Құсбегілік қазақ халқының атадан балаға мирас болып қалған бекзат өнері. Бұл өнердің қазаққа етене жақын көк байрағымызда көрініс тапқан қыран бүркіттің белгісінен аңғаруға болады. Құсбегілік өнер ұлтымыздың болмысын ашып, ерекшелігін айқындайтындай. Моңғолияда тұратын қандастарымыздың арасында құсбегілікті серік етіп, саятшылықпен айналысатындар аз емес. Шамамен 400-ге жуық қандасымыз құсбегі болмаса да, қасиетті қыран құсты бағып-қағады. Елімізде де құсбегілік ұлттық деңгейде дәріптеліп, қолына қыран бүркіт қондырғандар көбейді. Біздің кейіпкерлеріміз аталарынан қалған асыл өнерді жалғастырып, елімізге танымал жас құсбегілер қатарына кірген. Сейтжан ақсақал еліміздегі тектілігі мен тегеуріні мықты қыран құсты баласындай баулып, алақанында аялап ұстаған атақты құсбегі болған. Сейтжан ақсақалдың немерелері атасынан алған тәлім-тәрбиесін қастерлі қалпымен жалғастырып келеді. Балапан баптап, қыран ұшырады. Ағайынды құсбегілермен сұқбаттасу үшін, арнайы іздеп барған едік.

 

Алмас СЕЙІТЖАН, құсбегіліктен спорт шебері:

«ҚЫРАНДАРЫМДЫ ШЕТЕЛДЕ ӨТЕТІН ЖАРЫСТАРҒА ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫН»

– Қолыма қыран құсты алты жасымнан бастап қондырдым. Құсбегілер арасындағы алғашқы жарысыма да алты жасымда қатыстым. Құсбегілік өнердің арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдым. 2012 жылы Көкшетау қаласында жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында топ жардым. 2013 жылы да Тараз қаласында өткен құсбегілер жарысында үздік шығып, алтын жүлдеге ие болдым. Содан кейін Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу үшін әскерге кеттім. Әскерден келгеннен кейін құсбегіліктің өте қарқынды дамып кеткенін байқадым. Бұны кез келген жарыста кем дегенде, үздік үштікке ілініп, жүлдесіз қайтпайтынмын. Қолына қыран қондырған жастар да сирек болатын. Қазір талантты, жас құсбегілер жетерлік. Әлбетте, ұлтымыздың ұлы өнері осылай ұлықталып жатқаны  қуанышты. Өйткені қыран баптап, аңға салу көлденең көк аттыға жолыға бермейтін, әркімнің маңдайына жазыла бермейтін құбылыс деуге болады. Мысалы, бүркітке ет берудің өзіндік ережелері болады. Аздаған майлы ет жесе, іші майланып аңға түспей қояды. Етті аз мөлшерде берсең де ұша алмай, аң аулауға мұршасы болмай қалады. Менің қазіргі қыраным талай түлкіні де алды, қасқырға да түсті. Бірақ жақында Көкшетауда өткен жарыста жолым болмады. «Қыран» федерациясы» Қазақстанның барлық аймағында құсбегілер арасында ірі жарыстар ұйымдастырып, Моңғолия, Қырғызстан сияқты өзге елдердің де атақты құсбегілерін қатыстырады. Мұндай додаларда бүркіттің қыраны ғана топ жарып, құсбегілердің нағыз еңбегі сыналады. Қазір Алматы облысында өтетін ірі турнирге дайындығымызды бастап кеттік. Бұйыртса, бұл додада топ жаруды көздеймін. Сондай-ақ Қазақстан құсбегілер құрамасының мүшесі болғандықтан, шетелде өтетін жарыстарға да қырандарымды дайындап жатырмын.

Алмастың әкесі Бауыржан, ағасы Аян және екі інісі Бекасыл мен Бексұлтан да қыран құсты қолына қондырған құсбегілер. Қолдарында 4 бүркіт пен 2 қаршыға бар. Әңгіме ауанын Алмастың кенже інісі, екі қаршығаның иесі Бексұлтанға бұрдық. Бексұлтан небәрі 11 жаста болса да, осы уақытқа дейін екі ителгі, төрт қаршыға ұстап, біраз жарысқа қатысып үлгерген.

Бексұлтан СЕЙІТЖАН, ең жас құсбегі:

«ҚАРШЫҒАДАН ИТЕЛГІНІ ТӘУІР КӨРЕМ»

– Менің осы уақытқа дейін 2 ителгі, 4 қаршығам болды. Олардың біразы өліп қалса, біразы ұшып кетті.Қазір қолымда тек екі қаршығам бар. 8 жасымда Қызылорда қаласына бардым. Жас құсбегілер арасында өткен додада ителгіммен өнер көрсеттім. Өкінішке қарай, ителгім кептерге түспей, жүлделі орынға іліге алмадым. Осы уақытқа дейін төрт жарысқа қатыстым. Жақында ғана Талдықорған қаласында құсбегілер арасында жарыс өтті. Бұл додада қыран бүркітпен қатар, қаршығаларды да аңға салды. Мен Көкжендет атты қаршығаммен қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Алғашқы жүлдем – 50 мың теңгеге ие болдым. Сосын өзіміздің ауылда өткен жарысқа да қатыстым. Біздің ауылда жыл сайын атам Сейітжан Байжүнісұлы мен Әбен Тоқтасынұлы атындағы құсбегілердің республикалық турнирі өтеді. Сол бәсекеде Көкжендетпен екінші орын алып, қанжығам майланды. Маған қаршығаға қарағанда ителгі ұстаған қатты ұнады.

Өйткені ол қаршығадан да жылдам ұшады және жемтігін аулағанда алдымен теуіп құлатады. Ал қаршыға жемтігін бірден басып қалады. Сондай-ақ ителгі – өте төзімді және адалдықты бойына сіңірген киелі құс. Бексұлтан болашақта кім болғысы келетінін әлі шешпепті. «Дегенмен, өмірімнің құсбегілік өнермен тікелей байланысты болатыны анық. Бәлкім, атам сияқты мен де атақты құсбегі болармын», – дейді. Сондай-ақ жас құсбегі дене шынықтыру сабағы мен информатика пәнін сүйіп оқитынын айтты.

Бексұлтанның ағасы Бекасыл да құсбегіліктің қыр-сырын меңгерген, жас та болса біраз белесті бағындырған. 13 жасар Бекасыл да қыран құсты қолына ерте қондырған. Киелі өнердің қадірін түсінген Бекасылдың арман-мақсаты бөлек. Тіпті бүркітші туралы қысқаметражды фильмге түсіп үлгерген. Бұл туралы Бекасылдың өз аузынан естуді жөн көрдік.

Бекасыл СЕЙІТЖАН, құсбегі:

«АҚЖЕЛКЕНІМ» ҚАСҚЫР АЛСА ДЕП ЖҮРМІН

– Мен де қыран құсты қолыма 8 жасымнан бастап қондырдым. Ителгі мен қаршығадан емес, бірден бүркіттен бастадым. Шыны керек, алғашында бүркіттің салмағын көтере алмайтынмын. Әкем ылғи бүркітті қайырып, қолға қондыруды үйретіп отырады. Қазір бүркіттің томағасын кигізуді, сылап-сипау, жемге үйрету және шырғаға салу сынды баптаудың тәсілдерін өзім істеймін. Осы уақытқа дейін 5 бүркітті қолыма қондырдым. Олардың барлығын өзім баптап, жарыстарға шықтым. Бірақ құсбегілер сайысында жолым болмай, жүлделі орынды иеленбедім. Дегенмен, елімізде ересектер арасында өткен Бүркітшілердің Х чемпионатында қаршығаммен 3-орын алдым. Ересектер арасында жүлделі орыннан көрінгенде қуанышымда шек болмады. Ең алғашқы бүркітім ұшқан оқтай болғандықтан «Қызылжебе» деп атадым. Содан кейін «Оқжетпес», «Сайыпқыран», «Ақжалын», «Ақжелкен» сынды қырандарым болды.  Бұл бүркіттерімнің барлығын аңға салып, саятшылық құрдым. Қанжығама тек қоянды байлап қайтатынмын. Жақында әкем екеуміз аң аулауға бірге шықтық. Алдымыздан түлкі кездескенде, «Ақжелкенімнің» томағасын сыпырып, бірінші кезекті өзім алдым. Қыранымнан құтыла алмаған түлкіні көргенімде, көңіліме қанат бітіп, жандүнием ерекше сезімге бөленді. Өйткені бұл менің алғаш рет түлкіні қанжығама байлауым еді. Ендігі жарыстарда қыранымның қасқырға түсетініне сенімдімін. Қазір ағаларыммен бірге мен де бүркітімді баптап, жарысқа дайындалып жүрмін. Әр жарысымда топ жарып, үздіктер қатарынан көрінуді қалаймын. Себебі, Қазақстан құсбегілер құрамасының мүшелігіне кіріп, қыраныммен шетелде өнер көрсеткім келеді. Бұл менің болашаққа қойған жоспарларымның бірі.

Дегенмен, Бекасыл «Болашақта атам сияқты атақты бүркітші болмауым да мүмкін», – дейді. Бекасыл Massaget.kz режиссері Ернар Алмабектің «Аманат» атты қысқаметражды фильмінде басты рөлді сомдаған. Жас құсбегінің осы фильмнен кейін, болашақта актер болсам деген арманы туындаған екен. «Болашақта актер болсам деп армандаймын. Киноға түсу де бір өнер екен, маған қатты ұнады. Сүйікті актерім Нұрлан Әлімжанов сынды жақсы киноларда бас кейіпкердің рөлін сомдағым келеді. Дәл қазір кез келген киноға түсуге дайынмын», – дейді Бекасыл.

Айтпақшы, үш ағайындының үлкен ағасы Аян Сейітжан да құсбегілікті серік еткен жан. Біз барғанда Аян қыранымен аңға шығып кетіпті. Ұлтымыздың ұлы өнері құсбегілікті түгелдей отбасымен серік еткендерін көріп, сүйінбеске һәм таңғалмасқа шарамыз қалмады. Ежелден қыранды қасиет санаған елдің ұлдары осындай ұлттық дәстүрімізді жалғап, келешек ұрпаққа аманат қылып қалдыруды көздейтіні қуантады.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз