Жүзден жүйрік

Екі жыл бұрын ғалым Дамель Мектепбаевадан сұқбат алдым. Өзі биотехнология саласын Америкада бітірген, кейін «Hoope» тест сақинасы» жобасын  Оңтүстік Америкада жүзеге асырған. Əңгімеміз аяқталған соң, білім гранттарын жариялайтын сайттардың тізімін берді. Ішінде neupusti.net сайты ұнады. Гранттың аты, оған ие болу үшін үміткерге қойылатын талап, шəкіртақы бөліп отырған тараптың статусы, дедлайн – бəрі түсінікті жазылған. Ал бүгін пайдалы контенттің негізін қалаушылардың бірі Айжан Құл-Мұхаммедпен кездестім. Кездесуді Makerspace Almaty ұйымдастырыпты. Айжанның мессенжері мен дайректі «АҚШ-қа қалай оқуға түсуге болады? Мотивациялық хатта не нəрсе маңызды? Менің ағылшынша эссемді тексеріп беріңізші» деген хаттар легімен толып қалады екен. Бұл сұрақтар да тегін емес. Айжан Америкада оқып, екі жыл жұмыс істеп келген. Айлығы да,өмірі де жақсы бола тұра, «елге қайтып, алған тəжірибеммен жобалар жасаймын» дегенінде, барлығы «есің дұрыс па?» деп дүрсе қоя беріпті. Ары қарай Айжан өзі əңгімелесін.

– Мен Алматыда туып-өстім. 2009 жылы Pennsylvania State университетіне оқуға түстім. Оқу орнын таңдамас бұрын олардың рейтингіне ғана қараппын. Америкаға барғанда университеттің кəдімгі ауылда орналасқанын көргендегі таңданысымды айтпай-ақ қояйын. Айналаға қарасаң, егін мен жайылып жүрген сиырларды ғана көресің. Америкалықтардың стилінде тек McDonald’s бар. Ал жазда өзім қатты оқығым келген George Washington университетіне оқуға қабылданғаным туралы хат алдым.

Ол Вашингтонда орналасқан. Қатты қуанып, ел астанасына ұштым. Енді менің ферманы, сиырлар мен егін алқабын көрмейтінім анық еді. Ол жақтың əлеуметтік ортасына бейімделіп кетуім қиындау болды. Өйткені мен ауысып келгенше бəрі өзінің ортасын, араласатын жолдастарын тауып қойған. Сондықтан кампуста тұрмайтын адамдармен жақсы араластым. Америка университеттерінде мамандықты тек соңғы курста таңдайсың. Ал алғашқы екі жылда өзің қызығатын салаларды оқып шыға аласың. Маған тарих, мəдениет, антропология, геология – бəрі қызық болды. Мамандық таңдауға үлкен мəн бердім. Өйткені ата-анасы қалағандықтан қаржы саласын оқып, фэшнблогер болып кететін замандастарымның қатарынан болғым келмеді. Сөйтіп қоғамдағы əлеуметтік проблемаларды оқытатын Əлеуметтік əділеттілік факультетін бітіріп шықтым. Ата-анама мамандығымды айтқанда, олар: «Ол не мамандық? Біз адамдарға не деп айтамыз? Неге халықаралық қатынастарға түсе салмадың?» – деді. Мен өзімнің жаным сүйіп айналысатын істі тапқанымды түсіндіре алмадым. Шетелде оқып келген талай жастың тəжірибесі болмағандықтан, жұмыс таппай жүргенін білемін. Сондықтан бес жерде волонтер жəне тағылымдамадан өтуші болып істедім, өте аз ұйықтадым. Волонтер бола сала менің Америкаға қарайтын қызылды-жасылды «көзілдірігім» шешілді. АҚШ – мінсіз мемлекет емес. Жұмыс істеп жүргенде білім беру жəне денсаулық сақтау саласы жүйелерінің бұзылғанын, расизмнің кең етек алғанын көрдім. 2011 жылы President’s Volunteer Service Award сыйлығына ие болдым. Марапат күміс медаль формасында болды жəне Барак Обаманың алғыс хаты бар екен. Ал 2012 жылы Clinton Global Initiative халықаралық студенттік шарасында волонтер болып, Билл Клинтонмен таныстым. Қарап отырсам, АҚШ-та болған 700 сағатымды волонтерлыққа арнаппын. Əлі күнге дейін сол кездегі тəжірибеме сүйенемін. Кейін үлкен ұйымдарда тағылымдамадан өттім.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АРҚАСЫНДА ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫМ

Іштей теориялық білімнің еш пайдаға аспайтынын түсініп жүрдім. Америкада адамдар қалай жұмысқа тұратынын білесіз бе? Сіздің есіміңізді лотереяға салады. Егер Құдай сəтін салып, дəл сіздің атыңызды суырып алса, қуана беріңіз. Олай болмаса, келесіде жолыңыз болсын! Докторантураны бітірсеңіз де осы ереже. Оқу бітірген соң, қалайда жұмысқа қалуым керек деп ойладым. Center for Strategic and International Studies халықаралық стратегиялық зерттеу орталығына ғылыми қызметкер мамандығына өтініш бердім. Ең қызығы, бұл жұмысқа қазақ тілінің арқасында орналастым. Орталық Орта Азия мен Американың қарым-қатынасы мəселесімен айналысқаннан кейін, қызметкердің тым болмағанда бір диалекті білуін қалайды. Соңғы елу жылда орталыққа ғылыми қызметкер болып қабылданған алғашқы шетелдік екенмін. Егер ол статистиканы орналаспас бұрын оқысам, мені алуы мүмкін емес деп өтініш бермес едім.

ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ҚАТТЫ ИІЛЕТІНІМІЗ ҰЯЛТАДЫ

Бір жолы өз делегацияммен Қазақстанға келдім. Қазақ екенімді біле сала мені ысырып тастап, делегацияның америкалық мүшелерінің асты-үстіне түсіп кетті. Сондай жаман əсерде қалдым. Ол ұйымда екі жыл еңбек еттім. 2015 жылы жұмыстан шығуды ойлап жүрген кезімде Вашингтонның атақты ғимараттары орналасқан алаңды аралап жүретінмін. Ақ үйден өте бере «мен Ақ үйге қонақ ретінде барғым келеді» дедім өзіме. Ол арманның орындалуына біраз жыл керек шығар дедім. Алайда тура сол жылы Мишель Обама мені Наурыз мерекесіне шақырды. Поштама хат келгенде олар ЖСН нөмірді сұрады. Дереу Ақ үйдің твиттеріне: «Мен осындай шақырту алдым. Біреу сіздердің аттарыңызды жамылып, кір келтіргісі келетін сияқты», – деп жазып жібердім. Бір кезде «сабыр етіңіз де, бізге ЖСН нөміріңізді жіберіңіз» деген хат келді. Өз көзіме өзім сенбей, шақырған уақытында Ақ үйге бардым. Іші шағын əрі жайлы екен. Қонақжай пейіл  сезіледі. «Қазақстан бөлмесі» деген бөлме де бар. Түсі туымыздың түсімен бірдей: ашық көк жəне алтын түстес. Мен бəрін көрдім, біраз жерде болдым, жақсы тəжірибе жинақтадым, енді елге қайтсам болады деп ойладым. Елге қайтып, білім беру, денсаулық сақтау саласында жұмыс істегім келді. «Ондағы жақсы өміріңді қалай қиып тастап кетесің? Сол жақта қал, елге келме» дегенді көп естідім. Былайғы жұртқа Америкадағы өмірімді қалдырып, Қазақстанға қайтам дегенім түсініксіз көрінсе, мен үшін олардың осылай ойлайтыны түсініксіз болды. Қазақстанға келіп, университетте сабақ бердім. Оқытушылардың студенттерге əлі де бала сияқты қарайтыны қызық. «Телефоныңды алып таста, сөйлемеңдер, сағызыңды құрт» деп қашанғы айтып отырады? Студенттер эссе жазуды, қалай зерттеу жүргізу керегін, тіпті плагиаттың не екенін білмейтін болып шықты. Сонан соң денсаулық сақтау саласына кетуді жөн көрдім. Сөйтіп балалар мен əйелдер денсаулығы саласында жұмыс істедім.

«ГРАНТ ТІЗІМІ БІР САЙТТА БОЛСА»…

Neupusti.net сайтын көріп, осындай жобаны жүргізіп отырған жастарға риза болып жүрдім. «Достар, жарайсыңдар! Осы қарқыннан қайтпаңдар!» деп хат жазып жіберетінмін үнемі. Бір күні сайттың негізін қалаушы Ардақ Бердібеков: «Айжан, мен Алматыға бара жатырмын. Біз сенен жиі хат алып тұрамыз. Танысайық, сенің кім екеніңді білейік», – деп жазды. Ардақтың мамандығы – мұнайшы. Мұнай компаниясында істеп жүргенде өзінің жобасын қаржыландыра алатын ұйым іздейді. Грант іздеуге сағаттап, тіпті күні бойы отырады екен. Сонда «барлық гранттың тізімі бір сайтта болса, соны аша қалып керегімді тауып алсам, сонша уақытым текке кетпес еді» деп ойлайды. Жолығып, сайтты жақсарту туралы идеяларыммен бөлістім. Басында сайтта волонтер болып жүріп, кейін командаға қосылып кеттім. Өткен жазда үш ай бойы сайт вирусқа толып қалды. Қаралым бірден түсіп кетті, жарнама агенттіктері бізбен жұмыс істеуден бас тартты. Қолданушыларымыздан күн сайын арызданған хат алып жүрдік. Бір вирус бір бетті қарау үшін 200 теңге сұраған жəне қолданушылар соны төлеген. Фейсбуктен бізге «мен ақысын төледім, неге бет ашылмай тұр?» деп жазады. Оны біз емес, вирус сұрағанын қайта-қайта түсіндіреміз. Кейін барлығы реттелген соң ары қарай қалай жүргізетінімізді ақылдастық. Адамдар бір бетті көру үшін ғана 200 теңге төлеген. Ендеше, неге премиум жазылуды енгізбеске?! New York Times, The Economist секілді газет-журналдардың да премиум бөлімі бар. Яғни кей гранттарды қарау үшін 6 айлық немесе 1 жылдық ақысын төлеп қоясыз. Біздің сайт үшін айына 300 теңге төлесеңіз болғаны. Сайтта жарияланатын əрбір грантты мұқият зерттейміз. Бұл жөнінен бір рет «аузымыз күйген». Бір жолы грантты тексермей, сайтқа салып жіберіппіз. Ал қолданушыларымыз гранттың сілтемесіне өткенде, олардан ақша сұраған екен.

Шынымды айтсам, біздің сайтқа Google Chrom мен Safari-ден кіруден өзім шаршап кеттім. Сондықтан neupusti.net-тің мобильді қосымшасын шығармақпыз. Бұл – қазақстандық сайт. Сондықтан қазақ тілін енгізбекпіз. Қазір neupusti.net-те төрт секция бар: кəсіпкерлік, білім, карьера жəне блог. Болашақта блогты алып тастағым келеді. Оның орнына «Назарбаев университетінің студенті болу қандай?», «Назарбаев мектебі мықты ма, Білім инновация лицейі ме?» деген сияқты əр адам өз мақаласын жарияласа деймін. Өйткені біздің елде студенттер мен оқушылардың ойын ортаға салатын білім порталы жоқ. Маған Америкада оқу туралы сұрақтар өте жиі қойылады.

Сондықтан биылдан бастап сайтта «АҚШ-та оқығанда қазақстандық студенттер қандай қателіктер жібереді? «Greek life» деген не?» секілді тақырыптарда сериялық материалдар дайындамақпын. Соңғы екі айда сайтымызда эксклюзив мүмкіндіктер жасадық. Мəселен, Алматыда өткен Global Synergy forum билетін ойнаттық. ТМД елдерінің жастары үшін мұндай мүмкіндікті көбейткіміз келеді. Тек билет ұтып алып қана қоймай, шəкіртақы жеңіп алатындай болса дейміз.

ҰСЫНЫС ХАТТА НЕ ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК?

Ұсыныс хат – сізді жақсы танитын адамның сіз туралы жазып берген хаты. Ол оқуға тапсырарда міндетті түрде сұралады. Біз ұсыныс хатты дұрыс жаза алмайды екенбіз. «Әсел– ақылды қыз. Оның осы университетке қабылданғанын қалаймын» деп өте құрғақ жазылмауы тиіс. «Мен Әселдің осындай танысымын, екеуміз осынша уақыт бірге жұмыс істедік» деп басталып, Әселдің адами қасиетін ашатын бір-екі абзац жазылуы керек. Онда Әселмен бірге бастан кешкен күлкілі жағдайды, қандай да бір қызықты оқиғаны айтып беріңіз. Сонда ғана қабылдаушылар сіздің оның жақыны екеніңізге сеніп, Әселдің жақсы жақтарын көре алады. Қандай да бір гранттың критерийлеріне сай келіп тұрсаңыз, тым болмағанда өтініш формасын жіберіңіз. Өтпей қалған күннің өзінде сол форманы қалай толтыру керек екенін біліп аласыз. Форма толтырғанда ешқашан өтірік айтпаңыз. Шахматтан хабарыңыз болмаса да, «Қазақстан бойынша чемпион болғанмын» деп жазудың қажеті жоқ. Бұлар қайдан біле қойсын демеңіз. Ерте ме, кеш пе, олар шындықты біліп алады. Менің бір сыныптасым Колумбия университетіне оқуға түсті. Өте ақылды жігіт. Тек өтінім формасында бір-екі жерде өтірік қосып жіберген. Оны төртінші курста оқудан шығарып жіберді.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН
https://vk.com/ulan_unparagi

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2018 жыл

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз