Ғалымжан Берекешов, дирижер:

ДИРИЖЕР – ӘМБЕБАП МАМАН

Бір бала әкесінен:

– Оркестрде домбырада, яки қобызда нашар ойнайтындарға не істейді? – деп сұрапты.

– Олардың қолына екі таяқша ұстатып, барабаншы қылады.

– Ал егер барабанды да жетістіріп соға алмаса ше?

– Онда бір таяғын тартып алып, дирижер етеді.

Дирижер деген мамандық жайлы жарытып білмейтіндер осы әзілге сеніп қалулары ғажап емес. Мойындау керек, бұл мамандық қазақ баласына, әсіресе, ауылдағы балаларға аса таңсық.

Сонымен, таяғын сермеп қалып, сан аспапты басқаратын дирижер кім? Бұл мамандық несімен қызық? Қиындығы неде? Қандай оқу орнын бітіріп, дирижер атануға болады? Біз осы сұрақтарды Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының вокал және дирижер факультетінің деканы Ғалымжан Берекешов ағаларыңа қойған едік.

– Бір таяқшаны қолдана отырып, бүкіл оркестрді өзіне бағындырған дирижердің өнеріне тәнті болмасқа шара жоқ. Сіз бұл мамандықты қалай таңдадыңыз?

– Бала күнімде өнерге жақын болдым. Өзімше эстрадалық топ құрып, ән айтушы едік. Мектепті бітірген соң, Рудный қаласындағы музыкалық колледжге құжат тап-сырдым. Ойым – эстрада бөлімінде оқу еді. Бірақ мұнда ондай бөлім жоқ екен. Ал Алматыға ата-анам жібермеді. Тауым шағылып тұрғанда бір мұғалім: «Бізде дирижер мамандығы бар. Мұнда эстраданы, нотаны, гармонияны тереңдетіп оқисың», – деп жұбатты. Сөйтіп, оқуға түстім. Алғашқы сабақта елу адам қосылып, төрт дауыста ән айттық. Неше түрлі дауыстарды естіп таңғалдым. Бұл мамандық бірінші күннен бастап, мені баурап алды. Колледжді үздік бағамен бітірдім. Сосын Құр-манғазы атындағы Қазақ Ұлттық консер-ваториясына оқуға түстім.

– Дирижердің «қаруы» – таяқ. Барлық аспапты бағындыратын бұл таяқшаның қандай сиқыры бар?

– Таяқшаға байланысты қызық оқиға бар. Дирижер оркестрді кезекті концертке дайындап жатады. Бәрі жақсы. Бірақ үрмелі аспапта ойнайтындар дирижердің ырқына көнбей қояды. Дирижер ашуланады. Дұрыс ойнауды бұйырады. Сонда музыканттар: «Егер таяқшаға қоңырау іліп қойсаңыз, біз сізді байқар едік», – деген екен. Көрдіңіз бе, оркестрді басқарудың қаншалықты қиын екенін. Негізінде, дирижерлік таяқша әртүрлі болады. Кейбірінің – ұзындығы 20 сантиметр. Кейбірі жарты метрге жетеді. Көбіне-көп хор дирижерлері таяқша қолданбайды. Себебі, хорға жақын тұрғандықтан, қолын жайлап қана сермеп, ұжымды басқара береді. Ал симфониялық оркестрдің дирижеріне таяқша міндетті түрде қажет. Оркестрде жүзден аса адам бар. Олар хордағыдай баспалдаққа шығып тұрмайды. Оркестрдің соңғы қатарына дирижер көрінбейді. Концерт кезінде жарық өшеді. Залдың іші қараңғы. Сол себепті, симфониялық оркестрді басқаратын адам ұзын таяқшаны қолданады. Және де қараңғыда көзге шалынатындай түсі ақ болады. Яғни, оркестрдің әрбір мүшесі таяқшаны анық көруі керек.

– «Дирижер» деген атау қалай шыққан? Мағынасы не?

– «Дирижер» (diriger) – француз сөзі. Ана тілімізге аударсақ, «басқарушы, жетекші» деген мағына береді. Негізі, музыка саласындағы ең жас мамандықтардың бірі саналады. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында ғана жеке мамандық ретінде мойындалды. Бұрындары сахна шетінде бір адам отырған екен. Ол басын изегенде концерт басталады екен. Ең алғашқы дирижерлер осындай болған. Тағы бір қызық айтайын, ертеректе дирижердің сахнаға сыртымен қарап тұратыны көп адамдарға ерсі көрініпті. Бірақ олай тұрмаса, оркестр дирижердің қимылын бақылай алмайды ғой. Мұны да түсініп, мойындауға біраз жылдар кеткен.

– Бұл мамандықтың қиындығы неде?

– Әрине, әр кәсіптің өз қиындығы бар. Дирижердің мойнына үлкен жауапкершілік артылады. Ол қате жіберсе, оркестрдегі жүздеген адамның еңбегі еш кетеді. Сондықтан дирижер байқампаз болуға міндетті. Кімнің қай жерден қателескенін бірден байқауы керек. Кәсіби шеберлік жылдар бойы қалыптасады. Аспапқа қарамай-ақ, музыканттың қай пернені басқанын білетін дәрежеге жету керек. Көтеріңкі әуендер төрт дыбыстан құралады. Бүкіл әуеннің ішінен қате табу қиын. Оған ерекше есту қабілеті керек. Ол – өте сирек кездесетін қасиет. Дарынды дирижер артық дыбысты тез табады. Жалпы, консерваторияның немесе музыкалық колледждің дирижерлеу бөлімі – ән салуды, фортепианоны, сольфеджионы қосып оқытады. Дирижер болу үшін үш-төрт саланы қатар меңгеруге тура келеді. Яғни, дирижерді әмбебап маман деуге болады. «Дирижерлік қыз балаға қол емес» дейтіндер бар. Мен мұнымен келіспеймін. Егер жүрек қалап тұрса, қолыңнан келсе, неге болмасқа?! Дирижер болып қана қоймай, осы мамандықтың шыңына шыққан қазақ қыздары бар.

Бұл мамандықты терең меңгеру үшін музыканы сүю қажет. Оқуды бітіргеннен кейін, әркім өз жолын таңдайды. Бірі мектепте ұстаз болса, енді бірі балабақшада бүлдіршіндерді тәрбиелейді. Қабілеті мен біліміне сенетіндер оркестр немесе хормен жұмыс жасайды.

– Негізі, баланы өнерге ерте жастан баулиды ғой. Дирижерлікті музыкалық мек-тептерде оқыта ма?

– Алматыдағы К.Байсейітова атындағы, А.Жұбанов атындағы музыкалық мектептерде оқуға болады. Мұнда оқуға 4 жастан бастап қабылдайды. Арнаулы оқу орындарында 15 жастан асқан талапкерлер білім алуда. Бұрын симфониялық дирижер бөліміне тек жоғары оқу орнын бітірген жастарды қабылдайтын. Ал қазір олай емес. Ең бастысы, есту қабілеті жақсы, музыка саласынан сауатты болса жетіп жатыр.

– Қазақстанда дирижерлерді қай оқу орындары даярлайды?

– Жоғары білімді тек консерва-торияда ғана алуға болады. Басқа жерде жоқ. Жастар жергілікті жерлерден колледж бітіріп келіп, осында оқуға түседі.

– Мемлекеттік грантқа қанша орын бөлінеді?

– Биыл грантқа 24 орын бөлінді. Ең төменгі ұпай – 70. Талапкерлер міндетті түрде шығармашылық емтихан тапсырады. Егер колледжде оқып келген болса, білімін, есту қабілетін тексереміз. Сонымен қатар, сольфеджио, гармониядан арнайы емтихан тапсырады. Яғни, белгілі бір әуен орындалып, нота бойынша диктант жазады. Ал гар-монияда ойналған бір әуеннен төрт әуен құрап, шығарма дайындайды. Тестілеуде Қазақстан тарихы мен қазақ тілінің ұпайы есептеледі. Жалпы дирижер болғысы келген жастарға Құрманғазы атын-дағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқуға кеңес берер едім.

– Дирижерлікке жастар нелік-тен қызығады деп ойлайсыз?

– Біріншіден, бұл мамандықты ешкім кездейсоқ таңдамаса керек. Өнерге шын берілген, оны өмірінің мәні санайтын жастар бар. Жақсы дирижер солардан ғана шығады. Ал бұл кәсіптің шыңына шығып, былайша айтқанда, нәсіпке айналдыру үшін көп еңбектену керек. Халықаралық өнер байқауларына қатысып, жеңімпаз атану қажет. Симфониялық конкурсқа дирижер тек өзі жеке-дара барып, қатыса алады. Ал хор дирижері жалғыз бара алмайды, тек ұжыммен баруына тура келеді. Тіпті, жеке барсаң да, басқа ұжыммен жұмыс істеп, оларға шығарманың мазмұнын түсіндіріп, үйретуің керек. Бұған кемінде екі апта кетеді.

Өзіңіздің өнер жолыңыз туралы айтсаңыз?

Мен көп жылдан бері Чайков-ский атындағы колледжде хор жетекшісі болдым. Шетелдерге шығып, опера оркестрімен жұмыс істедім. Театрда «Қыз Жібек», «Біржан Сара» спектакльдердің дирижері болдым. Қазір «Қазына» деген ансамбль құрдым.

Еуропада классикалық өнер жақсы дамыған. Өйткені, онда балаларды кішкентай кезінен бастап, музыка тыңдауға үйретеді. Әр елдің ұлттық фольклоры бар. Бірақ классика бар әлемге ортақ. Классика бар жерде дирижердің беделі де биік болмақ.

Сұхбаттасқан

Айгүл ОРЫНБАЕВА,

ҚазҰУ-дың ІІ курс студенті.

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз