қаласында жұмыс істеп жатыр. Бақбергеннен шетелдегі өмірі туралы жəне Қазақстанға
оралған соң немен айналысатынын сұраған едік.

– Бақберген, жыраққа кеткеніңізге көп болмапты. Елді  сағынып үлгерген жоқ шығарсыз?

– Бала кезімнен үйден жарақта өстім.  Жетінші сыныптан бастап ата-анамнан алыста, Семейдегі Білім инновация лицейінде оқыдым. Студенттік жылдары Exchange бағдарламасы бойынша Малайзияда жарты жыл білім алдым. Америкаға келгеніме үш айдан асты. Сүлейман Демирел университетінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығын бітірдім. Диплом алып, достарыммен шетелге кеттік. Мақсатымыз уақытша жұмыс істеп, ақша табу еді. Бұл жақта біздің дипломмен жұмысқа кіре алмаймыз. Магистратураны осында жалғастырып, мамандығым бойынша қызмет еткім келеді. Ал әзірге ағылшынымды жақсартуға күш салып жатырмын. Сонымен қатар даяшы, аспаздың көмекшісі, құрылысшы сияқты жұмыстарды істеп, ақша тауып жүрмін.

Ешқандай жоспарсыз шығып кеттіңіз бе сонда?

– Басында бұл жақта қандай жұмыс істеуге болатынын, мұндағы әлеуметтік орта туралы көп нәрсе білмедім. Магистратура оқу үшін ағылшын тілін осында оқуым керек деп шештім. Ағылшын тілі курсын оқу үшін осы жақтан шақырту алдырттым. Қазір тіл үйрену курсына барып жүрмін. Студенттік виза болғандықтан оқуымды тастамау керек.

Виза алу қиын болды ма?

– Виза екі жағдайда беріледі. Біріншісі, турист ретінде. Ол үшін бірнеше елде болған болуың немесе Қазақстанда сені ұстап тұрған жылжымайтын мүлкің болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ол жаққа жұмыс үшін бара жатпағаныңды, қайта оралатыныңды көрсетесің. Екінші, білім алу үшін магистратура оқып елге қайтатыныңа сендіресің. Менде екінші жағдай болды. Сол себепті қиын болмады. Қазір шетелге шығып, оқып жатқан жастар көп қой. Елшілікке кірген кезде менде мынадай сұрақ-жауап болды:

– Ағылшын тілін не үшін Америкада оқығыңыз келеді?

– Елге оралып, «Болашақ» бағдарламасымен магистратураға Америкаға тапсыруды қалаймын.

–Бұрын шет елде болдыңыз ба?

– Иə, Малайзияда оқыдым.

– Қазір немен айналысасыз?

– Оқуды енді бітірдім. Білім беру орталығында математика пəнінен мұғаліммін.

– Демеушіңіз кім?

– Ата-анам.

– Америкада туыстарыңыз бар ма?

– Жоқ.

Осылай білім алу үшін ғана бара жатқаныма сенді. Содан кейін визаны бірден берді.

– Пәтер жалдап тұрасыздар ма?

– Иə, достарыммен бірге тұрамын. Бағасы аса қымбат емес. Екі күндік табысымызбен бір айлық пәтерақымызды төлейміз.

– Ол жақта қазақстандық студенттерге көзқарас қандай?

– Бағалай біледі. Білімді жастар ретінде көреді.

Бос уақыттарыңызды қалай өткізесіздер?

– Бос уақыт деген жоқ. Алғашында «барынша көбірек ақша тауып қалу» деген ой болды. Тіпті демалыссыз жұмыс істейтінбіз. Ал қазір аяққа тұрғаннан соң, басқа штаттарды аралап, саяхаттау басталды. Өздеріңіз білетіндей еліміздегі жастардың көпшілігі қызығатын, қыста демалғысы келетін əлемге əйгілі Маями, Гаваи, Кариб теңізі сияқты жерлер Америкада орналасқан. Біз үшін бағасы барлық жағынан да қолжетімді. Сол себептен жастардың басым бөлігі сол жақтарға барады.

– Жергілікті жерден достар таптыңыз ба?

– Әрине. Алғашында мен тұрған қонақүйде шетелден келетін туристер көп болатын. Мүмкіндігінше бәрімен жақсы араласуға тырысатынбыз. Сондай-ақ қазақ жігіттермен таныстым, дос болып та үлгердік.

– Әңгімеңізге рақмет! Магистратура түлегі болып, елге еңбек ететін азаматтардың қатарынан болыңыз!

Шетелде оқығысы келетіндерге Бақбергеннен кеңес:

Алдымен «Салам, Нью-Йорк» деген киноны көруге кеңес беремін.  Сол кинода көрсетілген қиындықтар шынымен де əркімнің басынан өтеді. Соған дайын болып келсеңіз, өзіңізге жақсы. Кейбірі қиындыққа шыдамай қайтып кетеді. Бірақ кездескен кедергілерді жеңіп, алға қойған мақсатынына жететініне сенсе, бәрі оңынан болады. Ең бастысы, берілмеу. Бұл жаққа келген кезде қазақстандық студенттердің көбі «бұзылып» кетіп жатады. Көбірек табыс тапқан сайын, оңай жолды таңдауға әуес болады. Оның үстіне қадағалап, қарап отыратын ешкім жоқ. Мүмкін осы уақытқа дейін ата-анасының дегенімен жүріп, өз қалауымен өмір сүріп көрмегеннен бе екен?..  Мүмкін, тәрбиеден де шығар… Кейде ақшадан қатты қысылғанда жас адамның басына нешетүрлі «бұзық» ой келеді. Ақ-қарасын ажыратпастан кез келген мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Бірақ дер кезінде есті жию керек. Сонда жөні түзу мүмкіндіктерді көре бастайды. Америкаға келмес бұрын, ақшаны адал жолмен табатыныңызға өзіңізге сөз беріңіз. Сондай-ақ,  тапқаныңыздың өзіңіз бен отбасыңызға тигізер пайдасы мен зиянына мән беріңіз.

Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті

«Ұлан» газеті, №47
20 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз