М.Мақатаев – 80!

ХХІ ғасырдың ақыны

Есей Жеңісұлы

Балалар, сендерге ұсынылып отырған жазбаның сол жақ бұрышына назар аударыңдаршы. 2000-1931=69 деп тұр, иә. Және 69 санын айнала қоршап бірнеше сұрақ белгісі (?) жазылған. Оның жанындағы 2017-1931=86 деген жазуға да анықтап қараңдар. 2001-1931=70 деген белгі және бар.

Бұл – Мұқағали аталарыңның өз қолтаңбасы. Осыдан 8 жыл бұрын, Лашын апамыздан ақынның күнделігін сұрай барып, ксерокөшірмесін жасап алған едім. Қазір бұл – менің қолымдағы ең құнды жәдігерлердің бірі.

Мұқағали ата өз күнделігіне 2000 жылы неше жаста болатынын, қай жылы 70-ке толатынын есептеп көрген сияқты. Ал 2017 деген жыл санын неге жазғаны өзіне ғана мәлім болар… Яғни, ақын өз ғұмырының ХХІ ғасырда да жалғасатынына сенім артқан ғой.

Сандардың төменгі жағында: «Жиырмасыншы ғасырдан бұрын ба, кейін бе?! Бірге!!!» – деген жазу бар. Ақын бұл жерде «ХХІ ғасырдан» деп жазғысы келді ме екен?.. «Ғұмырым ХХІ ғасырға дейін жете ме?» деген алаң тұрды ма әлде көңілінде…

Одан әрі ақын қиялы өзінің дәл 1999 жылдың 31 желтоқсанында өмірден өткенін көреді. «Телеграмма. 31.ХІІ.1999 ж. Түнгі сағат 12:00. Өлді. Ертең, 1.І.2000 ж. жерленеді». Мұқағали ақындық түйсікпен өзінің ХХ ғасыр перзенті болып қалатынын дәл болжаған сияқты. Әйтпесе, неге 1999 жылдың соңғы сағатын белгілейді өзіне?

Ойымызды: «Бұл ғасырды аттандырып салу – менің ұрпағыма қиындау болар…» – деген жазбасы да қуаттай түседі. Ол өткен ғасырдың жүгі халқымыз үшін тым ауыр болғанын сезінді, түйсінді.

Жазбаның соңғы жағында 4.ХІ.72 деген жазу тұр. Демек, бұл ойын ақын 1972 жылдың 4 қарашасында қағазға түсірген. Мұқағали осыдан кейін 3,5 жылға жуық ғұмыр кешті. ХХІ ғасырға жете алған жоқ. Бірақ рухы, өлмес жырлары жетті.

Бүгінде біз, қалың оқырман, ақын көрсеткен 2001 жылдан озып, тағы 10 жылды артқа тастадық. Ертең Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толады. Өзі нұсқаған 2001 жылы да, биылғы 2011 жылы да бүтін қазақ ақынның әрбір мерейтойлық жасын, тіпті жыл сайынғы туған күнін ерекше құрметпен атап өтеді.

Мұқағали, сөз жоқ, ХХІ ғасырдың ақыны. «Өзінің есебінде, қырықтың бесеуінде, ұйықтап кетсе де төсегінде», М.Мақатаев – қазақ халқымен бірге. Мәңгі бірге!

ҚУАТ АЛҒАН АБАЙДЫҢ ТІЛ-КҮШІНЕН

Мұқағали – ғажайып сыршыл ақын. Ақын өлеңдерiн оқыған сайын рухтанамыз. Өмiрдi жаңа қырынан тани түсемiз.

Жыл керуенi жылжыған сайын М.Мақатаевтың өшпес мұрасы қараңғы түн қойнауынан жарық жұлдыз құпия сәулесiн шашқа­нындай жарқылдап, айшықтала түсуде. Ол өзiнiң әрбiр өлеңiмен бiздi ұлтты сүюге, оны бар кемшiлi­гiмен жақсы көруге үйретедi. Халықты қадiрлеудiң асқақ үлгiсiн нұсқайды.

«Бауыржан Момышұлына» деген өлеңiнде:

– Аппақ тонын – атамның тәбәрiгiн,

«Жүзге кел» деп, арқаңа жаба салам, – деуiнiң өзiнде қаншама өнеге жатыр! Осындай тектiлiктi үлгi етiп, баба мұрасына құрмет се­зi­мiн бала жүрегiне нық ұялатары сөзсiз.

Мұқағали әкелiк сезiмiн таза да тұнық халық дәстүрiмен бай­ланыстыра жырлайды. «Бесiк ба­сында» деген өлеңiнде:

– Ұқсайды бар тыныштық жер бетiнде,

Ұйқыдағы сәбидiң келбетiне.

Ояту былай тұрсын,  рұқсат жоқ,

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге, – деп жырлайды. «Ұйық­тап жатқан баланың бетi­нен сүйме», «бос бесiктi тербетпе» деп те қазақ атамыз тыйым айтып жатады. Өзiң ойлап қарашы, ұй­қыда жатқан сәби тыныштықты, еркiндiктi қалайды ғой.

– Әке, сенiң тастап кеткен мұраңды,

Төрт немерең көрген шақта қуанды.

Терiң сiңген тақияға жармасып,

Алма-кезек, бiрiнен соң бiрi алды, – деп, әкесiнiң көзiндей болып қалған бұйымды қатты қастер тұ­та­ды. Оны жай бiр бас киiм ретiнде емес, мұра деп түсiнедi. Ата-баба мұрасын қастерлеп, шаң жуытпай сақтап өскен ұл екенiн көрсетедi.

Мұқағали өлеңдерi сахараның өзiндей сырлы, даланың өз бояуын­дай өрнектi, көктемнiң өзiндей көрiктi. Түпсiз аспаны мөлтiлдеген жазғы таңдай бояу-нақыш төгiле бередi.

– Өзегi жалын бұл балаң,

Шағаласы бар шулаған.

Теңiздiң сыры белгiлi,

Тек жазу үшiн тумаған!

Жасынын жайдың ұрлаған –

Өзiңе тартқан бұл балаң!

«Отаным, саған айтам» атты осы толғауында ақын бiр сәтте құшақ-құшақ от ұшырған найза­ғай­ды суреттесе, iле төсiнен төбе-төбе толқын лақтырған долы теңiздi бейнелеп кетедi. Осылайша арасы алшақ екi әлемнiң ортасында ақын жүрегiмен астасқан аласапыран толқынды көремiз. Аспанда найза­ғай жарқылдап, теңiз буырқанып жатқандай, ақ нөсердiң астында қалғандаймыз. Лирикалық кейiп­кердiң «жасын ұрлаған» өжеттiгi көкiрегiңдi  күмбiрлетер, жүйке­ңдi шымырлатар ой толғағына айна­лады.

– Күйер кеудем…

Сондықтан күйiнемiн.

Жасырман, жырым да сол жиi менiң,

Жыр жазу, кiм бiледi, ермек шығар…

Ақын болу,

Неғылған қиын едiң?..

Ақын болмысы дүниенi дүбiрге толтырар шалқар шабытты, пара­сатты жыр, болашақпен тiлдестiрер сыр емес пе?

– Қуат алып Абайдың тiл-күшiнен,

Жыр жазамын Абайдың үлгiсiмен.

Абай болып табынсам бiр кiсiге,

Абай болып түңiлем бiр кiсiден…

Туған халқына, туған халқы сомдаған ұлы мұраға бас иiп өткен Мұқағалиға, арыс азамат Мұқа­ғалиға тән шынайы қасиет бұл…

Мұқағали «Абай жаққан сәу­ленi» сөндiрмей, кейiнгi ұрпаққа табыстаған, сол «жыр сәуленi» лаулатар ақынның дүниеге ке­летiнiне де мол сенiм артып кеттi. Ол:

– Туады, туады әлi нағыз ақын,

Нағыз ақын, бал мен у тамы­затын… – деген болатын. Қазiр қа­зақ өлеңiнiң қаймағын қоюлатып, дарабоз ақындар жолын жалғап жүрген сөз зергерлерi  аз емес.

Серiк ҚАНТАЕВ,

Қ.Ақынов атындағы орта мектептiң 10-сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Жаңаауыл ауылы,

Тарбағатай ауданы,

Шығыс Қазақстан облысы

АҚЫНҒА АРНАУ

Маңдайына туа бiткен алтын ұл,

Жырлап өттi құдiретiн халқының.

Сүйдi өлеңдi жүрегiмен жарыла,

Бiлдi-дағы қымбаттығын нарқының.

Көзi кеттi дамылдауға мәңгiге,

«Кейiнгiге жыр аманат қалды» деп.

Келер ғасыр туысқаны жайында,

Айтылады әлi-ақ қадау әңгiме.

Жырын оқып, өсiп-өнем, көгерем,

Ойланам кеп, «мына жұртқа не берем?»

Қаламымды қағазға кеп телiсем,

Төнетiндей Мұқаң келiп төбеден.

Нұрбек НҰРЖАНОВ,

№133 мектептiң 10-сынып оқушысы.

Алматы қаласы

Мұқағали атама

Жырларыңды жаттаймыз,

Ұмытпастай сақтаймыз.

«Достыққа жүрмiз

құмартып»

Досты ешқашан сатпаймыз.

Ерекше бiр күйге ендiк,

Жамандықтан жирендiк.

Туған жердi сүюдi,

Сенен оқып-үйрендiк.

Әр өлеңiң ­– кiл аңыз,

Бiздiң асыл  мұрамыз.

Өзiң айтқан мектептен,

«Таудай болып шығамыз».

Жасұлан АҚАН,

№146 мектептiң 4«Б» сынып оқушысы.

Алматы қаласы

ТАУ ҰЛЫ

Өмiр жолы өрiлген өлеңменен,

Өлең! Өлең! Тек соған елеңдеген.

Ғұмырын суреттейтiн сұңғыла жыр,

Бағасына ешнәрсе теңелмеген.

Заманның тап келсе де қиынына,

Мойымай дауылы мен құйынына.

Келешегi тамсанып қарайлайды,

Жырменен сомдап кеткен бұйымына.

Жүректерге от бердi жалыны көп,

Қалады ол қашанда тау ұлы боп.

Тiрiсiнде бағалай алмадық бiз,

Айтамыз кеп: «… алтынның қадiрi жоқ».

Назкен МӘТБАЕВА,

Қаражар орта мектебiнiң 11-сынып оқушысы.

Байғанин ауданы,

Ақтөбе облысы

ӨЛЕҢГЕ ЫНТЫҚ ЖҮРЕК

Ой қамаса, жырларына үңiлем,

Қиындықты жеңу үшiн жүгiнем.

Көңiлiңдi өсiретiн өлеңнiң,

Тұнықтығы байқалады түбiнен.

Жырдың құнын өзегiнен байқағам,

Оқимын кеп үзiлiссiз қайталап.

Өрекпiген көңiлiмдi, кiтапты,

Ақтарғанда, басамын да, жай табам.

Нағыз ақын дәл осылай жырласын,

Сүйесiн тек дәл осылай мұңдасын.

Тұстастары түсiнбеген бұл Мұқаң –

Менiң қазiр ең жанашыр сырласым.

Жұлдыз ҚУАНЫШБАЕВА,

11-сынып оқушысы.

Бәйтерек ауылы,

Жуалы ауданы,

Жамбыл облысы

Беттi  әзiрлеген  Қуаныш  НҰРДАНБЕКҰЛЫ

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз