Әдемі әуестік

АСПАЗШЫ АЯН

Аян Қуаныш Ш.Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназиясының 8-сыныбында оқиды. Ағылшын тілін жетік біледі. Спортпен шұғылданады. Әсіресе, футбол десе ішкен асын жерге қояды. Тағы бір әуестігі – тамақ жасау.

– Ынта болса, түк те қиындығы жоқ, – дейді Аян. – Ең бастысы, қызығушылық қажет.

Анасы Гүлбағаш пен әкесі Ержан баласына дән риза.

– Аян өте ақылды әрі бауырмал болып өсіп келеді. Болашағынан үлкен үміт күтеміз, – дейді ата-анасы.

– Ол кезде 4-сыныпта оқитынмын. Сабақтан келсем, күтушіміз ауырып, үйге келмепті. Інім мен қарындасымның әбден қарны ашыпты. Ал ата-анам жұмыста. Содан, асүйдегі картопқа көзім түсті. Лезде қабығын ашып, қуыруға кірістім. Сондағы қарындасымның қуанғаны әлі есімде, – дейді аспазшы бала.

Осыдан кейін Аянның аспаздыққа деген қызығушылығы ояныпты.

Асүйде анасына көмектесе жүріп, бәлішті, ыстық тамақтарды жасауды үйренеді. Қолы қалт етсе, кешкі асты дайындауды әдетке айналдырады.

– Негізі тағамдар бір-біріне ұқсас келеді. Мен бұрынғы салаттарды өзгертіп, басқа дәм қосып та жасаймын. Өзімнің ойымнан жасаған оннан аса салатым бар. Түрлі тәтті бәліштерді, ыстық тамақтарды жасаймын. Ең бастысы, сабағыма еш кедергі келтірмейді. Қолым бос кезде тамақ жасау сүйікті ісіме айналды, – дейді Аян.

Сыныптастары Аянның тамақ жасайтынын естігенде, таңғалыпты. Бірі «қыздардың ісі» деп әзілдесе, енді бірі үлгі тұтыпты.

– Мені елдің пікірі аса қызықтырмайды. Өйткені, мақсатым айқын. Қазақ халқының аспаздық өнерін әлемге таныту. Жеке мейрамхана ашсам деймін. Қазақ – дана халық. Әсіресе, қазы-қарта, айран мен сүтіміз дәруменге толы, – деп аспазшы Аян сөзін аяқтады.

АҚШ президенті Барак

Обаманың аспазшысы Джейми Оливер жүзгізетін бағдарламаны үзбей көреді екен. Таңсық тағамдарды қағазға түсіріп алып, өзі ас үйде жасай береді. Айтпақшы, Аян «Қазақстан» Ұлттық арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысты. Бұл бағдарламаға кез келген адам қатыспайды. Демек, Аянның жасаған тағамдары көпшіліктің көңілінен шыққаны.

Аянның «Денсаулық» салаты:

Құрамы:

4 жұмыртқа,

1 тостаған консервіленген қозықұйрық /шампиньон/,

1 пияз,

1 жас қияр,

3 қасық қаймақ немесе майонез.

Жұмыртқаны жақсылап езіп, құймақ секілді жұқа шелпек-

тер пісіреміз. Орап, жіңішкелеп тураймыз. Пиязды ортасынан бөліп, жартылай сақиналап тураймыз. Қиярдың үккіштен өткіземіз. Қозықұйрық тым ірі болса, ортасынан бөлеміз. Татымына қарай тұз, қара бұрыш, қаймақ немесе майонезбен араластырамыз.

Гүлфарида Зейнуллина

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз