Тағдырдың жазуымен жат ел, жат жерге кетіп, үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалар қазақ тарихының қай-қай кезеңінде де болған. Мысал ретінде Сұлтан Бейбарыс сұлтан, Ораз-Мұхаммед (М.Мағауиннің «Аласапыран» романының кейіпкері), Қайыргелді (Николай) Майданов (Ресей Федерациясының батыры) сияқты тұлғаларды атауға болады. Нью-Йорк полиция департаментінің қызметкері əрі америкалық кəсіпқой боксшы Димаш Ниязов та қазір мұхиттың арғы жағында өз саласының үздігі болып жүр. Осыдан он үш жыл бұрын он үш жасында Шымкенттегі мектептердің бірінде 7-сыныпты бітірген соң, ол отбасымен АҚШ-қа қоныс аударыпты. Нью-Йоркте орта мектепті тəмамдағаннан кейін, Лонг-Айленд университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Анасы медбике болып жұмыс істейтін Димаштың да ғылымға аңсары ауады. Əйтсе де, полиция қызметкері болуға деген қызығушылығы бəрінен басым түсіп, арнайы сынақтан өтіп, Нью-Йорк Полиция академиясын да бітіріп шығады. Қазір 26 жастағы қазақ жігіті Нью-Йорктің Бруклин ауданындағы қоғамдық тəртіпті қадағалайды.

Қылмыс деңгейі өте жоғары аумақтың қауіпсіздігіне жауап беріп, қоғамның тыныштығын күзететін Димаш 911 нөміріне түскен қоңырауларды қабылдап алып, тонау, зорлау, қарақшылық шабуыл сияқты қылмыстардың алдын алады. Бірде суық қаруы бар қылмыскерді қолға түсірсе, тағы бір жолы ірі есірткі саудагерін тұтқындапты. Осындай еңбектері үшін ол өткен жылы «Нью-Йорктің үздік полиция қызметкері» атанған екен.

Жоғарыда жазғанымыздай, Димаш Ниязов бокспен де айналысады. Əуесқой бокста Нью-Йорктің нөмірі бірінші боксшысы болған, қазір кəсіпқой бокспен шұғылданады. Осыған дейін 10 жекпе-жек өткізіп, бəрін де жеңіспен аяқтапты. Сонымен қатар, жан-жақты жігіт кикбокстан əлем чемпионы екен. Кəсіпқой бокста Кіші Рой Джонсты үлгі тұтатын ол қазақ боксымен мақтанатынын айтады. Димаштың пікірінше, қазақ бокс мектебі əлемдегі ең мықты мектептердің бірі. Қызметі мен спорттағы мансабын қатар алып жүрген ол барлық ісін алдын ала жоспарлайтынын, күн сайын жаттығатынын айтады. Өйткені, өз саласының үздігі болу үшін тынымсыз еңбектену қажет екенін жақсы түсінеді.

Қазіргі кезде Димаштың аға-əпке, іні-қарындастары Қазақстанда тұрады. АҚШ-та ешқандай тума-туысы жоқ. Ол жырақта жүргенде ағайынның қадірін жан-жүрегімен ұғынады екен. Сол себепті, бұған дейін атажұртында 6 рет болған Димаш алдағы уақытта жиі келіп тұрғысы келеді. Америкада 13 жыл тұрса да, ондағы адамдардың үнемі əлдеқайда асығып жүретінін, бір-бірімен жөнді араласпайтынын қазақы болмысы қабылдай алмапты. Бос уақытында саяхаттағанды жақсы көретін Димаштың арманы көп: кəсіпқой бокста əлем чемпионы болғысы келеді; əлемді жақсы жаққа өзгертуді армандайды; адамдардың өмірде жетістікке жетуіне əсер етуді, жігерлендіруді қалайды. Арманшыл жігіт «Ұланның» жас оқырмандарына көп оқуға, тынымсыз еңбектенуге, əрдайым армандауға, бір мақсатқа жеткен соң, басқа бір мақсат қойып, соған жетуге əрдайым талаптануға кеңес береді. Ең бастысы, түп-тамырыңды, кім екеніңді естен шығармауға шақырады.

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

«Ұлан», №13

28 наурыз, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз