«Көршінің қызы» – Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінен бірінші орынды алды. Авторы – жас жазушы Қанат Әбілқайыр. Қанат әдебиетсүйер қауымға «Текес теріс ағады» атты прозалық жинағымен белгілі. Ал «Көршінің қызы» қазақ балалар әдебиеті үшін жазған тырнақалды туындыларының бірі. «Балалар әдебиетінде бәйге алғасын, енді бұл тақырыпты жалғастырмауға құқығым жоқ», – дейді автор. Қазылардың көңілінен шыққан шығарма, оқырманның көзайымы бола ма? Бұл сұрақтың жауабын кінәмшіл, шыншыл оқырманның еншісіне қалдырдық. Оқып көріңіз. Мархабат!

І

Қораның үстіне жиналған мая шөпке шықсам болды, дереу Әселдердің үйіне қараймын. Ағаштан қиюластыра салынған, жинақы ғана әп-әдемі үйге ұзақ телміріп тұрамын. Не істеп жатыр екен, ол? Есіктің алдына шығар ма екен? Әлдекімнің тек бір өзін көру үшін дәл төбесінен төне қарап тұрғанын сезе ме екен? Сезіне ме екен? Әй, қайдам? Өмірі бір рет тілдеспеген, сырласпаған менің ішімде не жатқанын ол қайдан білсін? Бүкіл жандүнием – алай-дүлей…

А, айтпақшы Әсел деген кім? Сіздермен таныстырмаппын ғой. Әсел көрші Ғалымжанның қызы. Менен бір жас кіші. Биыл жетінші сыныпта оқып жүр. Бұрын жіті мән беріп қарамадым ба, жоқ әлде тым кішкене болды ма, оның мұншалықты сұлу, әдемі екенін аңғармаппын. Ол биыл жазғы демалысын Алматыда өткізді. Тамыз айының аяғында көшеде ойнап жүр едім, Ғалымжан ағаның әппақ волгасы зу етіп, біздің үйдің жанынан өте шықты. Терезені ашып алған Әсел қол бұлғап барады… Мұнысы: «Әй, Талап көрдің бе, үш ай Алматыда жүріп, бойжеттім» дегендей әсер етті. Жүрегім төңкеріліп түскендей болды.

Әне, әне қараңыз. Әселдердің үйінің есігі ашылды. Қазір гүлдей жайнап шыға келеді. Жо-жоқ бұл жолы шыққан Әсел емес екен. Әжесі… Қолында әпкішке ілген шелегі бар. Суға кетіп бара жатыр.

Әселдердікі мен біздің үйдің арасын бар болғаны екі-ақ үй бөліп тұр. Сізге жақын болғанымен, маған өте ұзақ. Әселге деген белгісіз бір сезім бой көтергелі бері бұл үй тым алыстап кеткен сияқты көрінеді. Әйтпесе, бұған дейін Ғалымжан ағанікінен ұялмай балға, шеге, кетпен, айыр, күрек секілді керек-жарақтың бәрін сұрай беруші едім. Ал, қазір… Біртүрлі. Олар ішімдегі сезімімді біліп қоятын сықылды өзімнен-өзім қуыстанатын болғанмын. Біздің үйдің іргесінде Зейнеш аға, оның артында Мырзәлі шал, одан кейінгі үйде Ғалымжан ағалар тұрады. Шөптің үстіне шықсам, осы үш үйде не істеліп жатқанын анық көре аламын. Әнеу жерде Зейнеш аға cиырларға шөп салып жатыр. Мырзәлі шалдың баласы Нұржан әлдебір темірді соққылап, қара терге малшыныпты. Маңдай терін жеңімен сүртіп қояды.

Үлкен киіз үйге ұқсайтын Үйсінтауға көз салдым. Жергілікті жұрт Сарытөбе атап кеткен алып тау менімен бірге ауыр күрсінгендей болды. Ех, Әселім, менің! Ертеден қара кешке дейін сені бір көру үшін осы маяға неше мәрте шығатынымды білмейсің ғой сен. Білмейсің. Білсең, тым құрыса бірнеше рет далаға шығып, күншуақта отырар ең. Тамыздан бері міне, үш ай өтті. Үш ай бойы тек сені ойлап жүрмін. Қарашаның қара суығынан именетін шығарсың. Қырсыққанда биыл қар да ерте түсіп, айнала әппақ көрпеге оранды. Біздің Сүмбенің осындай тосын мінезі болмағанда қазір Әсел бәріміз далада ойнап жүрер ме едік. Ал, менің мұздап тұрысым мынау. Әсел, сенің далаға бір рет жылт етіп шыға келуің мен үшін үлкен мереке… Сондай бақ маяның үстінде дірдектеп тұрған Төлегеніңе бүгін бұйырар ма екен?

Охо, қараңыз, Әселдің әжесі иығындағы әпкішін әрең көтеріп судан қайтып келе жатыр. Шелегі теңселіп-теңселіп барып түзеледі. Түу, адам болмаймын ғой, мен. Бағана бұл кісінің құдыққа бет алғанын өз көзіммен көрдім. Сол кезде жүгіріп барып, «әже, сізге көмектесіп жіберейін» десем біреу астымдағы атымды тартып алар ма еді? Жетпістен асқан әжеге су тасытып қойып, шіреніп тұрысым мынау. Егер де әженің суын жеткізіп берсем, үйіне бара сала қызына «адам болатын бала» деп мені мақтайтын еді. Былай жаман жігіт емес екеніме қызының да көзі жете түсер еді.

Әжесі суын көтерген бойы үйіне кіріп кетті де, артынша қос шелекті көтеріп, Әсел шықты. Бәлкім, әжесі үйге кіре сала: «Ух, шаршадым, қызым. Қолымның қары талып кетті. Енді бірер шелек суды өзің әкелші, үлкен қыз болдың ғой» десе керек… Жоқ әлде, Әселдің өзі: «Ой, әже суды өзім-ақ тасимын ғой. Неге әуре болдыңыз?» деп шелегін ала жүгірді ме екен. Меніңше, бұл өмірде Әселден ақылды қыз жоқ. Ол әжесінің суға кетіп қалғанын білмей қалған. Әйтпесе, жетпістен асқан кейуанаға су көтертетіндей ақымақ қыз емес қой, ол.

Шөптің үстінен сырғанап түстім де, қоймада тұрған піләктегі суды далаға көтеріп шығып, төге салдым. Шанама бос піләкті тиеп, жүгіре бергенім сол еді, үйден атам шыға келді.

– Әй, тұқымың өскір, есіктің алдын көл қылып мынауың не? Ертең көк-ала мұз болып, мені құлап өлсін дейсің бе? Мен суды тасып әлек. Сендер шашып..

Атамның ашуын қайтару оңай.

– Аташым менің, анау өзің қорғасын құйып берген сақамен асық ойнайын десем, мұз жоқ…

– Е, енді саған есіктің көзінен басқа асық ататын жер табылмай қалды ма?

Шанамды салдырлатып, құдыққа қарай құстай ұштым. Жүгіріп келе жатып Құдайдан бір ғана тілек тіледім. Мен жеткенше, Әселдің шелегі толып кетпесе екен. Үлгерем. Үлгеруге тиіспін. Әне, құдықтың басында қалқиып бір өзі тұр. Қазір жетіп барам да: «суыңды жеткізіп берейін» деймін. Сосын… Сосын, піләгімді суағарға қоямын да, Әселді үйіне дейін шығарып саламын. Ішімнен біреу күбір еткендей болды. «Қыздың суын иық түйістіре көтеріп бара жатқаныңды біреу-міреу көріп қойса қайтесің?». Басқаны былай қойып, үйдегі екі ағамның бірі осы қылығымды байқап қалса бітті, бітпес мазаққа қаларым сөзсіз.

Құдық жаққа тағы да қарадым. Әселдің шелегі әлдеқашан толыпты. Нәзік қолдарымен екі шелекті көтеріп алып кетіп барады. Алқынып жүгіріп келе жатқан маған назар салатын емес.

Тым құрыса жақыннан бір көруге үлгермей қалғаныма өкініп, бос піләкті бір тептім…

ІІ

Ой, Әселді айтамын деп отырып, өзімді ұмытып кетіппін ғой. Биыл менің жасым он төртке келді. Атам қазақ: «Он үште отау иесі» деп жатады. Сол сөз рас болса керек. Бойым да күн санап өсіп келеді. Бірақ, көп баладан әлі де болса, аласамын. Бұрынғыдай алтақ-салтақ, кір-қожалақ болып жүрмейтін болғанмын. Үстіме ілген бар жұпыны киімді шамам келгенше, таза ұстауға тырысамын. Айына бір рет шаштараз Нұрболдың үйіне барып, шашымды әдемілеп қидырып қайтамын. Бойым қысқа екенін айттым. Байқаймын, ойым да аса ұзын емес. Сегізінші сыныпқа көшкелі оқу үлгерімім де төмендеп кетті. Шындығын айтайыншы, алгебрадан оқитынымыз кіл – түбір асты. Түк түсінбеймін. Қазақ тілі мен әдебиетінен де жарытып оқып жатқаным шамалы. Басқа балаға жауап бере алмаймын. Әу бастан оқу менің миыма кірген емес. Химия, физика деген сабақтардың орнына тек дене шынықтыру пәні өтсе ғой, шіркін. «Чемпион болам» деген арманыма бір табан жақындай түсер едім. Ұстаздар мен секілді оқудан жолы болмаған балаларды қинап, он бір жыл оқытқанша, неге өзі қалаған жолына ертерек салып жібермейді екен.

Шашымды түзеп, киіміме ерекше мән бере бастағаныма атам аң-таң. «Былтыр ғана басыңа кесені қойып тұрып, айналасын ұстарамен қырып тастайтын едім. Биыл шашымды «күзетем» (түзету дегенді әдейі бұзып айтады) деп Нұрболдың үйін айналшықтап шықпайтын болдың» дейді атам.

Еһ, қайран атам-ай! Сен менің Әселге «не екенімді» (Осы сөзді айтайын десем, тілім таңдайыма жабысып, байланып қалатындай болып тұрады. Біртүрлі ерсілеу һәм ұят секілді) білмейсің ғой. Егер бұ балаңның жігіт болғанын сезсең, астыңдағы жалғыз атыңды сатсаң да жұтындырып тұрып киіндірер ең. Сонан соң, Жандос секілді қап-қара кәстөммен қатайып, шікірейіп жүрмес пе едім? Ух, тым құрыса анау Дархандікіндей әдемі кеудешем болса ғой.

Дәл қазір үстіме қараңызшы… Ағамның үш жыл киіп, әбден тоздырған көнетоз пәлтесі. Сабаққа да жерден шыққандай болып, осымен барамын. Төрт түймесінің үшеуі – аман. Аман деуім де бекер-ау. Оның үшеуі – үш түрлі. Мынау ең үстіндегісі кішілеу болғандықтан қатты жүгірсем, ағытылып кетеді. Төртінші түйме қайда қалғанын бір Құдайым білсін. Өткенде әжем бұған лайық түйме іздеп, біраз әбігерге түскен болатын. Атам ағаштан жона қояйын деп, пышағын қайрай бастап еді, азар да, безер болып әрең тоқтаттым. «Пәлтем осылай-ақ өзіме жарасады» дедім. Енді өзіңіз ойлаңызшы. Атамның олпы-солпы қылып оя салған ағаш түймесімен мектепке қалай барамын? Балалар мазақтап, табаламайды ма? Қалай ғана Әселдің көзіне көрінемін? Е, енді бұтыма киген «монтона» деген шалбарыма назар салыңыз. Өткен жылдың күзінде елдің қазып алған картошкасының орнын тіміскілеп, масақ теріп жүріп сатып алғанмын. Күн, түн демей, аңызды кезіп, бір талдап жинаған еңбегіме бұйырғаны осы. Екі жұмада маңдай термен дүние табу дегеннің қандай ауыр болатынын түсіндім. Екі қап картопқа Зақарханның дүкенінен осы шалбарды алған күні қалай қуанғанымды көрсеңіз. Бұл өмірде менен бақытты адам жоқтай көрініп еді. Бірақ, мұнан өзге жөні түзу шалбарым жоқ болғандықтан, «монтонам» тез тозып барады. Күрес үйірмесіне барғанда абай болмасам, ауы жыртылып кете береді. Әжем де ісмер. Қыс бойы осы қытайдың шалбарының ауын неше рет жамады екен? Аяғымдағы бәтеңкемнің жайы да мәз емес. Бұ құрып кеткірдің әу басындағы егесі болған ағам бар қызығын алып, шыжығын көруді маған қалдырыпты. Бір өкшесі қисық. Жүгірген кезде амалсыз тойтаңдауға тура келеді. Кейде жатып алып ойланам: «Егер де бір үйдің ең үлкен баласының аяғы маймақ болса, қалған балалардың бәрінің аяғы қисық болады. Неге дейсіз бе? Өйткені, үлкен баланың аяқ киімін кішілері де киеді деген сөз». Міне, соның жарқын мысалы мына – менмін. Күн санап, түп-түзу аяғым қисайып бара жатқан сияқты. Өткенде осы бәтеңкемен шірене доп тебем деп, табанын қақыратып алдым. Әжем Айтбай ағаға апарып, табан салғызып, жаматып әкелді. Басты-басты киімдерім осындай болған соң, өзгелерін сұрамай-ақ қойыңыз.

Кейде мен баланың кенжесі болып туғаныма ызаланам. Үлкендер де қызық. Осы уақытқа дейін маған арнап бірде-бір жаңа киім сатып алған емес. Үш ағамның тепкісінен аман қалғаны – менікі. Кейде екі жас үлкен ағам үстіндегі киімін бүлдіріп алса, жаным шығып кете жаздайды. Бұл киімді келер жылы сөзсіз мен киемін. Кішкене күтіп, таза ұстаса несі кетеді екен, осы. Қазір мектепке киіп жүрген кәстөмім де екі размерге үлкен. Қыркүйектің басында «мынаны сөлпитіп кимеймін» деп қиғылықты салғаныммен, ақыры үлкендердің сөзіне мойынсынуға тура келді.

Адам көркі – шүберек. Үстіме ілгенім мынандай болған соң, қанша жерден әдемі болсам да (анау айтқандай сымбатты емес екенімді онсыз да жақсы білемін) – бәрібір. Сырт келбетімде кісі қызығарлық ештеңем жоқ. Енді осындай жұпыны киінген мына Кебекті кім елейді? Еңліктей сұлу Әселдің қасында қатар жүру үшін ең алдымен киімің бүтін болуға тиіс. Атам кейде ашуланса: «Мен сендей күнімде әжеңе үйленіп, отбасын асырағанмын» деп отырады. Оның айтқаны рас болса, он үш жасында отау құрыпты. Ал, мен болсам – он төрттемін. Осы он төрт жылдық ғұмырымда не бітірдім? Ойлап отырсам, күнде кешкісін маяның үстіне шығып алып, Әселдің есігіне телміруден өзге дым бітірмеппін. Тым құрыса, үстіме ілер бірер киімді реттеп алуға болады ғой. Анау Еркін, Руслан, Саматтардан қай жерім кем? Олар киімді былай қойып, бір-бірден велик мініп жүр. Өткенде Саматты жалынып жүріп, сүліктей қап-қара велигімен бір көше айналып келуге әрең көндірдім. Ал, Еркіннің қолы ашық, мәрт бала. Маған өздерінің алюминий жинап, сатып жүргендерін айтты. Пайда да шаш етектен екен. «Егер қаласаң, бізбен бірге жүр» дейді. Мұндай жақсылықты әкем де жасаған емес. Ертеңнен бастап, мен Еркіндерге қосыламын. Егер алюминий жинап, жөні түзу киім сатып ала алмасам, Талап атым өшсін. Әселдің атымен ант етейін…

ІІІ

Тағы да маяның үсті. Тәтті қиялдарымның мекені. Мен шөптің үстінде тұрған жоқпын, заңғар көкте самғап бара жатырмын. Сол заңғар көктен қыран құстай айналамды барлап қоямын. Әсел болса, бейбітшіліктің құсы көгершінге айналып кеткен. Шіркін-ай, біз шынымен құсқа айналсақ қой, анау Үйсінтауға қарай бет түзер едік. Қанатымыз талғанша, ұшар едік. Мен Әселге: «Сен әдемісің» дер едім. Ол болса, сықылықтап күле береді. Құстар күз келе жылы жаққа ұшып кетпей ме? Біз де Еуропаға немесе Африкаға бет аламыз. Алқара көк аспанды айналып ұшып жүріп: «Қош бол, туған ауылым, қош бол!. Амандық болса, келер жазда көрісерміз» дейміз де, батысқа қарай самғай жөнелеміз, самғай жөнелеміз…

Ой, көгершін мен бүркіт бірге өмір сүре алмайды ғой. Мен – нәп-нәзік Әселімнің бүркітке айналғанын қаламаймын. Сөйте тұра өзімнің де көгершін бола қоюға құлқым жоқ. Дұрысы – қаршыға. Еһ, шіркін Әсел екеуміз қаршығаға айналып кетсек қой.

Қиялдарымның құшағында отырып, тоңып қалғанымды аңғармаппын. Әсел қазір не істеп жатыр екен-ә? Жып-жылы пештің түбінде үйге берілген тапсырмаларын орындап, сабақ оқып отырған шығар. Сабақ демекші, соңғы кезде үштен көз ашпайтын болдым. Әрине, сегіз жыл тындырмаған оқуды биыл қатырам дей алмаймын. Сонда да, Әсел үшін жақсы оқуға тиіспін. Осыны біле тұра неге кері кетіп барамын? Шөптің үстіне шығып болашағымды, дұрысы Әсел екеуміздің келешегімізді ойлайтын болғалы бері кітап бетін ашуға ерінетін болдым. Тек жуырда ғана көкем оқып жатқан бір кітапқа көзім түсті. Көкем үйден шыға сала жастығының астындағы кітапты суырып алдым. Әзілхан Нұршайықов деген жазушының «Махаббат, қызық мол жылдар» деген шығармасы екен. Алып оқи бастадым.

Не деген керемет! Сюжеті өзіне баурап алады. Ербол деген жігіт Меңтай деген қызға ғашық. Меңтай менің – Әселім, Ербол деген – менмін. Екі күн бойы түнімен көз ілмей, фонардың жарығымен көрпенің астында тығылып жатып оқыдым. Үшінші түні күндегі әдетіммен оқу майданын бастап кеп жіберген едім.

Меңтайға ғашық Ерболдың ойлары тура менікіне ұқсайды. А, енді ұялып, қымтырылудың не мәні қалды? Махаббат деген үлкендер үркітетіндей аса қорқынышты, я ұятты дүние емес екен ғой. Махаббат деген – ізгіліктің, ұлылықтың бастауы. Демек, менің Әселге деген сезімім, Әселге деген сүйіспеншілігім, Әселге деген ішкі сырым – қалыпты дүние. Сүйгенім үшін қылмыскер емеспін. Мен кейін чемпион боламын. Бәлкім, ақын болармын-ә?! Шын шабыттансам, Әселге арнап өлең де жаза алатын секілдімін.

Түу, мына Ерболдың ынжығын-ай. Мұның орнында мен болсам ғой. Жігіт емес екен. Меңтайдай қыздың сүйіктісі болу үшін батырлық керек, батырлық…

Көрпемді біреу жұлып алғанда есімді бір-ақ жидым. Бағана ғана өзім өшірген жарық самаладай жанып тұр. Көкем: «Үш күннен бері мына кітапты таба алмай жүрсем, сенде екен ғой», – дейді.

Не дерімді білмей, ұялғаннан қып-қызыл болып кеттім. Ал ол болса: «Саған мұндай кітап оқуға әлі ерте» деді зілді дауыспен.

ІV

Қызға қырындайтын сері атану үшін ең алдымен киіміңнің жұтынып тұрғаны дұрыс. Бүгін ақша, мүмкіндігінше көп ақша табу үшін темір тергіштердің сапына қосылып, Жабырдың етегінде келе жатырмын. Омбы қарды белуардан кешіп, алға жылжимыз. Қарасайға тезірек жетсек-ау деп армандап қоямын. Тағы бір түсінбейтінім, мынандай қыстың көзі қырауда алюминий темірді қайдан алмақпыз.

Басшымыз – Еркін. Ашаң жүзді, тығыршықтай сары бала. Мендей емес – денелі. Менен екі жас үлкендігі бар. Жанары жалындап тұрады. Отты көздеріне тіке қарай алмайсыз. Тұла бойындағы жалғыз міні – пұшықтығы. Мұрнының қос тесігіне саусағыңыз сиып кетердей тым үлкен. Делдиген танауынан өзге жерді Алла-Тағала бар шеберлігін салып, әдемілеп тұрып жонғандай. Қарасаңыз, көз тоймайды.

Басшымыздың оң қолы – Руслан. Ол Еркіннің – жан досы. Екеуі ылғи да егіз қозыдай бірге жүреді. Русланның да менен екі жас үлкендігі бар. Бірақ дене тұрпаты менікімен шамалас. Салмағы 45 келі. Оны қайдан білесің дейтін шығарсыз. Руслан да күрес үйірмесіне қатысады. Қазір Сүмбедегі басты қарсыласым осы жігіт.

Үшінші бала – Самат. Қараторы бала. Өзіне жалындырғанды ұнатады. Менімен бірге оқиды.

Еркінді басшы деп отырғаным тегін емес. Ол өте талантты бала. Охой, сіз оның қалай төбелесетінін білмейсіз ғой. Ол өзі құралпы балалармен жаға жыртысқанда «мен, мен» деген төбелесқұмарлардың тақиясын теріс айналдырып жібереді. Бізді табыстырған – сол төбелес.

Өткен жылы осы Еркінмен Ержан деген досым шекісіп қалды. Ол көз жетпес жылдамдықпен Ержанды алып ұрды да, түйіп-түйіп жіберді. Біз дереу ажыратып ала қойған сияқты едік, соның өзінде Ержанның көзі күп болып ісіп кетіпті.

Ертесі күні төбелескендер де, ажыратқандар да директор Сәкен ағайдың алдынан бір-ақ шықтық. Ақыры Сәкен ағайдан кешірім сұрап, бір апта бойы мектептің еденін жуу жазасына кесілдік. Сол жазаны өтеп жүріп, Еркінмен дос болып кетіп едік.

Бұ Еркіннің тағы бір таңдай қақтыратын өнері бар. Ол биік-биік ағаштарға өрмелеген кезде маймыл екеш маймыл да шаң қауып қалатын шығар.

Біз әрнені бір сөз етісіп, Қарасайға да жеттік. «Қасат қарда алюминийді қайдан тереміз» деп бас қатыруым бекер болып шықты. Түсті темір жинау масақ терген секілді машақаты көп шаруа емес екен. Еркін ешбір құралдың көмегінсіз-ақ электр бағанына өрмелеп шықты да, ауылға қарай тартылған сымды темір қиғышпен қия бастады. Электр бағанында төрт қатар сым бар. Еркін астыңғы екеуін әп-сәтте қиды да, үшіншісіне тиіспей, ең жоғарыдағысын аса ептілікпен үзіп жатыр.

– Еркін, ананы неге қимадың? – дедім мен.

– Ой, Талап онда тоқ бар. Ауылды жарықсыз қалдырайын деп пе едің?…

Еркіннің батырлығына таң қалдым.

– Құдай сақтасын, ондай болса, үстіңгі қатарды қимай-ақ қойсаң қайтеді?

Жерге түскен сымды шет-шетінен орап, көтеруге болатындай етіп, текшелеп жинап жатырмыз. Еркін тура осы әдіспен үш-төрт бағанға өрмелеп шығып, негізгі бар жұмысты өзі-ақ тындырды. Ал қалғанымыз дайын асқа тік қасықпыз.

Осылай күліп, ойнап жүріп, жарты сағат ішінде әжептәуір алюминийді үйіп қойдық. Әр келісі қырық теңгеден дегеннің өзінде мына олжамыз 6-7 мың теңге болатын түрі бар. Руслан: «Еркін, бүгін осыны ауылға жеткізіп алсақ та жаман емес» деді.

– Қазір мына бір баған ғана қалды. Ертең Зарауқа жаққа барамыз. Мұнда қашан қайтып келерімізді бір Құдай біледі. Күндегідей емес, Талап та бар. Жеткізу қиын бола қоймас…

Еркін осыны айтты да, тағы бір бағанға шығып кетті.

Мен Әселді ойладым. Ол қазір менің не істеп жүргенімді білмейді. Білмей-ақ қойса, жақсы болар еді. Енді ше, тек Әсел үшін, соған әдемі көріну үшін «қарақшылық» жолға түскенім маған абырой әпере ме? Қарақшылық емей, немене? Бір кездері бүкіл қыстақтағы малшыларға жарық жеткізген сым темірді ұрлап жатырмыз. Бәлкім, бұл ұрлық емес шығар. Ешкімге керексіз болып қалған темірлерді біз алмасақ, басқа біреу алады. Жо, жоқ – ұрлық. Бүгін айдалада қалған темірді ұрлаймыз, ертең біреудің үйін тонамасымызға кім кепіл?

Тура төбеден от жарқ етті. Еркіннің шыр ете түскен дауысы кілт үзілді. Не болғанын аңғарып үлгермей қалдық. Еркін бағанды құшақтаған күйі көз алдымызда жанып жатыр, жанып жатыр. Қолқамызды күйіктің иісі қауып барады. Не деген қорқынышты?! Бағана ғана күліп ойнап жүрген Еркін енді жоқ. Жоқ, әлде өлмеді ме екен? Өлмесе, отқа оранып жатқан кезде жыламауы, айғайламауы мүмкін емес қой.

Есімді жиып, айналама қарасам, Руслан мен Самат жоқ. Біреуі жын соққандай тауға, екіншісі ауылға қарай жүгіріп барады.

***

Бүгін маяның үстінде ұзақ отырдым. Әселді бір көрсем, қайғым сейілер ме еді, кім білсін? Әйтеуір бір өксік кеудемде кептеліп қалған. Жылайын десем, жылай алмаймын. Өткендегі оқиғадан кейін үш күн өткен соң, Еркін бауырымызды жер қойнына тапсырдық. Ол қазір ауылдың іргесіндегі молада кішкене ғана төмпешік болып жатыр. Үлкендердің айтуынша, денесі түгелге дерлік күйіп, күл болып кетіпті. Тек резеңке етігінің ішіндегі аяғы ғана өртенбепті.

Әсел, қайдасың сен? Неге көрінбей кеттің? Неге екенін білмеймін, іштегі бар сырымды, мұңымды, соңғы екі-үш күнде көрген бар қиындығымды саған ғана ақтарып салғым келеді. Еркін қандай мықты бала еді. Егер де оның орнында мен болсамшы. Қайтер едің, Сен?

Осы Сіз өлім жайлы ойлайсыз ба? Иә, білем, ажал шіркін мына бізге қаусаған шал немесе кемпір болғанда ғана келетін сияқты көрінеді. Оған дейін ойымызға не келсе, соны істеп жүре бермекпіз. Жоқ, олай емес екен. Қараңызшы, биыл ғана он алты жасқа аяқ басқан Еркін бізбен қоштасып кете барды? Кеше ғана Ержан екеуі төбелескен сияқты. Кеше ғана Еркін екеуміз еден жуып жүрген секілдіміз. Кеше ғана ол бағанның үстінде…

Көзімді жұмсам болды, Еркіннің өртеніп жатқанын көремін. Ұйқым келмейді. Мектепте ол, қылмыскер секілдіміз. Осы қайғылы оқиғадан кейін бүкіл ауыл дүрлікті. Бүкіл ауыл бізді кінәлі деп біледі. Не істеймін, Әсел? Біз Еркінді тоқ соққанда қасында бола тұра қол ұшын соза алмадық. Көмек бере алмадық. Осыған нала болам. Әсел, мен кешеге дейін «киімім ескі, менде анау жоқ, менде мынау жоқ» деп, соған бола мұңданып, болмайтын дүниені трагедия жасап жүріппін. Сөйтсем…

Еркіннің су жаңа велигі қандай әдемі еді? Енді ол соншама электр бағандарына өрмелеп жүріп, сатып алған сол велигін тебе алмайды. Мәңгілікке…

V

Кейде үлкендерге қарсы балалар қозғалысын құрғым келеді. Олар ешқашан да баланың ойымен санасқан емес. Біз нені қалаймыз, нені қаламаймыз, оны сұрап жатқан ешкім жоқ. Тек, бұйырады. Орындау сенің – міндетің. Мәселен, мен әділетсіздікке күйінемін. Шырылдатып тұрып, шындықты ғана айтқым келеді. Қараңыз, біз бала болғандықтан «Махаббат, қызық мол жылдар» секілді әдемі туындыны оқуға құқымыз жоқ. Неге? Сағат түнгі он бірден кейін теледидар да көре алмаймыз. Есесіне, таң атпай тұрып, сиырды қорадан шығарып, шөп салу, түсте оны суару, тезегін тазалау секілді барлық ауыр жұмысты біз істейміз. Ала жаздай картоптың арам шөбін жұлып, түптеп баптаймыз. Бірақ, бар атақ – әкейдікі. «Сендерді бағып жатырмын» дейді… Дұрысы біз оларды бағып жүрміз. Енді ше? Өкіметтің өзі алты баласы барларға он мың теңге жәрдемақы береді. Егер де бала жоқ болса, сол ақшаны біздің үй алар ма еді? Онда екі сиырдың төліне телмірген отбасының әр ай сайынғы ішіп-жемі қайдан келер еді?

Әйтеуір баладан өзгенің бәрі ақылды. Осындай ойларыңды айтайын деп оқтала берсең: «Жап аузыңды. Сен не білесің? Онан да сабағыңды оқы» дейді.

Мен төртінші сынып оқып жүріп, сурет сала бастадым. Ербол ағайдан түрлі бояқтар алып, күн-түн демей табиғатты айна-қатесіз қағазға түсіретінмін. Қолымда Әселдің суреті болса ғой, қазір-ақ бар өнерімді салып, оның суретін қағазға түсірер ем. Сосын, сосын сыйға тартар едім. Амал не, мен суретші бола алмадым. Баяғы үлкендер: «Суретші болып атаңның сақалын боямақшысың ба?» дейді. Оларға тек заңгер, экономист болсаң ғана адамсың. Әйтпесе, суретші деген мамандықты «мектептегі сызу пәнінің мұғалімі» деп біледі. Мен мына үлгеріміммен ешқашан да заңгер бола алмаймын. Бола қалғанның өзінде, заңды шала білетін дүмше маман болатыныма бек сенімдімін.

Бесінші сыныпта домбыраға әуестендім. «Жеті атаңда домбыра ұстаған бір адам болмап еді. Сенен күйші шыға қоймас» деді атамның өзі. Ол кісі менің мал баққанымды қалайды. «Ата кәсіпті жалғастырсаң, ешкімнен кем болмайсың» деп отырады. Мен малдың соңына түсуге қарсы емеспін, тек Әселдің қозы қайырып жүргенін, я нәп-нәзік саусақтарымен сиыр сауып отырғанын елестете алмаймын.

Алтыншы сыныпта бәріне қолды бір сілтедім де, күрес үйірмесіне жазылдым. Содан бері чемпион болуды армандап келемін. «Мына Бікеңнің баласы к…т көтере алмай жүріп, кіммен күреспекші» дейтіндер де табылды. Бұл жолы мұндай мысқылдың бірде-бірін құлағыма ілмедім. Күнде сабақтан соң, спорт залға барып жаттығамын. Жаттықтырушы Бек-Миша ағай ынтама сүйсініп, қазақша күрестің түрлі тәсілдерін үйретеді. Жеткен нәтижем де жаман емес. Осы екі жылда бірнеше мәрте аудандық жарысқа барып, жүлделі оралдым. Оның үстіне алдымда үлкен сын күтіп тұр. Біздің ауылдан шыққан қазақтың белгілі спортшысы Аман Мәнжуевтің жүлдесі үшін үлкен сайыс өтпек. Жарысты бүкіл ауыл тамашалайды. Демек, Әсел де күрес көруге келеді деген сөз. Әселдің алдында жеңілістің кермек дәмін татуға хақым бар ма? Жоқ. Сол үшін де бұл бәсекеде топ жаруға тиіспін. «Мына Бікеңнің баласы к…т көтере алмай жүріп, кіммен күреспекші» дейтіндердің де аузына құм құямын.

Қылышын сүйреткен қыс та аяқталуға таяу. Қораның үстіндегі мая да аласарып барады. Енді Әселдің үйі бұрынғыдай анық көрінбейді. Адамнан айла деген артылған ба? Қазір Әселдің әкесімен, яғни Ғалымжан ағамен достасып алдым. Ол кісі Алматы мен ауылдың арасында жеке көлігімен жолаушы тасымалдайды. Яғни, такси айдайды. Бірде Ғалымжан аға: «Алматыға баратындар болса, маған айта жүр» деген. Содан бері күні бойы Ғалымжан ағаға клиент іздейтін болдым. Бұл Әселді тым жақыннан көруге таптырмайтын мүмкіндік емес пе? Қазір бірлі-жарым қалаға шығатындардың хабарын алсам болды, Әселдің үйіне именбей кіріп барамын. Ол аздай күніне олардың үйінің қасынан үш-төрт рет ерсілі-қарсылы өтетін болып алдым. Бірақ, мұндай кезде жүрегім тарсылдап, кеудемді жарып жіберердей болады. Тезірек көктем келіп, күн жылыса ғой. Көшенің балалары жиналып алып, ойынның түбін түсірер едік. Әсел де ойнауға шығар еді. Өткенде күн жылт етіп, бүкіл бала күншуақтауға далаға шықты. Охо, Әсел бәріміз «Ақ серек, көк серек», «төрт тас», «қуаласпақ», «қашпа доп» секілді неше түрлі ойын ойнап, бір жасап қалдық.

«Қуаласпақ» ойнағанда менің қуатыным жалғыз – Әсел. «Қашпа допта» тек соны көздеймін. Ал, «Ақ серек, көк серекте» ше?… Жан дүнием біртүрлі күйге еніп кеткендей болады. Бұл ойынды балалар екі топқа бөлініп ойнайды. «Ақ серек, көк серек, сізден бізге кім керек» дейді қарсы топ. «Ақ серек, көк серек, сізден бізге Әсел деген қыз керек» дейміз біз.

Бір-біріміздің қолымыздан қатты қысып ұстап, Әселді күтіп тұрмыз. Ол жүгіріп келіп, екі баланың арасын қиып өтуге тиіс. Ұстасқан қолдар ажырап кетсе, қалаған адамын өз тобына әкетеді. Ал өте алмай қалса, Әсел – біздікі. Әне, қараңыз, Әсел маған қарай құстай ұшып келеді. Ух, жүгіргенінің өзі қандай әдемі. Қос бұрымы желбіреп, жанары мөлдіреп, бар күшімен мендік қамалды бұзып өтпек. Міне, міне, жетіп те қалды. Ой, Аллам-ай, еліктің лағындай сұлу қыз қасыма ентіге жеткенде қолдарым дірілдеп, қарысқан саусақтарым жазылып кетпесі бар ма? Әсел әп-сәтте қамалды бұзып, арғы бетке өте шықты.

«Қап» дедім. Егер де қолымды берік ұстасам, Әсел біздің топта қалмас па еді? Бәлкім, менің қасымда, менімен қол ұстаса қатар тұрар еді ғой. Тым құрыса, мені таңдап әкетпеді. Әне, өз сіңлісі Әсемді жетелеп жайраңдай басып кетіп бара жатыр. Бірақ, мұндай ойын кезінде мен бәрібір бақыттымын. Әселге жақын жүрген қандай керемет? Оған әлсін-әлсін ұрлана қарап қоямын. Тіпті, кейде жанарымыз түйісіп қалады. Ол мұндай кезде ботадай көздерін тайдырып әкетеді. Біртүрлі, менің ішімде не жатқанын білетін секілді.

VІІ

Көптен күткен сын сағат та жақындады. Осы сенбі, жексенбі күндері Аман Мәнжуевтің жүлдесі үшін күрестен жарыс өтеді. Сонау Алматының өзінен қазаққа белгілі палуандар келеді. Мен бұл жарысқа бір жыл бойы тыңғылықты дайындалдым. Қайтсем де бірінші болып, жеңіс тұғырына көтерілуім керек. Егер де бірінші орын алсам бар ғой, Әселге өзімнің «не екенімді», ой қысқасы жақсы көретінімді жасырмай айтамын.

Мақтанғаным емес, мен қазір қазақша күреске әжептәуір төселіп алдым. Оң жамбаспен де, сол жамбаспен де күрес әдістерін жасай беремін. Бұл тәсілім кез келген палуанды састырады. Қырқай шалу, ішкі жамбас, аяқтан орап лақтыру деген секілді барлық әдістерді сәтті орындаймын. Бойым аласа болғандықтан сыртқы жамбасты ғана дұрыс жасай алмаймын. Бар кемшілігім осы. Мұны ешбір қарсыласым сезіп қоймаса екен деп, жолдастық кездесулерде тек сыртқы жамбас тәсілін жасап жүрмін. Бірақ, бұл әдіспен ешқашан оң нәтижеге қолым жеткен емес. Сосын, дәл уақытында кез келген қимылға қарсы қорғанысқа да көше білемін.

Жеребе тартылып, бірінші қарсыласым анықталды. Енді, міне Жанат Жиенбаев деген Сарыбастаудың палуанымен бақ сынаспақпын. О, бұл жігіт осалдан емес, облыстық жарыстардың жүлдегері. Жеребе деген Құдайдың бұйыртқаны ғой. Аллаға жалбарынудан басқа қолымнан келер қайла жоқ. Егер де Жанатты жеңбесем, дереу жарыс жолынан шығып қаламын. Тым құрыса, бірінші айналымда аудандық сайыстарда белдесіп жүрген Жанпейісов, Бердібаев секілді балалармен күрескенімде ғой. Мен өмірі Жиенбаевпен белдесіп көрмегенмін. Ол бұған дейін 48 келі салмақта өнер көрсетіп келді. Осы жолы қалай ғана 45 келі салмаққа шыққанын түсінбеймін. Ыңғайы күніне бірнеше шақырым жүгіріп, моншаға түсіп жүріп, үш келі салмақ «қуалаған» (салмақ түсіру) болу керек. Мен де жиі салмақ «қуалаймын». Әйтпесе қазір салмағым 48 келіден асып кетер еді.

Міне, 42 келі салмақтағылардың бірінші айналымы аяқталды. Ендігі кезек – біздің салмақта. Мен алғашқы шығатындардың, яғни «А» тобындамын. Дайын тұрмасаң болмайды. Қазір шақырып қалуы мүмкін.

Микрофоннан «Кілемге 45 келі салмақта өнер көрсететін сарыбастаулық Жанат Жиенбаев қызыл бұрышқа, сүмбелік Талап Демеуов көк бұрышқа шақырылады» деп хабарлап жатыр. Құлағым шыңылдап кетті. Дереу белбеуімді буындым да кілемге жақындадым. Бұрынғы әдетіммен тізерлеп отыра қалып, кілемге қолымның ұшын тигіздім де: «Я, Құдай, бір өзің жар бола көр» деп бетімді сипадым. Менің кәнігі палуандар секілді жасаған бұл ырымыма бүкіл ауыл адамдары таңданып тұрғандай көрінді.

Бұрын мән бермеппін, Жиенбаевтың бетінде сопақша келген қалы бар екен. Төреші екеуміздің қолымыздан алып амандастырды да, белбеуімізді тексеріп шықты. Бұ белдікті өте қатты буынып алуға болмайды.

Күрес басталды. Қарсыласым мені алып ұратынына сенімді. Ширақ қимылдайды. Екі-үш мәрте өзіне қарай күштеп тартып, иіріп әкете жаздады. Құдай сақтап, аман қалдым. Мұндай тәжірибелі палуандармен белдескенде ең тиімді жол – қорғаныс. Қорғанысым әлсіз емес екеніне өзім де сенімдімін. Егер де қорғануға арқа сүйемесем, ашық шабуылға шығам деп арандап қалуым мүмкін. Бір-бірімізді аңдысып жүріп, бір минут өте шықты. Төреші күресті тоқтатты да, сылбыр қимылдап жүргенім үшін маған ескерту жасады. Жанат бір ұпай алды деген сөз. Жалпы, қазақша күресте екі-үш ұпай жинап алып, уақыт созып жүріп алатындар болады. Бағыма орай, Жиенбаев ондай айлакерлерден емес екен. Шамасы келсе, таза жеңіске қол жеткізу үшін барын салып жүр. Бір кезде оның қолы менің мойнымнан асып кетті де, қырқай шалуға икемделе берді. Көз жетпес жылдамдықпен мен де қарсы қимыл жасап, артқа қарай шалқалата шалып үлгердім. Әдісті мен бірінші болып жасамағандықтан «жартылай жеңіс» берді. Енді шамам келсе, уақытты соза түсуге тиіспін. Қаша жүріп, күреспесем болмайды. Жанат болса, уысынан жеңісті шығарып алмау үшін ашық айқасқа бел байлағаны көрініп тұр. Күрестегі бір қателігің басыңа бәле әкеледі. Абайсызда алдыға шығып кеткен аяғымды Жанат шалып үлгергені сол еді, тоңқалаң астым. Абырой болғанда бір жамбаспен құлаппын. Жиенбаев аяқ астынан «жартылай жеңіс» пен бір ұпайдың иесі болып шыға келді. Енді қорғаныстан пайда жоқ. Ашық шайқасқа бел байладым. Өзі үш минут күрестің екі минуты өтіп үлгерді. Енді тым құрыса бір ұпай жинамасам, ұтыламын. Егер бір ұпай алсам, итжығыс боламыз. Сосын екеумізді белдестіреді. Белдесуде кімнің білек күші мықты болса, сол ұтады. Құдай берем десе оңай ғой. Мен шабуылға шыға сала, Жанат тек қорғанумен жүр еді. Төреші оған да күреспегені үшін ескерту жасады. Таразы басы теңелді.

Палуандар белдескенде қолын белбеуден босатып алмауы тиіс. Егер де, қолың шығып кетсе немесе тізең кілемге тисе, жеңілесің. Белдесе жүріп, аяқтан шалып құлатуға да, жамбасқа салып, алып ұруға да болады. Мен дереу бар күшімді оң жаққа қарай ығыстырып, оң жамбаспен лақтыратын адамдай әрекет ете бастадым. Бұл – айла. Жанат тепе-теңдігін жоғалта қалса, сол жамбасқа ойыса қоймақпын. Жиенбаев бұрын менімен белдесіп көрмегеннен кейін мұндай шалт қимылды күтпесе керек. Оңға қарай ығыстырып келіп, сол жамбасты тоса қалып, «әуп» деп лақтырып жібердім. Ауылдың адамдары мәз-мейрам. «Жаса, Талап, ер екенсің…» десіп жатыр.

Сәжде жасаған адамдай тізерлеп отыра қалып, кілемді сүйдім де, тұра салып бетімді сипадым. Зал тола адамдардың ішінен бір ғана адамды іздедім. Әсел менің мына жеңісімді көріп тұр ма екен?

***

Қазақ «бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді. Шынын айтайын, бұл сайыста менің бабым емес, бағым шапты. Екінші айналымда тәжірибесі аз Қызылшекараның палуанымен белдестім. Алғашқы 20 секундта-ақ таза жеңіске жеттім. Үшінші айналымда Сарыжаздың баласы жұбым болған еді. Жолым болғыштығын қарамайсыз ба, ол ойнап кеткен бе, жоқ әлде басқа себебі болды ма, кілемге уақытында шыға алмады. Төрешілер жеңісті менің қанжығама байлай салды. Төртінші айналымда жұп болмай, жартылай финалға бір-ақ секірдім.

Жалпы жақсы күресетін балалар Сарыбастау, Нарынқол, Текес, Сарыжаз ауылдарынан келеді. Басқа салмақты білмеймін, бұ жолы біздің салмақта Сүмбе ешкімге дес берер емес. Руслан екеуміз «А» және «Б» тобындағы қарсыластарымызды шетінен жайратып келеміз. Енді мен Текестің, Руслан Сарыжаздың палуанын жеңсе, финалда кездесуіміз мүмкін.

Текестің палуанының бойы менен ұзын екен. Қолдары да сидым болғандықтан, өзіне жақындатпауға тырысады. Десе де, бір жақындадың деген сөз, жеңуге мүмкіндік туары сөзсіз. Ұзын-тұраның ішкі жамбасына қалай өтіп кеткенімді өзім де білмеймін. Шиіріп әкеліп, басымнан асырып кеп жібердім. Ол құлап бара жатып, қолын тірей қойды. Ал мен болсам, сол екпінмен оның үстіне гүрс ете түстім. Бірдеңе сарт етті де, ұзын-тұра безектеп қоя берді. Дәрігерлер келіп, қолының шығып кеткенін айтты.

Міне, мен осылай финалға шықтым. Руслан да қарсыласын сан соқтырды. Русланнан жеңілген палуан бірден үшінші орынға ие болды. Өйткені, Текестің баласы қолы шығып кеткендіктен онымен белдесе алмайды.

– Талап, менен жеңіле салсаң қайтеді…

Мен Русланнан дәл осындай өтінішті күтпеп едім.

– Мен биыл оныншы сыныпты бітіремін. Келесі жылы универге дайындалуым керек. Сенде әлі үш жыл мүмкіндік бар ғой.

– Жарайды, – дедім мәрттігім ұстап. «Жеңілсем, жеңілейін».

«Финалға 45 келі салмақта өнер көрсететін сүмбелік Руслан Омаров, қызыл бұрышқа, тағы да сүмбелік Талап Демеуов көк бұрышқа шақырылады» деп хабарлады. Руслан көк, мен қызыл белбеуді буынып алып едік. Екеуміз тез-тез белбеулерімізді ауыстырып тағып, кілемге шықтық.

Дереу жеңіле салуды ар санап, тырмысып жүрмін. Руслан «Жығылсаңшы енді» дейді. «Тәсіл қолданбайсың ба?» деймін мен. Ол жеңімнен бүріп ұстады да қырқай жамбасқа шықты. Қас қылғандай дәл осы тұста анталаған көздердің ішінен Әселдің телміре қарап тұрғанын байқап қалдым. Ол Алладан тек менің жеңісімді тілеп тұрғандай көрінді. Әселдің алдында тоңқалаң асып құлап жатсам, ұят емес пе? Менің бір жылдан бергі жалғыз мақсатым Әселге жеңіс сыйлау еді ғой. Русланға әдіс қолдандырмай сытылып шығып кеттім.

– Руслан, ренжіме, мен жеңіле алмаймын…

– Неге?

– Сол…

Ол менің Әсел үшін тосыннан шешім қабылдағанымды қайдан білсін. Ашулана бастады.

– Күрес біткеннен соң, өлтірем сені, – деді тістеніп.

Тура осы тұста төреші күресті тоқтатып, сөйлескеніміз үшін екеумізге де ескерту жасады.

Руслан ләж болса, мені ішкі жамбасқа жібермеуге тырысып жүр. Әсел қарап тұрғаннан кейін бе, батылданып үлкен сайыстарда бұрын-соңды қолданып көрмеген сыртқы жамбас жасауға ыңғайландым. Мұны сезе қойған Руслан мені әуелете көтеріп үлгерді. Жалма-жан екі аяғымды да орай қойдым. Егер де, аяғым оралмағанда, қазір жер сүзіп, құлап жатар едім. Руслан қашанғы көтеріп тұрсын, қолы тала бастады. Осыны пайдаланып бір аяғымды босатып, жерге тірей қойдым да, ораулы аяғыммен шалып кеп қалдым. Руслан құлап бара жатты. Күрес қатты қызған кезде халық шуылдап, төрешілерге бой бермей кетеді. Бұл жолы да солай болды. Қалың көпшіліктің қошеметінің арқасында жеңіске жеттім. Әйтпесе, өзім де сезем, бұл жолы маған жартылай жеңіс берілсе де ренжімес едім. Төреші қолымды көтергеннен кейін, жеңісіме масаттанып, мана ғана Әсел тұрған жаққа алшаң басып келе жатырмын. Міне, жетіп те қалдым. Кенет желкемнен біреу түйіп қалды. Айналып қарай бергенім сол еді, көзімнің оты жарқ етті. Ызаға булыққан Руслан ажыратқандарға «бұл маған жеңілем деп алдап кетті» деп жатыр…

Бұлай жеткен жеңісің құрсын. Әселге қарайтын бет жоқ. Көзімді алақанмен басқан күйі қалың көпшіліктің арасына кірдім де кеттім.

Русланның көзіне түспеу үшін далаға беттедім.

– Жігіт екенсің, – деді бір аға. Әдемі киінген. Қаладан келсе керек.

– Менің атым Айдын. Алматыда спорт мектебінде жұмыс жасаймын. Еркін күрестен өзің секілді балаларды жаттықтырамын.

– Менің атым Талап…

– Білемін. Спорт мектебінде оқығың келе ме? Еркін күреспен айналысасың…

– Оқығым келеді, – дедім мен.

VІІІ

Мәнжуевтің жүлдесі үшін болған осы сайыста жеңімпаз палуандарға ақшалай сыйлық берілді. Бірінші орынға 10 мың, екінші орынға 7 мың, үшінші орынға 5 мың теңге. Мен 10 мың теңгені ала салып, дүкенге жүгірдім. Тура Жандостікі секілді өзім армандап жүрген қап-қара кәстөм сатып алдым. Енді мен де Жандос сияқты шікірейіп, қатайып жүрсем болады. Осы кәстөмімді күніне неше мәрте киіп, неше мәрте шешемін. Айнаның алдынан шықпайтын болып алғанмын. Маған құйып қойғандай, шап-шақ. Өкініштісі оқу жылы аяқталып келеді. Келер жылы Алматыда оқитын болдым. Өткенде Айдын аға атама келіп, мені сұрады. Үлкендер басында қарсы болғанымен, мен жылап тұрып алған соң, амалсыз келісімін берген.

Бұл кәстөммен мені Әсел көрсе ғой, шіркін. Қоңырау соғыла сала, дәлізден Әселді іздейтін болғанмын. Амал не, әкім емеспін, сабақтан кейін бұл киімді шешіп қою керек. Егер де әкім болсам, кәстөмімді өлсем де шешпейтін едім.

Жандос екеуміз мектепке қарай аяңдай басып келе жатырмыз. Дәл қарсы алдымыздан Әсел ұшыраса кетті.

– Сәлем, – дедім батылданып. Өмірі бұлай ресми амандаспаған да екенмін ғой.

– Сәлем, – деді ол да жымиып.

Осы бір жымиғанының өзі неге тұрады? Бақыттан басым айналып кетті.

– Талап, сен мықты палуан екенсің ғой.

– Мен мықты палуан ғана емес, мықты ақынмын.

– Қойшы, шын ба? Маған өзің жазған өлеңдеріңді оқытшы…

О, құрыды деген осы. Мақтанып «өлең жазам» деп нем бар еді. Өлеңді былай қойып, әдебиет сабағында шығарма жазғанда көзім үштен ашылған емес. Сасқан үйрек артымен жүзеді.

– Бүгін қолым бос емес, – дедім.

– Онда ертең кешкісін кел…

Осыны айтты да Әсел жүгіре жөнелді.

Мен дереу кітапханаға бардым да екі кітап алдым. Оның бірі Мұқағалидың «Жылап қайттым өмірдің базарынан», екіншісі Жұматай Жақыпбаевтің «Ләйлә» деген кітаптары. Мұқағалидың мықты ақын екенін білем, бірақ одан ұрлық жасауға болмайды. Өйткені, оның өлеңдерін Әсел жатқа білуі мүмкін. Сондықтан бұрын өзім білмейтін (демек Әсел де білмейтін болуы керек) Жұматайдың өлеңдерін барымталамақпын. Бұл ақын өмірінде бір рет болсын көршінің қызына ғашық болмаса керек. Өлеңдерінің бәрі бір ғана Ләйлә деген қызға арналыпты. Сол Ләйлә деген сөздің орнына Әсел деп қойып жіберейін десем, ұйқас бұзылады.

Ақыры өзім өлең жазуға отырдым.

«Шөп үстінде бір бала

Отырады мұңайып»…

Осы екі жолға ұйқас таппай біраз әбігерге түстім. Өлең жазу күрескеннен де қиын екен ғой. Шындықты мойындамай болмайды. Бір жапырақ таза қағаз алдым да: «Әсел, мен ақын емеспін. Бір қызды қатты жақсы көремін. Соған арнап өлең жазғым келеді. Бірақ жаза алмай жүрмін» деп ойымды қағазға түсірдім де кеш батуын күттім. Қас қарая Әселдің үйінің жанына келсем, есік алдында ойнап жүр екен.

– Талап, өлеңдеріңді әкелдің бе? – деді. «Әкелдім» деп бір жапырақ қағазды қолына ұстата салып, үйге қарай зыттым.

Ертесінде мектептің кіре берісінде Әсел мені күтіп тұр екен. Ол да менің қолыма бүктелген бір қағазды ұстата салды. Оңашаға шығып ашып көрсем, мөлдіретіп тұрып: «Сенің қандай қызға ғашық екеніңді білгім келеді» деп жазыпты.

Үзілісте Әселмен кездесіп қалдым. Ақырын сыбырлап: «Кімге ғашық екенімді айтайын ба?» дедім.

– Кімге?

– Жарайды, кейін сен мектепті бітірген соң, айтармын…

ХІХ

Жазғы демалыс көзді ашып жұмғанша өте шықты. Мен биылдан бастап Алматыдағы спорт мектебінде оқимын. Алла қаласа, алдағы бес-алты жылда Қазақстанның чемпионы боламын. Қазақтың көк туын желбіретіп Талап Демеуов шыға келген кезде маған жанкүйер болыңыз.

Міне, Ғалымжан ағаның ақ волгасымен «Алматы, қайдасың?» деп зымырап келеміз. Магнитофонда Тоқтар Серіковтің әндері айтылып жатыр.

«Көршінің қызы керемет еді,

Әкесі оның жақсы адам.

Ауылдан біздің неге кетеді,

Ауа райы ма жақпаған»…

Ой, тоқтаңыз, Тоқтардың мұндай әні жоқ еді ғой. Жаңадан шықса керек. Әдемі әуен мені өз тереңіне бойлатып бара жатыр. Бірақ, бір тыңдағанға құмарым қанбай қалды.

– Аға, манағы әнді қайта қойыңызшы, – деппін аңдамай.

Ғалымжан аға әзілқой адам.

– Көршілеріңнің қызы керемет пе еді, не? – деді.

– Иә, әкесі де жаман адам емес, – дедім мен.

Волгадағылар тапқыр сөзіме ду күлді.

– Е, бәсе қыс бойы маяның үстінде қарауыл болғаныңнан күдіктеніп едім.

Ғалымжан ағаның бұл сөзіне не дерімді білмей, қып-қызыл болып кеттім.

Әне, қараңыз… Еркін марқұм токқа түсіп, көз жұмған Қарасайға да жақындап қалыппыз.

…Еркін, көр де тұр, мен сен жетпеген биіктерді бағындырамын…

…Әсел, Әселім менің, қош бол! Мен ауылға чемпион болып ораламын! Ант етейін, биылдан бастап сабағымды да жақсы оқимын.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

(«Ақ желкен», №5. 2014 жыл)

6 ПІКІРЛЕР

  1. Алған биігіне лайық шығарма екен.Басында қарапайым көрінген еді,маған ұнады.Әсіресе үлкендердің балалар тәрбиесіне құлаққағыс жасағыны жақсы екен.Еркіннің қайтыс болғаны онда да көз алдында өртенгені қатты батады,бірақ онысы балаларға ескертпесі болар.Шығармаға рахмет!

  2. Баланың жан-дүниесін ашу тұрғысынан да, тіл көркемждігінен де ғажайып туынды екен!

  3. Өте керемет жазылған дүние екен!!!Жарайсың!!! Ауылыма быр барып қайтқандай болдым!!! Рахмет!!! Алар асулардан сүрынбей өт!!!

  4. Оооо ауылдасым шығармаңыз жақсы екен Әсел тәте басқа жаққа күйеуге шыққаны несі ааааа осыны өзі оқыған ба еді?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз