Бір күні менің басыма «піспеген ойдың толғағы басым» деген жол келді.

Өзі солай, кейде әлдеқандай жолдар яки тұтас мәтін ойыңа сап ете қалады да, түртіп қоясың. Кейін соны қайда жамарыңды білмей дал боласың.

Бұл да сол кепті киді. Ғафу өтінем, «осы жол ғажап еді, мен де суреткерлер секілді ғайыптан келген мәтіндермен жұмыс жасаймын» деуден аулақпын. Бір кеп қалды енді сондай жол. Өлеңге сұранып тұр деп ойладым. Пәлсапа қуған сөйлемдерді палитрадағы бояуларға матырып алып сүйкесең, тоты құстай түрленіп шыға келетіні бар. Бірақ, «піспеген ойдың толғағы басым» дегенге, «қолдағы лашын» деп ұйқастырмайтыным айдан анық. Мен саятшы емеспін. Ол кезде өлеңде ұйқас маңызды дегенге сенетін едім…

Ағам туралы кейінірек, күн еңкейгенде жазам дейтінмін. Үйренетін, қателіктерді түзейтін, ізденетін, қайта оралатын «піспеген ойлар» көп әлі. Біздің жас айтқың келетін, сенетін, сендіргің келетін жас қой. Піспеген ойдың толғағы басым болатыны да сондықтан, бәлкім. Дегенмен, ағам туралы нашар жазудан мүйізді кейіпкерлері бар түс көргендей қорқам. Сонда да жазғым келді. Бұл әлқисса болсын.

– «Поэзияны неге философияға айналдырғыларың келеді?» – Ағам журналды алдына тастай салады да, маған сұраулы жүзімен қарайды. – Осындай сауалдарды қайдан тауып аласыңдар-ей?

– Қате сауал ма, аға?

– Біл-мейм! – Театр әртістеріндей қолдан білмеген бола қалады. – Өлең мөлдіреген, тұп-тұнық болуы керек емес пе?

– Өлеңге психоанализ, философия, Тәңірді іздеу тұрғысынан қарайтын уақыт жетті. Лириканың дәуірі бітті! – деймін жалма-жан алаңғасарланып.

– Лирикасыз өлең қандай болады?

– Тарковскийдің «Сталкері» секілді…

Тауып айттым деп қалдым. Мүмкін, тауып айтқан да шығармын. Ойым ағаны кинематографияға қатысты біраз сөйлету. Әдетте, ол кісінің кино туралы таратып айта қоюы қиын. Дәп әжеміздің Қалдыбайды сұрасаң, Барлыбай туралы айтып отыратынындай.

– Елестете алмай тұрғаным. Тағы мысал айтшы?

Мен қипақтай бастаймын. Шынында, мысалым аз. Киномен, шын киномен енді танысып жүрмін. Қазір қоржынымдағы режиссерлерге жүгінсем, ағам баяғыша бұлқан-талқаны шығып ашуланады. Иә, баяғыша…

…Бір жолдас жігіт айтты: «Бізде Данияр Саламат деген режиссер істейді. Танысып, әңгімелессең болады».

Танысып, әңгімелесуге расында болады екен.

– Қай баласың?

– Киноға қызығатын ініңіз едім…

– Онда сен мықты болдың! Кімдерді көріп жүрсің?

– Скорсезе, Спилберг.

– Тағы? – Шекелей қарап сөйледі. Жақтырмай қалғаны анық. – Басқа кім?

– Тарантино, Дэвид Финчер… – Келесілерін айта бастағаным сол еді, «Коммерсанттар» десін.

Ашуланып қалдым.

– Қалай?

– Олардың бәрі коммерсант!

Содан өзі мықты деп санайтын режиссерлердің біразын атады. «Мына киносы кезінде бәлен деген фестивальден түген деген жүлдеге ие болған», – деп «өзінің режиссерлерін» көтермелеп қояды. «Білмеймін», – дедім. «Жақсы онда», – деді… Ашуланғаны қорқынышты екен, түтігіп кетіпті. Ал, мен әдетімше бар ашуымды ішіме жиып алдым.

Баспалдақты теуіп келе жатырмын: «Фестиваль деген не ауру екен осы?! Өздерінің де, әлгі айтқан режиссерлерінің де киносын ешкім білмейді. Мықты болса, неге мына жерде жұмыс істеп жүр».

Ашу үстінде санаға қонақтай қалған осы ойым үшін өз-өзімнен неше рет ұялдым екен… Фестивальдердің шын өнер үшін ұйымдастырылатынын, режиссерлердің танылуына, шығармашылықпен еркін айналысуына жол ашатынын, авторлық фильмдердің қай елде болмасын халі мүшкіл екенін Данияр Саламатпен алғаш танысқанда көп бағамдай бермейтін едім.

Авторлық фильмдерді кинотеатрлар да сатып алмайды. Уәж де табылады: «Көрермен мұндай фильмдерге келмейді».

Иә, кинотеатрға көбіне көрермен отбасымен яки қыз-жігіт боп барады. Көңіл көтеріп немесе көзі дымданып қайтқанды қалап тұрады. Десе де, қазіргі көрерменді сауатсыз дегенге сенбес едік. Тек, авторлық фильмдердің насихатын ұлғайту ләзім.

Көрермені жоқ режиссерлердің «жолы болмаған фестивальщик» болып шыға келетіні де содан. Кейіннен байқадым, біздің қоғамда көбі солай ойлайды екен. Тіптен, белгілі қаламгерлердің, ел таныған журналистердің біразының пікірі осыған саяды. Өкінішті…

Кейде төңірегіңдегі жаңсақтықтарға қатты налисың. Көңілің түсіп кетеді. Ондайда Алматының көшелеріне жететін сырлас жоқ. Көшелер қаншама адамның мұңымен бөлісті, сыралғы жолдас болды десеңізші! Серуендеп келе жатып бәрін жайып саласың, үнсіз тыңдайды. Сосын «шүкір» дейсің. Шүкір. Бәрі орнында, өмір арнасымен ағып жатыр. Тек көңілде бір алаң бар. Арманға, сенімге малып алған алаң. «Сен қалай да кино түсіруің керек!».

– …Енді қашан түсіресің? – деді.

– Бір қысқаметрдің сценарийін ойлап жүрмін, – дедім.

– Қысқаметр дегенді қайдан таптыңдар-ей осы?! – Мұндайда ағам қолын жайып жіберіп сөйлейді. – Толықметрлі киноның сценарийіне отыр.

– Оған көп ақша керек қой, – деймін көше жиегіндегі арықтан секіріп бара жатып.

– Аз ақшамен де түсіруге болады. – Арықтан секірді. – Анаңғара, лотокты қоқысқа толтырып тастапты. «Сағынтайдың бірінші әйелін» сондай аз ақшамен-ақ түсірдім ғой.

– Қанша сонда?

– Бір үйдің жартысы кетті дә.

– Бір үйдің?..

– Қызылордадағы үйді саттық та, жеңгеңе айттым: «Мынаның жартысына кино түсірейін. Қалғанымен үйдің құрылысын бастай береміз».

– Келісті ме?

– Келіспегенде. – Біз Абаймен келіп, жағалауға бұрылдық. – Кино түсірмегенге біраз жыл боп кетті, шыдамадым.

– Жеңгем мықты екен… – деймін басымды шайқап.

Ағам бұған жауап қатпады.

– Джейланның әйелі де сондай екен, иә? Үнемі қасында жүріп, съемкасында болады.

– «Маусымдарға» бірге түскен екеуі.

– Көрдім. Бірақ маған «Отчуждениесі» сұмдық әсер етті.

– Сен соның бірінші эпизодын байқадың ба? Кадрды қалай қояды, ә?!

– Біздің өмірімізден аумайды ана фильм. – Кинодан алған әсеріммен бөлісіп жатырмын. – Квартирада қалың жігітпіз. «Отчуждениедегі» нюанстардың күнде жүзі болады. Содан да кино жасауға болады екен, аға!

Университетті енді бітіргенбіз, бірге оқыған жігіттер пәтер жалдап тұрамыз. Пәтерге шықпаған, қала берді жатақханаға кіре алмай қалған жігіттердің де соғатын құжырасы біздің үй. Күнде қайталанатын осы кадр расымен шаршатады кейде. Соны киноға айналдыруға болатынын Джейлан үйретті өзіме. Ал, Джейланмен таныстырған ағам болатын.

– Қазір өзі бытовой фильмдер жақсы көтеріліп келе жатыр.

– «Отчуждение» дегенді қалай қазақшалауға болады, аға? Әдеби аударма керек.

– Қашан үйленесің-ей? – Ағам бұрынғы әуеніне басады. – Өзіңе қандай қыздар ұнайтынын айтшы?

Одан ары көр-жерді айтқан ұзын-сонар әңгіме… Біз Қадырдың «Иірімін» жазып отырмағандықтан, оның көбін оқырманмен бөлісуді жөн деп таппадық.

Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы «Баспалар үйінен» шығып, Абайды бойлап Есентай жағалауына жаяу көтерілеміз. Ағам екеуміздің де пәтеріміз жағалаудың бойында болғандықтан, көбіне жұмыстан бірге жаяулап қайтамыз. Жол бойы таусылмайтын әңгіме. Әлгіндегі диалог соның бір парасы ғана.

Кино жайлы сұрасаң, басқа дүниелерді гәп қып жүріп алатынын басында айттық. «Неге өйтесіз?» – десем, қарқылдап күліп алып: «Баяғыда Сатыбалды көкемнен (Нарымбетов) киноны сұрасаң, қайдағы жоқ актрисалар, сылқым сұлулар туралы айтып тұрып алатыны бар еді», – дейді. Онсыз да ойында үнемі кино, басқа дүниелерді әңгіме қып кішкене серпілгісі келетін шығар, мүмкін…

Алғашқы кездесуден кейін бірер ай өткенде мен де ағам істейтін редакцияға жұмысқа орналастым. Бір кабинетте отыратын болдық. Кабинетке кіріп келгенде: «Оу, оскароносец! Қайдан жүрсің?» – деді жымиып. «Фестивальщик!» – дедім мен. Бірақ, ішімнен айттым.

Кабинетте отырып та, жаяу серуендер кезінде де үйренгенім өте көп. Мақалаларын көбіне киноға қатысты жазады. Әйткенмен, үнемі кешіктіріп жазады. Материал кешіктіру жағынан мен де қалыспаймын, арасында ағамнан озып кететінім де бар. Ондай кезде бірер күн сөйлеспей кетеміз. Жазып біткесін, қайтадан өз режиссерлеріміздің төңірегінде бітпейтін әңгіме басталады.

Өз режиссерлеріміз демекші, ағамның алғаш танысқан кезде айтқан режиссерлерін кейін мен иемденіп алдым. Дегенмен, ағам мен айтатын ақындарды жақтырмай-ақ қойды… Лирик ақындарын сатпайды екен.

Сіздер Данияр Саламаттың «Әкем екеуміз» атты фильмі халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде үш бірдей жүлдеге ие болғанын, «Сағынтайдың бірінші әйелі» Германияның Котбус қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде «Диалог» секциясы бойынша Бас жүлдеге қол жеткізгенін білетін шығарсыздар. Бірақ, сол Данияр Саламаттың прозаик екенін білмейсіздер-ау.

«Кино деп жүріп прозам қалып қойды. Үлкен өкінішім сол», – дейді ағам. «Қазір неге жазбайсыз?» – десем, қайтадан: «Өзіңе қандай қыздар ұнайтынын айтшы одан да», – деп баяғы әуенге басады. Сонсоң жасы өзінен кіші, менен үлкен біраз жазушының атын атайды: «Соларды киноға тарту керек. Проза жазса, сценарий де жаза алады». «Сценарий жазғанның бәрі кино түсіре ала ма екен?». «Әрине, түсіреді. Жазушыларды жаппай киноның оқуына оқыту керек». Одан кейін: «Әй, мен сценарий жаза алмайтын режиссерге күмәнмен қараймын», – деп қосып қояды.

Кейін аға жұмыстан шығып кетті. Кино жайлы мақала жазуды мұрапаға алып, мен қалдым. Тағы бір мұрапаға қалдырғаны менің де өлең жазуым сирексіп кетті, дәл ағаның прозасы секілді…

Ара-тұра ағамды іздеймін. Палауын сағынам. Жеңгеміздің берекелі дастарханы бір бөлек, ағаның палауы енді… Ондай палауды біздің ауылда әлдекім үйленгенде, сосын әлдекім өмірден озғанда басады. Алматыда Данияр Саламаттың ғана қолынан келеді, байқауымша.

– Бекзатым, Өсіп-өнсін зәузатың! – Біреумен телефонда сөйлескенде ылғи есімін ұйқастырып отырады. – Жаңалық айтшы. Не боп жатыр мына әлемде?

– Білмедім, аға.

– Әй, маған Түгеншенің нөмірі керек болып тұрғаны.

– Қазір, тауып берейін.

– Танисың ба сен оны?

– Былай білем…

– Бай ма?

– Бай болмағанда.

– Өзі ақын болса, қалай байып алады-ей?

– Білмедім, аға. – Театр әртістеріндей қолдан білмеген бола қалуды мен де үйреніп алғамын. – О шалды неге іздедіңіз?

– Бағдарламаға түсіру керек боп… – Аға телеарналардың бірінде жұмыс жасайды қазір. – Өзі есі дұрыс еркек бай болуы тиіс, солай емес пе?!

Тағы біраз дүниені әңгіме қылып болғасын, жағдай сұрасамыз.

– Киноңыз не боп жатыр, аға?

– «Қазақфильмнің» редакциялық алқасынан өтіп тұр. Бірақ, бюджеті шешілмейді тегі. – Отызыншы жылдардағы аштықты суреттейтін, сосын Б.Майлиннің әңгімелерінің негізінде жазылған екі сценарийінің редакциялық алқа талқысынан өтіп, түсірілімге жолдама алғанына да жыл жаңарды. – Күнім Астанаға қатынаумен-ақ өтіп жатыр. Ренжіп қалдым.

– Қызық-ей, тек тарихи кино түсіре береміз бе екен?! – деп мен де ренжимін.

– Сосын басқа киноға кірістім. Ренішімнің біразы сонда бар.

– Ақшаны қайттіңіз?

– Таптым да…

– Оны төлеу де бар ғой, аға. – Көңілім түсіп кетті.

– Кино түсірмесем шыдай алмаймын ғой, қайтем… – Ағам мұны асқақ нотада айтты. – Өзің не бітіріп жүрсің?

– Бір қысқаметрдің сценарийін жазып жатырмын.

– Қашан түсіресің?

– Сценарийімді бітіріп алайын да. – Міңгірлей бастадым.

– Бітірмейсің бе енді?!

– Біраз локация көріп қайттым, черновой түсірілім де жасадым аздап.

– Оның дұрыс. Сценарийді ертерек бітір де, түсірілімге кіріс.

– Журналға мақала беретін уақыт кеп қалды. Соны жазып алайын… – дей бергенім сол еді, ағам сөзімді аяқтатпады.

– Қанша ақша кетеді екен, а?

– Кемі бір жарым миллиондай, – дедім аз-кем ойланып тұрып.

– Одан аз ақшаға да түсіруге болады.

– Есептедім, аға. Дұрыс камера қажет операторымен, дыбыс, жарық, суретші…

Бұл жолы ағам «маған қандай қыздардың ұнайтынын» сұрамады. Киноның төңірегінде ғана әңгімелестік. Сөйлесіп бола бергенде тұтқаның ар жағынан: «Сен қалай да кино түсіруің керек!» – деп ескертті.

Жұмыстан шығып жалғыз өзім жүріп келе жатырмын. Айналаға қараймын. Бәрі орнында, өмір арнасымен ағып жатыр. Тек көңілде бір алаң бар. Арманға, сенімге малып алған алаң. «Сен қалай да кино түсіруің керек!».

– …Енді қашан түсіресің?

Селк еттім. Жылдам басып жол жиегіндегі арықтан секіріп өтіп бара жатыр едім, арық қоқыстан әлі тазартылмаған екен…

Үсен ТОРТАЙ

“Ақ желкен” (№3, наурыз 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз