Фейсбук парақшамды ақтарып отырып, АҚШ-та оқып жүрген журналист Мұрат Есжанның: «Мына кішкентай балаға дауыс беріңіздерші», – деген өтінішін оқып қалдым. Сілтемені ашып қарасам, 10 жасар Əлім Ораз деген балақайдың Америкада математикадан  байқауға қатысып жатқаны айтылыпты. Сосын Əлім туралы білуге одан əрі қызыға түстім. Əріптесімнен оның ата-анасымен байланысу жолын біліп, хат жаздым.

Əлім АҚШ-та тұратын Азамат Сəрсенбаев пен Əсел Ораздың тұңғышы екен. Анасы Əселден ə дегеннен АҚШ-та не істеп жүргендерін сұрай кеттік.

– Күйеуім АҚШ-тағы «Шеврон» компаниясында жұмыс істейді. Бұл жақта тұрып жатқанымызға 5 жылдан асты. Өзім бала күтімімен үйде отырмын. Ұлымыз Əлім жақында 10-ға толады. 4-сыныпта оқиды. Баламыз қосымша ретінде математикаға барады. Америкада орыс математика мектебінің 35-40 бөлімі бар. Біздің бала сонда оқиды. Əр мектептен 7 жоба сайысқа түсіп жатыр. Жалпы Америка бойынша əлеуметтік желіде дауыс беру жүреді. Яғни, кім көп дауыс жинаса, сол бала келесі кезеңге өтеді. Əлімнің жобасына жақсы пікір қалдырып жатқан мамандар бар. Баламыз соған мəз. Сонымен қатар, Əлім кун-фу, шахмат, жүзу, пианиномен айналысады, – деп Əсел АҚШ-та білім алып жатқан баласымен жақынырақ таныстыра түсті.

Біз Əлімнің бір күні қалай өтетініне де қызықтық:

– 8.25-те Əлімнің сабағы басталады. Онда 15.00-ге дейін оқиды. Үйге келіп,тамақтанып алғасын кун-фуға, одан кейін жүзуге барады. Келесі күні пианино мен шахматқа ауысады. Америкада оқушыға үй тапсырмасын бермейді. Бала мектеп бағдарламасын мектепте орындайды. Ал үйге келгенде қосымша өзі қызығатын дүниемен айналысып, өзін-өзі дамытады. Онлайн отырып Stanford, Khan Academy бағдарламаларының тапсырмаларын орындайды. Қазір Əлім «Кенгуру» олимпиадасына дайындалып жатыр. Оған əлем бойынша жыл сайын 6 миллиондай оқушы қатысады екен. Математикаға қызыққан бала интернетте отырып-ақ есепті ойын түрінде шығаруына болады.

Оқырмандарымызға АҚШ-тағы оқушылардың мектеп бағдарламасы қызық болар деп, ол жайында сұрауды да ұмытпадық:

– Бұл жақта маған ең ұнағаны – оқушыны үлкен кісілер сияқты құрметтеп, сыйлайды. Сондықтан да болар, балалар мектепке қуана-қуана барады. Мектепке барудың өзі олар үшін мереке. Балалар баға үшін оқымайды. Қандай баға алатынын тек ата-анасы ғана біледі. Мектепте 3 семестр болады. Əр семестр сайын балаға марапат қағазы беріледі. Сабақ үлгерімі ғана емес, баланың өзін-өзі ұстауы, жауапкершілігі де маңызды саналады. Мысалы, марапат қағазына «сен ең жауапкершілігі мықты оқушы болдың», «сен ең сүйкімді оқушы болдың» деген сияқты жігер беретін сөздер жазып қояды.

Америка мектептерінде кітап оқуға қатты көңіл бөледі. Əр апта сайын сынып болып кітапханаға барып, үйде оқуға 2-3 кітаптан алады. 2 аптаның ішінде алған кітаптарын оқып бітіруі керек.

Əлім ертегі кітапшаларын жарты сағатта оқып тастайды. Ал, өзі қызығатын биографиялық кітаптарды бір сағатта бітіріп тастайды. Мысалы, «Гарри Поттер» сияқты көлемді еңбектерді ұзағырақ оқиды. Айтпақшы, тап қазір сол кітапты екінші қайтара оқып жатыр. Біз оған «кітап оқы» деп айтпаймыз. Өзі қолы қалт етсе, кітап ұстап отырады. Баланы оқу үшін зорықтырмау керек, өзі қызығатындай жағдай жасаған жөн.

Калифорния штаты білімқұмарлар штаты десек те болады. Қазір əлемнің ІТ саласының ең мықты мамандары осында шоғырланған. Əлімдердің сабағында көп жазу жазбайды, сыныпта негізінен компьютер арқылы сабақ оқиды.

– Əлім Қазақстан туралы не біледі?

– Үйімізде қазақ тілінде шыққан кітаптар көп. Сол кітаптарды оқиды. Ата-əжесіне жиі хабарласып тұрады. Қазақша кино көреді. Өткен жылы бір ай Алматыда, бір ай Астанада болды. Сол жақтан достар да тапты. Осы жақта жүріп үш жыл мешітте мұсылманша білім де алды. Онда əр жексенбі сайын 3 сағат оқитын.

– Баланы математикамен «дос» қылу үшін ең бірінші нені ескеру керек?

– Əлімнің əкесі математиканы тереңдетіп оқытатын мектепте оқыған. Қазақ жастары арасында алғаш 1993 жылы Халықаралық математика олимпиадасының жүлдегері болған. Мектеп бітіргесін оған Түркиядағы Анкара университетінде оқуға грант берген. Онда да өте үлгілі студент болған. Əлі күнге дейін Анкара университетінің құрмет тақтасында оның суреті ілініп тұр. Түркиядағы оқуын аяқтағасын Лондонда экономика саласы бойынша магистратураны бітірді. АҚШ-тың Мичиган университетінде білім алды. Қазақстанда біраз уақыт жұмыс істегесін, Америкаға келіп өз мүмкіндігін ары қарай дамытпақшы болды. Содан бері Сан-Францискода  тұрып жатырмыз. Яғни, Əлімнің математикалық қабілеті əкесінен келді деп ойлаймын. Қанмен берілетін қасиет дейді ғой қазақта.

– Əлімнің басқа бауырлары бар ма?

– Айша деген қарындасы бар. Дайындық сыныбына барып жүр. Мен осы екі баланың жақсы білім мен тəрбие алуы үшін жұмыс істемеймін. Қолда бар мүмкіндікті жібермей, баладан аямау керек деп ойлаймын.

Əселдің балалары үшін үйде отырғанына риза болдық. Бəлкім, Əлім болашақта қазақты əлемге танытар əйгілі математик немесе ІТ маманы болар. Онда оған толықтай мүмкіндік бар. Өйткені, ол əлемнің ең озық ойлы жастары жиналған жерде білім алып жатыр. АҚШ-тағы Əлімге тек қана сəттілік тілейміз!

Жадыра НАРМАХАНОВА,

«Ұлан», №7

14.02.2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз