Абдрахман АСЫЛБЕК

«Балдырған» туралы баллада

Айналайын «Балдырған»,

Жүрген жерің ән-думан.

Елу беске келіпсің,

Жарылқасын алдыңнан.

Сен өмірге келгенде,

Ен дүниеге енгенде,

Түсінгенсің іңгәлап,

Бар дыбысты деп-демде.

Күлім қағып күн тұрды,

Барлық әлем құлпырды.

Құлағыңда іңгәлап,

Қазақ деген үн тұрды.

Анаң бесік тербетті,

Ақ көңілін көлдетті.

Әлди-әлди бөпем деп,

Жайды жібек жөргекті.

Ұғындырған үніңді,

Бесік жыры жұғымды.

Алғаш рет аналық

Түсіндірді тіліңді.

Ана тілің – қазақ тіл,

Қазақ тілі – ғажап тіл.

Өз тіліңмен тіл ашу –

Балдан тәтті ләззат бір.

Жасқа толып, тіл аштың,

Қадамыңды бір бастың.

Қазақ деген қауыммен

Осылайша ұластың.

Одан кейін қыр астың,

Сұлу тілмен сыр аштың.

Қазақ деген қауыммен

Осылайша ұластың.

Алаш атты арыстың

Тарихымен таныстың.

Өнерімен өркендеп,

Жүйріктермен жарыстың.

Балғын бала «Балдырған»,

Күтті бақыт алдыңнан.

Бола берді күн сайын

Көңілің – күй, ән-думан.

Сан өнерге салдың сен,

Мектепке де бардың сен.

Ананың да, атаның

Ақ батасын алдың сен.

Бола тұрып балдырған,

Шықса да тау алдыңнан,

Көрген жоқсың болдырып,

Аттың басын шалдырған.

Тамылжытып тіліңді,

Айта бердің жырыңды.

Сенің тәтті сөздерің

Болды бойға сіңімді.

Айналайын «Балдырған»

Жүрген жерің ән-думан.

Балалардың мейірін

Бал сөздерің қандырған.

Айналайын «Балдырған»,

Жүрек отын жандырған.

Ертегі айтып ерекше,

Балаларды таң қылған.

Айналайын «Балдырған»,

Әр сөзіне нандырған.

Тәрбиешің алғашқы

Мұзағаңды* шал қылған.

Айналайын «Балдырған»,

Жыр шырағын жандырған,

Өлмес өлең қалдырған,

Тұмағаңды* хан қылған.

Айналайын «Балдырған»,

Жүрген жерің ән-думан.

Елу беске келіпсің,

Жарылқасын алдыңнан.

*/Мұзаға – Мұзафар Әлімбаев, «Балдырғанның» алғашқы бас редакторы.

*/ Тұмаға – Тұманбай Молдағалиев, «Балдырғанның» 1986-2011 жылдар аралығындағы бас редакторы.

(«Балдырған», №1. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз