Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

Қар барысы және «Балдырған»

Ауылға бардым. Балалардан:

– Қандай аң-құстарды білесіңдер? – деп сұрадым.

Балалар бір ауыздан:

– Сиыр, қой, ат, ешкі, – деп шулап қоя берді.

Басымды шайқап:

– Олар үй жануарлары ғой, – дедім. – Аң-құстар түзді мекендейді. Қорада тұрмайды, далада жүреді.

– А, онда… қасқыр, – деп бір баланың таңдайы тақ ете қалды.

Сол-сол-ақ екен, балалар:

– Арыстан… Жолбарыс… – деп жарыса қолдарын көтерді.

Сірә, мультфильмді көп көретін балалар ғой деймін. Шетел мультфильмдерінде арыстан мен жолбарысты көп көрсетеді. Ал түлкі байғұсты балалар түгілі, теледидардан көптен бері өзім де көргем жоқ. Демек, енді бәрі түсінікті болды. Бүгінгі ауыл балаларының көпшілігі мультфильмдерден нені көбірек көрсетсе, соны жақсы біледі. Олардан балабақшаға баратын қалалы жердің балалары озып кеткен бе деймін. Қашан барсаң да:

– Ұшты ұшты, не ұшты?.. Аю ұшты!.. Жоқ, алданып қалдыңдар… Аю ұшпайды, өзі дәу, қанаты жоқ, ол қайтып ұшады? – деп ойын ойнап жатқаны.

Әрі ойын, әрі сабақ. Қарап тұрып, қызығасың. Ауыл балаларына әке-шешелері де аң-құстар туралы дұрыстап әңгіме айтпайтын болған ба сонда? «Жұмыс-жұмыс» дейтін көрінеді. Жұмыс қашан таусылған өзі?!

Алматы қаласының айналасының бәрі табиғат пен аң-құстарды қорғайтын ұлттық саябақтарға айналған. Соның бірін – ерекше қорғалатын Алматы мемлекеттік табиғи қорығын Қуат Байтұрбаев басқарады. Бұл кісінің басқалардан ерекшелігі тау-тастан сирек аң-құстарды көрсе, дереу суретке түсіртіп алып, балалардың «Балдырған», «Ақ желкен» журналдарына ұсына қояды.

Осы жақында ғана ол таудан етекке түскен қар барысын күшігімен қоса суретке түсіртіп әкеліп берді. Негізі, қазақтар арыстанның баласын «абдан», барыстың күшігін «алан» деп атайды екен. Бұл суреттер әлі еш жерде жарияланған жоқ. Сондықтан «Балдырған» журналын жаздырып алған балалар бірінші көріп отыр десек те болады.

Осы табиғи қорықта жиырма екі қар барысы бар. Ал «Балдырған» журналының отыз төрт мың оқырманы бар. Биыл тағы көбейдік. Қар барысының аландары да көбейсе екен деп тілейміз!

(«Балдырған», №1. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз