«Жас тiлшi» сәлем жолдайды

«Әли Сами Йеннiң» көз жасы

Қазақта «Мың рет естiгеннен, бiр рет көрген артық» деген сөз бар. Түр­кия­да өмiр-бақи оқымайтынымыз анық, елге оралғанға дейiн аты аңызға айналған «Галатасарай» клубының стадионын бiр көрмесек, жанкүйер деген атымызға сын. Қаңтардың 11-iнде 24 мың жан­күйер­мен бiрге «Әли Сами Йен» ста­дионынан матч көру ба­қыты бұйырды. «Бақыт» деп екпiн түсiрiп айтуыма негiз де жоқ емес, өйткенi, дәл осы күнi мен түгiлi, «Гала­тасарайдың» бағзы жан­күйерлерiнiң өзi билет таба алмай, жер сипап қалған-ды. Ендi ше, «Әли Сами Йендегi» соңғы матч қой бұл…

Мәселенi тарата айтайықшы. «Галатасарай» клубына 1964 жылдың  20 желтоқсанынан берi қызмет етiп келе жатқан, коман­даның негiзiн салушы Әли Сами Йеннiң атын иеленген бұл ста­дион жабылып, «Арыстандар» 52 мың жанкүйерге арналған, барша талаптарға сай, су жаңа «Түрiк Телеком Арена» стадио­нына көшкелi жатқан-тұғын. «Галатасарай» талай ащы жеңi­лiс, тәттi жеңiсiне ортақ болған, қуаныштың, өкiнiштiң көз жасы сiңген, Хакан Шүкiр, Хасан Шаш, Окан Бурук, Бүлент Қорқмаз сынды түрiк футбо­лының көзi тiрi аңыздары атой салған стадионмен қош айтысты. «Шекер­спормен» ойналған матч та «Әли Сами Йенмен» қоштасуға әбден жарасатын нәтижемен тәмамдалды – 3:1. Ал­ғашқы голды Түркияның ұлттық құра­масында ойнайтын, бойы сырықтай Сервет Четин соқса, екiншi голдың авторы – команда капитаны Арда Тұран. Үшiншi допты команданың жаңа мүшесi, «Фенербахчеден» ауысқан, ауысуы талай-талай әңгiмеге арқау бол­ған Колин Казим енгiздi. Матч аяқта­лысымен, белгiлi журналист, теле­жүргiзушi, «Футбол деген – өмiрдiң өзi» секiлдi бiрнеше кiтаптың авторы Али Қыржа «Әли Сами Йенмен» қоштасу хатын оқып, аяқдопшыларды њәм жанкүйерлердi қатты толқытты. Нән экраннан капитан Арда Тұранның, бас бапкер Георге Хаджидiң және оның көмекшiсi Тоғай Керiмоғлының көзiне жас алғаны да көрiндi. Матчқа жинал­ған 24 мың жанкүйердiң әрқайсысы iшiнен жылап тұрғаны анық едi. Али Қыржаның хатынан кейiн «Әли Сами Йенмен қоштасу» әнi  қосылып, жа­рық та бiрте-бiрте сөне бастады. Ендi даңқты стадионда матч ойналмайды, қан қыздырған сәттер сағынышты естелiкке айналады.

Дәл сол тарихи күнде кез кел­ген­нiң уысына түспейтiн сәттiң куәсi бола алғаным үшiн өзiмдi бақытты сезiндiм. Бұзылып, орнына сауда орталығы салынатын стадионның атын тек тарихтан ғана оқитын бола­мыз.

Сол матч үшiн билет қалмай, клуб­тың айналасындағы ықпалды бiреу­лердi салып жүрiп, VIP-тен бiр дөкейге берiлген шақыру билетiн аттай қалап, төл ақшамызбен есептегенде, 24 мың теңгеге сатып алғанымды ақымақ­тыққа балағандар бар. Ал менiң еш iшiм күйген жоқ. Есесiне қандай сәттердiң куәсi болдым десеңшi!..

Ғалия Серiкқызы,

магистрант.

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Ыстамбұл қаласы,

Түркия

(«Ұлан», 08.02.2011. №6, 4-бет)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз