Темір тұлпар

Велосипед: әлемге әйгі, жанға жайлы

Велосипедті бала кезім-нен тебемін. Әлі есімде, төрт жасқа толғанда атам су жаңа велик әперді. Өзі үш аяқты. Оп-оңай теуіп кеттім. Кейін велосипедімнің түрі де көбейді. Есейе келе екі аяқтысына ауыстық. Қазір де велосипед – жан серігім. Аз дегенде күніне 2-3 сағатымды велик тебуге арнаймын. Жұмысқа да теуіп барып, теуіп қайтам…

Марк Твеннің «Велоси-пед сатып алыңдар, өкінбей-сіңдер…» дегені бар емес пе? Рас айтқан екен. Әсіресе, көліктер кептелісте тұрған кезде, зыр етіп жанынан өте шығатының жақсы-ақ! Денсаулыққа да пайдалы. Сондықтан, бұл жолы әуесқой велосипедші ретінде, көрген-білгенімді өздеріңмен бөліскім келіп отыр.

Шығу тарихы. Түрлері

Велосипедтің «атасы» – неміс бароны Карл фон Дрез. Ол 1817 жылы жылдам жүретін машина жасауды қолға алады. Сондағы жасап шыққаны осы велосипед екен. Көлік Париж бен Лондонға тез тарайды. Бірақ, Дрездің көлігі біраз уақыттан кейін ұмыт болып кетеді. Тек 1839 жылы шотландық шебер Крикпатрик Макмиллан оны қайта құрастырып, педаль мен отырғышын қосады. Ал 1863 жылы франциялық өнертапқыш Пьер Лалман оны одан бетер жетілдіреді, көлікке «велосипед» деген ат береді. Сондықтан да, велосипедтің шыққан елі – Франция.

Велосипедтер жолға, қыдыруға (қалалық), тауға арналған болып бөлінеді. Одан басқа великтің ВМХ, уницикл, тандем, круизер деген түрлері бар.

Велоспорт. Велотуризм

Қазір велосипед тебудің сан түрі бар. Кедергілерден өту, секіру… осылайша райдерлер жандарын рахаттандырады. Содан ләззат алады. Ол бүгінде экстремалды спорт түріне айналды. Түрлері де өте көп. Мәселен, норт-шор, слоупстайл, байкер-кросс (4Х) т.б.

Велотуризм де жылдан-жылға дамып келеді. Мұның да бірнеше түрі бар: спорттық, экспедициялық, танымдық, қыстық, т.б. болып бөлінеді. Әсіресе, велотуризмнің Еуропадағы қарқыны жақсы. Ол елдерде туристер қаланы машинамен емес, велосипедпен аралайды екен. Тауға шығады, өзен жағасына барады… Осылайша көрікті жерлерді көзбен көріп қайтады.

Әуесқой және кәсіпқой

Кәсіпқой велошабандоз деп атақты спортшы Александр Винокуровты атауға болады. Еліміздің даңқты спортшысы. «Астана» велокомандасының велошабандозы. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері. Лондон Олимпиадасының чемпионы. Винокуровтың атын айдай әлемге әйгілі еткен осы велосипед.

Ал әуесқой велосипедшінің бірі – Алматының әкімі Ахметжан Есімов. Білетіндер әкімнің әкімдікке де велосипед мініп келетінін айтып жүр. Бұл жағынан лондондық әріптесі Борис Джон-соннан қалыспайды. Шаһар бас-шысының бастамасымен қалада велошеру өтіп тұрады. Ол кезде әкімнің өзі де «атқа қонады». Әр шеруге 1000-ға жуық әуесқой велошерушілер қатысады.

Олар велосипедті таңдайды!

Бұрындары велосипедті көбіне балалар тебетін. Содан ба үлкендер великке мінсе, көзге оғаш көрінетін. Ересектердің жұмысқа велик мініп баруы, тұрпайы ғана емес, ұят сияқты елестейтін. Ал шетелдіктердің бұған көзқарасы мүлдем басқа. Әсіресе, Еуропада бұл көлікті танымал тұлғалар көп мінеді екен. Велосипедті көп тепкендердің бірі – Альберт Эйнштейн. «Өмір велосипед сияқты: тепе-теңдікті сақтау үшін, әрдайым қозғалыста болу керек». Артына осындай өсиет қалдырды. Бүгінде атақты ғалым мінген велосипедті Мадонна, Брэдд Питт пен Анджелина Джоли, Леонардо ди Каприо, Робин Уильямс, Дэвид Бэкхем, Джессика Альба, Дженнифер Лопес сияқты жұлдыздар жан серігіне айналдырды. Біздің елде де велосипед тебетін танымал тұлғалар аз емес. Мәселен, Төрегелді Шарманов, Тоқтар Әубәкіров, Ирак Елекеев, Нұрлан Абдулиннің велосипед тебетінін білеміз.

Жүру ережесі

Велосипед тебу кейде апатты жағдайларға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан оны жүргізудің ережелерін білген дұрыс. Өзім білетін бірнеше ережемен таныстырып өтейін.

· ҚР Жолда жүру ережесіне сәйкес жолдарда тек 14 жасқа толған балалардың жүруіне рұқсат берілген.

· Көлікке мінбей тұрып, оны тексеріп алған дұрыс. Әсіресе, рулін, тежегішін және дөңгелегін қадағалау керек.

· Велосипедші машина жолы-ның оң жағымен жүруі керек. Себебі, көп жағдайда тротуармен жүруге тыйым салынған!

· Велосипедшілер де бағдар-шамға бағынады.

· Жаяу жүргіншілер жолымен өткен кезде, великтен түскен дұрыс.

· Автокөлікпен жарысуға болмайды. Машина дереу тоқтай қалуы мүмкін!

· Велосипедші қай кезде (автожолда, тұрғын үйлер маңында, дүкендер алдында т.б) қандай жылдамдықпен жүруін білу керек.

Велосипедтер елі

Мұндайда ең алдымен көз алдымызға Қытай келеді. Алайда, көпшілік велосипедтер елі деп Дания мен Нидерландыны айтады. Бұл екі ел велосипедшілерінің көптігі жөнінен бір-бірінен қалыспай келе жатыр. Себебі, бұл елдердегі велосипед саны, халық санынан да көп болып шыққан. Великті бәрі тебеді: ерлер мен әйелдер де, балалар мен қарттар да. Амстердамның әрбір тұрғыны жылына велосипедпен 900 шақырым жолды жүріп өтеді екен. Голландияда велосипедшілерге барлық жағдай жасалған. Веложолдар, велотұрақтар, жалға беру бәрі-бәрі бар. Бұл жағынан біздің ел Голландиядан сабақ алса болғандай екен!

Серікбол ХАСАН

Менің велигім – ВМХ

Жазғы каникулда әкем маған ВМХ велигін сыйға тартты. Сондағы қуанышымды көрсеңіз! ВМХ – ерекше велосипед. Сырт көзге шағын ғана көрінгенмен, шыр айналып, ғаламат биіктерден секірген кезде таңдай қағасың! Оны сөйтіп секірте білу де – өнер. Сондықтан, күн-түн демей тер төгіп, жаттығу жасадым. Түрлі трюктарды қайталап, дамыту үстіндемін. Жазғы демалысымды босқа өткізбедім. ВМХ-ке қатысты түрлі ақпараттар жинадым. Онымен жақынырақ танысып, әбден зерделедім. Сөйтсек, мұндай велик түрі қалада кең таралған екен. Өйткені, ВМХ кәдімгі вело-сипедке қарағанда әлдеқайда жеңіл. Тежегіші болмайды, жүргізгенге ыңғайлы. Алайда, оны сатып алудың да тәсілі бар. ВМХ-ті қалай таңдау керек? Мұндай велик стиліне қарай «стрит» және «дерт» болып бөлінеді. Сондықтан, осының бірін таңдау қажет. Дерттың рамасы ұзынырақ келеді, себебі секіруге қолайлы. Трюк жасауды ұнататындар көбіне осы дертты таңдайды. Ал стриттың рамасы қысқа болады. Ол қалтарыс-бұлтарыстан оңай өтуге арналған. ВМХ-тің басты бөлшегі – рамасы. Ол темірден немесе алюминийден жасалған болуы шарт. Салмағы ауыр болған сайын, қимыл жасағанға қиын. Сондықтан, жеңілірегін таңда. Раманы бойыңның ұзындығымен сәйкестендіріп алған жақсы. Мәселен, бойың 140-150 сантиметр болса, велигіңнің рамасы 19,5 болуы керек. Бойың 150-ден жоғары болса, раманы 20-дан асыру керек. Жақсы ВМХ-тің бағасы да қымбат болады. Арзанын алудан аулақ бол! Сапасыз болғандықтан, апатқа ұшыратуы мүмкін.

Мәулет БАЙЫСБАЙ,

№24 лицейдің

10 «А» сынып оқушысы.

Алматы қаласы

Орындықсыз велик

Мұндай да велосипед болады екен. Бірақ, мұнымен көп уақыт жүруге келмейді. Себебі, шаршайсың. Dreamslide bike деп аталады. Басқалардан айырмашылығы – мұның орындығы жоқ. Ерекше великті француз дизайнері Жан-Марк Гобиллар жасап шығарыпты. Велосипедті тепкен кезде жаяу қыдырғандай әсерде болады екенсің. Тағы бір артықшылығы – денсаулыққа өте пайдалы. Мұндайда, барлық буын қызмет жасайды. Ал кемшілігі – бағасы. Dreamslide bike-ні екінің-бірінің қалтасы көтере бермейді екен. Еуропадағы құны 1250 евродан басталады.

Ағашқа бітіп кетіпті…

Мына суретке қарасаңдар, велосипедтің өсіп тұрған ағашқа бітіп кеткенін байқайсыңдар. Сонда бұл қалай болған? 1954 жылы Хелен Паз есімді әйел 8 жасар ұлы Донға велосипед сатып әпереді. Бірақ, Дон велигін орманда жоғалтып алады. Арада жылдар өтеді. Сөйтсе, ескі велик ағашпен бірге «өскен» екен. Бала ол кезде велигін енді ғана бой көтеріп келе жатқан талдың үстіне қалдырып кетсе керек.

Дон есейген кезінде сол ағашты барып көрген екен. Шынында да, ағаштағы зат өзінің бала кездегі серігі – велосипеді болып шыққан.

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз