Ақмарал Танабаева жөргегінен сахнаның иісін сіңіріп өсті. Ақмаралдың әкесі Нұрай Ерлісұлы әйгілі Әсет Найманбаевтың тікелей ұрпағы, филармонияда дәстүрлі әнші. Анасы Қарлығаш Ардаққызы да өнерлі әулеттен шыққан. Қарлығаштың туған нағашы атасы – «Қарлығаш», «Қарқаралы», тағы да басқа әндердің авторы Ибадулла Матақов. Ол кісі өзі ғашық болған Ақмаралдың есімін жиеніне қойыпты.

Ақмарал – Нұрайдың отбасындағы үш қыздың ортаншысы. Ол ең алғаш Қаллеки театрының сахнасына 7 жасында шықты. «Үміт» атты спектакльден ел жылап шығатын, залдағы көрерменге бас иіп, қошаметін қабылдауға шыққан жарқын мезетті қарғадай қыз бала жадында тұтып қалды. Он бес жыл өткенде Өнер университетінің 2-курс студенті Ақмарал Танабаева Ғабеңнің «Ақан сері – Ақтоқты» атты пьесасында Ақтоты рөлімен шықты. Қазір ол Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ драма театрының жас актрисасы. Оның алғашқы марапаты – «Үміт» номинациясы. Қаллеки театрында Ақмаралды «Нұрайдың қызы» деп айтады.

Валентин Ежовтың «Бұлбұл түні» атты лирикалық драмасын «Тыраулап ұшқан тырналар» деп аударған Әшірбек Сығай қойылымды көре алмай кетті. ҚР Халық артисі, режиссер Талғат Теменов қойған бұл спектакль 2015 жылдың соңғы айында Мәскеуде өткен «Золотой витязь-2015» халықаралық театр фестивалінде Гран-приді жеңіп алды. VI Славян өнері форумына ТМД елдерінен 120 театр қатысуға тілек білдіріп, іріктелген 14 театрдың арасынан Қаллеки театры жарып шықты. Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, жас буын Ақмарал Танабаева мен Әбілмансұр Серіков басты рөлдері үшін марапатталды. Бұл пьеса мәңгілік тақырып – адамшылық қасиеттерді, қырық жыл қырғын болса да адам баласының аласұрған жұдырықтай жүрегінде тыншу таппайтын рухани сезімдердің сиқыр күшін ашады.

Ақмарал Мәскеуге шартараптан жиылған театрлардың қойылымдарын көргенде, драматургияны жақсы білсең сахнада болып жатқан алуан құбылыс, вариация, интерпретацияны жазбай түсінетінін ұқты. Мәскеудің мемлекеттік театры «Театр Луны» сахнасында Қаллеки труппасы спектакльді қазақша ойнады. Тілектес Мейрамов, Қуандық Қыстықбаев, Нұркен Өтеуілов, Боранбай Молдабаевпен қатар шыққан кілең жас актерлар тілдік кедергі болса да, көркемдікке жаны ынтызар қауымды баурап алды. Онлайн-аудармамен тыңдап, беріле қабылдаған залмен мықты байланыс орнады. Жұрт көзіне жас алып отырды. Мәскеудегі қазақ қауымдастығы, ГИТИС-тің студенттері келді. Халықаралық құрамда театр сыншылары мен білгірлері, он адамнан тұратын қазылар алқасы сараптады. Ақмаралдың көңілінде еш абыржу, уайым болған жоқ, жауапкершілікті терең сезінген. Фестивальде Польша, Беларусь, Ресей, Болгария, тағы да басқа елдердің өкілдері болды. Бас жүлде Астананың Қаллеки театрына бұйырғанда бүкіл зал қопарыла тұрып, сүйсіне қол шапалақтады. Гүл шоқтары жауып кетті. Сол жылы «Литературная газета» апталығына «Честь имею» атты мақала авторы К.Щербаков бұл спектакльдегі қазақ әртістерінің харизмасы мен өнерін жоғары бағалап, саралап жазды.

Қаллеки театрында қызмет еткеніне бес жыл болған Ақмарал Танабаева талай халықаралық фестивальге барып, елге абыройы асып оралып жүр.

 

***

Ақмарал кішкентай кезінде тұйық, бұзықтау болды. Көзін ашқалы көргені сахна. Ата-анасы жұмысқа алып келетін. Жұмыс кестесі тұрақты емес, Ақмарал театрда тығылмақ ойнап жүріп, киімдердің арасында ұйықтап қалғаны бар. Наурызға арналған қойылымдарда басына тақия кигізіп, ұл балаларды ойнатады. Ең алғашқы «Үміт» атты пьесада Арман деген баланың рөлін ойнады. Ол кезде шашы қысқа қиылған, ұлша киіндіріп қоятын.

Жеті жасында сахнаға шыққанда есте қалған ұмытылмас сәт – әртістерге гүл сыйласа, Ақмаралға шоколад сыйлаған. Тұңғыш жалақысын алған кезде әкесі: «Қалай жұмсағың келсе де өзің біл», – деп қолына салып берді. Қазақтың балажандығы құртымдай қызының мал тапқанын  қызықтағаны болар. Бір фильмде кәдімгі балмұздақтың ішіне шоколад, мармелад, мейіз салады да «мұзторт» жасайды. Экранның әсері ғой, әпкесі Құралай екеуі бір қадақ балмұздақ сатып алып, оған мармелад пен кепкен жемістерді қосып араластырды, кириешкиден бір уыс қосып, кастрюльге толтыра жасайды. Мұндай қойыртпаққа әке-шешесі қайдан қызықсын? Екеуі тоңазытқышқа қойып, шетінен кертіп тауыса алмай, бір апта жейді.

Ақмаралдың әкесі Нұрай Танабаев Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрында жұмыс істеп, анасымен сонда танысқан. Анасы Қарлығаш қазір Қуыршақ театрында істейді. Бұл әулет тегіс өнерді таңдады.

Ақмарал волейболға алты жыл қатысты. Мамандық таңдауда біраз құбылды. Басында әртістікке ата-анасы жібергісі келмеген. Тыйым салған жемістің дәмі тәтті, қызыға бастады. Бір күні ол әкесінен нақты сұрады. «Жоқ!» десе де, көзінен үміт көрді.

«Сахнагер – 2017» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» аталымын иеленген Әбілмансұр Серіков «Тыраулап ұшқан тырналар» атты пьесада Инга-Ақмаралдың ғашығын, ал «Аққудың көз жасы» атты пьесада Жәмила-Ақмаралдың дөкір күйеуін бейнеледі. Басында бұл құбылу жат көрінсе де, театр үшін қалыпты дүние.

Ақмарал сахна құпиясы туралы: «Театрдағы бір жыл өмірдегі бірнеше жылға татиды. Көрермен соңғы нәтижені көреді ғой. Міне, сонда біздің барлық жарамыз, қиналғанымыз жазылып кетеді», – деп бір сөзге сыйдырды.

Қаллеки театрының ерекшелігі жастардың жолын ашады. Ақмарал оншақты рөлге енді. Ақтоқты оның ең сүйікті рөлі болса, «Гамлет» – Офелия рөліне екі сағат қалғанда енгізді. Ол сөзді тез жаттайды. Ұстазы Лейлә Бекназар-Ханинга Ақмаралға көп нәрсе үйретті. Сымбаттылық, денені тік ұстау маңызды. Театрда армия сияқты темірдей тәртіп керек. Кітап оқуды дағдыға айналдыру өте қажет. Ақмарал дипломдық спектакльді тапсырғанша 7-8 биялай жоғалтқаны бар. Қалай спектакльді тапсырды, биялайды жоғалту сап тыйылды. Жас актрисаның дүниеде ең қабылдамайтын нәрсесі – татуировка. Адам денесін әлеміштеп бояу көп халықта бар ғұрып, бірақ қазақ халқы үшін сұмдық жат дәстүр. Әртіс үшін тәніне таңба салу сорақылық.

***

2016 жылдың көктемі Ақмарал үшін өте құнарлы, шығармашылық жетістікке толы болды. Қаллеки театрында «Аққудың көз жасы» атты спектакльдің премьерасы болып өтті. Қырғыз әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың  «Жәмила» повесі және «Боранды бекет» романында бар лирикалық фрагмент, поэтикалық әңгіме желісін бір арнаға қосып, шебер инсценировка жасаған автор және қоюшы режиссер Талғат Теменов. Жас қырғыз жазушысының есімін айдай әлемге айқара танытқан Жәмила бейнесі Ақмаралға бұйырды. Ақмаралдың Жәмиласы махаббат жолында сырт елдің айыптауынан сескенбей, өз бақытын батыл таңдады. Ол есік көрген келіншек бола тұра соғыстан аман оралған, өзін адам санамайтын тоғышар күйеуін жайына қалдырып, мейірімге зәру қамкөңіл, жалғыздығы мен жетімдігі жүрегін сыздатқан, сүйген жармен үйлесімді отбасын құруды аңсаған Даниярмен қол ұстасып кетуден қаймықпаған өткір келіншектің бейнесін сахнаға алып шықты. Актриса жас өрім Жәмиланың сүйгені үшін отқа түсуге әзір жүрек лүпілін сездірді, соғыс уыты кеуделерін қапаға толтырып, жанына айықпас жара салып, сүттей ұйыған отбасы қызығын көрмей жатып, жазмыш жесір еткен қыз-аналардың жастық шағын суреттеуімен көкейде тұнып қалды. Әдемілік пен қайсарлықтың бір-біріне қабыса алатынын Ақмарал таныта білді.

Ұзамай «Шие» атауымен Чеховтың ең әйгілі пьесасының шымылдығы ашылды. «Шие бағы» атты комедиясын арнайы шақыртумен келген якут кино және театр өнерінің айтулы тұлғасы, «Алтын маска» театр сыйлығының лауреаты Сергей Потапов қойды. Бұл мезет Қуанышбаев театрының шығармашылық бір белесіне айналды.

Шие бағының иесі, помещик әйел Раневская рөліндегі Ақмарал Танабаеваның классикалық, тургеневтік-чеховтық лирикалық кейіпкер екеніне бірден сендім. Жазушылық қисынмен қарағанда-ақ оның жасандылықтан аулақ, арманшыл, мейірімді, бірақ қоғамды албастыдай басқан рухани кеселге қарсы тұра алмаған, еңбек етуді үйренбеген соң жасыл бағы көзінен бұлбұл ұшып бара жатқан рухани мүсәпір кейіпкерін қинала қабылдадым. Жалған дүниеде рухы жасыса құлазуға төтеп бере алмай құрдымға кету адам баласын көп ториды. Раневская-Шие ханым архитип бейне, оның түп негізі жұмақтан қуылған адамзаттың ұлы анасы Хауа Ана.

Бұл пьесаның бұрынғы даяр аудармасы кедір-бұдыр, кей тұсы жаңсақ, жарамсыз болып, ескіні тұтас төрт күнде, 48 сағат бас алмай, қайта жөндеп, шұғыл қазақ тіліне аударған өзім болған соң, оның әр кейіпкерінің сөз бен қимылдың аралығында өткен асуларын анық көріп отырдым. Режиссер Сергей Потапов артистердің мойнын қалай бұратынына дейін айқындап беретіні ғажап. Ол өз кейіпкерін анық табу үшін бір рөлге бірнеше артисті салып барып таңдайды екен. Тау қозғалса да қозғалмас ер мінезді Сергейдің артық сөз шығындамай-ақ көкейіндегісін шебер жасайтын қасиеті көрінді. Әзірбайжан Мәмбетов бір рөлге 20 актрисаны байқап, ғаділ таңдау жасайтын қасиетін Майра Омардың айтқаны бар.

Орта Азия мемлекеттерінің «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VI халықаралық драма театрларының фестивалінде бұл спектакль екінші мәрте Гран-приді ұтып алды. Осы көктемде Челябі қаласында өткен V Халықаралық «CHELoBEK ТЕАТРА»  фестивалінде көрермен қауым мен театр қайраткерлерінің ыстық сүйіспеншілігін, ризашылық пейілі мен кереметтей бағасын тудырды. Челябі мемлекеттік педагогикалық университетінің философия мен мәдениеттану кафедрасының доценті Ксения Тувалтухина үштік – орыс классигі, якут режиссері мен қазақ артистерінің таңғажайып симфониясын, құнарлы үйлесімін, пьесадағы әрбір қаһарман абсурд бейнені шығару арқылы бақ пен сор алмасарда жалпы адамзатқа тән дағдарған рухты бере алғанын сүйсіне бағалайды. Ол осы фестивальге арналған интернет басылымда сахнадағы Ақмарал Танабаевадан көз айыра алмай қалғанын жазды. Челябіілік зерделі көрермен Надежда Талбаева спектакльдің соңында жылағанын, «Шие бағын» талай қойылымдарда көріп жүрсе де, мұндай жойқын әсерді алғаш сезінгенін жазды. Қойылымдағы әрбір актер талғамы зор, кірпияз ресейлік театр мамандарын қайран қалдырды.

Белгілі театр сыншысы, «Алтын маска» сыйлығының сарапшысы, мәскеулік Александр Вислов және режиссер Михаил Барышников екеуі Ақмарал Танабаеваны келешекте халықаралық жобаға тартуды шешкенін, әр тараптағы бірнеше театрдан актерлар таңдалып алынатын бірлескен пиар-спектакльге Ақмарал сияқты актриса керегін жұртшылық алдында мәлімдеді.

2017 жылы Ақмарал Танабаева ақтоғайлық жерлесі, театрдағы әріптесі Кеңесбай Нұрланов атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің алғыс хатын алды.

2018 жылдың 11 сәуір күні Бейбітшілік және Келісім сарайында Уильям Шекспирдің «Отелло» атты классикалық трагедиясының премьерасы өтті.

Спектакльді белгілі режиссер Талғат Теменов қойды. Жас Дездемонаның рөлі Ақмарал Танабаеваға бұйырды. Ақмаралдың артистік фактурасы, рухани болмысы Шекспир жоқтаған нәзік бейнені аласартпай, биік деңгейде ойнауға мұрсат бергені білінді. Отелло мен Дездемонаның өлім мен өмір арасындағы жанталасқан мистикалық сәтін артистер жан тебірентер шынайылықпен сахнаға алып шықты. Отеллоны қос құрамда ойнаған кәсіби шеберлер – ҚР Еңбек сіңірген артистері Қуандық Қыстықбаев пен Сырым Қашқабаевқа жас актрисаға лайықты әріптес болуы сүйінішті.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

 жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз