Өздерің жазған хаттардан

МЕНІҢ ЖЕТІ КЕРЕМЕТІМ

Әлемнің жеті кереметін жақсы білеміз. Сендерге бір құпия айтайын: менің де осындай жеті кереметім бар.

Біріншісі – денсаулық. Денсаулықтың арқасында өмірдің қызығын көріп, жаһанды жалпағынан басасың. Екіншісі, мөлдір сезім дер едім. Өйткені, адамның өзге тіршілік иелерінен артықшылығы – сана-сезімінде. Адамның жанын шаттыққа, қуанышқа бөлейтін сезімді түйсіне алудың өзі керемет емес пе? Адал махаббат пен достық орны әрдайым ерекше. Осы екі ұлы күшке жетелеуші сезім ғой. Сол сезім арқылы Отанды, ата-ананы сүйеміз емес пе?! Үшіншіден, сенімнің орны бөлек. Адамдардың бір-біріне риясыз сене алатыны қандай керемет! Сол сенімнің арқасында жұмыр жерде тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Мен тіршілікті білімсіз елестете алмаймын. Білімдінің күні жарық. Сондықтан білімді төртінші кереметке балаймын. Ұлы Абай атамыз: «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп айтқан екен. Демек, бесінші орынға өнерді қоямын. Алтыншы керемет – сенің өмірің. Ал өмірдің әрбір сәті керемет емес пе? Өмір – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Жетінші – адамның өзі. Қазір ғылым мен технологияның қарқынды дамыған уақыты. Адамның ақыл-ойының жемісінің нәтижесінде ойлап табылмаған дүние кемде-кем шығар. Кере-метті жасаушы – адам. Ендеше, адам қалай керемет болмасын?! Ал сендердің жеті кереметтерің қандай, достар?!

Бақытжан ОТАРБАЕВА,

№248 орта мектептің

11-сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тілшісі.

Тоқабай ауылы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

АТАМ МЕНІ «АҚ ГҮЛДЕН» ДЕЙТІН…

Бүгін де көңіл-күйім жоқ. Жүрегім әлдекімді іздеп, дүрсіл-дейді. Иә, «Ата» деген сөзді айта бергім келеді. Жиі қайталасам, қайтып келетін секілді. Бірақ енді ол оралмайды ғой. Арамыздан кеткеніне де біраз күн болды. Сабаққа шығарып салып, «Ақ Гүлден» деп еркелетіп қарсы алатын… Міне, сөреде «Ұлан» газеті жиналып қалыпты… «Ақ Гүлденімнің газеті келіпті» деп атам үйге кіріп келетіндей… Қандай өкінішті… Газет-журналда жарық көрген әрбір мақаламды үзбей оқып, мақтап отыратын. Әсіресе, «Ұланға» шыққан мақалаларымды оқып, «Балам, бұл басылымның тарихы терең. Достығыңды үзбе» деп жиі айтатын. Ауыл тұрғындарына «Жұмадинова деген жазуды көрдің бе?» деп риза болатын. Атамның жас баладай мәз болғанын көріп, шабыттанамын. Мақалам жиі жарық көрсе, атам қуанса дейтінмін…

Әттең, амал қанша? Жұмадин атам өз ісіне адал, еңбекқор жан еді. Арамыздан өзі кетсе де, елге жасаған жақсылығы, игі ісі өшпек емес. Менің ендігі мақсатым – атамның үмітін ақтау. Сабақты жақсы оқып, жоғары білім алу екенін жақсы білемін. Және де марқұм атам айтқандай, «Ұланмен» достығымды үзбеймін.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА,

№82 Қаратерең

орта мектебінің

10-сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тілшісі.

Қаратерең ауылы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

ҚЫЗДЫҢ АТЫ – НҰРБОЛАТ

«Ұланның» №29 санындағы (23 шілде 2013 жыл) «Есіміңді дұрыс жазып жүрсің бе?» деген мақала маған ой салды. Менің атым – Нұрсұлу. Десе де, осы есімді «Нұрсылу» деп жазатындар бар. Сосын кейбір құрбыларым дәптер сыртына «Ляззат», «Лаззат» деп те жазады. Құжаттарында осылай жазылып кеткендер қаншама?! Жалпы ат қоюда жиі қателік жасайтын болдық. Ақпарат құралдарынан «Елка, Саммита, Азиада» есімді бүлдіршіндердің өсіп келе жатқанын жиі естимін.

Өткенде көрші ауылда бір отбасы өмірге келген сәбиге «Нұрболат» деген есім беріпті. Ал сәби – қыз. Қыз балаға Нұрболат деген есім жараса ма? Ең болмаса, Нұрбала десе де жарасымды емес пе? Сөйтсем, әлгі отбасында 6 қыз бар екен. Ата-анасы ырым ғып әдейі қойыпты. Нұрболат қыз есіміне қысылып, сабаққа барғысы келмесе, құрбыларымен ашылып сөйлеспесе, қайтпек? Осыны неге ойламаған ата-ана?!.

Нұрсұлу БИЕКЕНОВА,

Қарақұм орта мектебінің

10-сынып оқушысы.

Боранқұл ауылы,

Бейнеу ауданы,

Маңғыстау облысы

БЕСІКТЕН БЕЗІНГЕНІМІЗ ҚАЛАЙ?

Бесік – сан ғасырлық тарихы бар, ата-бабамыздан қалған қасиетті құндылық. Сәбиді бесікке бөлеп, бесік жырын айтып ұйықтату – қазақы дәстүрдің бірі. «Тәрбие – тал бесіктен» дейді халқымыз. Бесік жас сәбиді төзімді, сабырлы болып өсуге үйретеді. Біз осы бесіктің қадірін біліп жүрміз бе? Қазіргі таңда осы құндылықты жоғалтып алғандаймыз. Бесікке деген көзқарас та алабөтен. Ескіліктің белгісі ретінде қараймыз. Ал дәрігерлер «сәбидің қол-аяғын таңып, басын шайқау жүйке жүйесіне кері әсер етеді» деп байбалам салады. Расында осылай ма? Біздің ата-бабаларымыз осы тал бесіктен өсіп, жетілді емес пе? Бір сәт ойланайықшы…

Айтолқын БАТЫРБЕК,

11-сынып оқушысы.

Балпық би кенті,

Алматы облысы

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз