Азиада-2011

АУЫЛДАН  АТТАНҒАН  АЛАУГЕР

VII қысқы Азия ойында­рының салтанатты ашылу шарасында елiмiздiң көк байрағын «Астана-Арена» стадионына КСРО халық артисi Асанәлi Әшiмов, Мәскеу Олим­пиадасының чемпионы Жақ­сылық Үшкемпiров, әйгiлi жел­аяқ Әмин Тұяқов және бел­гiлi әуедоп шеберi Жәнiбек Сауран­баевтармен бiрге төрт бала ұстап шықты. Бұл төртеуi де осал емес. Солардың бiрi ­ –  шәлкөделiк Жан­дос Iлияс. Жуырда ол Алматы облысы әкiмiнiң қолынан «Ерлiгi үшiн» медалiн кеудесiне қадады.

Бейбiт күннiң батыр бала­сына басшылық құрметiн мұнымен ғана шектеген жоқ. Әл-Кувейтте тұта­нып, елiмiз­дiң  төрт құбыласын тү­гел шарлаған Азиада алауын алып жүрудi жүктедi. Астана төрiнде алауды алып жүрген кiл ығай мен сығайлардың арасында осы Жан­дос та жүр­дi. Ескерте кетер жайт, оның есiмi тарихқа ең жас алаугер ретiнде де жазылып қалады. Азия ойындарының ашылу рәсiмiн көзi­мен көрiп, орта­сында жүргенiн сұрамаққа хабарласқан едiк. Ал­матыға жеткесiн хабарласатын бол­ды.

Уәделi күнi бiз Жандосты биыл 90 жылдық мерекесiн тойлайтын  «Қазақ радио­сынан» таптық. Аста­надан Алматыға табаны тие сала, осы шаңыраққа алғысын бiлдiре келiптi. Себебi, Жандос өр­тенген үй iшiнен Ерасылды құтқарғанын ал­ғаш болып елге осы «Қазақ ра­дио­сының» «Қайырлы таң, қазақ елi!» бағдарламасының редакция­сы (ре­дакторы Бақыт Жағыпар­ұлы) құлағ­дар еттi. Iле «Ұлан» газетi оқыр­­м­андарына жау­жүрек Жан­достың ерлiгiн паш еттi.

– Түс көрiп жүрген се­кiлдiмiн. Мұндай құрмет маң­дайыма жазы­лады деп ойла­ғам да жоқ. Бiз Азия ойын­дарының ашылу сал­тана­тының дайындығын 2010 жыл­дың желтоқ­санында бастап кеттiк. Алауды қолыма ұста­ған сәттегi әсерiмдi сөз­бен жеткiзе алмаймын. Аяғым жерге бiр тиiп, бiр тимей­тiндей. Кө­рер­­мендердiң қиқулап қолпаш­тауы одан бетер қанаттан­дырып жiбер­дi.  Одан кейiн  бiз ста­диондағы  ашылу сал­та­на­­тында туды алып шығуға әзiр­лендiк.  Өзi­­­мiз төрт ба­ла­мыз. Бiзге алға­шын­да елi­мiз­дiң көк байра­ғын «ат­пен алып жүре­сiң­­дер» дедi. Соған күнi­не екi мезгiл да­йындық жүр­гiздiк. Ас­ты­мызда ­– цирк­тiң ат­та­ры. Қа­сым­дағы қос­танай­лық  Сә­кен Қар­ма­нов – әккi ша­бан­доз. Өзi талай бәй­генiң бас жүлдесiн еншiле­ген екен. Көкше же­рiнен келген Нари­ман Есi­мов те аттың құ­ла­ғын­да ойнайды. Ал­маты облы­сы, Жам­был ауда­ны, Ұзын­ағаш ауы­­­лы­нан келген  Нұр­сұл­тан Аман­­­жол да ат жалында өсiптi. Төр­теумiздiң аты­мыз­­дың шылбы­рынан Асанәлi Әшi­мов, Жақ­­сылық Үш­кем­пiров, Әмин Тұяқов, Жә­нiбек Сауран­баев ағала­рымыз жетектейтiн болды. Дайынды­ғымыз та­ма­ша едi. Бiрақ стадионға кiр­генде сама­ладай жарқы­раған сәуле­ден аттар үркiп,  дұрыс жүр­медi. Сосын ұйым­дас­тыру­шылар атпен емес, жаяу шығуымызды ұйғарды. Азиа­даның ашылу сал­танаты тура ер­тегi секiлдi болды ғой. Дәл сондай әсерлi болады деп ойла­маған едiм. Ендi көрген-бiл­генiмдi ауыл­даста­рыммен бөлiсуге асығып отыр­мын…

Дарина –ең жас ерiктi

Дарина Сұлтанбекқызы Алматы қаласындағы №173 лицейдiң 10-сыныбында оқиды. Оқу үздiгi. Ағылшын тiлiн жетiк меңгерген ол VII Қысқы Азия ойындарында ерiктiлер қатарына қабылдануға бағын сынап көрген. Сыннан сүрiнбей өтiп, дүбiрлi додада ең жас көмекшi болып шыға келдi.

– Ерiктiлер қатарына iрiктеу жүрiп жатқанын ағамның досы айтты. Қатты қызықтым және өзiм­­нiң мүмкiндiгiм барын аң­ғардым. Барып, ерiктiлер қата­рына жазылдым да, бiрне­ше ай бойы түрлi тренингтен өттiм, – дейдi Дарина.

Ұлан: «Жасың кiшi» деп ұйым­дастырушылар қабылда­май қойған жоқ па?

Дарина: Жоқ, менiң жеке куә­лiгiм бар ғой.

Ұлан: Шетелдерден келген спортшыларға, қонақтарға кө­мек көрсету қиын болған жоқ па?

Дарина: Еш қиындығы жоқ. Өйткенi, мен ағылшын тiлiн жақсы меңгердiм. Қонақтармен сөйлесу қиын емес, тiптi қызық. Лицейде математика және фи­зи­ка пәндерiн тереңдетiп оқыта­ды. Ал ағылшын тiлiн қосымша курстарға барып жүрiп үйрен­дiм. Қазiр ең жоғары сатысында оқып жатырмын. Оның үстiне, кiшкентай кезiмде Англияға, Канадаға әкем кани­кулға жiбер­ген, сонда үйренген­дерiмнiң де көп пайдасы тидi.

Ұлан: Ерiктi болудың қандай қиындығы мен қызығы бар екен?

Дарина: Қиындығы жоқ де­сем де болар. Таңғы 6-да кетiп, кешкi 8-де шаршап келгеннiң өз қызығы бар. Ерiктiлер арасын­дағы ең кiшкентайы болғандық­тан, әрiп­тестерiмнiң бәрi ерке­ле­тедi. Бiз фристайл жарыс­тары өтiп жатқан «Табаған» ке­ше­нiнде жүрдiк. Сон­дықтан осы спорт түрiнен сынға түскен қос Юлияның, қос Дмит­рийдiң тiлеу­лесi болдым. Жiбек Арапбае­ва­ның күмiсiне де қатты қуандым. Ал Азиаданың ашылу салтанаты ерекше әсерге бөледi.

ТИМУР ДА АЛАУДЫ ТҰТАТТЫ

Астанадағы ашылу салтана­тында  елiмiздiң жетi спортшысы қазандықтағы алау отын тұтан­дырды. Түйе балуан Әбiлсейiт Айханов, Мәскеу олимпиа­дасының чемпионы Жақсылық Үшкемпiров, олимпиа­даның екi дүркiн жүлдегерi Дәулет Тұрлыханов, Сидней олимпиа­дасының  чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Афина олимпиа­дасының чемпионы Бақтияр Артаевтармен бiрге  ең жас  мәнер­леп сыр­ғанаушы Тимур Тұрсын­баев болды.  Ол бүгiнде бiлiктiлiгiн Ресейде жетiлдiрiп жатыр. Қазақ­стан чемпионаты мен спартакиа­дасының, Мәскеу төрiндегi бiрнеше бәсекелердiң жеңiмпазы.  Мәнер­леп сырғанауды төрт жасында бастаған оның талабы таудай. Кемелiне келгенде, олимп шыңына шығуды көздейдi. Тек арман­дамай, соған жетудi межелеп те қойған.

Қазақ ырымшыл халық. Күнi ертең алдыңғы толқын ағаның жарқын жолы жұғысты болып, Тимур олимпиада алтынын кеу­десiне тақса, сабақтастық деген осы деймiз.

P.S. Байқасаңдар, ашылу салтанатының бел ортасында қазақтың қара баласын қоңыр домбырасын күмбiрлете жөнелдi. Ол өнерпаз да бөтен емес. «Ұланның» тұрақты оқырманы және кейiпкерi Шыңғыс Жарылқасын. Шыңғыстың өнерде қалыптасып келе жатқан игi жолы туралы «Ұлан» неше рет сүйсiне жазды. Шыңғыс өз өнерiмен Азия ойындарына қосымша ажар үстегенi сөзсiз. Алға, бiздiң болашақ мықтылар!

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ

(“Ұлан” газеті, 08.02.2011, №6, 2-бет)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз