Жақында Ұлттық кітапханада ағылшын тілін үйрететін «Let’s Learn to Speak English» жəне түрік тілінде «Sonsuzluk Şыlesi» атты екі кітаптың тұсаукесері өтті. Кітаптың авторы – 8 тілді еркін меңгерген Қуаныш Жұмабек. Жиынға жас ғалымның ұстаздары, əріптестері мен оқырмандары келді. «Қуаныш – өте еңбекқор, ізденімпаз. Қайда жүрсе де, қазақтың қамын ойлайтынын шетте жүріп-ақ дəлелдеп жүр», – деді ұстаздары. Тұсаукесерге Қуаныштың ата-анасы да келген екен. Баласының үлкен іс тындырғанын көріп, ұлағатты жандардың жылы лебізіне көңілі марқайды ма, асыл əкенің сөзі зал толы оқырманды толқытты…

Жиын соңында Қуанышты сөзге тартып, əңгімелескен едік.

Ұлан: Қуаныш, «Let’s Learn to Speak English» кітабының ерекшелігі неде?

Қ.Жұмабек: Ең басты ерекшелігі – ағылшын тілінің грамматикасын басқа тілдерге сүйенбей, тікелей қазақ тілінде түсіндіреді. Қазақ ертегілері арқылы ағылшын тілін оқытатын алғашқы оқулық десек болады. Мектеп бағдарламасында бұрыс етістіктердің 150 түрі көрсетілсе, бұл кітапта 277 түрі жəне америкалық ағылшын тілінің сөздігі де берілген. Оқулықта мысалдардың барлығы қазақша есімдер мен жер-су атауларымен байланысты. Ағылшындардың жағымсыз кейіпкері «зомбиді» бүкіл əлем біледі. Біздің ертегілердегі жалмауыз кемпірді неге əлемге танытпасқа? Кітаптың екінші бөлімінде қазақ ертегілерін ағылшын тіліне аудардым. Өйткені, ертегі – ұлттың болашағы.Мектепте оқып жүргенде ағылшын тілінің грамматикасын тікелей қазақша түсіндіретін кітап таба алмадым. Осы мəселе үнемі көкейімде жүретін. Кітап жазудағы басты себептердің бірі – осы.

Ұлан: Бұл кітапты мектеп бағдарламасына енгізу жөнінде ұсыныс жасалыпты…

Қ.Жұмабек: Иə, ол рас. Кітапты Ұлттық кітапхананың директоры Жанат Сейдуманов мырза оқып шығып, ҚР Білім жəне ғылым министрлігіне жолдады.  Болашақта оқулық мектеп бағдарламасына енгізіледі деген ойдамын.

Ұлан: Кітап қанша данамен жарыққа шықты? Қайдан алсақ болады?

Қ.Жұмабек: Оқырмандар кітапқа қызығып жатыр. Əзірге Ұлттық кітапханадан ғана оқи алады. Көп кітап – Түркияда. Алдағы уақытта елге жеткіземіз.

Ұлан: Ағылшын тілінің ережесін қандай оқулықтарға сүйеніп жаздыңыз?

Қ.Жұмабек: Көп оқулыққа сүйендім. Атап айтар болсам,Оксфорд, Кембридж университеттерінің оқулықтары мен Америка, Ресейде шыққан кітаптарды пайдаландым.

Ұлан: Оқулыққа ағылшын тілінің мамандары қандай баға берді?

Қ.Жұмабек: Америкалық ұстаздарым мен елдегі беделді мамандар оң бағаларын берді.

Ұлан: «Sonsuzluk Şыlesi» кітабы не туралы?

Қ.Жұмабек: Бұл – менің екінші кітабым. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты мақаласына қосқан үлесім десем болады. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, докторант, ақын Ержан Жұмабектің 2012 жылы Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Шексіздік шұғыласы» атты жыр жинағын түрік тіліне «Sonsuzluk Şыlesi» деген атпен аудардық. Кітап Түркия Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің қолдауымен Ыстамбұл қаласында жарық көрді. Сосын ақын, жазушы Құл-Керім Елеместің «Шырағым-ай» атты кітабын ағылшын тіліне аудардым. «Өнер» баспасында жатқанына екі жылдай уақыт болды. Алдағы уақытта жарыққа шығады деп үміттенемін.

Ұлан: 8 шет тілін еркін меңгерген екенсіз. Өзге тілді қалай тез игеруге болады?

Қ.Жұмабек: Иə, 8 тілді меңгергенім рас. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай, француз, өзбек, қырғыз тілдерін білемін. Тіл үйрену – ең сүйікті істерімнің бірі. Адамның қалауы басымырақ болса, кез келген нəрсені оңай меңгеруге болады. Тілді тез үйрену үшін алдымен ана тілімізді жетік білуіміз керек. Қазір Түркияның Кайсери қаласында ағылшын тілін үйрететін ұйымдардың бірінде дəріс оқимын. Жұбайым Самал екеуміз де докторантурада оқып жатырмыз. Болашақта оқуымызды аяқтап, елге оралып қызмет етсек дейміз. Ең басты жоспарым – Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» романын ағылшын тіліне аудару.

Балалық шағым Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданына қарасты Барқытбел баурайында өтті. Бала кезімде жан-жақты болуды армандайтынмын. Содан болар, мектеп қабырғасынан бастап ақындар айтысы, жыр-мүшəйралар, Абай, Мұқағали, Мəшһүр Жүсіп, Оралхан Бөкей оқуларына жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Еркеғали Рахмадиев атындағы музыка мектебін «домбыра-тенор» мамандығы бойынша тəмамдадым. Шет тілдеріне деген қызығушылығым өте ерекше еді. Ағылшын тілін Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы UCTİ университетінде меңгердім. Ол жақта ағылшын тіліндегі оқулықтар малай халқының тарихы, əдебиеті, жер-су атауларымен байланысты.

ТҮРКИЯДАҒЫ ЕҢ ҮЗДІК 20 СТУДЕНТТІҢ БІРІМІН

Қуаныштың жұбайы Самал да ағылшын тілінің маманы. Самал 2016 жылы Измир қаласындағы Докуз Ейлюль университетін үздік оқығаны үшін Түркия Республикасы бойынша ең үздік 20 студенттің қатарына кіріпті. Сөйтіп, ел президенті Реджеп Тайып Ердоғанның жүлдесімен марапатталыпты. Самалдың білімді əрі мəдениетті екені бірден  байқалады. Əрбір сұрақты мұқият тыңдап, ойлана жауап бергеніне риза болдық. 

– Қуаныш екеуміз Түркиядағы қазақ жастарының кезекті басқосуында таныстық. Достығымыз үлкен сезімге ұласты, – деп жымиды Самал. – Шетелге оқуға Түркия Республикасының мемлекеттік «Tьrkiye Bursları» бағдарламасы бойынша түстім. Магистратураны Измир қаласындағы Докуз Ейлюль университетінде оқыдым. Докторантураға да осы бағдарлама бойынша қабылдандым. Ата-анам білім алуыма ешқандай қарсылық білдірмеді, тек қана қолдау көрсетті.

Бүгінде Кайсери қаласындағы Эрджиес университетінің докторантымын. Эрджиес университеті – елдегі ең беделді оқу орындарының бірі. Бұл оқу орнында 60 мыңнан астам студент білім алады. Таныстарым түрік студенттерінің ерекшелігі туралы жиі сұрайды. Оқу, тəрбие жағынан аса айырмашылық байқамадым. Бір айта кететін нəрсе, түрік студенттері өте белсенді. Мысалы, университет қалашығында түрлі конференция, семинар, саяхат, қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылады. Игі шараларды студенттер ұйымдастырып, өздері белсенділік танытады. Ал біз осындай жиындардан алшақ жүреміз ғой. Сондай-ақ, шараларға университет əкімшілігі қолдау көрсетеді.

Ұлан: Қандай шет тілдерін білесіз?

С.Жұмабек: Ана тілімнен басқа, орыс, ағылшын жəне түрік тілдерінде еркін сөйлеймін.

Ұлан: Оқудан тыс уақытта немен шұғылданасыз?

С.Жұмабек: Аудармамен айналысамын. Қуаныш екеуміз Ержан Жұмабектің «Шексіздік шұғыласы» атты жыр жинағын түрік тіліне аудардық. Түркиядағы оқу орындарының кітапханаларына қойылды. Алдағы уақытта түрік жазушысы, ақын Неджип Фазыл Кысакүректің шығармаларын аударсам деймін.

Балалық шағым Сыр бойында өтті. Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы №210 мектепте оқыдым. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі мүшəйраларға, ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. 2014 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін қызыл дипломмен бітірдім.

Ұлан: Рахмет! Еңбектеріңіз жансын!

Жазып алған
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №38
19.09.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз