Біле жүр!

Тілдің де түр-түрі бар

Ертеде бір патша аспазын шақырып алып:

– Маған дүниедегі ең тәтті және ең ащы нәрседен тағам әзірле! – деп бұйрық беріпті.

Сонда аспаз патшаға піскен тіл әкеліп беріп:

– Дүниедегі ең тәтті де – тіл, ең ащы да – тіл! – деген екен.

Бұл аңыз жайдан-жай есімізге түскен жоқ. Әңгіме сол тіл жайында. Ғалымдардың айтуынша, бауырмен жорғалаушылардың, яғни, жыландар мен кесірткелердің тілі өте сезімтал болады екен. Мысалы, жылан айыр тілін жерге тигізіп қалып, сол маңда қандай жан-жануар жүргенін біліп қояды. Оны айтасыңдар, судың қаншалықты алыс-жақын екенін сезеді екен.

Ал кейбір үйректер-дің тілінің екі жағында ерекше шашақ өседі. Үйрекең су түбіне сүңгіп, лайсаң жерге тұмсығын тығады. Сол кезде ұсақ жәндіктер, шаяндар шашақты тілге жабысып қалатын көрінеді.

Тағы бір таңғажайып тіл бар. Ол – колибридің тілі. Құртақандай құс ауада қалықтап тұрып, өсімдік шырынын жинайды. Сонда тілі түтікше тәрізді жиырыла қалады екен.

Тотықұстың тілі қап-қатты мүйізгектермен қапталған. Соның арқасында, тотықұс кішігірім жаңғақтарды, дәнектерді оп-оңай шағып жейді.

Сиыр, керік сынды күйіс қайыратын жануарлардың тілі жердегі шөпті, ағаштағы жұлып жеуге ыңғайланып жаралған. Бұл жағынан алғанда, олардың тілі біздің қолымызға ұқсайды.

Құмырсқажегіштің тілі жіп-жіңішке. Ұп-ұзын. Анау-мынау емес, 60 сантиметрге жетеді. Жануар сол сүйірдей тілін құмырсқаның илеуіне минутына 160 рет салады екен. Әр салғанда әлем құмырсқаны ілетінін айтпасақ та түсінікті.

Тоқылдақтың тілі де осал емес. Орман емшісі атанған бұл құстың ағаштарды зиянкестерден тазалайтынын білетін шығарсыңдар?! Иә, солай тоқылдақ «тоқ-тоқ» еткізіп, ағаштың қабығын шоқиды. Сосын көбелек, көбелек жұмыртқаларын, қоңыздарды ұсақ мүйізгекті тілімен жинап жейді.

Десек те, дүниедегі ең, ең, ең №1 тіл – хамелеонның тілі. Жон терісін қырық құбылтатын кесіртке ағаш басында жемтігін аңдып, тапжылмай отырады. Әлдебір жәндікті (кейде тіпті кішігірім құсты) көзі шала қалса, тілін көз ілеспес, 40 миллисекундтық жылдамдықпен лақтырады. Жемтік тілдің ұшына тас болып жабысқан күйі, жалмауыз кесірткенің аузынан бір-ақ шығады.

Мінеки, тілдің кереметі!

Әзірлеген Бекен Датұлы

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз