Бiз жанбасақ…

«Монреальды» армандайтын Әнуарбек

Жуырда ғана аяқталған VII қысқы Азия ойындарында елiмiздiң спортшылары командалық есепте I орынды жеңiп алды. Сол толайым табыстың iшiнде хоккейдi бөле-жара айта кетуiмiз керек. Қазақ елiнiң құрама командасы қарсыластарының бәрiн күйрете жеңдi. Талғат Жайлауов бастаған марқасқалар қарсыласқа қасқайып қарсы тұрды. Мiне, солардың iзiн ала бiр шоғыр өсiп келедi. Олар бүгiнде мектеп жасында. Есейген соң ел намысын жыртады. Солардың бiрi – Әнуарбек.

«Ұлан» оқырмандарына кеңiрек таныстырмақ ниетпен әңгiмеге тарттық. Қала баласы дейтiн емес, тым әңгiмешiл екен. Және өзi бауырмал да. Аңқылдап, бар ойын жайып салды.

Әнуарбек Мұхитдiнұлы: Мен  1995 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келдiм. 2-сыныптан бастап Алма­ты қаласында оқып келемiн. Дәл қазiр Алматы қалалық спорттағы дарынды балаларға арналған мек­теп-интернаттың 9«А» сынып оқушысымын. Өзiм  хоккейдiң қыр-сырын үйренiп жүргендер арасындағы мектеп жасындағы жалғыз қазақпын. Сыныптағы 20 оқушының бесеуi – қыз,  қалғаны – ұлдар. Солардың iшiндегi жалғыз хоккейшi – мен. Қалғаны боксқа үйiр. Ал бес қыздың екеуi хоккей үйiрмесiне қатысады.

Ұлан: Хоккейдiң таяғын ұстағаныңа неше жылдың жүзi?

Әнуарбек Мұхитдiнұлы:  Жетi жылдан асты. Менiң хоккейдiң со­ңына түсуiме кiм түрткi болды десеңiз – әкем. Өзi жастайынан осы спортқа қызыққан екен. Бiрақ қатыса алмаған. Кейiн сол арма­нын «Кенжем жалғастырсын» деп менi ертiп әкелдi. Алғашында Ан­тон Эльдарұлы баулыды. Мұнда талап қатал. Алматыға 8 жасымда келгеннен берi уақытымның көп бөлiгi  мұз үстiнде өтiп келедi. Айт­пақ­шы, мен  үш мектептiң босаға­сын аттағам. Алғаш №53 мектепте оқыдым, сосын №19 мектепке ауыс­тым. Биылғы оқу жылынан берi осы спорт мектебiнде тәлiм алып келемiн.

Ұлан: Жалауы Жапонияның Саппоро қаласына жөнеген Азиа­дада елiмiз жүлденi күреп алды. Сен өзiңе жақын хоккейдi тамаша­лаған шығарсың? Бiздiң құрама­ның аяқ алысы қалай? Осал тұсы бар ма екен?

Әнуарбек  Мұхитдiнұлы: Сөз жоқ, Жайлауовтар жақсы ойнады. Бәрiмiз куәмiз, барын салды олар. Барлық кездесудi iрi есеппен аяқ­тады. Өз жерiңде жығылсаң, ұят­тың көкесi сонда болатынын олар түйсiндi. Кемшiлiктi байқамадым. Менi олардың ұйымшылдығы  тәнтi еттi.

Ұлан: Айдындағы орның?

Әнуарбек Мұхитдiнұлы: Шаб­уылшы. Маған ең оңтайлысы – қарбалас сәтте гол салу. Сосын ко­мандаластарыма пас беру.  Мен мұнда келгенiме әлi бiр жыл болған жоқ. Спортта өзiңдi көр­сетпесең,  бiттiм дей бер. Орта­ңа сыйлы болу үшiн шеберлiгiң шың­далғаны жөн. Сонда ғана көзге түсесiң, беделiң артады.

Хоккейге баланы сегiз жасы­нан берген жөн. Мен сәл кешеуiл­деп, он жасымда келдiм. Бiрақ қатарластарымды қуып жеттiм. Қазiр айдындағы балалардың ең жасы кiшiсi менмiн. Алайда жыл­дам­дығым, дене тұрқым олардан кем емес.

Мендегi мақсат –  «Алматы» хок­кей клубының қатарына қосылу. Былтыр бiздiң қатардан екi бала клубқа өттi. Оған 11-сы­ныпты бiтiрген соң ғана қабыл­дайды. Онда да – сынақтан соң сы­нақ. Iрiктеу күрделi болады. Сосын ұлттық құрама да алыс емес. Тек көп еңбектену керек. Қазiргi бапкерiм Инар Мамыр­бекұлы да бiлiктi маман. Келе­шекте ҚХЛ-да да, ҰХЛ-да да өнер көрсеткiм келедi.

«Монреаль Канадиенс» ко­ман­дасының құрамында атойлап, ұлттық құрамамыздың барлық сында мықтылармен тең иық тiрестiруiне қызмет етсем, арма­ным болмас едi.

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ

Айзада айшықтары

* Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы жиыны 70 медаль жинады. Оның 32-сi – алтын, 21-i – күмiс, 17-сi – қола.

* Қазақстан құрамасы 25 жылдан берi бұзылмаған құрлық рекордын жаңғыртты. Қысқы Азия ойындары тұңғыш рет ұйымдастырылған 1986 жылы жапон спортшылары 29 алтын жүлде жеңiп алса, биыл бiздiң отандастарымыз олардан 3 алтынды артық иелендi.

* 30-алтынды Қазақстанға әйгiлi «Медеу» мұз айдыны сыйлады. Допты хоккей финалында Қазақстан құрамасы Моңғолияны 14:2 есебiмен ұтып, қазақ спортының жаңа жылнамасын ашты.

* VII Қысқы Азия ойындарының дүркiн чемпионы атағын 3 қа­зақ­стандық спортшы жеңiп алды. Олар – А.Полторанин (шаңғымен жүгiру),   Сорокин және О.Новикова (шаңғымен бағдарлау).

* Қазақстан құрамасы өзi жеңiп алған 70 медальдiң 40-ын, яғни, 60 пайызға жуығын Алматы облысының аумағында иелендi. «Солдатсай» шатқалында – биатлоншылар, шаңғышылар және шаңғымен бағдар­лаушылар, «Табаған» кешенiнде – фристайлшылар, «Шымбұлақта» тау шаңғышылары елiмiзге күн сайын медаль сыйлады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз