Жақында Астанада шахматтан мектеп оқушыларs арасында «Ақбозат» лигасы өтті. 7-9 турдан әрбір қатысушыға 1,5 сағат берілді. Көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанды.

Бұл жолы додаға2002, 2004, 2008 жылдары туған балалар қатысты. Халықаралық ФИДЕ федерациясының ережесіне сәйкес, қалалық және облыстық жарыстардың жеңімпазы ғана бақ сынайды. Команда құрамы әр жас ерекшелігінде 4 спортшы (бір қыз бала болуы міндетті) және төреші мен жаттықтырушы қажет. Төрешісі жоқ команда жарысқа жіберілмейді. Қатысушылардың барлығы бір мектепте оқуы керек. Бұл жолы жүлделі орынға Алматы, Астана, Маңғыстау мен Түркістан облысының жас шахматшылары таласты. 

Алматыдағы Махатма Ганди атыңдағы мамандандырылған №92 мектеп-лицейдің оқушылары 1-орын жеңіп алдыЖеңімпаз балаларды құттықтау үшін мектепке асықтық.

Шахмат үйірмесінің жетекшісі, спорт шеберлігіне үміткер Марат Мулкубаевтың Астанадан келген беті екен. Бір топ шәкіртімен қызу талас болып жатыр.

Оқушылар жеңіспен құттықтап жатыр. Лига өте жақсы өтті. Осы мектепте жұмыс істегеніме үш жыл. Шахмат үйірмесінде ескі тақта тұратын, фигуралар түгел емес әрі ескі болатын. Уақыт өте келе қажетті заттарды жаңадан алдық. Қазір электронды сағаттар бар. Оларда қосымша уақыт қосу өте оңай. Ескі сағатқа қосымша уақыт енгізе алмайсың. Тәуелсіздік күні қарсаңында мектепте М.Гандидің құрметіне арнайы жарыс өткіземіз.  Топтық жарыстар өткіземіз. Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар дене шынықтыру сабағында футбол, баскетбол немесе шахмат ойнауға еркі бар.

Мектепке Үндістан елшілігі жиі демеушілік көрсетеді. Рамазан Жалмаханов Грекияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр.

Рамазан Жалмаханов, Әсел Лесбекова, Ераслан Ерғалиев, Алдияр Жандәулетов Алматыда Қазақстан Республикасының шахмат бойынша балалар чемпионы болды. 6-18 жас аралығындағы балалар арасында жарыста классика, рапид және блиц те болды. Турнирдің барлық түрінде жеңімпаздар: астаналық Алдияр Аңсат (9 жаста), Айша Закирова (9 жаста) мен біздің Рамазан Жалмаханов (15 жаста) және Денис Махнев (17 жаста). Соның ішінде Рамазан  абсолютті чемпион атанды. Қазан айында Грекияда өтетін әлем чемпионына қатысады. Қазан айында Бурабайда Дәрмен Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен шахматтан турнир өтеді. Биіктен көрінеміз деген үміттеміз.

Қазір турнирдің талаптары өзгерген. 6 жасқа дейінгі балалар арасында да өтеді. Демек, бала шахматты толық түсіну үшін 4,5-5 жастан бастап үйреткен дұрыс. Азия чемпионаты осылай өтіп жүр. Біз де осы жолға түсуіміз керек. Кез келген бала шахмат ойнай алады. Алдымен балада мінез болуы керек. Қызығатын болса, қиындықты оңай жеңеді. Жаттықтырушы баланың ойынға деген ынтасын өшіріп алмауы керек. Баланың ішкі дүниесін түсінсе, бәрі болады. Ережені оқытып, қағаз жазғанның пайдасы шамалы, деді Марат ағай.

Шахматтан әлем чемпионы болған Айша Закирова да осы мектепте оқиды екен. 

Әсел ЛЕСБЕКОВА, 9-сынып оқушысы, шахматтан Қазақстан чемпионы:

10 жасымда Карповпен шахмат ойнадым

– Әсел, сені шахмат үйірмесіне кім әкелді?

– Атаммен келдім. Ол кезде алты жаста едім. Атам шахматты жақсы ойнайды. Бір күнде үйренген жоқпын. Атам екеуміз үйге келіп ойнайтынбыз. «Оқы, отыр, үйрен!» деп қатты сөйлеген емес. Ата-аналар балаларының шахматтан чемпион болғанын қалайды. Оларды қинап, отырғызып қояды. Алдымен баланың қызығушылығын ояту керек. Үйде әкесі немесе әпкесі шахмат ойнаса, бала қызығады. Өзімнің тәжірибемнен айтқаным ғой (күліп).

– Турнир алдында өзіңді қалай сезінесің?

– Бірқалыпты. Тақта алдында дайындықта отырғандай сезінемін. Егер қобалжып, уайымдайтын болсаң, жүрістерді ұмытып қаласың. Марат ағай: «Қарсыластың атағы, жас ерекшелігі, жынысы маңызды емес. Ең бастысы, жақсы ойнасаң болды», – деп жиі айтады.

– Ойын кезінде қарсыластар психологиялық қысым жасай ма?

– Иә, ондай жағдай болып тұрады. Әсіресе, үндістандық балалар аяқпен ұрып, жүйкеңе тиеді. Өзіңе тесіліп қарап, түрлі дыбыс шығаратын балалар да бар екен. Сол үшін бас киім киіп аламын. Ешкімді елемеуге, ойымды бөлмеуге тырысамын.

– Шахматта ең ұзақ неше сағат ойнадың?

– Африкада өткен турнирда матч алты сағатқа созылды. Уақыт айырмасы қатты әсер етті. Ойын да тартысты өтті. Канадалық қызбен жақсы ойнадым. Бірақ шаршағандықтан, ойынды тең аяқтауды ұсындым. Егер жеңіске жетсем, ең үздік бес спортшының қатарына кіретін едім. Десе де, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алдым.

– Қандай турнирлерге қатыстың?

– Наурыз айында Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясында дәстүрлі халық­ара­лық жарыс өтті. Қыздар арасында 6,5 ұпаймен топ жардым. Шахматтан Қазақстан чемпионаты, Азия чемпионаты, әлем чемпионатына қатыстым. Африка, Уругвай, Дубай, Грузия, Грекия, Корея, Тайланд, Румыния, Франция, Чехия, Испания, Ресей, Украина, Қырғызстан сынды әлемнің он бес мемлекетін көрдім. Қатарынан жеті рет қалалық чемпионатта 1-орын, ел чемпионатында 2-3-орын, 2017 жылы Қазақстан чемпионатында 1-орын алдым. Аптасына үш рет үш сағат шахмат үйірмесіне қатысамын. Өзім үшін жүзуге барамын. Алда шахматтан «Алматы опен», Қазақстан және қалалық чемпионатқа қатысамын. Барлығы ең маңызды турнирлер.

– Шахматта кімді үлгі тұтасың?

– Ресейлік Александра Костенюк өте мықты. Шахматқа бес жасынан қатысып, 6 жасында чемпион болған. 2014 жылы Астанаға әйгілі гроссмейстер Анатолий Карпов келді. Газетте викториналық сұрақтарға дұрыс жауап беріп, Карповпен кездесуге жолдаманы жеңіп алдым.  Ол кезде 10 жаста едім. Екеуміз 5,5 сағат ойнадық. Гроссмейтер 17 адаммен ойнап, төртеуімен тең түсті. Шахмат ойнаған баланың ойлау қабілеті, тапқырлығы ерекше болатынын айтқан. Ресейде балабақшада балалар шахмат ойнайды екен. Карпов «жақсы ойнадың» деп риза болды.

Лицейге оқуға түсу үшін жаз айында үш тілде сынақ (қазақша, орысша және ағылшынша) тапсырады. Оқушыларды үш бағыт: химия-биология, ІТ технология және робототехника бойынша оқытады. 

Биыл мектеп бітірген 52 оқушының 45-і мемлекеттік грантқа оқуға түсіпті. Арасында «Алтын белгі» мен үздік аттестат алған түлектер бар. Мектептің ашылғанына он жыл енді болмақ. Түлектердің алды енді жоғары оқу орнын бітіріпті.

Гроссмейстер болсақ дейміз

6-сынып оқушылары Ераслан Ерғалиев пен Алдияр Жандәулетов те шахматқа кішкене кезінен қатысыпты. Алдияр футбол ойнап жүріп, қолын сындырып алыпты.

Жарақатыма қарамай, тек жеңісті ойладым. Болашақта атақты гроссмейстер болғым келеді. Әлем чемпионатына қатысу үшін көп дайындық керек. Үйде бәріміз шахмат ойнаймыз. Әпкем де шахматты шебер ойнайды.  Шахматтан Алматының чемпионымын, деді Алдияр.

Ерасланның болашаққа құрған жоспары көп екен. Француз тілін оқығым келеді дейді.

Биыл жазда турнирге қатысқан жоқпын. Былтыр Алматы чемпионатына қатыстым. Қазақстан чемпионатында Бостандық ауданы бойынша командалық есепте 1-орын алдым. Махатма Ганди атындағы турнирде 2-орынды жеңіп алдым. Шахматтан бөлек, гольф ойнаймын, суда жүзуге барамын, ағылшын тілін оқимын,дейді Ераслан.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан газеті», №39
25 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз