Детектив жанрында бірінші қалам тербеген, өзі өмір сүрген қоғамдағы жат тірлікті шытырман оқиғаларға желі етіп, сабақ алар салмақты мұра қалдырған жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына 95 жыл.

Кемел ойлы, кемеңгер тұлғаның адамдық кейпін жазушының замандасы Сәбит Досанов былай деп суреттейді: «Осы бір толық денелі, аққұба өңді, ашық, жылы жүзді, сымбаты бөлек сұңғақ бойлы, мұңлы, сырлы жанары өзгеше ойлы ақиық, ақылман азаматты көрген сайын менің көз алдыма өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының керемет кермиық көркем көріністері келеді.Кемел ұзын бойлы, кең кеуде, тік иықты, аласы аз, қарасы мол жанарынан өзгеше бір жылылық лебі ескен еңсесі биік ер-азамат».

Баппен, баяу әрі анық сөз саптайтын Кемел Тоқаев Талдықорған облысының Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында 1923 жылы 2 қазанда дүниеге келген. Балғын балалығы 1933 жылдардағы аштық зұлматына дөп келген Кемел ата ерте жастан ата-анасынан айырылады. Ағасы Қасыммен бірге қиындықтың қырқасынан сан мәрте өткен. Соғыс басталған жылы 18 жастағы бозбала еді. Екі жылдан астам уақыт майдан шебінде Сталинград, Беларусь, Украина жерлерін азат етуге қатысты. Аяғынан ауыр жарақат алып, кесіп тастау қаупі туғанда да, асқан төзіммен балдаққа таңылып, мүгедек болуға қарсы тұрды. Жас та болса, өмірдің сан тезінен өткен Кемел атаның аяққа нық тұруына Илизаров, Сызганов сынды дәрігерлердің тікелей көмегі тиді.

Оқ пен оттың арасында жүріп, оң аяғынан жарақат алса да, бала жүрегінде сақталып қалған білімге деген ұмтылысы жауынгер азаматты дара жолға түсірді. 1948 жылы Қазақ университетін бітіріп, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызмет атқарады. Тұңғыш әңгімелер жинағы 1954 жылы «Жұлдызды жорық» деген атаумен жарық көрді. Бүгінде жазушының оннан астам кітабы қазақ және орыс тілінде оқырманға жол тартқан.

Өз естелігінде ең ауыр, ең қиын шағы – майдандағы ағасы Қасымнан қара қағаз келген күн дейді. Кейіннен зұлматты балалық дәуренінде тірегі болған ағасының құрметіне ұлын Қасымжомарт деп атайды.

Кемел ата аса сабырлы, байыпты қалпын бұзбаған, жұмысына асқан жауапкершілікпен қараған тұлға ретінде көптің есінде қалған. Көпірік сөз бен құрғақ уәдеден ада, қолынан келгенше көмек көрсетіп, айналасына шуағын төге білген Кемел Тоқаев елі үшін еңбек етті, тер төкті. Жазушының

шытырман оқиғаға толы шығармаларымен жаныңды баурап алатын қасиеті әдебиетсүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталады.

Бір кездескеннен ашылып сөйлей қоймайтын, көп жағдайда томаға-тұйық қалпымен ой үстінде жүретін жауынгер жазушының елім деп соққан жүрегі оның туындыларынан сезіліп тұратындай. Автордың қаламынан туған еңбектерінде отаншылдық рух, ұлттық патриотизм тайға таңба басқандай анық көрінеді. Егер Кемел атаның туындыларымен таныс болсаңыз, менімен келісетініңізге еш шүбә келтірмеймін. Себебі мынада: автор өз еңбектерін соғыс тақырыбында, детектив жанрында жазу арқылы халықтың қайғылы кезеңі мен асқан рухын көрсете алды. Шығарманың шеңберінде елге деген махаббаты, ержүректікке баулыған тағылымы берілген. Мен оқыған «Соңғы соққы» романы әдебиетіміздің алтын қорына енгені сөзсіз. Қаршадай ұл қараша қазағының тағдыры үшін оқ пен оттан тайсалмағандардың сапында болды. Патша көңіл қазағына тосын болған детектив жанрында қалам сермеп, осынау тың бағытты биікке көтере алды.

Заңғар жазушы, ержүрек жауынгер Кемел Тоқаев өмірден өтсе де, артында еліне мақтаулы ұрпағы, оқырманның сұранысына ие туындылары қалды. Болмысы биік тұлғаның көзі тірісінде КСРО Сыртқы істер министрлігінің жоғары оқу орнын бітірген ұлы Қасымжомарт Тоқаев қазіргі таңда ел тізгінін ұстаған азамат. Әке жолын, әке арманын жалғаған перзент. Жазушы Сәбит Досановтың естелігінде баласының жетістігіне баладай мәз болып, жоғары оқу орнын бітірген ұлының құрметіне дастарқан жайған әке қуанышы айтылады. Ұрпағының ұлағатты ғұмыр сүріп жатқанын асыл әке аңғарып та жатқан болар…

Ақын, Рафаэль Ниязбековтың төмендегі өлең жолдары оқырман қауымның жүрегінде Кемел атаның жарқын бейнесін жаңғыртты.

–Озғандарға жүгірдің жүлде беріп,

Сен бар жерде қалатын ірге кеңіп.

Азаматтың бірі едің,

Кемел аға,

Арыстандар қасына жүрген еріп.

Кеудесінде көк бөрі ұлып жатқан,

Ерге ғана қазақтың мұңы батқан.

Жетісудың сен едің ойлы өзені,

Қанша дауыл соқса да, тұнып аққан.

Ел есінде сақталған бірегей, халыққа мәшһүр, көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың салып кеткен сара жолы, дара жанры бүгінде өз жалғасын тапқаны қуанышқа бөлейді. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген Жиренше шешеннің даналығы Кемел атаның кемеңгер тұлғасына жарасып-ақ тұр.

Мадина ОҚАС,

«Ұлан» газетінің жас тілшісі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз