Мәселе

Суицид көбейiп барады

Жақында Алматы қаласында «Аман-саулық» қоғамдық қоры балалар арасындағы суицидке байланысты жиын өткiздi. Оған ұстаз, дәрiгер, психолог сынды бала өмiрiне жауапты мамандар қатысты.

Елiмiзде 2009 жылы 202 жасөспiрiм өз-өзiне қол жұмсаса, бұл көрсеткiш 2010 жылы 237-ге жетiптi. Қайғылы оқиға көбiнесе Шығыс Қазақстан облысында орын алған. Осыдан екi жыл бұрын осы өңiрде 34 жасөспiрiм өз-өзiне қол жұмсаса, 46 жеткiншектi ажалдан арашалап алған. Ал былтыр 60 жасөспiрiм ажал құшып, өзiн-өзi өлтiргiсi келген 73 жеткiншектi дер кезiнде тоқтатып үлгерген. Демек, суицид жылдан-жылға көбейiп келедi. Өкiнiштiсi, тосын оқиға барлық өңiрде ай, күн санап орын алуда. Мәселен, былтыр Алматы облысында – 22, Қарағанды облысында – 21, Ақмола облы­сында – 18, Жамбыл облысында – 16, Оңтүстiк Қазақстан облысында – 19 суицид әрекетi жасалған. Соңғы үш жылда Солтүстiк Қазақстан облысында суицид екi есе өскен.

– Өз-өзiне қол жұмсаудың басты себебi – отбасындағы түсiнбеушiлiк. Осы сөзiмiзге қайтыс болған балалардың жазған хаттары мысал бола алады, – дедi психолог Н.Рас­попова. – Iшiмдiк күнделiктi асына айналған ата-ана үшiн тiптi қиын. Өйткенi, анасының араққа арбалғанын балалары көтере алмайды. Олар мәселенiң шығу жолы – өз-өзiне қол жұмсау деп түсiнедi. Егер бала отбасында жақсы тәрбие алса, барлық қиындыққа төтеп бередi. Әкесi ұлымен сөйлесiп, анасы қызымен сырласар болса, мектептегi әлiмжеттiк, сыныптастар арасындағы бәсекелестiк – бәрi-бәрi оңай шешiмiн табар едi.

Жиынға қатысушылар баласының бола­шағына алдымен отбасы жауапты екенiн дәлелдеуге тырысты. Қазiр ата-аналар ақша тауып, тамақ асырау үшiн базар жағалап кеттi. Олардың баласының сабақ үлгерiмiне қарап, ақыл айтуға уақыты да жоқ. Ал жасөспiрiм жалғыз әрi қараусыз қалғандықтан, өз бетiмен өмiр сүруге ұмтылады. Яғни, өмiр жолы  теле­дидар, интернет және компьютерлiк ойын­дарда деп қабылдайды. Оның нәтижесi суицидке әкелуде. Сондықтан қиындыққа тап болған жеткiншекке көмек беретiн 150  нөмiрлi сенiм телефоны туралы айтқымыз келедi. Бұл желiге кез келген оқушы хабарласа алады. Ең бастысы, балалар өз өмiрiн болмашы нәрсеге айырбастамаса екен…

Г.Зейнуллина

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз