Күміс кебеже

Айдарды белгілі ақын Оразақын АСҚАР жүргізеді

Өнеге

Баяғы заманда бір үлкен шаһардың ақылды ханы болыпты. Ол  ара-тұра жай қарапайым киім киіп базар аралайды екен. Біреу кездеме, біреу отын, біреу мал, енді біреу азық-түлік дегендей, әр саудагер әртүрлі зат сатқан базардан бір жолы хан  бір ақсақалдың шеткеріректе, тулақтың үстінде жай, жалғыз отырғанын байқайды. Әлгі кісінің алдында, не қолында ешнәрсе жоқ екен. Хан көрмеген болып оған ары өтіп қарайды, бері өтіп қарайды. Баяғы сол қалпы отыра береді. Ақыры хан оның қасына барып:

– Сіз не істеп отырсыз? – деп сұрайды.

Шал:

– Мен ақыл сатып отырмын, – дейді.

– Қане, онда бір ақылыңды айтшы? – дейді хан оған.

– Жүз ділдә ақшаңды көрсет, сонда айтамын, – дейді қария.

Хан жүз емес мың ділдәсін көрсе­теді.

– Осы ақшаңа татитын ақыл айтайын, – дейді шал. Артынан:  – Не істесең де ойлап істе, ойлап сөйле, – деген ақыл айтады.

Хан  сарайына қайтады. Келген соң киімін ауыстырып, айнаға қараса, шашы өсіп кеткен екен. Іле шаштаразын шақыртады. Уәзірі келеді де:

– Тақсыр, шаштаразға  екі-үш күнге ауылына барып келуге өзіңіз рұқсат бергенсіз, – дейді.

– Ендеше қаладан бір жақсы шаштараз тауып кел! – дейді хан.

Уәзір қалаға барып бір шаштараз тауып қайтады. Жолда келе жатып одан:

– Ханның шашын қандай ұстарамен аласың? – деп сұрайды.

– Өзімнің өткір ұстараммен аламын, – дейді  әлгі кісі қалтасынан өзінің көне ұстарасын алып көрсетіп.

– Ханның шашын мұндай жаман ұстара­мен алуға болмайды, – дейді уәзір. – Мынадай алтын сапты ерекше  ұстарамен алуың керек, – деп қалтасынан алтын сапты ұстара алып шығып, оны шаштаразға береді.

Шаштараз хан сарайына келеді. Ішке кіргенде ол қабырғаларға жазылған «Не істесең де ойланып істе» деген жазуды көреді. Тағы бір бөлмеге барып, оңаша қалып, жуынып-шайынып, артынан ағаш сапты және алтын сапты ұстараларын үстел үстіне қойып, ханды күтіп отырғанда қабырғада тұрған  «Не істесең де ойланып істе» деген жазуды оқиды. Оқиды да ойланады. Соңында «Ханның шашын өзімнің сыралғы ескі ұстараммен-ақ алайын, мына сыры беймәлім алтын сапты ұстараны қолданбай-ақ қояйын» деген бекімге келеді. Сол аралықта  хан да келеді.

Шашын алып жатқанда ханның қөзі үстел үстінде  жатқан алтын сапты ұста­раға түседі.

– Сен неге менің шашымды ана алтын сапты ұстарамен алмай, мына ескі ұстарамен алып жатырсың? – деп сұрайды шаштараздан.

– Ол алтын сапты ұстараны жолда уәзіріңіз берді. Сіздің шашыңызды осы алтын сапты ұстарамен ал деді. Сіздің сарайыңызға кірген соң айналаның бәрінен  «Не істесең де ойланып істе» деген жазуды көрдім, ойландым. Сырын білмейтін ұстарадан гөрі өзімнің сенімді ұстарам дұрыс деп таптым. Ал уәзіріңіз алтын сапты ұстараны не оймен бергенін қайдан білейін, – дейді шаштараз шын сөзін айтып.

–  Оны қазір өз көзімізбен көреміз, – дейді хан орнынан тұрып.

Хан уәзірін шақырады. Іле шаштаразға оның шашын алтын сапты ұстарасымен  алуды бұйырады. Шаштараз бұйрықты табанда орындайды. Шаш толық алынып бітпейді, уәзір отырған орнынан құлап түседі, сол сәтте жан тәсілім етеді.

Хан өзін бір ажалдан алып қалған шаштаразға риза болып, оны өзіне уәзір етіп алады. Содан былай ол не істесе де алдымен әбден ойланып алып, соңында бір шешімге келетін болады.

(«Балдырған», №1. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз