Интернетті еріккеннің ермегі деп қарайтындар бар. Əсіресе, əлеуметтік желілер мен «жаға ұстатудан» бір шаршамайтын сайттарға қараған уақытта интернет деген уақыттың жауы секілді көрінеді. Даңғойлық пен даңғазалық, бос сөз, бөстекі əңгіме көп. Бірақ, дəл осы желілерді ұтымды пайдаланып отырғандар да аз емес. Олардың арасында жастардың көп болуы тіпті қуантады. Олар сегіз сағат жұмыс істемей-ақ табыс тауып отырғандар. Біздің кейіпкеріміз Мұрат Сарман – солардың бірі. Тепсе темір үзетін жасында басына ауыртпалық түсті. Айлап төсек тартып жатып қалған күндері де болған. Бірақ, Мұрат бəріне төтеп берді. Ауруды да жеңді. Бүгінде кішігірім кəсібін дөңгелетіп отырған жан. Кəсіп бастасам, бизнес-жоспар құрсам дейтіндерге Мұраттың əңгімесі сабақ болар деп үміттенеміз. Ендігі сөзді Мұраттың өзіне берелік:

– Балалық шағым Жетісай қаласында өтті. Мектеп бітіргеннен кейін Еуразия Ұлттық университетінің информатика факультетіне оқуға түстім, – деп бастады Мұрат əңгімесін. – Оқуды сəтті аяқтап, жұмыс істедім. 2014 жылдың күзінде ауырып, мазам болмады. Ауырсам да, жұмысымды тоқтатпадым. Алатын жалақым түгелдей дəрі-дəрмекке кететін. Дəрігерлер «аты жаман ауру» деген диагноз қойды.

Қабылдап жүрген дəрілерім ауруымды асқындырып жіберді. Ота жасамаса болмайды дегеннен кейін, келістім. Беліме жасалған ота мені айықтыра алмады. Дұрыс жүре алмайтын болдым. Арада үш-төрт ай өтпей екінші рет ота жасаттым. Бұл жолы жұлыныма əсер етіп, қол-аяғым жансызданып қалды. Отадан оянғаннан кейін денемді мүлдем сезіне алмадым. Сол кезде бұл дертпен өмір бойы күресемін деген ой миыма кіріп те шықпады. Бір-екі айда тұрып кетемін деп ойладым. Дəрігерлердің ұзақ емделу керек дегеніне де мəн бермедім. Ауруханада қозғалыссыз бес ай жаттым. Анам жанымда болып, күнде тамақтандырады. Жата бергеннен кейін, арқам мен белім жара бола бастады. Дəрігерлер оны көріп, «қозғалыс керек, сүйек мүжіліп кетеді» деп ескертті. Жанашырларым жабылып жүріп, оңалту-сауықтыру орталықтарын іздей бастады. Талдықорған жақтан Елдос Баялышбаев деген жігітпен таныстым. Өзі де мен сияқты көлік апатына түсіп, арбаға танылып қалған екен. Мүгедек адамдарға арналған «Асар» медициналық орталығының негізін қалаған. Оны естігеннен кейін, аздап үміт пайда болды. «Асардан» кейін аяққа тұрамын деп ниет еттім. Екі күнде Талдықорғанға барып, орталыққа жазылдым. Бізді Елдос пен анасы Фатима апай күтіп алды. Ол кезде отыра алмаймын, отырсам басым айналады. Жанымда əкем мен анам бар. Орталыққа келген күннен-ақ жаттығуды бастап жібердік. Таңертеңнен кешке дейін тынымсыз қимылдадым. Денеме массаж жасады. Біраз күн өткеннен кейін нəтиже бола бастады. Денемді сезе бастадым. Аяғым қозғалып, саусақтарым икемге келді. Əлі күнге дейін орталықтың қызметкерлеріне алғыс айтумен келемін. Қолым қозғалып, саусақтарыма жан кіргеннен кейін, телефон ұстайтын жағдайға жеттім. Тəуір болған соң, Астанаға оралдым. Ем-домымды үзбеу үшін Қытайдан келген Ерболат есімді емші жігітті таптым. Инемен емделдім. Еңбектей алатын жағдайға жеттім. Үйде еңбектеп жүріп, тірлігімді бітіріп алатынмын. Ерболат емшіге келгеннен кейін, балдақпен жүре алатын болдым.

180 ГРАДУСҚА ӨЗГЕРДІМ…

Дерті жанына батса да, ата-анасын алаңдатпау үшін Мұрат бəріне шыдап бақты. Қолы қимылдағанда оның өмірінің екінші парағы ашылды. Оның жай-жапсарын Мұрат былайша əңгімелеп берді:

– Кəсіп бастауыма отбасымның жағдайы себеп болды. Біреуден кеш, біреуден ілгері күн кешіп жаттық. Алайда, менің сырқатым отбасыма айтарлықтай салмақ салды. Анам үй шаруасындағы адам, асыраушымыз жалғыз əкем болып қалды. Дəрі-дəрмектің бəрін əкемнің жалақысына алып жүрдік. Мұның бəрі менің жаныма батты. «Қалай ақша табуға болады, ата-анама қалай көмектесемін?» деген ой миымнан шықпай қойды. Бір күні Фейсбук желісінен Ахметбек Нұрсиланың «Бизнес-бастау» кəсіпкерлік мектебінде шеберлік сабағы өтетінін білдім. Онлайн түрде тегін қатысуға болады екен. Сол дəрістен кейін мен 180 градусқа өзгердім. Кəсіпкерлерді даярлауға арналған бір айлық курсына да жазылдым. Халықтың сұранысына ие тауарды саудаға шығарғым келді. Ең алғашқы сатқаным – қыстыгүні тайғанамау үшін киетін аяқ киім болды.  Қытайдан жүз данасын алдырып, екі аптаның ішінде сатып жібердім.

Курста не оқыдым, бəрін іс жүзінде қолдандым. Алғашқы табысымның тарихы осындай. Қазір сапасыз тауардың саудасы жүріп тұр. Соларды азайтуға үлесім болсын деп, қыз-келіншектерге арналған таза теріден тігілген қол сөмкелерін шығара бастадым. Бала кезімде былғары, терілерді көріп өскендіктен, бұл кəсіппен айналысу қиынға соқпады. Тазабылғарыдан өнім өндіретін «Qoja» ұлттық тері компаниясын аштым. Таза былғарыдан тігілген бұйымдарды халық игілігіне жаратқым келді. Ісімнің оңға басуы мені жігерлендіріп отырды. Өзіме ғаламтордың көп көмегі тиді. Мен жұрт сияқты Инстаграм, Вконтакте желілеріне ішкен тамағым мен қыдырған суреттерімді жүктемедім. Ғаламторды қажетіме жаратуға тырыстым. Елдер менің ғаламтор арқылы миллиондап ақша табатыныма сенбейді. Бірақ, расы сол. Инстаграмда онлайн-дүкеніміз жұмыс істеп тұр. Өзімнің тəжірибеммен бөлісу мақсатында «instaкəсіп» деген бизнес  курс аштым. Екі апта бойы он адаммен жұмыс жасаймын. Бірігіп бизнестің  кілтін табамыз. Алдағы уақытта нəтижелерімен де бөлісемін. Курстың бағасы –34990 теңге. Кəсіп ашқысы келетіндерге таптырмайтын мүмкіндік. Жас ерекшелігіне қарай шектеу жоқ. Мектеп оқушысы да келіп, үйрене беруге болады. Ақша табуды ғана емес, сайт жасау, дизайнерлік жұмыстарды да үйретуге тырысамын. Кəсіпкерліктен басқа да қолымнан келетін дүние көп. Алайда, денсаулығым күтімді қажет етеді. Ай сайын ауруханаға барып тексерістен өтіп тұруың керек. Болашақта өзіммен тағдырлас адамдарға көмектесу мақсатында қайырымдылық қорын ашқым келеді. Сонымен бірге, кəсіптің қыр-сырын үйретіп, табыстың кілтін табуға себепкер болғым келеді.

Мұраттың жоспары көп. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамай, сол жоспарының бəрін де жүзеге асырғысы келеді. Қол қусырып қарап отырғысы жоқ. Ол бізге қажыр мен қайраттың үлгісін көрсеткендей болды. Таптаурын болса да, осы жерде «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегенді тағы бір қайталасақ, айыбы жоқ. Өйткені, бұл дəл біздің кейіпкерімізге арналғандай.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №39
26.09.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз