Софи Манасянды танымайтын жан жоқ шығар, сірә?! Бар-жоғы 9 жасында жетпеген жетістігі жоқ. Оны көпшілік биші балапан ретінде біледі. Осыдан екі жыл бұрын «Ұлан» мен «Ақ желкеннің» мерейтойына Софи де қатысып, «Аққу» биімен көпшілікті сүйсіндіргені естеріңізде болар. Алматылық оқушылар арасында математика сайыстарында да топ жарып жүретін. Бір жылдан бері Софи ата-анасымен бірге АҚШ-қа, Лос-Анжелеске көшіп кетті. Бұл жерде Софи пианинодан дәріс алып жүр. Лос-Анжелес көшелеріндегі биімен әлеуметтік желілер арқылы миллиондарға танымал бола бастады. Ал жақында Софи тағы бір үлкен жеңіске қол жеткізді. Ол аз ғана уақыттың ішінде Америкалық музыканттар қауымдастығына мүше атанып, арнайы алтын белгі мен сертификатқа ие болды.

Бұл қуанышын естіген бойда анасы Ольга Манасянға хабарласып, сөйлесіп едік.

Ұлан: Ольга, Софи өткен күні ғана Американың пианистер қауымдастығына (гильдиясына) енгені туралы қуанышты жаңалық естідік. Осы жайлы тарқатып айтып беріңізші…

О.Манасян: Иə, 22 маусым күні Софи салтанатты түрде Лос-Анжелестегі Студент музыканттардың ұлттық қауымдастығының (National Fraternity of Student Musicians) мүшесі атанды. Үздіктерге арнайы беретін алтын белгісіне де ие болды.

Ұлан: Бəрекелді! Бұл қауымдастыққа мүше болу үшін қандай талаптарды орындау керек екен?

О.Манасян: Қазылар алқасы өте қатаң тəртіпте жұмыс жасайды екен. Əр музыкант 10 шығарманы жатқа мүлтіксіз орындауы тиіс. Гамма мен аккордқа қатысты емтиханды да тапсырады. Бұл сынақта əр музыкантқа əртүрлі дəреже беріледі. Дегенмен, кез келген талапкер қатыса алмайды. Талаптары оңай емес. Ал біздің Софи енді ресми түрде халықаралық дəрежедегі музыкант ретінде саналады.

Ұлан: Сынақ өткен сəттегі əсерлеріңіз қандай болды?

О.Манасян: Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Софи де емтиханнан соң, сынақ алған азаматтардың өз өнеріне реакциясы қандай болғанын сөзбе-сөз айтып беріп, қуанғанын көрсеңіздер! Əр қатысушы тек қоңыраудың сыңғырымен ғана ішке кіргізіледі. Артық ешкім кіре алмайды. Тіпті, музыкалық жетекшісі де. Əр талапкер бір-бірден кіріп, сынақ тапсырып шығады, сосын келесі талапкер кіреді. Ал Софи шықты да: «Ата-анаң мен ұстазыңның ішке кіруін өтінеміз деп жатыр», − деді. Түк түсінбестен ішке кірдік. Сонда комиссияның басшысы: «Соңғы 15 жылда Софи сияқты ерекше талантты шəкіртті көрген емеспін», − деді. Қалған кісілер де сондай таңданыста отыр екен. Сыртқа шыққан соң, біздің Софидің ұстазы: «Білесіздер ме, қазылар алқасы ешқашан ата-ананы бұлай арнайы шақырып, сөйлеспейді. Олардың əр секунды бос емес, тек кестеге сай жұмыс істейді. Іште не болып жатқанын ешкім бас сұғып қарауға хақысы жоқ. Ал сіздерге уақыт бөліп, арнайы сөйлесті. Софидің өнері қатты əсер етсе керек», − деді. Софидің де, біздің де қуанышымызда шек жоқ. Осы күнге дейінгі еңбегіміз еш кетпеген екен.

Ұлан: Тамаша! АҚШ-қа біржола көшіп кеттіңіздер ме? Əлде елге қайтасыздар ма?

О.Манасян: АҚШ-қа біржола көшіп келген жоқпыз. Софи тіл үйреніп жүр. Бимен, музыкамен шұғылданады. Сəл уақыттан соң елге міндетті түрде қайтамыз.

Ұлан: Софиді негізінен биші ретінде білеміз. Ал музыкалық аспаптарға деген қызығушылығы қай кезде басталды?

О.Манасян: Софи музыкамен 6 жасынан бастап айналысады. Оған дейін де қызығушылық танытып жүрген. Бірақ барлық уақытымыз биге, конкурстар мен гастрольдерге арналатын. Цирк ұжымымен бірге де біраз концерт берген еді. Сол себепті музыка сабақтарымен 1-сыныптан бастап қана айналыса бастады.

Ұлан: Софи қазір қандай мектепте оқып жүр? Ағылшын тіліндегі құрдастарымен тілдесу барысында қиындық болған жоқ па?

О.Манасян: Чартерлік мектепте оқып жүр. Бұл мектептің рейтингі өте жоғары. Софидің мектептегі жетістіктері керемет. Тілді үйрену оңай бола қойған жоқ. Шыдам мен талап маңызды болды. Əйткенмен, қатты қинала да қоймады. Кітапсүйгіштігі көп көмектесті. Бір минут бос уақыты болса, отыра қалып ағылшынша кітаптарды оқиды. Сондай-ақ, оның тілтабысқыш мінезі де жақсы ықпал етті. Көрерменнен қысылмайтын əртіс болған соң, қатарластарымен тілдесуде де еш қымсынбайды. «Қате сөйлесем, құрбыларым күледі» деп қысылған кезі жоқ. Осының бəрінің арқасында тез арада ағылшын тілін меңгеріп алды. Қазір еркін сөйлеседі.

Ұлан: Софи үшін қуаныштымыз. Сəттілік серік болсын.

О.Манасян: Софиді қолдап, демеп жүретіндеріңіз үшін көп рахмет!

 

Əңгімелескен
Қарлығаш ДОСАНОВА
«Ұлан», №26
27.06.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз