«Ел  құлағы  елу» деп халқымыз текке айтпаған. Біреудің айтқан бір ауыз сөзі күллі ауылға тарап кететіні осыған дәлел. Елең еткізер жаңалық бола қалса, азын-аулақ түтіні бар ауылымызды шарламай қоймайды. Сондай жаңалықтың бірі – шалғайдан ауылдас Ақерке Садет есімді әпкеміздің келуі еді. Ақерке әпкенің жаз айында АҚШ-қа кеткенін естіген едім. Енді міне, күткен адамыммен кездесудің сәті түскелі отыр. Қолыма қағаз-қаламымды ұстай келген мені Ақерке әпкем жылы қарсы алды. Бөлмесіне кіргенде қабырғада ілулі тұрған ағылшын тіліндегі карта мен америкалық адамдардың суреті көзіме бірден түсті. Көкейімдегі алғашқы сауалымды қойған сәттен-ақ Ақерке әпке АҚШ-қа қалай барғаны жайлы, ол елдің адамдары туралы айта бастады. «Ұландық» достарымның да ауылдас әпкемнің мұхиттың арғы бетіндегі елден қандай әсер алып келгені жайлы білгенін қалаймын. Олай болса, ендігі сөзді ел көрген Ақерке жалғасын.

Отбасымда Америкаға барған екінші адаммын

Жоғары сыныпта оқып жүрген кезімде шоу-бизнес «жұлдыздарының» отаны – Америкаға баруды армандадым. Университетке түскеннен кейін бұл арманымды жүзеге асырудың жолын іздестіре бастадым. Өзім қатарлы достарымнан Америкаға қалай бару керектігін сұрадым. Осы сәтте маған туысқан әпкем ақыл айтты. Ол – Американы көруге септігін тигізетін Summer work and travel бағдарламасы еді. Әпкем осыдан бірер жыл бұрын осы бағдарламаның аясында АҚШ-қа барып келген еді. Өзім қатарлы студенттердің жаз айларында шет елде жұмыс істеп, сол істеген жұмысының қаражатына саяхаттауға болатын бұл бағдарламаның пайдасы студенттер үшін ұшан-теңіз. Өзге емес, өз әпкемнен естігесін Work and travel арқылы Америкаға баруға бел байладым. Алғашында анам қарсы болды, бірақ кейін келісімін берді. Құжаттарымды реттеуді қыркүйек айынан бастап кеттім. Өйткені бұл бардарлама бойынша көптеген елден сұраныс түседі екен, одан қалса виза жасату, құжаттарды рәсімдеу ұзақ уақытты алады. Одан бөлек ағылшын тілінде сынақ тапсырып, психологиялық тесттен өттік. Өткен жылдың мамыр айында құжаттар ісіне нүкте қойғаннан кейін Америкаға ұштым. Бұл сапарға біздің курстан бес студент қатыстық. Айдана есімді курстасым екеуміз бір қалаға, бір жұмыс орнына орналастық. Жұмысымыз – Миннесота штатының Дулут қаласындағы отбасылық мейрамханада қызметші болу. Алғашқы жұмыс күнімде бізді ұзын бойлы, ірі денелі Кэвин есімді басшымыз қарсы алды. Уақыт өте келе мұндағы адамдардың көбінің бойының ұзын болатынын біліп, үйренісіп кеттім. Алғаш келгенімізде тұрақтайтын орын болмай, бірнеше рет пәтер ауыстырдық. Кейіннен Пэт есімді жазғызбасты әжейдің пәтерін паналадық.

Бір қызығы, АҚШ-та қарапайым мамандықтың өзіне көп мөлшерде жалақы төленеді екен. Өзім жұмыс істеген мейрамханада сағатына 10 доллардан алып тұрдық. Егер есептесек, бір күнде 10 сағат жұмыс істеу арқылы 100 долларға дейін табыс табуға болады. Біз бұл бағдарламаның тиімділігін осылай көрдік. Тіл үйрену мен достар табуды айтпағанда, жазғы демалысым мен ойлағаннан да қызықты өтті. Өйткені АҚШ-тың ең көрікті әрі ең үлкен қалаларында болдым. Жұмыс істеп тапқан қаражатымызға бір топ қазақстандық достарыммен бірге Миннеаполис, Чикаго, Сан-Франциско, Лас-Вегас қалаларында саяхатта болдық. Лос-Анжелес пен Нью-Йоркті көрдім. Колорадо шатқалының әдемі көрінісін көру бұйырды. Сол кезде арманымның орындалғанын байқадым.

Қазақстанды білмейтін америкалықтар да бар екен…

АҚШ – күн өткен сайын дамып, экономикалық тұрғыдан биік жетістіктерге жеткен алып ел. Өзге елдер заман көшінен қалмауға тырысса, Америка сол заман көшінің тізгінін ұстап отырған елдердің бірі. «Заманына адамы сай» дегендей америкалық тұрғындар да білімді, өркениетті. Жат жердегі саяхатымда осыған көзім жетті. Алғашында үйренісе алмаған америкалықтарға кейіннен бауырбасып кеттім. Мейрамханадағы басшым мен пәтер иесін көптен білетін адамдай етене жақын тарттым.

Америкалықтардың тағы бір қайран қалдырған қасиеті – олардың ұлтқа бөлінбеуінде еді. Менің жұмысымда түрі моңғол тектес жігіт жұмыс істейтін. Бір күні біз одан қай ұлттың өкілі екенін сұрағанда, ол қысқа ғана «мен америкалықпын» деді. Содан оның ұлтын біле алмадық. Жергілікті тұрғындар ұялып, қымсынуды білмейді, бәрі ашық-жарқын. Ағылшыншаң жетпей жатса, қолмен, я болмаса ыммен де көрсете беруге болады. Американың біз үлгі аларлық жақсы тұстары осы болар. Алайда көңіліме жақпаған жайттар да болды. Мәселен, мейрамханамызға күн сайын жүздеген адам келіп-кетіп жатады. Түрімізге қарап жергілікті тұрғын емес екенімізді байқаған меймандар қайдан келгенімізді сұрайды. Әлбетте, Қазақстаннан  келгенімізді айтамыз. Осындай сәтте кейбіреулер «Қазақстан деген ел бар ма?» дегендей таңырқап қалады. Біз оларға барынша Қазақстанның қандай ел екенін айтып түсіндіруге тырысамыз. Сол уақытта елімізде EXPO көрмесі өткені, қыста универсиаданың өткені туралы айтатынбыз. Көпке топырақ шашуға болмас, оқыған зерделі адамдар мен профессорларға Қазақстан жайлы айтсақ әңгіме тізгінін өздері жалғайтын. Алайда елу штаттың атын білетін тұрғындардың Қазақстанды білмейтіні көңілге қаяу салды.

Одан бөлек АҚШ тұрғындары сырт көзге ашық мінезді боп көрінгенімен, отбасылық қарым-қатынастары суық. Оған дәлел – мен жалдаған пәтер иесі Пэт әжей балалары болса да, жалғыз тұрады. Ал кейіннен танысқан егде жастағы Томас есімді атаның үйінде немерелерінің орнын ит пен мысықтың алмастырғанына да он жылдан асыпты. Ал бізде ше? Ата-анаңды қараусыз тастап кетсең, сөзге қалып, көпшіліктің алдында нашар адам ретінде көрінесің. Сол үшін ата-анамызға барынша жақсы қараймыз. Америкалықтардың қарым-қатынас кеңістігі мен үшін тар секілді боп  көрінеді. Өйткені шаңырақта қуанышты жағдай бола қалса, оны бөлісуге көп дегенде он, он бес адам келеді. Ал Қазақстанда ондай болуы мүмкін емес. Бір адам көлік ала қалса, оған құтты болсын айтып бар ауыл тұрғыны келеді. Солай жақсылыққа ортақтасады. Ең сорақысы, АҚШ-қа өзіммен бірге ұшып барған құрбым бұл елдің азаматына тұрмысқа шығып, сол елде қалып қойды. Міне, осындай жайттарды көргенде өзімді біртүрлі сезіндім. Бір жағынан ата-анамды сағынғасын ба, елге оралғым келді. Көңілді демалыс сыйлап, таным көкжиегімді кеңейткен АҚШ-ты жаман деуге де болмас, алайда қарапайым қазақ ауылында бойжеткен мен америкалықтардың өмір сүру салтының басқаша екеніне көз жеткіздім. Егер мүмкіндік болып жатса, бұл бағдарламамен Америкаға саяхаттап, білімімді кеңейту үшін барғым келеді. Ал ол жақта тұрақтап қалуға қарсымын.

Аяжан Ғаппар
«Ұланның» жас тілшісі

Әжібай ауылы,
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы
«Ұлан» газеті, №20
15 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз